Денсаулық саласының үздігі ![]()
Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық» деген тамаша нақыл сөз бар. Ақ халатына дақ түсірмей, көпшіліктің ықыласына ие болып, қатардағы медициналық қызметкерден бөлім басшылығына дейін көтерілген, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан Ақтөбе қаласы Жедел жәрдем бекетінің аға дәрігері Аманжолова Айжан Мырзағұлқызы жайлы бір үзік сырмен бөліспекпіз.
Бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір жедел жәрдем саласында қызмет етіп келе жатқан Айжан Мырзағұлқызы 1964 жылдың 7 қарашасында Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қобда өзені жағасында орналасқан Жарық ауылындағы ұстаздар отбасында дүниеге келді. Елдің алғысына ие болған мерейлі жанның тереңіне үңілетін болсақ атасы Текеш (шын аты Текмухамбет) Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан жарақат алып келіп, ауылда ұста болып шеберханада еңбек еткен. Ата үмітінің алдамағанын, көкірек көзінің алысты көре білгендігі, қарапайым тұрмыс кешсе де ізбасарлары болған 2 ұл, 1 қызын мұғалімдікке оқытып, ұстаз болуға тәрбиелеген. Ал өмір бастауының бұлағы болған Аманжолов Мырзағұл Текешұлы Ресейдің Орынбор облысы Ақбұлақ ауданының педагогикалық училищесін бітіріп, еңбегін туған ауылында
![]()
ұстаздықтан бастаған. Сауаттылығы мен қабілетінің арқасында бірнеше жыл партия қызметтерінде еңбек етіп, мектептегі ұстаздық жұмысына қайта оралып, мектеп директоры қызметіне тағайындалып, талай – талай дарынды шәкірттер, ұстаздар тәрбиелеп зейнеткерлікке шығады. Ал мейірімінде мөлдірлік, перзенттерінің жүрегіне махаббат боп сіңген анасы Аманжолова Күләш Баққалиқызы дүниеге алты перзент әкеліп, тәрбиелеп, үлкен азамат етіп өсіре білген, алтын құрсақты Ана. Мектеп ұлы армандардың бастау алатын, ертеңгі күнге ұмтылған өрендердің қанатына дем беріп, өмірден өз орындарын тауып, тұрмыс атты алып ғимаратты бір кірпіші болып қалануына сеп болатын алтын ұя. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін ақ халатты абзал жандарға деген құрметі ерекше өреннің бала армандарының бастауында дәрігер болу тұр еді. Дәрігер – қалам ұшына алуға жеңіл болғанымен, артында үлкен жауапкершілік жүгі жатқан, үздіктердің үздігі жүйріктердің жүйрігі ғана қол созатын, білікті маман болып шағатын түбі терең сала. Осы бір мамандыққа деген бейімі мен қабілеті басым болған Айжан Мырзағұлқызы 1981 жылы Жарық орта мектебін «Алтын медальмен» бітірген соң, армандар тоғысқан Ақтөбе қаласына аттанады. Білім шырағын жаққан сәулеге жүзін бұрған талапкер, білімі мен қабілетін тірек етіп,
![]()
емтиханнан сүрінбей өтіп, Ақтөбе медицина институтына оқуға түседі.
1987 жылы бакалавр дәрежесіндегі дипломын қолына алған Айжан Мырзағұлқызы Шымкент қаласында интернатура өтіп, еңбек жолын Шымкент облысы, Ленин ауданы (қазіргі Қазығұрт ауданы) Шанақ ауылында 25 кереуеттік ауылдық ауруханада терапевт-дәрігер қызметінен бастады. Осы мекемеде еңбек етіп, жанарынан нұры тайып келген науқастарды демеп, үміт сәулесіне жүзін бұра білген маман өзінің жұмысын атқару барысында тиянақтылығы, қызмет талабына сай жауапкершілігі және қандай іске де белсене кірісіп кете беретін ептілігінің арқасында ұжымдастары мен басшылықтың алғысына ие болып, қатардағы дәрігерден, аурухананың Бас дәрігері қызметіне дейін өсті. Одан әрі 1992 жылы отбасы жағдайына байланысты, балалық ізі қалған туған жерге қайта оралып, Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Көк үй ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияда дәрігер және бас дәрігер қызметінде жалғастырды. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді дәрігер, алдына тәні мен жаны ауырып келген науқастардың халін түсініп, ем-шараларын тағайындау барысында олармен де тығыз қарым-қатынас жасап, әр емделушіге ерекше күтіммен қарай білді. Одан арғы қызметі 2004 жылдан бастап Ақтөбе қаласы Жедел жәрдем бекетіне ауысқан Айжан Мырзағұлқызы он бес жылдан астам уақыт бір ауысымның аға дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді. Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз.
Ақтөбе облыстық Жедел жәрдем бекеті өте үлкен ұжым. Онда 700-ден астам қызметкер еңбек етеді. Жедел жәрдем беру медицинаның әр түрлі салаларындағы фундаментальды білімді қажет ететін, дәрігерлік тәжірибенің шыңы болып табылады. Жедел жәрдем дәрігері жан-жақты мамандықты игеруі тиіс. Біздің дәрігерлер мен фельдшерлер міндетті түрде жедел терапия, хирургия бойынша, акушерлік істі,
![]()
босануды дұрыс жүргізу, токсикологияның негіздерін, травматология, педиатрия саласы бойынша да білімді, білікті болуы қажет.
Біздің алға қойған мақсатымыз – әрбір адамның белсенді өмірін сақтау, ұзарту, шақырылған шақырылысқа мерзімінде жету, диагностикалаудың жоғары сапасын өткізу, шұғыл емдік шараларды толық орындау және кезекші ауруханаға дер кезінде жеткізу. Жұмыс барысында телефон арқылы дәрігерлер мен фельдшерлерге кеңес беру біліктілікті, үлкен жауапкершілікті, төзімділікті талап етеді. Ұжымда 30-40 жыл еңбек өтілдері бар дәрігерлер қызмет етіп жатыр. Солармен тәжірибе алмасып, кеңес алып тұрамын.
Өзімнің таңдаған мамандығыма ешқашан өкінген емеспін, өкінбеймін де. Халқыма шынайы сүйіспеншілікпен қызмет етемін! – деп қызметі туралы айтып өткен Айжан Мырзағұлқызы көп жылғы атқарған адал еңбегі үшін 2020 жылы «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Қызметте ғана емес, отбасында да бақыттың бесігінде тербеле білген Айжан Мырзағұлқызы өмірлік жолдасы Назанов Зұлпыхар Өтешұлы екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған тәжірибелі маман өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарай біледі. Алдына келген емделушінің көңілін аулап, жылы сөзбен ем жасау әрбір ақ халатты абзал жанның міндеті болуы тиіс деп санайды ол. Міне, содан кейін, жасалған ем-домның да нәтижесі жақсы болатынын айтады. Ешқашан қарапайым мінезінен танбайды. Еңбектеген кішкентай баладан бастап, үлкен қарияларға дейін ілтипатпен қарайтын оның үлкен жүректі дәрігер екендігі көпке мәлім.
Мамандығын шын беріле сүйетін білімге құштар ақ халатты абзал жан Айжан Мырзағұлқызына мықты денсаулық пен күш-жігер тілейміз!
![]()