Өнегелі ғұмыр
![]()
Көңіл теңізімізді толқытып, тебіреніске толы сезімге бөлеп, қолға қалам алуымызға түрткі болған Қазақстан мұнайының қара шаңырағы, қасиетті Кең Жылыойдың аяулы перзенті, жақсылығымен, іскерлігімен, табандылығымен, жұрт сүйсінер барлық игі қасиетімен ел құрметі мен шапағатына бөленген ақ халатты абзал жан дәрігерлеріміздің бірі Аманкелді Сүйеуұлы туралы болмақ.
Атырау облысы, Жылыой ауданында жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, бактериологиялық, микробиологиялық диагностикасында, олардың емдеуі және эпидемиологиясында елеулі еңбек сіңірген жоғарғы санатты маман дәрігер, Кеңес Одағы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Сүйеуов Аманкелді Сүйеуұлы 1942 жылдың 10 қыркүйегінде Атырау (Гурьев) облысы, Жылыой (Ембі) ауданы, Құлсары елді мекенінде, қарапайым еңбек адамдары -Таз руының ұрпағы Сүйеу мен Уақ руының ұрпағы Бәтіштің отбасында дүниеге келді.
Аманкелді Сүйеуұлы-балалық шағы сұрапыл соғыс өртіне шарпылып, мезгілінен ерте есейген, қиындық пен жоқшылықтың
![]()
зардабын тартып өскен ұрпақтың өкілі. Соғыстан кейінгі жылдары, 6 жасында, ел еңсесін енді тіктеп жатқан заманда, өзінің қамқоршысы, асқар тау әкесі өмірден өтсе, 22 жасында әкелік қамқорлығын аямаған, әкенің інісі Қорқытбай дүниеден өтеді. Тағдырдың жазғанына көнгеннен басқа амал бар ма? Әкенің де, ағаның да орны ойсырап қалды. Енді олардың орнын бұл жалғанда ешкім толтыра алмас еді. Жұмыр басқа түскен қиындық қай пендені де болмасын жігерін шыңдап, мінезін қайрай түсетіні анық.
Жарларынан ерте айрылып, бар тауқыметті бір өздерінің мойнына алған Бәтіш анасы мен Түймеш анасы шаңырақтарын тік ұстап, балаларына жақсы тәрбие беріп, оқытып, ел қатарына қосты. Жас болса да анасына қолғабыс болған Аманкелді Сүйеуұлы анасына көмекші, апасы Хадишаға, қарындасы Сәлимаға, інілері Атыраубай, Төлеген, Төлеу, Ізтұрғанға қамқоршы бола білді. Жастайынан еңбекке ерте араласқан Аманкелді Сүйеуұлы өте зерек, алғыр, қайсар, қиындықты жеңе білетін батыл болып өсті. Жас кезінен адал еңбек етуге, адамгершілік қасиетін бәрінен де биік қоюға талпынған ол мектеп қабырғасында да қатарластарының алды болды. Шабамын
![]()
деген тұлпарға дархан даланың төсі кең емес пе? Мектепті алдыңғы қатарлы оқушылардың сапында аяқтаған жас түлек Атырау (Гурьев) медицина училищесіне «Фельдшер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқу орнын 1965 жылы қызыл дипломмен үздік бітірген Аманкелді Сүйеуұлы еңбек жолын Ембі аудандық санитарлық эпидемиологиялық станциясында бастайды. Жас маман алғашқы сәттен-ақ үлкен ұжымға үйренісіп, тәжірибелі аға мамандардың ақыл-кеңесін тыңдап, өз саласына деген қызығушылықпен жұмыс жасады. Өзінің білсем, үйренсем деген талпынысымен ұжым арасында мақтау естіп, аз ғана уақыт ішінде өзінің алдына келген науқастарынан да алғыс ала бастады. Білімін одан әрі жалғастыруды көздеген Аманкелді Сүйеуұлы 1971-ші жылы Гурьев педагогика институтының «биология» факультетін бітіргеннен кейін Украинада, Харьков дәрігерлер білімін жетілдіру институтының бактериология саласында дәрігер-бактериолог мамандығы бойынша алғашқы мамандандыру курсын да аяқтайды.
