Тәтімов Ерлан

Рейтинг:

Білікті дәрігер

      Бұл дүниеде адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, сірә... «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, денсаулықты күтпей, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Ал дәрігер адамды ажалдан арашалап қалатын періште іспетті. Неге десеңіз, алдына жаны қиналып келген науқастың шыбын жанын сақтап қалу дәрігердің мойнына артылған міндет емес пе? Осы міндетті абыроймен атқарып шығу – дәрігердің ең басты қызметі. Себебі сонда ғана ақ халатының жағасы мен ұлы есіміне кір кілмей, халықтың батасын алып, ыстық ықыласына бөленбек. Дәрігер болу – бұл жай ғана ақ халатты киіп, даңқ пен дақпыртқа мас болып, арзан атаққа қол созу емес. Бұл – адамзат тарихындағы ең асыл һәм сауапқа толы қызмет. Мамандықтың жүгі ауырлаған сайын сауабы мен ел алдындағы абыройы артып, құны жоғарылай бермек. Аталмыш мамандықтың жолына түсу арқылы күллі ғұмырыңды сарп етсең де, бұл сонша қиындық пен төзімге лайық іс.
      Кәсіби, білікті дәрігер болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл тынымсыз ізденіс пен ұзақ тәжірибені талап ететіні сөзсіз. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің күллі ғұмырын медицина саласына арнап, осы жолда аянбай оқып, ізденіп, елдің баласына айналып, халықтың алғысын алып жүрген дәрігер – Тәтімов Ерлан Асқарұлы. Ол медицинаның сан саласында қызмет етіп, адамдардың алғысын алып, бүгінде елдің құрметті азаматы болып отыр. Жүрегі мейірімге толы жан адамдардың дертіне ем беріп, сырқаттан айықтырып, талай жанның жүрегіне қуаныш, жүзіне күлкі сыйлады. Көптің қошеметіне бөленіп жүрген Ерлан Асқарұлы 1966 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Өзінен бөлек 10 бауырымен бірге көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Ата-анасы қиыншылықтың барлығын жеңіп шығып, барлық балаларына жоғары білім алып беруге, ешкімнен кем қылмай өсіруге барын салды. Отбасының үшінші перзенті болып дүние есігін ашқан сом тұлғалы азаматтың жұдырықтай жүрегі, бойындағы бүлкілдеген қаны әрдайым қазақ деп соғады. 
Оның балалық шағы Қазақстанның байтақ жері оңтүстік өңірде өтті. Тауы мен тасы тарихтың куәгері, ал киелі топырағында небір ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиет дарыған өлкенің самал желін сезініп, асау тұлпармен кең төсінде асыр сала балалықтың балдәуренін өткізді. Ол С.Сейфуллин атындағы орта мектепте оқып, алдағы ғұмырындағы білім баспалдағының алғашқы түпнегізін, болашақ білім жолының іргетасын қалады. Мектепті 1982 жылы тәмамдаған соң ойланбастан медицина саласында оқып, білім алуды жөн деп тапты. Осылайша жастықтың буымен, жігіттік жүректің лебімен Шымкент медицина училищесіне түсті. Бұл оның медицина саласындағы ең алғашқы қадамы еді. Училищеде медициналық білім алып, оны 1985 жылы тәмамдады. Оқуды аяқтаған соң білімін тәжірибеде қолданбақ ниетте 1985-1986 жылдар аралығында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының эпидемиолог дәрігерінің көмекшісі болып істеді. Небәрі бір жылдың ішінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бұл жерде жұмыс істеу жас маман үшін, әрине, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік еді. 
      Осылайша ол өз жұмысын ұқыпты атқарып, жауапты қызметте адалдығын танытты. Отан алдындағы борышын өтеу керектігі жөнінде хат келіп, 1986-1988 жылдар аралығында Совет Армиясы қатарында қызмет етті. Екі жылдың ішінде әскери өмірді көріп, шыңдалып, шымыр денелі азаматқа айналды. Әскердің қатал тәртібіне бой үйретіп, жігіттік шағының ең қызық сәттерін өткізді. Отан алдындағы борышын өтеп келген жігітті ауыл-аймақ, тума-туыс құшақ жая қарсы алып, ұлан асыр той жасады. Дегенмен ол өзінің медицина саласындағы қызметін ұмытпай, осы жолдағы білімін тереңдетпек ниетте оқуға қайта өтініш білдірді. 1988 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне түсті. 1996 жылы Ақтөбе қалалық ауруханасының базасында травматолог мамандығы бойынша интернатурадан өтті. 2012 жылы Ақтөбе қаласында «Дүние» әлеуметтік-техникалық институтында «Есеп және аудит» екінші жоғары мамандығын алып шықты. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында «SBS Education» қосымша білім берудің автономды коммерциялық емес ұйымында «MBA General Business Master» бағдарламасы бойынша тағы бір жоғары білімін алды.
