Уразова Светлана

Рейтинг:

Қазақ медицинасының майталманы

      Дәрігер – мейірімділік пен ізгілік жаршысы.
      Қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұрған – ақ халатты абзал жандар. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, көптің жан жан жарасын емдеуге ат салысып, халықтың алғысына бөленіп жүрген бұл азаматтардың айтары көп. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Ал бүгінгі сөз болып отырған тұлға бала жанының бағбанына айналып, сан мың балапанның дертінің емделуіне септігін тигізіп, қаншама ата-ананың сеніміне ие болып жүрген жайдарлы жан – Уразова (Жұбантаева) Светлана Нурмгалиевна. 
      Светлана Нурмгалиевна еліміздің батыс өңірі Орал облысы, Жаңақала ауданы, Айдархан елді мекенінде 1968 жылы дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміздің әкесі –Жұбантаев Нұрымғали Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылында 1940 жылы дүниеге келген. Нұрымғали аға Жаңақазанда білім алып, 1957-1959 жылдары аралығында Алматы шаһарында асфальт бетон зауытында жұмыс атқарды. 1959 жылы жүргізушілік курсын тәмамдап, елге оралып, зейнет жасына шыққанша «Госкомсельхозтехника» ұжымында мастер-диагностик болып қызмет атқарады. 2013 жылы кейіпкеріміздің отбасы ауыр қазаға душар болып, асқар тау әкелерінен айырылады. Кейіпкеріміздің анасы Жаңақала ауданының, Айдархан селосында 1941 жылдың қазан айында дүниеге келген. Өмір бойы адал еңбекті місе тұтқан жан балаларын да сол бағытта тәрбиелеп, бүгінде 80 жасқа таяған шағында немерелерінің қызығына кенеліп отырған бақытты әже. Светлана Нурмгалиевнаның отбасындағы бауырларына тоқталып өтсек, үлкен әпкесі Клара – Жәңгір хан атындағы университетінде «Бухгалтерлік есеп» мамандығын тәмамдап, бүгінде балалары мен немерелеріне жылы-жұмсағын ұсынып отырған жан. Үлкен інісі Ермек – веттехник мамандығын еншілеп, бүгінде жедел жәрдем станциясында көлік жүргізушісі болып қызмет атқаруда. Ермек Нұрымғалиұлы – екі ұлдың әкесі. Кіші інісі Изімғали – Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің түлегі. Қазіргі таңда осы ұжымда дәріс беретін педагог-ұстаз, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болса, отбасының кенже қызы Алтын – Орал қаласында орналасқан Жәңгір хан атындағы БҚО агротехникалық университетінің түлегі атанып, қазіргі таңда аталмыш білім ордасында педагог-ұстаз.
      Кейіпкеріміз Светлана ханым 1975 жылы Сакко атындағы Жаңақала ауданында орналасқан бастауыш сыныптың табалдырығын аттайды. 1985 жылы мектеп қабырғасын тәмамдаған жас түлек болашақ мамандығына таңдау жасап, аталмыш жылы талай жанның арман мақсатына айналған Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға қабылданады. 1991 жылы тәмамдап, сол жылы Орал қаласында орналасқан облыстық балалар ауруханасының интернатурасына қабылданды. 1992 жылы алғашқы еңбек жолын Орал қалалық №2 емханасында қызмет атқарудан бастаған. Адам – еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат. Кейіпкеріміз Светлана ханым да 1995 жылы жедел жәрдем станциясына жұмысқа орналасады. Жүйелі қызмет көрсетіп, ел алғысына ие болып жүрген жан 1997 жылы облыстық №2 балалар ауруханасына жұмысқа қабылданып, тыныс ағзалары бөлімінде қызмет атқарады.
      Алматы қаласында Дәрігерлер білімін жетілдіру институтында медицина ғылымдарының докторы, гастроэнтерология саласының майталманы Майра Набимуратовнадан дәріс алып, біліктілігін жетілдірді. Сонымен қатар гастроэнтерология маманы Олег Уркенович, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының гастроэнторология және гепатология кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Витальевич Нарсесов, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Кайбуллаева Жамиля Ахтановна, Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығы бөлімінің меңгерушісі Ибраева Айгуль Канатовна сынды медицина саласының «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз мамандарынан тәлім алған.
