Медицина саласының майталманы
Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығына байланысты. Дені сау адам өзі үшін де, қоғам үшін де керек. «Бірінші байлық – денсаулық», «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, денсаулық болмаса, барлығы да бекершілік. Табиғаттың ең қымбат жемісі – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлгені, өзін-өзі сыйлағаны. Жеке адамның да, мемлекеттің, қоғамның да басты байлығы адам денсаулығы екені айтпаса да түсінікті. Себебі денсаулық тіршілік пен бақыттың басты кепілі. Адам өзінің жеке басының мүмкіндіктерін қаншалықты толық жүзеге асыруым керек дейтін болса, онда ол денсаулығына ден қоюы керек. Әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен, сауаттылықпен, бастысы саналылығымен қараса, мол мүмкіндіктерге қол жеткізері анық. Тіршіліктің төрт құдіретті негізі бар дейтін болсақ, ол дені сау болу, тазалыққа, дұрыс тамақтана білуге, дене шынықтыру жаттығуларына байланысты. Осындай адам арашасының бірі, парасатты, байсалды, өз саласының мақтаулы маманы, медицина саласына еңбегі сіңген қайраткер Махамбет Әбдезімұлы әңгімемізге арқау болып отыр.
![]()
Бейсеуов Махамбет Әбдезімұлы 1968 жылы 22 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы Керейт ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін, арман жетегімен 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1995 жылы жақсыға бітіріп, қолына дипломын алады. Бала күнгі арманына қалай да қол жеткіземін деген талапты азамат, өзі қалаған мамандығының қыр-сырына қанығып, оқуды үздікке бітіріп шығады. Денсаулық саласының басты қағидасы – адам өміріне бей-жай қарамау керек болса, онда өмір бойы оқуды талап ететінін ол жақсы білді. Сондықтан да ол білімі мен біліктілігін арттыруды өмірлік ұстанымы етіп, жаңалықтарға құлақ түріп, жаңашылдықтарды үйреніп, саласында қолдана білуге ұмтылды. 1998 жылдан бастап аталған клиникада анестезиолог-реанимотолог болып жұмысқа кірісті. Алған бетінен қайтпайтын, қайсар мінезді, қайратты азамат ұжымында мақтаулы маман атанып, аз ғана уақыттың ішінде өзінің еңбекқорлығының арқасында науқастардың да ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Тіпті білгір маманды арнайы алыстан ат арылтып іздеп келетіндердің қатары жиілей түсті.
Білімі мен білігі сай азамат оқу-білімге өте құштар. Қай жаста болса да оқудың артық етпейтіні, кеш болмайтыны жайында жанындағы әріптестеріне айтудан да жалықпайды. Ол бір орнында қозғалыссыз қалып қойғанды ұнатпайды. Сондықтан да ол үнемі білімі мен біліктілігін дамытып, ары қарай жылжып, алға ұмтыла берсем дейді. Сол мақсатпен ол 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының екі жылдық клиникалық ординатурасына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтады. Сонымен қатар білікті маман Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экономика және бизнес» бойынша магистратурасында оқуын жалғастырып, оны 2019 жылы тәмамдады.
Өз саласын бес саусағындай жақсы білетін маман қай салада болса да керек. Бұл ретте Махамбет Әбдезімұлы сұранысқа сай маман екенін айта кету орынды деп білемін. 2000 жылы Шымкент қалалық ауруханасына дәрігер гастроэнтеролог болып жұмысқа шақырылып, онда екі жыл нәтижелі еңбек етті. Ал 2002 жылдан бастап Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету ауруханасында гастроэнтерология бөлімінде бөлім меңгеруші болып тағайындалды. Қым-қуыт аурухана тіршілігінде тынбай еңбек ету де оңай емес. Таң атқаннан кеш батқанға дейін түрлі мінезді адамдармен кездесіп, олардың ауру тарихын қарап, зерттеп, оларға ем шарасын беру, одан қалса жанындағы қызметкерлерінің жұмыс күнінің қалай өткенін бағамдау, барлығы да оның назарынан тыс қалған емес.
