Мерейлі мамандық иесі
![]()
Ақ халаттылар туралы әңгіме айтылса, немесе олардың ерліктері мен алғысқа лайықты істері туралы сөз болғанда, айналып өтуге келмейтін тақырыптардың бірі – мейірбике. Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкер – мейірбике екенін бәріміз де білеміз. Емнің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген ем-домды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Қазірде елімізде жүздеген мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде бағалы ресурс болып отыр. Олай дейтініміз, медбике өз уақытының 70 пайызын науқаспен өткізеді. Оларға науқасты күту мен емдеудегі негізгі міндеттер жүктеледі. Қосымова Бақыт 1943 жылдың сәуір айының 4 жұлдызында Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Құрманғазы мен Динадай, Әбу мен Жұмекендей ақындар туған киелі мекен, қасиетті жер – Құрманғазы ауданы топырағында, Сүйіндік елді мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі шыққан төбесінің алғашқы баспалдағы болған, тәлімі мен тәрбиесінде перзентке деген махаббатпен қатар, әкелік қамқорлығының нұр шуағын шашып тұрған әкесі Мұхамеден еңбегімен, адалдығымен ауылға сыйлы болса, ақ жаулығында кірпияздық емес кемелділік, жүрегінде мейірім тұнған анасы Тойындық шаңырақтың берекесі мен шаттығын кіргізіп, 6 перзент өсіріп тәрбиелеп, олардың бойына адами асыл құндылықтарды құя білген ардақты жан болды.
Жарқын болашаққа бастау болған білім ордасының
![]()
табалдырығын 1950 жылы Сүйіндік орта мектебінде аттаған Бақыт Қосымова мектеп қабырғасында-ақ болашақ мамандығын таңдап қойған еді. Ата-ана, ұстаздарының қадағалауымен, тәлімгерлігімен сабақты жақсы оқыған шәкірт, мектептің қоғамдық өміріне араласумен қатар, мектепішілік өткізілген сайыстарда сынып көшін алға сүйрей білді. Ұстаз тапсырмасын уақытылы орындап, әр іске ерекше жауапкершілікпен қараған кейіпкеріміз сыныптағы үлгілі оқушылардың көшінде болды.
Медицина – қоршаған ортаға байланысты құбылып отыратын адам организмі, ауысқан жылмен дамып отыратын медицина сала маманынан тынымсыз ізденімпаздықты, қажырлы еңбекті, мейірбандық пен тиянақтылықты талап етеді. Осы бір сала талаптарын меңгеріп, Атырау қаласындағы (Гурьев) медициналық училищесін 1965 жылы фельдшер мамандығы бойынша бітірген Қосымова Бақыттың алғашқы еңбек жолы Атырау облысы Жылыой аудандық ауруханасында фельдшер (сол кездегі Гурьев облысы, Ембі ауданы), аудандық өкпе аурулар ауруханасында мейірбике, бас мейірбике қызметінде басталып, сол жерде 20 жылдан астам қызмет етті.
![]()
Дәрігерден кейінгі адам денсаулығына жауапты мейірбикелік ісін аудандық емханада жалғастырған Қосымова Бақыт өзі таңдаған мамандықтың қайнаған тіршілігінде өмірдің талай белестерінен өтіп, аудан халқының денсаулығын сақтау жолында зейнеткерлікке шыққанша бір салада үлкен абыроймен тынбай еңбек етті. Қолымнан келмейді демеді. Қызмет барысында кездескен қиындықтарды өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып оң шешімін тапқан маман, көңілі күпті науқасқа медет болып, оның айығып кету жолында еңбек ете білді. Өмірлік жинаған бай тәжірибесін, тәлімді істерін жас мамандарға жеткізіп, үйретуден жалықпады.