      Ол еңбек жолын травматология бөлімінен бастап, Қарабұтақ аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болды. Жас дәрігер үшін травматология бөлімінде әр түрлі сынықпен келген науқастарды емдеу міндеттелді. Әріптестер арасында, ұжымда ұқыпты, жауапкершілігі мол дәрігер екенін көрсете білді. Қарабұтақ аудандық орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесін басқарған кезеңде облыстық балалар хирургиясы клиникасы базасында мамандандырудан өту барысында балалардағы кеуде және іш қуысы мүшелерінің жедел хирургиялық патологиясын диагностикалаудың заманауи әдістерін, ортопедия және травматологияны меңгерді. Шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететін балалардағы әртүрлі дамулық ақауларда қолданылатын тактикамен танысып, көптеген тәжірибе жинақтады.
      Қалай алып қарасаң да медицина 4-5 жылдық оқумен шектелмейді. Бұл сала тікелей адам өмірімен байланысты, күрделі мамандық болғандықтан, үздіксіз білім алу міндеті алғашқы қатардан орын алады. Осы пікірді қостайтын Ерлан Асқарұлы 1998-2000 жылдар аралығында Алматы қаласында нейрохирургия бойынша клиникалық ординатурада білім алды. Травматология бөлімі бойынша білімі мен тәжірибесі бар маман өзін нейрохирургия саласында сынап көрмек мақсатпен, ординатурадағы оқуын аяқтағаннан кейін Шымкент қаласындағы жедел медициналық көмек ауруханасында нейрохирург қызметін атқарды. Ол енді клиникалық медицинаның шеткі және орталық жүйке жүйесі ауруларының себептерін анықтап, оларды хирургиялық жолмен емдеумен айналысты. 
      Кейіннен еңбек жолын Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жалғастырды. Жас дәрігер енді білікті маманға айнала бастады. Көп ұзамай, 2001 жылдың қазан айынан бастап Әйтеке би аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. Ерлан Асқарұлының қызметі өсіп, соған сай жауапкершілігі де арта түсті. 2003 жылдың желтоқсанынан 2004 жылға дейін облыстық қан орталығының директоры, 2004 жылдан 2012 жылға дейін №2 қалалық емхананың бас дәрігері болды. 
      2012 жылдың қаңтарынан бастап Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылдың шілдесінен осы күнге дейін Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері қызметін атқаруда. Бұл тәулік бойы жұмыс жасайтын 370 орынға арналған, еуропалық сапаға жауап беретін медициналық құралдармен жабдықталған, жалпы жылдам әрі сапалы түрде фтизиатрлық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған фтизиопульмонологиялық орталық болып табылады. Бұл орталыққа Ақтөбе облысының тұрғындары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен ем алуға келеді. Бүкіл әлемді жаулаған COVID-19 пандемиясы кезінде орталық жанынан инфекция жұқтырған науқастарды қабылдауға 500 орын дайындалып, дәрігерлер күн мен түнге қарамастан, отбасы, ошақ қасына бармастан, талмай еңбек етті. Халық қорқынышқа жол беріп, жүйкесі жұқарған шақта адам жанына араша болып жүрген дәрігерлер ем шарасын жасап ғана емес, елдің жан айқайын түсініп, сабырға шақырар психолог та бола білді. Осы ұжымды өзінің екінші отбасы санайтын Ерлан Асқарұлы да 400 астам ұжымдасымен бірге алдыңғы шепте болып, талмастан халық денсаулығы үшін тер төкті. Сонымен қатар басқа да дәрігерлердің қолдауымен вирус жұқтырған науқастардың денсаулығын қайта қалыпқа келтіру үшін реабилитациялық орталығын ашты.
      Сонымен қатар Ерлан Асқарұлының Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша жоғары біліктілік санаты бар. 2005 жылы «Денсаулық сақтау жүйесіндегі қоғамдық денсаулық сақтау және менеджменттің өзекті мәселелері» циклін «Дәрігер ұйымдастырушы» мамандығы бойынша біліктілігін арттыру курсын аяқтап, одан кейін «Денсаулық сақтау менеджері» біліктілігін алып шықты. Әрдайым біліктілігін дамытып отыратын кәсіпқой маман бас дәрігер болған уақытында «Фтизиатрия» , «Пульмонология», «Ересектердегі жұқпалы аурулар» салалары бойынша қайта даярлаудан өтіп, Халықаралық конференцияларға қатысты.
