Парасатты басшы
![]()
Рас, қазірде басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Жаратушыдан, одан кейін ақ халаттылардан дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, ауруына ем дарытып, халық сұранысына ие болып келе жатқан мықты хирургті ел іші «алтын қолды дәрігер» деп дәріптеп, құрмет-қошеметке бөлеп, ілтипаттарын білдіріп жатады. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған ол нағыз батыр десек, артық айтпаған болар едік. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ та шығар. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектене білген, медицина саласында басшылық қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан, Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласындағы «Сәтбаев қаласының ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры Аханов Жомарт Мұзарафұлы 1961 жылы 22 қарашада Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, Рудник кентінде дүниеге келді. Тасын түртсең тарихымен қоса байлығы аударылып түсетін кенді аймақта балалығын өткізіп, талай тұлпарды тағалаған іргелі білім ордасы Сәтбаев қаласының №3 орта мектебінде білім алды.
1978 жылы мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін қолына керекті құжаттарын алып, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдарында да бір тыным таппады. Сабақтан бас алмайтын ол кітапханадағы барлық оқулықтарды алып оқыды. Қажеттілерін қойып дәптеріне түртіп алып жүрді. Керек кезінде жанындағы жолдастарымен де бөлісіп отыратын.
1984 жылы институтты бітірген соң, Жезқазған қаласындағы тері-венерологиялық
![]()
диспансерде, Сәтбаев қаласындағы балалар емханасында интернатурадан өткен Жомарт Мұзарафұлының алғашқы еңбек жолы 1985 жылдан бастап Сәтбаев қаласының №1 орталық қалалық ауруханасында рентгенолог-дәрігер болумен басталды. Талабы қатты Медицина әлемінің ішіне еніп кеткен жас маман оқығаны мен тоқығаны, көргені мен түйгенінен, тәжірибесінен туындағанын жұмыс барысында таразы етіп қолданып, қызметіне кірісіп кетті.
Одан арғы қызметінде сатылай өсіп, 1986-1989 жылдары Ұлытау ауданындағы «Урожайный» кеңшарының бас дәрігері, Сәтбаев қаласының №1 Орталық қалалық ауруханасында 1989 жылдан бастап рентгенолог қызметін абыроймен атқарған Жомарт Мұзарафұлы 2000 жылдың 18 тамызынан бастап «Сәтбаев қаласының ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры болып қызмет етіп келеді.
Жұмыс жасаумен қатар, білім-біліктілігін арттыруды да екінші орынға ығыстырмаған
![]()
Жомарт Мұзарафұлы 2018 жылы Қарағанды қаласында «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, 2019 жылы 22 ақпанда «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бірінші біліктілік санатын қорғады. Пікірлес, жаңа технологияларды енгізуге табанды, аурухананы жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, семинарларға қатысып отырады. Жас мамандарға барлық жағынан қолдау көрсетіп, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге, балабақшаға балаларын орналастыруына көмектеседі. Жомарт Мұзарафұлы ауруханаға басшылық еткен жылдары көптеген келелі жұмыстарды атқарды. Жоғары денсаулық сақтау органдары арқылы облыс әкімдері барлық аурухана ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу, жаңа құрал-жабдықтар алу және «COVID-19» пандемиясы кезінде ауыр науқастарды құтқару үшін «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС және басқа ұйымдардан гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, медициналық жабдықтар, жұмсақ және қатты жабдықтар, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар және тағы басқалар.
Кейіпкеріміздің елеулі еңбегі еш кеткен жоқ. Осы уақытқа дейінгі алған марапаттары мен алғыс, грамоталары да жетерлік. Атап айтар болсақ: 2011 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі;
«ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
2019 жылы Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрiгер» медалi;
2022 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сайлау науқанына қатысқаны үшін Алғыс хаты;
Жомарт Мұзарафұлы білікті маман, парасатты басшы ғана емес, отбасында да арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Медицина саласының қызметкері, Неонатолог, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі, жары Мұхамедғалиева Шолпан Сафарбекқызы екеуі
Мұзараф Фатима, Мұзараф Жантуар есімді алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Иә, азаматтың еңсесінің биік болуы жарына да байланысты. Өмірлік серігі екеуі бірін-бірі сөзсіз ұғынысады.Медицина саласына саналы ғұмырын арнаған Жомарт Мұзарафұлының деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне табыс тілейміз!