Махамбет Әбдезімұлы осындай тынымсыз еңбексүйгіштігінің арқасында дертіне дауа, еміне шипа іздеп келген науқастардың алғысына бөленіп үлгерді. Қол астындағы дәрігерлермен өз тәжірибесін бөлісе жүріп, ауруханадағы мақтаулы бөлімдердің біріне айналдырды. Ауызбіршілікпен ұйымдаса жұмыс жасаудың үлгісін көрсете білген мықты маманмен әріптес болуды мақтан тұтатындары және бар. Оның бойында тек дәрігерлік қасиет ғана емес, адамгершілік мол ізет пен қайырымдылық, шексіз мейірімділік табы да сезіліп тұрады. Әрбір адамға түсіністікпен қарап, жылы сөйлеп, қажетінше ақыл-кеңесін де айтып жатады. Шаршауды, жалығуды білмейтін білікті дәрігердің шәкірті болған талай жас оның осындай қарапайым қалпын айтып жүреді.
![]()
Білікті дәрігер 2011 жылдың қаңтарынан бастап Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету ауруханасына дәрігер-гастроэнтеролог болып қызмет ауыстырды. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл қызмет барысында талмай тер төгуге тура келді. Өзінің табандылығы, талапшылдығы мен ең бастысы кәсіби біліктілігінің арқасында аймақтың мақтаулы дәрігерлерінің қатарынан аты атала бастады.
Рас, адам ағзасының қоймасы саналатын асқазанды емдеу оңай шаруа емес. Талай жылғы алған білім мен тәжірибе қос тараптан көмекке келді. Соның арқасында талайлардың алғысын арқалап, абырой биігіне көтерілді. Еткен еңбек пен маңдайдан сорғалап төккен тердің нәтижесі ел алғысымен өлшене берді. Бұл тараптан алғанда, ақ халатты абзал жанның шабысы да ерек. Қарапайым азаматтардың ерекше ықыласынан бөлек, басшылықтан еңбегі бағаланып, 2011 жылдан бастап Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету ауруханасының Бас дәрігердің медициналық көмек көрсету қызметінің сапасын қадағалау жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл салада сапаны қадағалау қызметі қиын да күрделі жүйенің бірі. Дегенмен аз ғана уақыттың ішінде жұмысты жүйелеп, мақтау мен марапатқа ие болды.
2013 жылдан бастап 2018 жылға дейін Түлкібас аудандық орталық ауруханасында бас дәрігер болып қызмет атқарды. Басқару тәсілі ерек, қол астындағыларға қоятын талабы жоғары сапалы қызмет болғандықтан, аудандық аурухананы биік белеске көтере білді. Ал 2018 жылдан бері Шымкент қаласының ДСБ ШЖҚ «№1 қалалық емхана» МКК бас дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы басқарып отырған ұжым аз ғана уақыт аралығында қаладағы озық емханалардың қатарына енді. Заманауи, жоғары сапалы технологиялармен жабдықталған емханаға тіркелушілердің қатары қалың. Оның үстіне, тәжірибелі мамандар қызмет атқаратын мекемеде қызмет сапасы да өте жоғары.
![]()
Қазіргі кезең – білімнің заманы. Қай мамандық иесі болмасын білімін ұдайы жетілдіріп отыруы тиіс. Жыл жылжыған сайын жаңа технологиялар ендіріліп, жаңа әдіс-тәсілдер қолға алынуда. Осы орайда шетелдерде білім алып, тәжірибе алмасу басты орында тұруы тиіс. Бұл тарапта Махамбет Бейсеуов шетелдерде ұдайы білімін жетілдіріп отырады. 2015 жылы Мәскеу қаласында «Денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына арналған Бүкілресейлік Конгресске» қатысып, «Денсаулық сақтауды басқару» ұйымынан сертификат алды. 2021 жылы Түркияда өткен «Түрік клиникаларында Chek up диагностикалық бағдарламаларының жұмыс істеуі» атты семинарына қатысса, 2022 жылы Грузияда өткен «Грузиядағы денсаулық сақтауды дамыту тәжірибесі. Медициналық мекемелердің жұмыс тәжірибесі» атты Халықаралық семинарда біліктілігін ұштады.
Бейсеуов Махамбет Әбдезімұлының медицина саласына сіңірген орасан зор еңбегі жоғары бағаланды. 2015 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2016 жылы «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2020 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 2021 жылы «Казақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, 2022 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі»
![]()
төсбелгісімен марапатталды.
Білімді азамат мерейлі отбасында жұбайымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған үлгілі жандар. Жұбайы да медицина саласының маманы, білікті дәрігер. Үлкен ұлы әке жолын жалғап, медицина саласын таңдаған, келіні де сол сала бойынша білім алуда. Өзінің шағын шаңырағында жарымен бірге кішкентай немере тәрбиелеп отыр.
Берекесі бекем отбасына мықты денсаулық тілеп, елге жасап жүрген игі істері жемісін төге берсін деген тілек білдіреміз.
![]()
![]()
![]()
![]()