Қасымов Қаукен

Рейтинг:
Дәрігерлер династиясы

      Сау денеде сау рух болады. «Дені саудың – жаны сау» деп тегін айтпаса керек. Адам дәрігерге жанына батқан ауруымен, көңілі түсіп, жаны жылап келеді. Сондайда дәрігер емін жасап, дәрісін беріп, науқастың ауруын жеңілдетеді, ертеңіне үміт сыйлайды. Дәрігердің жұмысы қиын, тірлігі қауырт. Дәрігердің әр күні – індетпен күрес. Уақыт өтеді, заман өзгереді, бір заңдылық сақталады – білікті, білімді дәрігерлер әр заманда қажет. 
      Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жан, өнегелі өмірі тағылымға толы жан - Қасымов Қаукен Қасымұлы. Жергілікті халықтың денсаулығын сақтауда тынымсыз еңбек ете білген Қаукен Қасымұлы 1937 жылдың 24 сәуірінде Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, «Ұлы Октябрь» колхозында (қазіргі Шабанбай би ауылы) дүниеге келді. Өмірін еңбекке арнаған әкесі Есенбеков Қасым 1904 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Амангелді ауылдық советінде дүниеге келген. Кейіпкеріміз 1941 жылы әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылы елге аман-есен оралады. Кейіннен колхозда ағаш шебері, балташы, тас қашаушы болып еңбек етеді. Балташы бригадасын басқарып колхоздың арба, сырғы сияқты тасымалдау көліктерін жөндеп отырған сонымен бірге қыстақтың есік-терезелерін, шарбақтарын, қақпаларын жөндеумен шұғылданған. 1964 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұлы Отан соғысының ардагері 1992 жылы шөбересін көріп, тағдырдың жазуымен өмірден озды. Ал аналық мейірім-махаббаты таңғы шықтан да мөлдір анасы Әбілдақызы Мүгілсім (1908 - 1990ж.ж.) - тыл ардагері, дүниеге 5 перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірген ардақты жан. Әділдік пен адалдықты ту етіп ұстанған қазақтың қай шаңырағы да, отбасы да текті деп айтуға тұрарлықтай. Адал еңбектің арқанын өріп, адамгершілік қасиеттерден аттамаған бүгінгі кейіпкеріміз Қаукен Қасымұлының бауырлары да, өмірден өз орындарын тапқан, зейнет жасындағы ата мен әже. Қасымов Қаукен - инженер-құрылысшы, қазіргі уақытта зейнеткер, Қасымов Ғалы - механизатор, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері, қазіргі уақытта зейнеткер. Қасымқызы Мағира - педагог, қазіргі уақытта зейнеткер және кіші бауыры Есенбеков Ғалел өзінің кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер.
      Әрдайым әке ақылын алып, үлкендердің батасын алатын. Үлкендер жағы оның ақылдылығы мен байсалды қалпына сүйсініп, «баталы бала» деп те атайтын. Үнемі үлкендерге сәлем беріп, қажет болған жағдайда оларға көмектесуге де ұмтылып тұратын. Көпшіл әрі ашық мінезді Қаукен Қасымұлы анасының да айтқанын екі етпей орындайтын. Жауапкершілікті жақсы түсінетін, тындырымды баланы мектеп ұжымы мақтан етіп, басқаларға үлгі етіп айтып отыратын. 
      Қарапайым отбасында тәрбиеленген Қаукен Қасымұлы 1956 жылы Ақтоғай ауылында М.Горький атындағы орта мектепті бітірген соң, 1956 - 1958 жылдары Балқаш қаласында ЗОЦМ зауытында жұмыс жасап, 1958 - 1961 жылдары Балтық әскери-теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Өмір мектебінен өтіп, алдаспандай қайралып, қайсарлықпен қаруланып келген жас өмірден өз үлесін алып қалу жолында алға ұмтылып, 1961-1967 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтында білім алады.       Осылайша, медицина деп аталатын қанаты кең әлемнің табалдырығын 1967 жылы Балқаш кен металлургия комбинатының емханасында бір жыл терапевт болумен аттайды. Білімді, жақсы ұстаздардан тәлім алған барлығы да өз жұмысын жандандыра білді. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иесіне жұмыс барысында еш қателесуге болмайды. Сондықтан да кейіпкеріміз ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген дәрігердің әріптестері арасында беделі биік, абыройы асқақ. Өз мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген халықтың құрметті атағы ол үшін бәрінен де бағалы.
