Ақмағамбетова Майжан

Рейтинг:

Мейірім тұнған жүрегі

      Халық даналығында «Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі тіпті артық. Оның ішінде медицина саласының жүгі ауыр деуге болады. Медицина саласына келген жанның ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Кейіпкеріміз Ақмағамбетова Майжан Нуритдиновна да адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын қолы алтын дәрігер деуге әбден лайықты жан. 
      Зейнеткерлікке шықса да Ұлытау облысы Жезқазған қаласының жоғарғы медицина колледжінде, орта білімді медицина қызметкерлерін дайындап шығару мақсатында «Педиатрия» пәнінен сабақ беріп келе жатқан Майжан Нуритдиновна 1949 жылдың 6 қаңтарында Павлодар облысы, Лебяжье ауданы, Қызыл-Қоғам совхозында дүниеге келді.       Әке махаббатымен тек алға ұмтылатын, ана мейірімімен әлемді жақсы көрген, Сырдың салқын самалына перзенттік бұрымын сүйдіріп өскен Майжан Нуритдиновна болашақтың нұры себелеген білім ордасы Қызыл қоғам совхозының "Қызыл әскер" мектебінің табалдырығын аттады. Болашақтың берік қалануы білім кірпішінің берік қалануында екенін анасының сөзімен, ұстазының тәлімімен түсінген ол сыныпта мектеп өміріне белсене араласқан белді оқушылардың бірі болды. Айтқан сөзді қағып алатын алғыр, зерек те зейінді, мектептің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, мектеп бағдарламасын еркін меңгерген дарынды жас білім ордасын үздіктер қатарында бітірді. 
      Тек қырандар мекендейтіні секілді, тектілердің табан ізі қалған қасиетті топырақта аунап өскен Майжан Нуритдиновнаның да арманы асқақ еді. Балапан қыранның қанатына дем берген заңғар көктей арманына сәуле түсірген ұстаздары мен анасының тілегінің арқасында дәрігерлік мамандығын таңдаған талапкер, 1965 жылы «Қызыл-Әскер» орта мектебін бітірген соң, сол жылы Лебяжье аудандық 2 жылдық медициналық курсқа түсіп, 1967 жылы тәмамдап шығады.       Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді Майжан Нуритдиновна Целиноградта жүріп білімін жетілдірумен қатар, білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып кетті. Осылайша, медициналық саладағы алғашқы еңбек жолын Черное совхозының «Дәмелі» бөлімшесінде медбике болумен бастайды. Одан кейінгі жылдары яғни, 1970-1978 жылдары Қарағанды Мемлекеттік Медицина Институтына түсіп, жолдамамен Жезқазған облысының Никольский қаласының орталық ауруханасына учаскелік педиатр болып жұмысқа қабылданады.
      Одан кейінгі қызметі, 1992-1996 жылдары Балалар санаториясының бас дәрігері, 1996 жылы Жезқазған облысының және балалар санаториясының жабылуына байланысты, Қарағанды облысы Жезқазған қалалық денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы қызметін атқарып, 2008 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырмай, 2008 жылы Жезқазған қаласының медициналық колледжінде, қазір Ұлытау облысы Жезқазған қаласының жоғарғы медицина колледжінде орта білімді медицина қызметкерлерін дайындап шығару мақсатында «Педиатрия» пәнінен ұстаздық етіп келеді. 
      Иә, қалай десек те дәрігер адамға денсаулық, қуаныш, ең бастысы үміт сәулесін сыйлайды. Әр адам өз өмірінде міндетті түрде медициналық көмекке жүгінетіні анық. Басың ауырып, балтырың сыздағанда жаныңнан табылып, жан жылуымен қатар ауруыңа дауа боларлықтай ем беретін ерекше мамандық иелерін қалай мақтасақ та артықтық етпейді. Міне, сондай жандардың бірі де бірегейі, адамгершілігі мен парасаты, білімі мен біліктілігі жоғары, ар-ожданы таза, ертелі-кеш ерінбей ел үшін еңбек етіп, халықтың сауабын алып жүрген Майжан Нуритдиновна еңбек еткен жылдары, қалалық, облыстық әкімшілігі және Денсаулық сақтау министрлігі атынан түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:      2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» орай «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» мерекелік медалі;
      2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
      Таңнан қара кешке дейін жанына шипа іздеген науқастың қас-қабағына қарап ем-домын жасайтын ақ халаттының мәртебесі қашан да биік. Бүгінгі таңда жасы 74-ке келсе де, әлі де еңбек жолынан таймаған Майжан Нуритдиновна жары Ақмағанбетов Дүйсенбай Абдіғали екеуі 2 перзент сүйіп, олардан 9 немере көріп отырған бақытты ата-әже. Сонымен қатар кейіпкерлерлеріміз 2019 жылы Меккеге қажылық сапарға аттанып, мұсылмандық парызын өтеп келді.
      Жүрегі мейірім мен шапағатқа толы ізгі жан дәрігерлік қызметінен бөлек, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастыруға да уақыт табады. Мыңдаған науқастарды кеселінен айықтыруға өзіндік үлес қосып келе жатқан дәрігер алдына көмек сұрап барғандардың бетін қайтарып көрмепті. Қоғамға қызмет етуде ең әуелі қарапайым адамгершілік ұстанымдарын жоғары қоятындығынан ақ халатты дәрігеріміздің қандай қызметкер екенін байқауға болады.      Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, ең үлкен марапат халықтың ыстық ықыласына бөлене білген Майжан
Нуритдиновнаның деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...