Тапалова Анипа

Рейтинг:

Ғалым. Ұстаз. Ана.

      «Біреуден пайдаланған ақыл-білім, жаңбырмен араласқан нұрмен тең» деп дархан көңілді қазақтың жүрегінде өлеңі қалған Әсет ақын  айтпақшы, ілімнің адамзатқа өте пайда беретінін жүрегімен ұғынып, бүгінде қиындығы мен жұмысы өрмекшінің торындай болса да еңбек етіп келе жатқан ғалымдарымыз бар. Міне осындай, лағыл жүректі, ғазиз тілекті, тоң-теріс болып жатқан табиғаттың болмысын ашып, адамзат игілігіне пайдалануға беріп, іргелі елдің болашағы, химия ғылымының келешегі үшін еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың бірі – Тапалова Анипа Сейдалықызы.      Техника ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры Анипа Сейдалықызы 1952 жылдың 5-желтоқсанында Қызылорда қаласында дүниеге келеді. №171 Ғани Мұратбаев атындағы мектептің табалдырығын аттаған жас зерек, сабақ барысын зердесіне тоқып алатын, зейіні мол шәкірт мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұстаздарының алғысын алып, болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушыға айнала білді. 
      Ұшамын деген қыранға шың кедергі болып па, мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, жоғары кластарға өткенде химияға деген ерекше ынтасы ауған Анипа мектепті Алтын медальмен бітірген соң, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия факультетіне түседі. 
      Университетті 1975 жылы «Химик. Химия оқытушысы» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, өзінің алғашқы еңбек жолын Қызылорда медициналық училищесінде оқытушылық қызметтен бастайды. Бұл, жас ғалым үшін болашаққа ашылған үлкен есік, мүмкіндік еді. Міне, Анипа Сейдалықызы 1990 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде аға оқытушы, доцент қызметін, 2008 жылдан бастап академиялық профессор қызметін атқарып келеді.      Ғылым тереңіне сүңгіген Анипа Сейдалықызы 1999 жылы А.Б.Бектұров атындағы Химия институтында «Болаттың коррозиясын тежегіш құрамында мырышы бар силикополифосфаттарды алудың технологиялық негіздерін жасау» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, 05.17.01-«Бейорганикалық заттардың технологиясы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты (Ph.D.) дәрежесі берілді.
      2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1-шілдедегі шешімімен (№10 хаттама) химиялық технология мамандығы бойынша ДОЦЕНТ (ASSOSIATE PROFESSOR of Chemical technology) ғылыми атағын алса, 2009 жылы 29-қыркүйекте Халықаралық Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды (МАНПО Ресей, Мәскеу).
      Адамзатты дамытып отырған - ғылым. Ғылымды дамытатындар - ғалымдар. Ғалымдар - өз елін, жерін, туған халқын сүйген ойшыл, данышпан адамдар. Олар жазған ғылыми еңбектер, жаңалықтар қашан да халқына, Отанына қызмет етеді. А.С.Тапалованың ғылыми-зерттеу жұмыстары өңірдің химия-экологиялық проблемаларын зерттеуге және жоғары және орта мектептегі үздіксіз химиялық білім беру проблемаларын шешуге бағытталған. Осы уақытқа дейін 130-дан астам мақалалары мен ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді.       Атап айтар болсақ, факультет студенттері мен магистранттарына, докторанттарына «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы», «Аналитикалық химия», «Химиялық технология», «Зат құрылысы», «Күрделі есептер шығару», «Химияның заманауи концепциялары», «Химиялық экологияның аспектілері» пәндерінен дәріс беріп, оқытудың жаңа технологияларын оқу процесіне енгізуге көп көңіл бөледі.
      «Сандық анализ практикумы», «Бейорганикалық химия.Теория және есептер», «Жалпы және бейорганикалық химия практикумы», «Элементтер химиясы. Есептер мен жаттығулар» атты оқу құралдары және «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы», «Аналитикалық химия», «Минералды шикізаттарды өңдеу технологиясы», «Химиядан есептер шығару әдістемесі» т.б. оқу-әдістемелік кешендерінің авторы.