      Қай жерде, қай ортада болмасын ол өз жұмысына аса ыждаһаттылықпен қарап, әріптестері арасында биік беделге ие болып келеді. Өзінің ісіне жауапкершілігі мол азаматты ел «алтын қолды дәрігер» деп атап кеткен. Үлкен-кішінің көңілін қалдырмайтын білікті маманды іздеп келушілері көп болды. Одан кейінгі 1968-1971 жылдары қалалық ауруханада дәрігер-хирург, 1971 жылдан бастап қалалық аурухананың жаңадан ашылған урология бөлімшесінде жұмыс істеді.       Қаукен Қасымұлы 1974 жылы урология бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, сол қызметін 2007 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша атқарды. 
      Қаукен Қасымұлы Қазақстанда бірінші урологтардың ішінде 30 жылдан астам урология бөлімшесін басқарған, жоғары санатты дәрігер. Хирургия мен урология салаларында оталардың барлық түрлерін меңгерді. Бірнеше емдеу әдістерінің авторлық куәліктері бар. Мыңдаған науқас дәрігердің қолынан өтті. Ол жылдары ешкімді басқа қалаларға отаға Балқаштан жібермейтін. Тіпті, науқастар Балқашқа басқа қалалардан урологиядан ота жасауға келетін. Жетекші медициналық орталықтарда біліктілігін арттырудан өтті, олардың ішінде Мәскеу, Баку, Ереван, Франция секілді шет мемлекеттерге барды.       1994 жылдан бастап бөлімшеде қашықтан бүйректің тасын үгітетін (литотрипсия) Француздық «Сонолит» аппаратымен және қуық астының безін трасуретралдық жоғары температурамен емдейтін (термотерапия) Француздық «Простатрон» аппаратымен қансыз оталар жүзеге асырылды. 
      Қаукен Қасымұлы еңбек еткен жылдарына байланысты, адал еңбегінің бағасы ретінде алған марапаттары мен қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ:
      Кеңес Одағының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
      ҚР «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі;
      1993 жылы «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы;
      2010 жылы «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енді.
      Қаукен Қасымұлы кәсіби қызметімен қоса саяси-қоғамдық жұмысын да көп жыл бойы атқарды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының партия ұйымын басқарды. 1986 жылы Қазақстан коммунистік партиясының XVI съезінің делегаты болып сайланды. 
      Қаукен Қасымұлы үлкен дәрігерлік әулеттің басшысы. Әулеттің жалпы дәрігерлік тәжірибесі 230 жыл, ал жалпы медициналық тәжірибесі – 286 жыл. Жұбайы, екі баласы, екі келіні, екі немересі де дәрігерлер. 
      Бағы басым азаматтың тек еңбек жолында ғана емес, басын құрауда да жаңылыспаған азамат. Бүгінде жарымен бірге мерейлі отбасының алтын діңгегіне айналып отыр. Қаукен      Қасымұлының шаңырағының берекесін кіргізіп, әулеттің тамырын тереңге жібере білген жары Қасенова Қамар да медицина саласының білікті маманы. Қарағанды мемлекеттік медицина институтында білім ала жүріп бас қосқан жары Қамар Нәжметдинқызы 1972 жылға дейін Балқаш перзентханасында жұмыс істеді. Одан кейін зейнеткерлікке шыққанша тубдиспансерде педиатр болып қызмет жасады. Ерлі-зайыптыларда 2 ұл бала, 4 немере бар.
      Үлкен ұлы Қасымов Нұрлан - жоғары дәрежелі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Кәсіби қызметін Балқаш қаласында хирург, уролог ретінде бастаған. Кейін Ұлттық ғылыми медициналық орталығында уролог болып жұмыс істеді. Әр жылдары Астана қалалық , Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханаларын, Республикалық жедел-жәрдем ғылыми орталығын басқарған. Павлодар облысының, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларының басшысы болған. Мемлекеттік және ведомстволық наградтары бар. Нұрланның жұбайы Қасымова Сәуле – дәрігер, акушер-гинеколог.      ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі». Қазір психология саласында қызмет етеді.
      Кіші ұлы Қасымов Нариман - жоғары дәрежелі дәрігер, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі». Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Балқаш қалалық ауруханада тері-жыныс бөлімшесінің меңгерушісі. Нариманның жұбайы Қасымова Қымбат – дәрігер, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі». Қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің басшысы.
      Немерелері Қаукенов Бекзат Нариманұлы – сәулелік диагностика дәрігері, Қаукенова Ботагөз Нұрланқызы – дәрігер-хирург, Қаукенова Айнұр Нариманқызы – маркетолог, Қаукенова Айдана Нұрланқызы – Болонья (Италия) университетінде студент.
      «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні-интеллигенция құриды» деп ғалым Харс Йенсен айтқандай, ұлттың тұтастығы мен саулығын сақтайтын ұлы мамандық иелері әркез халық ықыласына бөленіп, еңбектері еленіп жүруі тиіс. Біз де халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек ете білген ақ желеңді, ақ жүректі дәрігер Қаукен Қасымұлына шексіз алғысымызды білдіреміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...