Қандай ортаға барса да өткір, алғыр мінезімен еркін араласып кете беретін, қызмет барысында жауапкершілігімен, тиянақтылығымен, өзінің міндеттерін адал әрі тиянақты орындай алушылығымен көзге түсіп, ұжымдастары арасында сыйлы бола білген Бақыт Қосымова өзінің еңбек еткен жылдары-адал атқарған еңбегінің бағасы ретінде түрлі мақтау қағаздарын алып, басшылық, халық тарапынан алғысқа ие болды. Мерейі өссін дей отырып, марапаттарына көз жүгіртсек: Адал еңбегіне орай «В.И.Лениннің 100 жылдығы» қарсаңында «Айбынды еңбегі үшін» медалі;
![]()
Аудандық, облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен қоғамдық ұйымдардың Құрмет Грамоталары мен бірнеше мәрте Алғыс хаттарымен марапатталды;
Есімі Жылыой(Ембі) аудандық «Құрмет кітабына» енді.
Тәні ауырған науқасқа да, жаны күйзелген адамға да бір ауыз жылы сөздің өзі ем емес пе?! Алайда сол бір ауыз жылы сөзді айтуға да жылы жүрек керек. Мейірбикенің жүрегіндегі сол жылу жанарынан мейірім шуағындай төгіліп тұруы тиіс. Сонда ғана сырқат адам сауығады және ол дертіне дауа дарытқан шипагер жанның келесі науқасқа жұмсайтын қуатына еселеп кетеді.
Өмірі мән-мағыналы өрнектермен өрілген Бақыт Қосымова өте бақытты жан. Ол үшін еңбектің өтемі де, бағасы да оның саладағы абыройлы еңбегінің нәтижесі де, жемісі де халықтан алған алғысы мен емделушілердің шын пейілді ризашылығында дер едім.
Кейіпкеріміз туралы, оның еңбегі туралы жергілікті газет беттерінде түрлі мақалалар жарияланып, оның асыл бейнесі газет беттерінде басылды. Сөзіміздің дәлелі болу үшін сол бір жылдары жазылған, Құлсары қаласының тұрғыны Б.Бигелдиевтің «Бақыт» атты
![]()
мақаласынан үзінді келтірсек:
(- ...Иә, Бақыт Қосымованың Гурьев медициналық училищесін бітіріп, осы салада еңбек еткеніне ширек ғасырдан асты. Осынау уақыттың 20 жылын аудандық өкпе аурулар ауруханасында істепті. Кейінгі мезгілде емханада жемісті еңбек етіп жүр. Әр таңды асыға күтіп, әр адамға бақыт гүлін сыйлауды армандаған медицина қызметкерінің жүрек жылуы қандай десеңші?! Осындай асыл арманы бар адамдарға табыс тілеудің өзі бір ғанибет қой... Ол – адал жан, абзал Ана! Жалпы адам өмірінің мәнді де сәнді өтуі, көтерген шаңырақтың берекелі де мерекелі болуы, үлгілі де бақытты жанұя атануы, құдай қосқан қосағына байланысты болатыны анық. Жолдасы – Кең Жылыой топырағында туып-өскен ел ағасы Сүйеуов Аманкелді Сүйеуұлы, Атырау облысы, Жылыой ауданында жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, бактериологиялық, микробиологиялық диагностикасында, олардың емдеуі және эпидемиологиясында елеулі еңбек сіңірген жоғарғы санатты дәрігер-бактериолог, Кеңес Одағы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі болды. Қос арыс ауданның Медицина саласына жас кездерінен араласып, айтарлықтай іздерін қалдырған, халқына сыйлы, абыройлы ардагерлері санатында танылды.
![]()
Аманкелді Сүйеуұлы екеуі Руслан, Ләззат, Жанар, Шынардай төрт бала тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-аналар, балаларынан өрбіген 7 немере-жиенді абыз ата мен әже. Шуақты шаңырақта тәлім мен тәрбие алған олардың барлығы жоғары білім алып, еңбек жолында жүр.
Балаларының алды, тұла бойы тұңғышы, шаңырақ иесі баласы Руслан-Алматы теміржол инженерлері институтын бітіріп, Құлсары қаласындағы теміржол саласында бірнеше жыл қызмет атқарды, қазіргі кезде Атырау қаласындағы Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестіктердің бірінде қызмет етеді. Жұбайы Алена-қаржы маманы, екеуі Айдана, Аида және Данияр есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп, үлгілі жанұя қатарында. Немересі Айдана Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітіріп, еңбек етуде. Егіз немерелері-Аида биыл Қазақ-Британ Техникалық Университетін бітіріп, еңбекке араласса, Данияры-Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық
![]()
Университетының стоматология факультетінің дәрігер-стоматолог мамандығы бойынша интернатурада білімін жалғастыруда.