      Анипа Сейдалықызының жетекшілігімен 2003-2010 жылдары мұнайлы аймақтардың химиялық экологиясын зерттеу жолында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілсе, бүгінгі таңда орта және жоғары мектептегі химиялық білім берудің заманауи проблемалары бағытында көптеген білім алушылардың дипломдық, 20-дан астам магистрлік және докторлық диссертацияларына жетекшілік жасады. Сонымен қатар, орта мектеп мұғалімдеріне ғылыми-әдістемелік кеңес беру, мектеп оқушыларының ғылыми жобаларына жетекшілік жасауда үлкен жетістіктерге жеткен.      Ғылыми жұмыстарының негізгі қорытындылары Д.И.Менделеев съездерінде, «Конструкциялардың өміршеңдігі және оларды коррозиядан қорғау», «Мұнай және химия өнеркәсібіндегі ресурс және энергия үнемдеу технологиялары» атты Халықаралық конференцияларда (Москва), К.И.Сатпаевтың 100 жылдығына арналған Халықаралық симпозиумда, Халықаралық «Надиров оқулары», НАН РК академигі М.Т.Козловскийдің 100 жылдығына арналған Халықаралық конференцияда, академик Ә.Б.Бектұровтың 100 жылдығына арналған Халықаралық Симпозиумда, Халықаралық Бірімжанов съезінде, Халықаралық XVIII Менделеев съезінде оқылып, үздік ғылыми еңбектер жинағына енгізілген. 
      А.С.Тапалова – 15 ғылыми және оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Ғылыми мақалалары Республикалық «Нефть и газ Казахстана», «Гидрометерология и экология», «Санитария и гигиена», «Химический журнал Казахстана», «Химия мектепте», «Химия хабаршысы» журналдарында және бірнеше шетел баспаларында жарық көрген.
      «Экология кризисной территории Приаралья», «Биологическая и гигиеническая роль кадмия и мышьяка (экологические аспекты)», «Химико-экологические последствия влияния тяжелых нефтей Озенского месторождения на окружающую среду», «Экологические вопросы месторождений тяжелых нефтей», «Арал өңірінің қайта өрлеуі», «Мультиферментные биосенсоры на основе полимерного наноматериала» атты маңызды монографиялық ғылыми еңбектері жарыққа шыққан.
      Сонымен қатар, көптеген ғылыми мақалалары бұқаралық және ғылыми журналдарда жарияланған. ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (БҒС СҚК) бекіткен басылымдар тізбесіндегі журналдарда – 22 мақаласы, Ресейдің жоғары индекстелетін (РИНЦ базасындағы) журналдарда - 8, Халықаралық жоғары рейтингілі Web of Science базасындағы Q1-Q2, Scopus базасындағы жоғары процентилді журналдарында – 10 мақаласы, алыс, жақын шетелдергі конференциялардың еңбектер жинағында - 35, Қазақстан Республикасы аумағындағы халықаралық конференциялардың еңбектер жинағында - 32, Қазақстан Республикасы аумағындағы мерзімді басылымдарында - 18 мақалалары жарық көрген.       Анипа Сейдалықызы білім беру мен ғылымның жанашыры ретінде, жас ұрпақтың заман талабына сай білім алуына, ғылыми жетістіктерге жетуіне атсалысу мақсатында 2022 жылы кафедра базасында өз қаржысымен «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясының негізін қалады. Бұл ғалымның және оның ұлағатты отбасының университеттің дамуына, жастардың болашағына жасалған меценаттық игілікті іс деп білеміз!      Өз өмірін ғылым мен білім беру ісіне арнаған ғалым-ұстаздың қол жеткізген жетістіктері мен мерейін өсірген марапаттарына кезек берсек:
      2008 жылы Қазақстан Республикасының «Үздік оқытушысы» төсбелгісінің иегері;
      «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті Қызметкері» төсбелгісіның иегері;
      2009 жылы Халықаралық педагогикалық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды;
      2010 жылы Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі Елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері; 
      2011, 2012, 2013, 2014, 2015 оқу жылдарынының қорытындысымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Үздік оқытушысы» медалінің иегері;
      2012 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін университеттің «75 жылдық» мерекелік медалінің иегері;
      Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалі» иегері; 
      2013 жылы Медаль им Д.И.Менделеева «За Заслуги в химии» Международного фонда мира и согласия страны СНГ;
      2015 жылы Заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, зерделі, ой-өрісі кең жастарды тәрбиелеуге, білім сапасын дамытуға қосқан үлесі үшін Басқарма басшысының орынбасары Р.Чагайдың Алғыс хаты;      Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің Құрмет Грамотасы;
      Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың Алғыс хаты;
      Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы А.Әлназарованың Алғыс хаты;
      2017 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін университеттің «80 жылдық» мерекелік медалінің иегері;
      2019 жылы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты;
      2020 жылы «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалінің иегері;
      1921 жылы Қазақстан Республикасының білім және Ғылым саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Ахмет Байтұрсынов» атындағы орден иегері; 
      Білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен еліміздің болашақ иелеріне сапалы білім, өнегелі тәрбие берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет Грамотасы;
      Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің Ректорының Алғыс хаты;
      Білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен еліміздің болашақ иелеріне сапалы білім, өнегелі тәрбие берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Облыстық кәсіподақ төрайымы Г.Есқалиеваның Құрмет Грамотасы;      2022 жылы «Қазақстан Республикасының Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері;
      Отандық Ғылым және Жоғарғы білім саласындағы абыройлы еңбегі мен елеулі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім министрлігінің Құрмет Грамотасы;
      Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің Құрмет Грамотасы;
      Америкалық Химия Одағының (ACS) мүшесі атанды;
      Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85-жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Білім және жоғарғы ғылым министрінің Құрмет Грамотасы;
      Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85-жылдық мерейтойы қарсаңында «Биология, география және химия» кафедрасында ашылған «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабароториясына профессор, техника ғылымдарының кандидаты Тапалова Анипа Сейдалықызының атын беру туралы шешім қабылданды. 
      Анипа Сейдалықызы ғылым саласының үздігі, талантты оқытушы ғана емес, отбасында аяулы жар, ардақты Ана! Автотранспорт саласына еңбегі сіңген қайраткер, өмірлік жолдасы Сыздықов Нұрділда екеуі 3 ұлдың ата-анасы, бірнеше немеренің сүйікті Ата-Әжесі!
Үлкен ұлы Жайсан Сыздықов - экономика ғылымдарының кандидаты, Республикаға танымал «Қыран» автожол салу компаниясының Бас директоры болса, екінші ұлы Данияр Сыздықов Прокуратура саласының қызметкері. Үшінші перзенті Бахтияр Сыздықов - тау-кен саласының маманы-кәсіпкер. Немерелерінің алды Қарлығаш пен Шадияр Англияда бакалавриат, магистратура бітіріп, қызы Голландияда, ұлы Маккензи компаниясында бизнес-аналитик болып жұмыс жасап жатыр. Алдияры - Испанияда студент, 4 немересі Назарбаев мектептерінде оқиды.
      Анипа Сейдалықызы - әйел-ғалым, университет профессоры, үлкен берекелі отбасының анасы мен аяулы әжесі-өзінің білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа білім беруге бағыттай білген, ғылыми зерттеулерді батыл жүргізе білген, талантты, бірегей тұлға. Ол өз саласының білгірі ретінде, студенттерді жоғары нәтижелерге жетуге үнемі шабыттандырып отырады.      Ана ретінде ол тек қамқор және мейірімді жан ғана емес, сонымен қатар балаларына үлгілі ғазиз тұлға. Ол өзінің академиялық мансабы мен отбасылық өмірі арасындағы тепе-теңдікті тауып, үйлесімділік пен салауатты қарым-қатынасты сақтай білген жан.
Әже ретінде ол немерелері үшін даналық пен мейірбандықтың көзі іспетті. Ол немерелерімен бірге уақыт өткізіп, олармен өзінің білімі мен өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Ол отбасылық байланыстарды нығайту және құндылықтарын келесі ұрпаққа беру арқылы олардың тәрбиесі мен дамуына үлкен үлес қосып келеді.
      Бұл рөлдердің барлығын да, Анипа Сейдалықызы бірегей тұлға ретінде - академиялық салада, отбасылық қатынастарда және ұрпақ байланыстарында кемелдікті бейнелейтін әйел ретінде, шеберлікпен біріктіріп келеді. Оның өмірдің барлық осы аспектілерін сәтті біріктіру қабілеті оны әртүрлі салаларда табысқа жетуге ұмтылатын басқа әйелдер үшін шабыттандыратын үлгі екендігі сөзсіз! 
Анипа Сейдалықызы сынды ғылымның шырағын жаққан ғалымдардың қатары көп болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...