Еліне елеулі азамат
Азаматтың жасаған ісіне қарап, онан үлгі алып, жақсы қырларын, жүріп өткен жолдарын өнеге ретінде көпке жеткізу - үлкен мұрат. Өйткені, ұрпақ ауысып, үлкендер салған ізді жалғап, еліне елеулі еңбегімен еленіп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Біз әңгіме еткелі отырған Каир Хамитұлы отбасының мақтанышы, қорғанышы ғана емес, елінің де біртуар азаматы деуімізге әбден лайықты тұлға.
![]()
Абдрахманов Каир Хамитұлы 1957 жылы 15 желтоқсанда Ақмола (Көкшетау) облысы, Зеренді ауданы, Игілік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Игілік ауылында 8 жылдық мектeпті 1972 жылы жақсыға бітіріп шықты. Ал 1974 жылы Щучье қаласында қазақ орта мектебін аяқтап, сол жылы Целиноград Мемлекеттік медицина институтына оқуға қабылданып, жоғары оқу орнын 1980 жылы жақсыға оқып аяқтады. 1980-1981 жылдары оториноларингология мамандығы бойынша интернатурадан Көкшетау облыстық ауруханасында сәтті өтті. Табиғатынан ізденімпаз, тынымсыз, жан-жақты, жаңалыққа құмар, білімді азамат 1981-1985 жылдары Рузай аудандық ауруханасында оториноларинголог дәрігері болып қызмет істеді. Саласын бар болмысымен жақсы көретін Каир Хамитұлы ұжым арасында белсенді қалпымен, үлкен-кішіге бірдей әдебімен, ұйымшылдық қабілетімен өз ортасына сыйлы болып, мақтаулы маман атанды.
Білімді азамат 1985 жылдың 21 қазанынан бастап Көкшетау облыстық ауруханасының оториноларингология бөлімшесінде ординатор болып орналасты. 1999 жылдан бастап бөлімше меңгерушісі қызметін атқарды. Бөлімшеде заманауи технологиямен құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеудегі әдістерін енгізіп, қолданды.
Уақыттан тысқары қалмай, жаңалықтарды дер кезінде өзінің жұмысына енгізе білетін, өз саласының білгірі 2006 жылдың 6 сәуірінен бастап Ақмола облыстық балалар ауруханасын басқарды. Облыстың барлық ауырған балаларына консультативтік және стационарлық көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыра алды. Сол уақытта шала туған нәрестелерді емдеу үшін бөлім ашылды. Іштен туа біткен ақауларды хирургиялық әдіспен емдейтін технологияларды іске асырды. Жоғары категориялы оториноларинголог, жоғары категориялы менеджер, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Оториноларингологтар Ассоциациясының "Әль-Фараби" медалімен марапатталды. Көп жылдар бойы Ақмола облысының штаттан тыс Бас оториноларинголог маманы, Ақмола облысы бойынша Оториноларингологтар Ассоциациясы филиалының төрағасы, Ақмола облысы бойынша Педиатрлар Одағының төрағасы болды.
![]()
Каир Хамитұлының Жаратушы қосқан жұбайы Абдрахманова Зәуреш Қуанышқызы - дәрігер-невропатолог. Талай жылдар бойы мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарды. Берекелі шаңырақта ұрпақтарын тәрбиелеп, өсіріп, жоғары білім алып беріп, еліне елеулі азамат ете білді. Баласы Еркебұлан – оториноларинголог, отоневролог, сурдолог болып Алматы қаласында Ай-Медикус орталығында жұмыс істейді.
Еркебұлан Каирұлы «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол өз білімі мен білігін ел игілігіне жаратып, еңбек етуде. «Medincus» халықаралық есту және сөйлеу орталығының Шымкент қаласындағы филиалының директоры қызметін атқарады.
