Бисенбаева Гүлбану

Рейтинг:

Мейірімді мейіргер

      «Қас-қабағын бағып ұдай науқастың, Ағаруы тегін бе еді тал шаштың. Қарсы тұрып ажал дейтін дүлейге, Денсаулықтың майданында шайқастың. Демейсің-ау, шаршасаң да шаршадым, Бір басында жүрер сенің қанша мұң. Жүрегіңнің бар жылуын жеткізіп, Тұрғандай-ақ дірілдейді саусағың. Ажарында нұр ойнайды жараса, Науқастардың беті бермен қараса. Ауыр ойдан айыға алмай жүргенің, Адам үшін ұзақ өмір, араша», - деп Марфуға Айтқожина айтқандай, дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне алдымен дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын денсаулық сақшысы – медбике. Медбикелер – медицинаның негізгі күші, дәрігердің сенімді серігі. Науқас келіп түскеннен аман-есен сауығып, аяғына нық тұрып кеткенге дейін жанашырлық танытып, қолынан келгенше аянбайды. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Адамның жаны өмір мен өлімнің арасында тұрғанда әр секунд маңызды. Әрбір өзгерісті қалт жібермей қадағалап, оны дәрігерге жеткізу – медбикенің міндеті. Медбике сонымен қатар егуін жасап, дәрі-дәрмегін уақытылы береді. Төсек-орын, асауқатын, жалпы халін бақылап, науқасқа қарайтын медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз. 
      Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы өлең жолдарында тізбектеліп өткен қиыншылықтар мен жауапты істерді атқарып, көңіліне күдік ұялаған науқастың жанарына үміт отын жағып, талай перзенттердің жарық дүниеге келуіне сеп болып, саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Бисенбаева Гүлбану Берманқызы. Аялы алақанында мейірбандылық, дертке дауа сөзіне қуат біткен, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған Гүлбану Берманқызы 1958 жылдың 15 наурызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында (бұрынғы Ленин совхозы) көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі – Бисенбаев Берман кісілік болмысы, адал еңбегімен ағайын арасында сыйлы кісі болса, анасы Мапура қазақтың сыр бойынан шыққан шайыр ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қарындасы. Осындай, өмірі өнегеге толы жандардың ыстық құшағында тербеліп, тәлімін алып өскен жас өз ортасының белсендісі болды. 
      1965 жылы № 29 орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, білім ордасының табалдырығын аттаған жас, алғырлығымен, есте сақтау қабілетімен, ұстаз тапсырмасын тез әрі тиянақты орындай алу қабілетімен ұстаздарының мақтауына ие болды. Жібек мінезді, қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашықтығымен, сөзге берік, қолында барын жолдасымен бөлісетін жомарттығы кейіпкерімізді сынып белсендісі етіп, абыройын көтере түсті. 
      1975 жылы мектепті бітірген соң Гүлбану Берманқызының алғашқы еңбек жолы ауылда қарапайым жұмысшы болудан басталды. Бірақ, өмірге деген құштарлығы ерекше жастың бала жүрегіне қонақтаған армандарының бірі – медицина саласында қызмет етіп, халыққа көмектесетін, мейірбике болу болатын. Қашан да жаратқанның жұмыр жүректі пендесіне арнаған тосын сыйы болатыны бар емес пе, тіршілік қазанымен біте қайнасып кеткен Гүлбану өзінің білімін одан әрі дамытып, қабылдау емтихандарына дайындалып, 1977 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. 
      Жан қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған әрбір науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші өмір сыйлап жататын ақ халаттылардың еңбегі расында өлшеусіз. Олар денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп, бір туысындай болып кеткен жандар. Себебі адамға ем жасап қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі де солар. Дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ деген болар едік. Қиын да күрделі осы саланың маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек-ақ. Ия, адам жанына араша түсетін медицина мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Тек бір адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін олардың еңбегі өлшеусіз.