      Қай салада болмасын тұлға бір орында тұрып қалмай, әрдайым өз деңгейін жетілдіріп отыруы маңызды. Заман көші ілгерілеген сайын қоғамдағы қай сала болмасын жаңашылдық пен жаңа білімдерді игеруге итермелейтіндігі ақиқат. Қазіргі қоғамда оқимын, үйренемін деген тұлға үшін еш кедергі қарастырылмаған. Бастысы тұлғаның – сол салаға деген ынта-жігері мен алға қойған мақсаты айқын болса болғаны. Міне, кейіпкеріміз де қаншама жылдық білімі мен жиған тәжірибесінің негізінде 2011-2013 жылы аталмыш аурухананың әдістемелік ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Білімді әрі білікті басқарушы ретінде 2016-2017 жылдар аралығында күндізгі емхана бөлімінің меңгерушісі болды. Бүгінгі таңда кейіпкеріміздің есімі өз өңірінде белгілі жандардың қатарынан. Светлана Нурмгалиевна – Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанындағы консультативтік-диагностикалық емхананың педиатр-дәрігері және балалар гастроэнтерологы қызметін қатар атқарып отыр. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандығын таңдау – үлкен жауапкершілік. Медицина көп уақытты, білімді және күшті талап етеді. Осынша білім сынағына төтеп беріп, мамандығының майталманына айналу – өзінше бір ерлік. Кейіпкеріміз еңбек жолында бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіс үстінде болып, дамуды жөн санайтын мамандардың қатарынан. 2020 жылы Светлана Нурмгалиевна Алматы қаласындағы «Qazaq med» клиникасында дәріс алып, классикалық және емдік массаж мамандығын игеріп шығады. Бұдан бөлек Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің үздіксіз білім беру орталығында «Практикалық психолог» курсынан өтіп, арнайы сертификаттың иегері атанады. 
      Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы демекпіз. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы қасиетті ұғым болып саналады. Науқастың дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасайды, яғни Орал өңірлік телеарнасында балаларда жиі кездесетін әртүрлі аурулар жайында дәріс оқып, сырқаттың алдын алу жолдарын айтып, халық арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап келеді. Сонымен қатар халық игілігі, балалар денсаулығының сақшысы Халықаралық медицина саласының мамандары мерекесінде Облыстық көпсалалсы балалар ауруханасының директоры Б.У. Баташевтан«Меицинадағы онжылдық адамы – 2022 жыл» номинациясын ұтып алды.
      Өз ісінің үздігі атанып жүрген тұлға отбасында қандай жан деген сұрақ кімді болсын қызықтырары хақ. Светлана Нурмгалиевна бүгінде екі ұлдың, бір қызғалдақтың анасы, келіннің қолынан ыстық шәй ішіп отырған ене, екі немересіне жылы-жұмсағын ұсынып отырған әзиз әже деп ауыз толтырып айта аламыз. Үлкен ұлы Әсет Уразов – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан іргелі оқу орны Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық университетін Ақпараттық технологиялар факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітіріп, өз мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін алды. Аталмыш университеттің бакалавр, кейін магистр бөлімін тәмамдаған Жанар есімді арумен отау құрып, қазіргі таңда екеуі елордамызда қыз-мет атқаруда. Ортаншы ұлы Уразов Айдар –№64 мектеп-лицейдің түлегі, бүгінде Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің жалпы медицина факультетінің 4 курс студенті. Қызы -қызғалдағы Шұғыла 2008 жылы дүние есігін ашқан. Бүгінде 9-сынып оқушысы. Шұғыла – қатарластарының арасында спортқа, сән әлемі мен көркем суретке бейім шығармашыл шәкірттердің бірі.
      «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Светлана Нурмгалиевна антына адал, абыройлы жан дей келе, отбасына амандық, жанына саулық тілейміз! Сіздің еңбек жолыңыз, атқарған еңселі ісіңіз талай жанның көңіліне қуаныш иелетері анық!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2024 13:36
Sholpan Kuanish
Вся эта история очень прекрасна. Гаухар Сартаевна очень сильная женщина, хорошая начальница и прекрасная мать. ...
31 марта 2024 13:24
Асема
Гаухар Сартаевна мен Алла тагалама сансыз ризамын сиздей жанмен тынысып омир атты жолымда сиздей керемет жанның...
29 марта 2024 23:39
Гульжан
Нурлыбек Торебекович - врач от бога! Вылечил зуб, который в Астане вырвать хотели! 25 лет только у него лечусь! Мой...