      Медицина – адамдардың денсаулығын сақтау және сырқаттарды емдеумен айналысатын білімдер жүйесі. Медицина саласында қызмет ету тек науқастарды емдеу және тереңірек оқып-білумен шектелмей, ғылыми жұмыстармен айналысуды да қажет етеді. Медицина ғылымдарының докторы Ерлан Асқарұлының Республикалық ғылыми журналдарда бірнеше ғылыми жұмыстары баспаға басылып шықты. Әрине, бұл әріптестермен ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп, әрбір ғылыми зерттеу медицина ғылымына жаңа серпіліс, леп әкеледі. Атап айтар болсақ, 2014 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан медициналық журналында «Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансері бойынша 2011-2013 жылдар аралығындағы госпитальдық өлім-жітімді талдау анализі», 2015 жылы «Академия здоровья» журналында «Ақтөбе облысының тұрғындарына туберкулезге қарсы көмек ұйымдастырудағы заманауи тәсілдер», 2016 жылы Алматы қаласында фтизиопульмонологиялық ғылыми-практикалық журналында «Ақтөбе облысының тұрғындарына туберкулезге қарсы көмек ұйымдастырудағы заманауи тәсілдер», 2017 жылы «Академия здоровья» журналында «Ақтөбе облысында туберкулезді интегралды бақылау бағдарламасының орындалу барысы туралы» атты мақалалары жарық көрді. 
      «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, нағыз жігіт елдің алғысын алып, өмір мектебінде сыналады. Ерлан Асқарұлы өзінің тиянақтылығы, біліктілігі мен адал еңбегінің арқасында көптеген марапатқа ие болды.Соның ішінде: 
      ✦ «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
      ✦ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі;
      ✦ «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 60 жылдығы» мерекелік төсбелгісі;
      ✦ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің;
      ✦ Қазақстан Республикасы Президентінің;
      ✦ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің;
      ✦ «Нұр Отан» Республикалық саяси партиясының;
      ✦ Ақтөбе облысы әкімінің;
      ✦ Ақтөбе қала әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары;
      ✦ «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» төсбелгісі; 
      ✦ «Үздік адамдар» энциклопедия қаһарманы құрмет белгісі;
      ✦ «Қазақстан даңқы» ордені;
      ✦ «Отандық денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін» медалі;
      ✦ «Авиценна» медалі;
      ✦ «Алтын Қыран» төсбелгісі;
      ✦ «Үздік депутат» төсбелгісі;
      ✦ Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медалі
      ✦ «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерейтойлық медалі; 
      ✦ «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалі; 
      ✦ « SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Үздігі» төсбелгісі;
      ✦ «Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл» медалін иемденді.
      Ерлан Асқарұлы медицинаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде осы сала бойынша үздік білім алып, әріптестерінің ортасында және өңірдегі жұртшылыққа таныс, сыйлы дәрігерге айналды. Оның төккен тері мен ұзақ жыл бойы еткен еңбегі жемісті болып, бүгінде есімі мақталып жүреді. Ол – талай жанның дертіне дауа тауып, бас дәрігер қызметін атқарса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған азамат. Елдің, халықтың ортасында жүрген ардақты жан «Amanat» партиясының мүшесі, Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаты, Ақтөбе қаласының және Әйтеке би ауданының құрметті азаматы. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә. Назарбаевтың сенім берілген адамы болды. Иә, бұл дәреженің барлығына өзінің ақ ниетінің, адалдығының және тынымсыз еңбегінің арқасында жетті. 
      Ерлан Асқарұлы жұбайы Зәуремен бірге Асел есімді қыз бен Қуандық есімді атұстар ұлын тәрбиелеп, өсірді. Алла қосқан жары да медицина маманы, оның ішінде сурдолог, ЛОР дәрігері. Асел Алматы қаласында С. Демирел атындағы университеттің Шет тілдер факультетін тәмамдап, бүгінгі күні Прага қаласында «Экономика және саясат менеджері» мамандығы бойынша магистратура бөлімінде білімін жалғастыруда. Тұрмысқа шығып, қызғалдақтай бүлдіршінін тәрбиелеп отырған ана. Қуандық қазақ-түрік лицейін бітіріп, әке кәсібін жалғастыру жолында бүгінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетінің 3 курс студенті. Болашақта нейрохирургия саласы бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Ерлан Асқарұлы ағайын-жұрттың арасында ғана емес, күллі өңірге танымал дәрігер. 
      Қазақтың маңдайына біткен ел мақтанар азаматтар өте көп. Олар әлеуметтік-қоғамдық өмірге белсене араласса, енді бірі саяси өмірде пайдасын тигізіп, бірі елдің тұрмыстық жағдайын арттырып, жалпы сан салада қызмет етіп жүр. Ал Ерлан Асқарұлы – медицина, денсау-лық сақтау ісінде халықтың алғысына бөленіп, науқастарды кеселден сауықтырған дәрігер. Оның медицинаға қосқан үлесі өлшеусіз. Дәрігерлік жолда аянбай оқып, білім алып, тәжірибеден сәтті өтті. Медицинаның түрлі саласында қызмет етіп, тәжірибе алмасты. Бас дәрігер дәрежесіне жетіп, абыройлы қызмет атқарды. Оның жазған ғылыми жұмыстары журнал беттерінде жарияланды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тәтімов Ерлан Асқарұлы – Қазақстанның медицина тарихында есімі алтын әріптермен жазылуға лайық ардақты азамат.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...