      Осындай, жауапкершілігі бір атанға да ауырлық танытатын саланы таңдап, мейірбикеліктің қыр-сырына қанығып, тәжірибелік мектептен өткен Гүлбану Берманқызы алғашқы еңбек жолы 1979 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Ленин ауылдық ауруханасында мейірбике болып басталды. Әр саланың өзіне тән қиыншылықтары мен жаныңды жадырататын қуанышты сәттері болатыны секілді, дәрігер тағайындауын уақытылы орындап, науқастың жүзіне үйірілген күлкісінен қызметіне деген жігері артқан ол араға екі ай салып, осы аурухана жанындағы Фельдшерлік акушерлік пунктке жұмысқа Карл Маркс бөлімшесіне жіберіледі. Жүрек астындағы дүрсілді сезіп жарық дүниеге перзент әкелетін аналардың жай-күйін жасап, қиындығы мен қызығы мол жұмысты атқара білді. Естен кетпес күндер же жоқ емес, әр күн өзіндік ерекшелігімен бір оқиғаға толы еді. Осындай күнделікті жұмыс барысында он бесінші құрсағын босанып жатқан әйелден қоңырау түседі. Жер шалғай, көлік жетіспейді. Әйтеуір Алланың құдіретімен сол ананы аман алып қалады. Міне, кейіпкеріміздің акушерлік саласындағы қызметі осылай басталған еді. Одан әрі тұрмыс құруына байланысты Қармақшы ауданы, Ақжар ауылына аға акушер болып ауысады. 
      - «Жолдасым, арқа сүйер азаматым Жұбатқанов Рысбек Жақсыбайұлы №28 мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Сол бір 1982-1987 жылдар аралығында «Утренная Заря» бөлімшесінде, ФАП-те, фермада фельдшер-акушер болып жұмыс жасадым. «Атқа мінген акушер» деген атым бар. Атам Жұбатқанов Жақсыбай мене анам Тоқабаева Ұлдай анамыздың арқасында үзбей қызмет жасадым. Ферма шалғай орнасқандықтан жұмысқа атпен қатынадым. Аға медбикелікпен қатар, акушер болып қызмет атқарып, 2016 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ұжымымда ауызбіршілігі жарасқан, сегіз қырлы, бір сырлы жандар көп болды. Әрқайсысы өз ісінің маманы, ұжымдық сайыстарға қатысып, өнерлі ұжымыммен бірге түрлі жарыстарда жеңімпаз атандық. Әрбір қызметкердің орны бөлек, әрқайсысы да мақтауға тұрарлықтай мамандар. Менің бірінші мақсатым – халыққа адал қызмет ету болды және солай жасадым да. Әйелдер арасында, халық арасында тұрғындармен үнемі байланыс жасап, алыстағы елмен де хабарымды үзбедім», - деп өмірі мен қызметі туралы аз-кем айтып өткен Гүлбану Берманқызы халықтың баласы болуға тәрбиелегені үшін ата-анасы мен бауырларына айтар алғысы шексіз. 
      Қызмет етумен қатар ауылдың тіршілігіне, қоғамдық өміріне етене араласқан мейірімді мейірбике, аға фельдшер, акушер Гүлбану Берманқызы 1988 жылдан Сайлау комиссиясының хатшысы, 1990 жылдан сайлау комиссиясының төрайымы қоғамдық қызметтерін 2018 жылға дейін атқарса, қазіргі таңда «Әйелдер кеңесінің» төрайымының орынбасары қызметімен қатар, ардагерлер кеңесінің мүшесі қызметін абыроймен атқарып келеді. «Адамды шыдамдылық, ұстамдылық, төзімділік, зеректік шыңдай түсетіні анық. Соның арқасында ел арасында осындай беделге ие болдым» деп өмірін елмен, медицинамен байланыстырған кейіпкерімізді аудандық, ауылдық емхана ұжымы, қазіргі таңда ұйымдастырған мерекелік кештерге құрметті қонақ етіп шақырып, сый-құрметке бөлеп отырады. 
