Абыройы асқақ маман
Мамандықтың бәрі жақсы. Адамзат игілігі үшін бәрі қажет. Төрткүл дүниенің төрінде отыратын мамандықтардың бірі, адам денсаулығының сақшысы – дәрігер мамандығы. Басты байлық – денсаулық. "Дені сау адам – табиғаттың ең тәтті жемісі" деген қағидаға сүйенсек, адамдардың денсаулығының Жаратушыдан кейінгі жанашыры, ол сөзсіз антына берік, ақ халатына дақ түсірмеген дәрігер деуге болады. Жан дүниесімен әрбір науқасты дертінен айықтырып, науқасының жүзіндегі қуанышты көруге асығатын жандар марапаттың үлкеніне лайықты. Өйткені адамгершілік арының алдында адалдығы мен халқына қызмет етемін деп ант берген абзал жандардың орны ерекше.
Алматы қаласында орналасқан Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының клиникалық диагностикалық емхана бөлімінің меңгерушісі Әсел Әмірәліқызы 1985 жылдың 5 қазанында Алматы қаласында дүниеге келді. Өмірінің көктемі болған әкесі Жақсылық Әмірәлі Ақылбекұлы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етсе, мейірім шапағында шаттық нұры менмұндалап жатқан анасы Алимгожаева Роза Анарқұлқызы30 жыл медицина саласында еңбек еткен дәрігер.
Қазақы қарапайым отбасында дүниеге келген Әсел табиғатынан көркем мінезді жан. Әрдайым сабырлы қалпынан танбайтын, сізі мен бізі аузынан түспейтін сыпайы, парасатты, білімге құштар, жан-жақты ізденімпаз, еңбекқор болды. Мектеп қабырғасынан бастап ол өзінің білімге деген ынта-ықыласымен талай білім биіктерінің шыңын бағындырды. Мектептің мақтанышы, ұстаздарының оң қолы бола білген ол мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласатын.
2003 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған орта білімді мектеп-интернатты бітіріп, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің емдеу факультетіне түседі. Қайда болмасын, қай уақыт болмасын қолынан кітабы түпейтін Әсел студенттік шақтарында да үздіксіз оқумен болды. Тәжірибелі тәлімгерлердің дәрісіне үзбей қатысып, қайтадан
өз бетінше ізденісін тоқтатпайтын. Рас, дәрігерлік - жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан ешқашан қателесуге болмайтыны да белгілі. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде өз саласының қыр-сырын толық меңгеруі тиіс. Сондықтан адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандыққа кездейсоқ адам келмейтіні белгілі.
2010 жылы университетті бітірген соң Әсел Әмірәліқызы өзінің алғашқы еңбек жолын Іле аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде акушер-гинеколог дәрігері болумен бастайды. Сонымен қатар, осы жылы Қазақстан-Ресей медициналық университетінде акушерия және гинекология мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының ассистенті болады.
Медицина әлеміне сүңгіп кеткен жас маман Әсел Әмірәліқызы білімін тереңдету мақсатында 2012 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетіне резидентураға түсіп, 2015 жылы аяқтағаннан кейін, Онкология мамандығы бойынша қайта оқытудан өтіп, 2016 жылы Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында дәрігер онкогинеколог болып орналасады. 2021 жылы Науқастарды қолдау және ішкі бақылау қызметінің жетекшісі, Қазақ
ұлттық медицина университетінде резидент акушер-гинекологтардың клиникалық тәлімгері, пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы бола білген Әсел Әмірәліқызы 2023 жылдан бастап клиникалық диагностикалық емхана бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Білім деңгейін үнемі жетілдіріп отыратын кейіпкеріміз Қазақстандағы ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысушылардың бірі болып табылады. Кореяның Пусан қаласында «Онкогематологиядағы теориялық және практикалық дағдылар» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті, «Жатыр мойны обыры, себептері және шешу жолдары» бойынша біліктілігін арттыру үшін Мәскеуге де барып келді.
Жоғары санатты дәрігер Әсел Әмірәліқызы медицина саласында атқарған еңбектері үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
2019 жылы Облыстық денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, ұжымдағы қол жеткізген табыстары мен оңды нәтижелері үшін Алматы облыстық Денсаулық сақтау Басқармасының Алғыс хаты;
2022 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
«Bilim-Orkenieti» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жылдың Үздік студенті» атты
Республикалық байқауда студенті Жайлауова Шаттық Бекболатұлы жүлделі орын алған үшін және еліміздің білім және ғылым саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Алғыс хаты;
Үнемі білімін жетілдіріп, ізденісте жүретін жан өз ортасына сыйлы, достыққа адал, ұжымында беделді, өз ісінің шебері, мінезі қандай жұмсақ болса, қолы да сондай жайлы, бойындағы ерекше қасиеті ізденімпаздығы басым Әсел Әмірәліқызы ата-анасына алғысын айтып отырады. Өзінің ақ халатты абзал жан атануына, жалпы медицина саласына қызығушылығын оятқан себепкер тұлға анасы екенін айтады. Сонымен қатар кейіпкеріміз темір тұлпарды тізгіндеген жан. Машина айдауды алғаш үйреткен тұлға - әкесі Әмірәлі. Ыстық естелігімен бөліскен кейіпкеріміздің ата-анасына құрметі шексіз. Бүгінде Әсел Әмірәліқызы өмірлік жолдасы Сапарханов Жігер Ұлтайұлы екеуі Амира, Инжу, Мәриям есімді үш перзентті тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
«Қолы шипалы, білікті дәрігерді халық асырайды» деген сөздің жаны бар секілді. Шындығында да адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін, баға жетпес құндылық – адам денсаулығын сақтап қалуға бар білімін, қабілетін, тіпті өмірін жұмсайтын дәрігерлер қандай құрметке де лайық. Әсел Әмірәліқызы дертіне шипа іздеп келген жас пен кәріні ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беретін білікті дәрігер екені ақиқат. Уақытпен санаспай денсаулық күзетінде жүріп, халықтың алғысын арқалаған жанның «қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбарлы болуы керек» деген қағидамен келеді.
Ия, терең білім, берік ұстаныммен қатар өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын білікті маманның ел саулығына қосқан үлесі лайықты марапатталып та келеді. Жан-жағына жақсылық нұрын шашып жүрген абзал жанның деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!