![]()
Ақ халатты абзал жан ![]()
Біз кейде сәбидің дүниеге келгеніне қуансақ та, бір аяғы төрде, бір аяғы көрде жатқан аналарды босандырып, үлкен жауапкершілікті мойнына алып, еңбек етіп жүрген осы орталықтың қызметкерлерінің ерен еңбегін назардан тыс қалдырып жатамыз. Сәбиіміздің дүниеге келуіне сеп болған, шүкіршілік етіп Жаратушыдан кейінгі алғысымызды білдіретін алтын қолды, асыл жүректі жандар міне, сол ақ халатты абзал жандар, медицина қызметкерлері. Бүгінгі жазбамыз, дүниеге дені сау ұрпақ келуін қадағалып, ана денсаулығын үнемі бақылап, көмек көрсетіп, әр шаңырақтың шаттыққа кенелуіне сеп болып, ұлт болашағының ауыр жүгін арқалаған дәрігерлеріміздің бірі, бүгінде құрметті зейнет демаласындағы Тәжібаева Ақжібек Есенқұлқызы туралы болмақ.
Ақжібек Есенқұлқызы 1960 жылдың 7 қаңтарында Қырғыз Республикасы, Чуй облысы, Сокулук ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келді.
Әкесі Тәжібаев Есенқұл Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасы. Ұлы Отан Соғысы кезінде 1942 жылы Кеңес Одағының Қызыл Армия қатарына шақырылып, соғысты 1945 жылы Берлин қаласында болып, жеңіспен елге оралған соң, Қырғыз Республикасының Чуй облысы, Сокулук ауданы, Нижнечуйский совхозында агроном болып жұмыс істеп, зейнетке шығады. Ал анасы Шүленбаева Күлсәтен Жамбыл облысы, Шу ауданының тумасы. 9 перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. «Батыр-Ана» орденінің иегері.
Ақжібек Есенқұлқызы 1967 жылы Сокулук ауданы, Нижнечуйский совхозы, Талтак ауылындағы №1 орта мектепке барып 1977 жылы бітіріп шықты. Ұрпағынан үлкен үміт күткен әрбір ата-ана перзентінің оқып, білім алып, ертеңгі күні үлкен азамат болып қалыптасқанын қалайды. Үлкеннің айтқанын екі еткізбейтін, алғыр, тілалғыш болып өскен бала Ақжібек те кішкентайынан ата-анасының қолғанат болумен қатар, мақтанышына айналды.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ дәрігер болсам деген мақсатын тұсбағдар етіп
![]()
алған Ақжібек Есенқұлқызы 1977 жылы білім ордасынан түлеп ұшқан соң да, жүрегіне жақын мамандыққа баруға бел байлады. Қырғыз Республикасындағы Қырғыз Мемлекеттік Медициналық институтына оқуға түседі. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныпішілік, мектепішілік өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Ақжібек Есенқұлқызы бойындағы осы бір ізденімпаздық, алдыға ұмтылушылық, сала бойынша өзін-өзі толықтыру, білімділігі мен біліктілігін арттыру қасиеттері оқу орнында да, еңбек еткен кездері де өшкен жоқ.
Заман дамыған сайын, ғылым да өзгеріп, өзгеріске ұшыраған ауруларды емдеудің тәсілдері мен жолдары да жаңаша сипат алатыны рас. Үнемі өзін толықтырып, осы медицина саласының білікті маманы болуды көздеген Ақжібек Есенқұлқызы 1983 жылы «Емдеу ісі» мамандығын меңгеріп шыққан соң, 1983 жылдан 1984 жылға дейін аталған институттағы интернатура-акушерлік білімі бойынша оқып, акушер- гинеколог мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолы 1984 жылдан бастап Чуй облысы, Қара –Балта қаласындағы ауруханада акушер-гинеколог болып бастаған Ақжібек Есенқұлқызы одан арғы қызметінде 1988 жылдан 1996 жылға дейін сол ауруханада әйелдер кеңесінің меңгерушісі болып, жоғарғы дәрежелі медицина санатын қорғап шығады.
1996 жылдан 2005 жылға дейін Қара-Балта қаласының ауруханасындағы перзентхана меңгерушісі, 2005 жылы атажұртақа оралып, Жамбыл облысы, Меркі ауданының орталық емханасына акушер-гинеколог, 2009-2014 жылдары Меркі ауданындағы орталық емханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі, 2014 жылдан 2018 жылға дейін Меркі ауданындағы орталық емхананың бас дәрігерінің балалар мен әйелдердің босануға көмек жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шығады. Алайда, саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Ақжібек Есенқұлқызы қол қусырып қарап отырмай, әлі күнге Меркі ауданында, аудандық-гинеколог және дәрігер-аудит қызметін қоса атқарып келеді.
