Білікті маман
Бұл өмірге адам болып келген соң,
адам болып өмір сүріп,
адам болып қайту керек.
![]()
Өмірде түрлі мамандық бар. Олар атқаратын қызметі мен мақсат-мүддесіне қарай топ-топқа бөлінсе де адамзатпен бірге жасап келе жатқан, алпыс екі тамырлы денеден ажырамайтын мамандықтардың үлкені ол - медицина саласы. Соғып тұрған жүректің үніне құлақ түріп, дәрігер тағайындалған емдік шараларды жүргізумен қатар, алаң көңіліндегі күдікті сейілтіп, әр жүрекке үміт ұялата білетін дәрігерлер туралы көптеп жазсақ та артықтық етпейді. Осындай саналы ғұмырын медицина саласына арнаған кейіпкеріміз Бахыт Камалатовна 1959 жылдың 2 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылында дүниеге келді.
Тағдыр желінен қорған болған әкесі Керуенов Камалат 1924 жылы дүниеге келген. Кейіпкеріміз қан майдан көріп, Сталинград түбіндегі соғысқа қатысқан майдангер, одан кейін үлкен зауыт басшыларының бірі болды. Ал жүзінен нұр төгіліп тұрған анасы Баймаханова Пал өмір жолында ұлағатты мамандықты тізгіндеген ұстаз және Комсомол, партия қызметкері болған. Ол бүгінгі таңда 96 жаста. Сонау сұрапыл жылдары ұстаздық қызметін жасап, бала тәрбиелеумен қатар шығармашылықпен де айналысқан оқушылары үшін тұғыры биік тұлға. Қалам тербейтін қабілеті бар ананың бүгінгі таңда жырлардан құралған 3 кітабы жарық көріп, өз оқырмандарын
![]()
тапқан, ел беделін көтерген, елге сыйлы жан. Ал аялы алақаны оттан да ыстық, перзенттерінің амандығын таңдайынан түсірмеген, асыл жүректі анасы өмір жолында ұлағатты мамандықты серік етіп, өз балаларымен бірге шәкірттердің де тәрбиесімен айналысқан. Шаттықты шаңырақта 6 бала дүниеге келді. Олардың барлығы да бір-бір саланың білікті маманы, бір үйдің ардақты азаматы мен аяулы жарлары. Ардақты жандар балаларына бір-бірін құрметтеуді, татулықта, бірлікте болуды үйретті.
Ұшамын деген адамға арман қанаты кең емес пе, балалық шағында алғыр әрі өзгелерге көмектескенді жаны қалайтын Бахыт Камалатовна №27 орыс орта мектебін бітіргеннен кейін, сол кездегі жазылмаған дәстүр бойынша, ауыл тіршілігіне, еңбекке араласады.
![]()
Одан кейінгі жылдары, өзінің дәрігер боламын деген арманына иек артқан жалынды жас өнер мен білімнің ордасы Алматы қаласына аттанады. Топшысы қатты тұйғындай тағдыр жүйрігі «ә» дегеннен бұғалыққа көне қоймады. Алғашқы жылы емтиханнан тиісті балды жинай алмай бір жыл дайындық курсын оқиды.