      Өмірі мән-мағыналы өрнектермен өрілген Гүлбану өте бақытты жан. Ақ халатты абзал жандар үшін еңбектің өтемі де, бағасы да оның саладағы абыройлы еңбегінің нәтижесі де, жемісі де халықтан алған алғаусыз алғысы мен емделушілердің шын пейілді ризашылығында дер едім. Адал еңбегінің, түн уақыты демей, атына мініп, жер шалғай болса да науқасқа барып, жанында демеу болатын Гүлбану Берманқызы туралы газет беттерінде «Атпен қатынап қызмет қылған» атты мақала да жарық көрді. Ол туралы өлең жолдары да ақын жүрегінен жарып шығып, еңбек иесінің мерейін өсіре түсті. Құрмет төріне көтерілген жанның адал еңбегінің бағасы, халықтың алғысы, ұжымның риясыз пейілі болған өлең жолына кезек берсек. 
      Ақ халатты Ақжар деген елдегі, 
      Елеулі боп сіңген екен еңбегі.
      Гүлдей көркем атына сай Гүлбану,
      Біз ортақпыз қуанышқа сендегі.
      Жүргеннен соң нағыз қазақ салтымен, 
      Саған адал достарың да бар кілең. 
      Бола білдің өз ісіңе жауапты, 
      Қызмет етіп Гиппократ антымен. 
      Өмір деген кейде сынақ, кейде сын,
      Ел ішінде жүрген жарқын бейнесің.
      Шын бақытты жан деп сені айтамыз,
      Көрген бүгін бейнетіңнің зейнетін.
      Акушерлік міндет ауыр, бұралаң,
      Ақ халатың сақтағандай күнәдан. 
      Тойың құтты, 
      Денсаулығың мықты боп,
      Әрқашан да ортамызда жүр аман.
      Уақытпен санаспай еткен еңбегі еленіп, денсаулық сақтау басқармалары мен ұйымдары атынан түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
      ✦ 2002 жылы Денсаулық жылына байланысты, облыс медицинасының дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, денсаулық жылын өткізу жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Н.Ерімбетовтің «Алғыс хаты»;
      ✦ 2003 жылы 12 мамыр Дүниежүзілік орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне байланысты Қармақшы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасы»;
      ✦ 2004 жылы Аудандық денсаулық сақтау бөлімі және денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы 12 мамыр Халықаралық мейірбикелер мерекесіне байланысты ұйымдастырылған «Ең үздік акушер» байқауынан II орын;
      ✦ 2013 жылы Көктемнің гүл ашқан нұрлы да шуақты күндерімен бірге келген 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жосалы кенті әкімі М.Имандосовтың «Алғыс хаты»;
      ✦ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртайдың «Құттықтау хаты»;
      ✦ 2021 жылы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқаны үшін Ақжар ауылдық округі әкімінің «Алғыс хаты» сынды марапаттардың иегері атанды.
      Атқа мінген акушер ретінде Арменияға медицина қызметкерлерінің съезіне барып келген Гүлбану Берманқызының жары Рысбек Жақсыбайұлы да 40 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан «Үздік мұғалім», «Ақжар ауылына 60 жыл» мерекелік төсбелгісінің иегері. Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырып отырған бақытты ата-ана, немерелерінің сүйікті ата-әжесі. 
      Адам өміріне араша болу үшін мейіргер білімді, білікті болуы керек. Адам жанын емдеумен айналысатын кез келген кәсіби маманның басына жиған білімінен гөрі, жүрегіне құйған мейірімі маңыздырақ. Өйткені жүректе мейірімнің сәулесі болмаса, қандай кәсіп істесең де оның берекесі болмайды. Біз әңгіме еткен Гүлбану Берманқызы сөзі мен ісі бір жерден шыққан нағыз еңбекқор жан. Ел үшін, елдің денсаулығы үшін жасап келген игі қызметіне алғыс білдіріп, зор денсаулық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...