Үнемі ізденісте жүретін, атқарған ісі бір атанға жүк боларлық, Қырғызстан мен
![]()
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында өзіндік орны бар Ақжібек Есенқұлқызының бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Еңбегі еселенген, еленген жанның марапаттарына назар аударсақ:
2003 жылы Қырғыз Республикасының Саламаттық сақтау министрлігінің «Саламаттық сақтау ардақты қызметкері» белгісі;
Қырғыз Республикасы Жайыл аудандық аумақтық ауруханасының құрылғанына 100 жылға арналған « Денсаулық бесігі» кітабында, 2006 жылы басылған 34 бетінде былай деп сипатталған: «Следует отметить вклад внесенный Акжибек Эсенкуловой Тажибаевой, которая отдала любимому делу всю себя, иногда отводя на второй план личную жизнь. За время ее руководства родильным отделением отсутствовала в течение шести лет материнская смертность, чем может гордиться не каждое подобного профиля подразделение». 2009 жылы Меркі ауданы әкімінің Құрмет Грамотасы;
2010 жылы «Ядролық сынақтар мен зардап шегушілердің ардагері мен мүгедектерінің Халықаралық Одағының» «Жақсылық, мейірімділік және жаншырлық» медалі;
2015 жылы Меркі аудандық мәслихатының Грамотасы;
2016 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
2018 жылы Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі және 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облысы әкімінің Құрмет Грамотасы;
2020 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хаты;
2021 жылы Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
Ақжібек Есенқұлқызы медицина саласында еңбек етумен қатар, отбасының берекесін кіргізген асыл жар, аяулы ана. Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы, 1993 жылдан бері адвокаттық қызметпен айналысып келе жатқан, Меркі ауданындағы қазақтар қауымдастығы ұйымының жетекшісі, «Ерекше тәуекелді солдаттар «Жеңіс
![]()
қаһарманы» қоғамдық ұйымының төрағасы жұбайы Досайұлы Жаналы мырза жоғары білімді заңгер, КОСР ІІМ Қарағанды жоғарғы милиция мектебін бітірген және "ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалінің иегері.
Абыройлы азамат 1982 жылы «КСРО Ішкі Істер министрлігінің мінсіз қызметі үшін», 1990 жылы «Совет Одағы офицерлерінің антына сенімділігі үшін», 2012 жылы Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», 2014 жылы Қазақстан Республикасының адвокаттар алқасы «Кәсіпқойлығы үшін» медальдарымен, 2017 жылы «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл» және 2015 жылы «70 лет Великой Победы» мерекелік медальдерімен, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына «Отанын қорғаушы» төсбелгісі және Құрмет Грамотасымен, Меркі ауданы мәслихатының, Меркі ауданы әкімінің, Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының Құрмет Грамотасымен, 2022 жылы «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен және 2023 жылы 70 жыл мерейтойына байланысты ҚР «Құрметті ардагері» медалімен марапатталды. Елге еңбегі сіңген қос маман иесінің тұңғыш перзенті, қызы Нәртәжі Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы қазақтың ұлттық медициналық университетін бітірген, қазірде дәрігер. Қуаныш Бақытұлы атты жоғары білімді азаматпен
![]()
тұрмыс құрып, Айым, Арнұр, Бекнұр атты үш перзент тәрбиелеп отыр.
Ұлы Нұрсұлтан Қаныш Сатпаев атындағы технологиялық университетін және Тараз Мемлекеттік Университетінің – заң факультетін бітірген, инженер. Жары Жәмила Қанатқызы екеуінің Марғұлан және Әбілімансұр атты ұлдары бар.
Кенже қызы Ботажан С.Асфендияров атындағы қазақтың ұлттық медициналық универститетін бітірген, Дәрігер. Нұрлан Ерікұлы атты жоғарғы білімді азаматпен тұрмыс құрды. Назым, Мерейлім, Көзайым атты бұрымды қыздарды тәрбиелеп отыр.
Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деген шығыстың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтқандай өз мамандығының шебері, ана мен сәбидің қорғаушысы бола білген Ақжібек Есенқұлқызы жайлы үлкен-кішінің аузында тек жақсы сөздер айтылып келеді. Бұл дәрігердің шапағатын көрген жандардың ақ жүрегінен айтылған алғыс сөздер мен ыстық лебіздер еді. Зейнекерлікке шықса да денсаулықты сақтау жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Ақжібек Есенқұлқызына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!