Талаптыға тау да аласа, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз мектепте оқығаны бар және дайындық курсында тоқығаны бар, екінші мәрте бақ сынайды. Жастық жігер, қайратын салып, ізгілікке, игілікке ұмтылған Бахыт Камалатовна өз ойын өзгертпестен оқуға бір жылдан кейін қайта тапсырады. Өмірге, білімге құштар талапкер ақыры өз дегеніне жетіп, алдымен Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінің дайындық бөліміне, кейіннен жоғарғы оқу орнына оқуға түсті. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді өрен, білім ордасында жүріп те өзінің алғырлығымен көзге түсіп, қабілеттілігін көрсете білді. Жоғарғы оқу ордасының қабырғасында білім алған сәтте жақсылыққа жаны құмар, ізденімпаз қыз ұстаздардың ерекше ықыласына бөленді. Ізденуге, оқуға құмар ол ұстаздарын құрметтей жүріп, олардан тәжірибе үйренуден, кеңестерін тыңдаудан жалықпады. Білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласқан, жастайынан өз қатарының алды
![]()
болып, игі істердің ұйытқысы бола білген шәкірт, осылайша медициналық университетті 1985 жылы бітіріп шыққан соң, «Фтизиатр» мамандардың тапшы болуына байланысты институттың жолдамасымен өз ауданына келеді. Ол сол жылдары облыста күріш, қаракөл шаруашылығы дамып, өркениеттен шалғай жерлерде, шаруашылықтарда, шалғай жайылымдарда көп адамдар жұмыс жасайды. Міне, осы бір ауыл шаруашылығының тіршілік қазаны бұрқылдай қайнаған жылдары облыстың барлық колхоздары мен совхоздарын аралап, малшы ауылдардың, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және дамытуға үлес қосты. Содан кейін ол ауруханада фтизиатр, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп, ауыр науқастарды күні-түні қабылдайды. 1991 жылы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласындағы туберкулезге қарсы диспансердің меңгерушісі болып тағайындалған Бахыт Камалатовна басшылық еткен жылдары диспансердің жұмысын ретке қойылып, ілгерілету жолында еңбек етті. Күндізгі бөлімді кеңейтіп, 30 төсек-орын ашып емдеу мекемесіне жаңа леп берді.
Алматыда «Ординатураға» түсіп, біліктілігі мен тәжірибесін көтере түскен Бахыт Камалатовна «Каменское плато» туберкулезге
![]()
қарсы шипажайына жұмысқа ауыстырылады. Кейіннен Алматы қаласының басқарылуына берілген шипажай ол кезде республикалық маңызы бар республикадағы іргелі сауықтыру орталықтарының бірі еді. Осы мекемеде 21 жыл табанды, тынбай қызмет ете білген кейіпкеріміз ауруханада дәрігер-ординатор, кейін аурухана меңгерушісі болып лауазымды қызметтер атқарды.
Мекемеде жоғары білікті дәрігерлер мен мамандар қызмет атқарады. Олармен көрсетіліп отырған медициналық көмектің сапасын ұдайы қадағалап, өзінің білгірлігі мен ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында, жыл сайын қызмет сапасы одан әрі жақсарып келеді деп айта аламыз.
1998 жылы елімізде туберкулезді емдеудің жаңа тактикасы енгізіліп жатқанда DOTS бағдарламасы бойынша емдеуді енгізу үшін 50 төсектік бөлімше ашып, 2003 жылы олар туберкулездің төзімді түрімен ауыратын науқастарды есепке ала бастағанда, «Туберкулездің ауыр түрімен емдеу бөліміне» ауыстырылған Бахыт Камалатовнаның қызметі туралы өз жазбасына кезек берсек: - Медициналық қызметтің барлық жылдарында мен қай жерде жұмыс істесем де жан-жағында кіші медицина қызметкерлерінен бастап, өз ісіне адал, өз ісіне берілген медицина қызметкерлері әрқашан болды.
Бірде-бір дәрігер өз ісіне толық берілгенімен, кейде денсаулығын, жеке бос уақытын, отбасымен демалуды құрбандыққа шалса да марапат, атақ, қандай да бір жеңілдіктер туралы ойламайтынын айта кету - өте маңызды. Олардың әрқайсысы жеке тұлға деп толық айта аламын. Шипажайды ұзақ жылдар бойы басқарған тамаша тұлға Валентин Петрович Цойдың, доцент, дәрігер аудармашы, клиницист және ғалым Селедцов Вадим Петровичтің және теоритик, дана ұстаз Баймұханова Клара Хасеновнаның арқасында тұтас бір ұрпақты тәрбиеледі. Дәрігерлер оны «құтқарушы және жай ғана әдемі әйел» деп атайтынбыз.