«Өзім Германияда көш бастап тұрған Фрайбург университеттік клиникасында білімімді жетілдірдім. Неміс оқу жүйесіне сәйкес, дәрігерлер оқуларын тікелей аурухана қабырғаларында алады. Клиникада ғылым мен тәжірибе ұштасып, медицина саласындағы ең озық деген жетістіктер күнделікті қолданыста болады. Бүгінде кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Өз салам бойынша мықты мамандардан және озық технологияны қолдануда көп тәжірибе жинадым. Себебі, бізге ол жақта дайын маман ретінде қарады. Әрқайсымыз науқастарды қабылдап, операция жасадық. Отоларингология – медицинадағы күрделі саланың бірі. Медицинаның бұл саласына қызығушылығымды тудырған – әкем. Өйткені әкем – дәрігер-оториноларинголог. Ал түпкілікті таңдау жасауға 12 жасымда гайморит болып ауырып, әкемнің бөлімшесінде емделіп жатқан кезім әсер етті. Дәл сол кезде оториноларинголог мамандығының қаншалықты қызықты екеніне куә болдым. Науқастарды емдеу, ота жасау – бәрі мені қызықтыра бастады. Тіпті, бөлімшедегі науқастардан олардың дерттері жайлы сұрадым. Сол кезден бастап, үлкейгенде дәрігер атанып, сырқаттанған барлық адамды емдегім келетінін түсіндім. Осылайша бала арман өмірлік ұстанымыма, дәрігер болып қалыптасуыма көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Алғашқы еңбек жолым Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі клиникада басталды. Шыны керек, Германияның медицинасымен танысуым осы клиниканың сол ұйыммен серіктес болуымен байланысты. Өйткені Германияға «Болашақ» арқылы бармас бұрын, «Қазақмыс» корпорациясының өз дәрігерлерін шетелде оқыту бағдарламасы арқылы сол Фрайбург университет клиникасында резидентура аясында 2 жылдық білім алдым.
![]()
Содан кейін оралып, алған білімімнің жемісі нәтижесінде жаңадан оториноларингология бөлімшесін ашып, жергілікті науқастарды заманауи әдістермен емдеу тәсілдерін енгіздім. Құлақ, мұрын, тамақ аурулары арасында ең жиі кездесетіні, әрине, қабыну аурулары. Бұл дерт көбінесе вирустық инфекция кезінде қозып, әрі қарай асқынып жатады. Қоздырғыш факторларға жалпы суықтау, ауыспалы кезеңде ағзаның әлсіреуін айтуға болады. Сол үшін осы кезеңдерде ауа райына сай киіну, жақсы тамақтану керек. Жазда ауру болмайды деген қате ұғым да бар. Ыстық болғандықтан, адамдар суық су ішіп қояды, желдеткіштің кесірінен суықтап қалып та жатады. Осыған назар аударған жөн. Сонымен қатар, сау кезде де аурудың алдын алу үшін дәрігерге қаралған дұрыс. Кейде тамақ немесе мұрын құрамында қабынуға тез жол беретін өзгерістер табылып қалуы мүмкін. Бұл өзгерістерді алдын ала емдеп, қалпына келтіруге болады», - дейді Еркебұлан Каирұлы.
Сондай-ақ ұлы Айтман Каирұлы – Шымкент қаласында көз микрохирургиясы Astana Vision орталығында директор болып қызмет атқарады. Еуропалық катаракта және рефракциялық хирургтар қоғамының (ESCRS) мүшесі.
Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер сенімін ел сақтар» деген қанатты сөз бар. Иә, өнегелі ісімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген ардақты азаматтың өнегелі жолы өзінің балаларына да берілгенін анық көре аламыз. Еселі еңбек – елдің ынтымағы дейтін болсақ, Отанды сүю елінің азаматтарының денсаулығына бей-жай қарамаудан басталады. Ұлттың жанашыр азаматтары әрдайым халықтың мерейін асырады. Міне, Каир Хамитұлының еңбек жолы соған куә. Балалары үлкеннің, яғни ата-анасының үлгісін, отбасының тәлімін алып осылайша биіктерге құлаш сермеп келеді. «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген кесірді, жермен-жексен ететін…» деген сөз кейіпкеріміздің толық келбетін айшықтап тұрғандай. Кейіпкерімізді шын мәнінде бақытын еңбектен тапқан айтулы азамат деп айтуға әбден болады. Ұрпағы да жоғары білімді, абыройлы қызметте. Жарасым тапқан өнегелі отбасының көпке үлгі болары сөзсіз.
![]()
![]()