Қызы Ләззат– Гурьев педагогика институтын, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Университетін бітіріп, жолдасы Нұрлан-мұнай және газ инженері, екеуі Айна және Арайлымдай қыздарын тәрбиелеп отыр. Айнасы- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін Жалпы Медицина факультетін, Астана Ұлттық Ғылыми Кардиохирургия орталығының Радиология мамандығы бойынша резидентурасын бітіріп, Атырау облыстық ауруханасында Ультрадыбыстық Зерттеу дәрігері болып еңбек етуде. Арайлымы-Сәтбаев Университетін бітіріп, Атырау қаласындағы рекрутингтік компанияларының бірінде жұмыс жасауда. Ал Жанары мен Шынары ата-ана жолын қуып, Ақтөбе Мемлекеттік Медицина Институтын бітіріп, дәрігерлік мамандықты таңдады.
Жанары - қазіргі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің, «Ұлттық Сараптама Орталығы» Құлсары қалалық бөлімшесінің басшысы, әке жолын тікелей жалғастырушы. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігінің, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің, Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің, Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының денсаулық саласындағы жемісті де мінсіз қызметі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет Грамоталарымен наградталған. Бекзат пен Дианадай ұл қыз өсіріп тәрбиелеп өсірген мейірімді ана, білікті маман. Бекзаты-Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын бітіріп,
![]()
Теңіз кенішінде еңбек етуде, жанұялы, жұбайы Аида екеуі Ясина, Әділ атты шөберелерін тәрбиелеуде. Дианасы-Алматы қаласындағы Сәтбаев Университетін бітіріп, ол да Теңіз кенішінде еңбегін жалғастыруда. Шынары –қазіргі уақытта Шетелдік компаниялардың бірінде дәрігер, Денсаулық сақтау ісі бойынша кеңесшісі.
Ежелгі Грек елінің ғұламасы Гиппократтың: «Данышпандықты іздесең - соның бәрі де медицинадан табылады» деген өсиетінің өміршеңдігі ақ желеңді медицина қызметкерлер қауымы үшін ұлағатты ұстаным. Денсаулығына кінарат боп келген мұқтажға мейірім шуағын шашып, сырқатынан сауықтыру өз мамандығын бар жан-тәнімен сүйетін дәрігердің ғана болмысына бедерленген асыл да ардақты қасиет.
Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған Бақыт Қосымова – өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі, жасаған істері өміршеңдігін жоймайтын, халыққа еткен игі қызметі күн өткен сайын таңғы нұрдай жарқырап тұратын абзал жан. Бақыт ана халықтың алғысын алған денсаулық қорғаны, халық жанының сақшысы болып қана қоймай, жас пен кәріге, туысқан мен бауырға, айналаның бәріне көмек қолын созып, жанына жинап, апалық-аналық ықыласын аямай, ақыл-парасатының ұшқырлығымен бәрінің тілін тауып, олардың өмірден өз орындарын табуға үлкен үлес қосқан сыйлы адам, үлкен шаңырақтың мәуелі бәйтерегі. 2023 жылы мерейлі 80 жасқа толған Бақыт анамыз бүгінде зейнеткер, бала-келіндердің ақылшы анасы, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі; Таз Жәлімбет-Өтештен тараған Сүйеу, Қорқытбай әулетінің келіні, өз жұрты-Шеркеш руының, бауырлары
![]()
Нәсіпханым, Хансұлу, Жаңылсын, Болатбек, Светлананың да тірегі, қамқоршысы, берік діңгегі.
Елге қызмет ету – парыз, ал қызмет еткен тұлғалар туралы жазу, айту, істерін паш ету – кейінгі ұрпақтың міндеті.
Кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!