Дәрігер-журналист Сисекенов Марат Бермұхамедұлы: «Оның аузынан шыққан қарапайым сөздер қиын науқастардың көңілін көтерді, өте мейірімді, рухы биік адам. Сауранбаев Бауыржан Қырғабақұлы үлкен жүректі, айналасындағылардың барлығына сезімтал, түсіністікпен қарайтын адам. Әдептілігі, кәсіпке деген көзқарасы, таңдаған ісіне адалдығы, қайырымдылығы үшін өмірде тек жақсылыққа лайық жандар әлі де аз емес. Өкінішке орай, оларға деген құрметімді білдіру үшін формат жеткіліксіз» деп баға берген болатын.
Еңбек еткен жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, басшылықтың Құрмет грамоталары көп болды. Белгілі ақын-сазгерлердің, жазушылардың өлеңдерін, кітаптарын арнаған алғысқа толы емделушілер көп болды. «Дәрігерлер - адамдарды құтқаратын періште, тек таңдаулылар ғана дәрігер болады» деген құрметті жанның алғысын ерекше айтқым келеді.
Медицинаның майталманы бола жүріп, отбасылық өмірді тасада қалдырмай, саналы ұрпақ тәрбиелеп жүрген жандар балаларына отбасы құндылықтарын, үлкенге ізет, кішіге құрмет, өзара сыйластық пен бауырмалдық қасиеттерді үйретіп келеді. Бала тәрбиесіне баса назар аударатын отбасы балаларына қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті білімді болумен қатар қоғамға пайдалы азамат болуды ылғи айтудан жалықпайды. Оны сөзбен емес ісімен дәлелдеп, нағыз көркем үлгі бола білген ата-ананың балалары да көрсең көз тоятындай тәрбиелі балалар.
Қазірдің өзінде зейнет демалысында болғандықтан, мені облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығына жұмысқа шақырды. Иә, тағы бір ауыр инфекция. Осындай ауыр инфекциялармен жұмыс істейтін дәрігерлерді ерекше адамдар тобы деп есептеймін. Олар кез келген уақытта жұқтыруы мүмкін, бірақ, олардың «адамға көмектесу» деген ниеті барлығынан асып түседі. Бұған бәріміз карантин жылдарында, яғни «пандемия» кезінде көз жеткіздік.
Қазір осы орталықта жұмыс істеп жатқаныма 6 жыл болды. Осында жұмысқа келгеніме бір күн де өкінген жоқпын. Біріншіден, әрине, команда. Тату ұжым – табысты жұмыстың кепілі. Жас, жан-жақты, білім мен жаңалықтарға шөліркеген, бірақ ең бастысы, әр науқастың жанын түсінеді. Өйткені, ұжымда әр адам өмірлік тәжірибе жинақтаған, дәрігер, тұлға ретінде қалыптасатын отбасы іспетті. Ал басшының осы ұжымды біріктіре алғанына, қамқор жастардың жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын. Ал олардың жанында өзімді басқа ұрпақ сезінбеймін! – дейді қызметі мен бірге жұмыс жасаған қызметтестері туралы мақтанышпен айтқан Бахыт Камалатовна.
Бахыт Камалатовна медицина саласының үздігі ғана емес, отбасында, аяулы жар, мейірімі мол ана да бола білді. Оны біз кейіпкеріміздің мына бір сөздерінен аңғарамыз. «Жолдасым мамандығы бойынша инженер-электрик, жеке құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Ол өте қамқор, мейірімді және отбасы үшін бәрін жасайды. Мен оған әрқашан сенуге болатынын білемін. Балам да менің жолымды қуды, мен бұған өте қуаныштымын. Ол бүгінде 6 курсты тәмамдады. Дәрігер интерн. «Дәрігер мамандығын мектепте өзі таңдаған» деп, отбасы туралы да аз-кем ақпаратпен бөліскен, медицина саласына еңбегі сіңген Бахыт Камалатовнаның деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!