Одан арғы қызметінде 1967 жылы Ембі ауданында тіркелген Оба ауруы, 1977-1978 жылдары тырысқақ аурулары, 1980 жылы іш сүзек аурулары ошақтарында елдімекен тұрғындарын осы аса қауіпті
![]()
аурулардан аман алып қалу үшін аянбай еңбек етті. Осы ауру ошақтарында тез арада арнайы медициналық, санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемиологиялық шұғыл шаралары алынып, зертхана жұмыстарын ұйымдастыру арқасында аудандық санитарлық- эпидемиологиялық станциясы, санитарлық-бактериологиялық зертхана жұмыстары жоғары бағаланып, республика, облыс бойынша үлгі алар тәжірибе мектебі саналды, соңынан еріп келе жатқан әріптестеріне тәлімгер ұстаз бола білді. Сонау 90-шы жылдары ДОТС-терапия деп аталатын Республиканың Денсаулық Сақтау Жүйесіндегі туберкулезді емдеудің жаңа жүйесін енгізу кезеңінде де ауданда топ жетекшісі болды. Әріптестерінің жадында ұйымдастыру қабілеті жоғары, шаруаға бейім, дарынды іскер адам ретінде қалды. Қоғамдық негізде медицина қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ ұйымын және аудандық аурухана, партия ұйымдарын ұзақ жылдар басқарып, абыройлы еңбек ете білді. Қоғамдық ортамен де байлынысын үзбеген кейіпкеріміз 1974-1977 жылдары Құлсары поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өзінің еңбек жолдарының ішінде Сүйеуов Аманкелді Сүйеуұлы санитарлық эпидемиологиялық станциясының санитарлық-бактериологиялық зертхана жұмысының өсіп нығаюына, материалдық
![]()
базасының жетілуіне, қажетті құрал-жабдықтармен жасақталуына, зертхананың аудандағы, облыстағы, республикадағы бірден бір жақсы дәрежедегі диагностикалық орталыққа айналуына бар білімі мен біліктілігін, күш жігері мен қайратын аянбай жұмсады.
Бірнеше рет Харьков, Москва, Алматы, Фрунзе қалаларындағы дәрігерлік білімін жетілдіру институттарында дәріс алып, білімін жетілдірген Аманкелді Сүйеуұлы Атырау облысы Жылыой ауданында жұқпалы аурулардың алдын алу шараларында, бактериологиялық, микробиологиялық диагностикасында, олардың емдеуі және эпидемиологиясында елеулі еңбек сіңірген жоғарғы санатты маман дәрігер еді, осы саладағы жетекші тұлға ретінде танылды, әріптестері пікіріне құлақ асып, жоғары бағалайтын. Өмірінің соңғы кезіне дейін ҚР денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік Санитарлық Эпидемиологиялық Сараптама Орталығының Атырау облысы, Жылыой аудандық филиалының директоры, дәрігер бактериологы болып қызметін атқарды.
![]()
Ардың жүгін арқалаған азаматтарымыздың бірі болған Аманкелді Сүйеуұлының есімі алтын әріптермен жазылып қалған басылымдарды бір саралап өтсек:
- 2002 жылы Алматы қаласындағы «Мұрагер» баспасынан шыққан Атырау облысы, Жылыой энциклопедиясында;
- 2008 жылы «Өлке» баспасынан шыққан Жылыой ауданының 80 жылдық ғұмыр тарихына арналған «Жылыой жылнамасы» кітабында;
- 2008 жылы Атырау облыстық кәсіподақ кеңесінің құрылғанына 60 жыл толу қарсаңында шыққан «Атырау облысы кәсіподақтар федерациясына 60 жыл» атты кітабында; - 2009 жылы Руласы Аманғали Әміржанұлының Таз руының шежіресіне арналған «Ақиық-Арман» кітабының 2-ші томындағы Таз руынан шыққан өз мамандығының үздіктері атағын алғандардың тізімінде;
- 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарылған Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өркендеу және қалыптасуы туралы журналында айбыны мол, тұғыры биік тұлғаның есімі енгізілді.
Медицина деп аталатын кең тармақты саланың санитарлық
![]()
эпидемиология және бактериология саласында өзінің қолтаңбасын қалдырған Аманкелді Сүйеуұлы қызмет еткен жылдары көптеген Құрмет Грамоталары, Алғыс хаттары және медальдармен марапатталды.
Мерейін үстем еткен марапаттары мен қол жеткізген жетістіктері және ғылыми еңбектерін атап айтар болсақ:
- 1979 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты «Ерен еңбегі үшін» мерекелік медалі;
- 1982 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы;
- 1987 жылы «Здравоохранение Казахстана» ғылыми журналының 6-шы санында «Бруцеллез ауруына қарсы зерттеме жұмыс тәжірибесі» мақаласы жарияланды;
- 1991 жылы Қазақстанның санитарлық дәрігерлері, эпидемиологтары, микробиологтары сьезінің делегаты; - 2002 жылы Астанада өткен Қазақстан дәрігерлері мен Провизорларының 2 съезінде делегат болып қатысып, осы съезде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ҚР халқының денсаулық сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен; - 2008 жылы көп жылдық ерен еңбегі және облыс кәсіподақ ұйым жұмысына белсене қатысқаны
![]()
үшін, «Атырау облысы кәсіподақтар федерациясына 60 жыл» мерекелік медалімен, грамотасымен марапатталды.
Міне, бар саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған Аманкелді Сүйеуұлының өмір жолынан, еңбек жолынан алынған қысқаша мәлімет. Еліне ерінбей қызмет еткен азаматтың еңбек жолы талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Аманкелді Сүйеуұлының жары Бақыт Қосымова да медицина саласының маманы. «Әрбір жетістікке жеткен азаматтың артында дана әйел тұрады» демекші, мақаламызға арқау болып отырған тұғырлы тұлғаның осындай абырой биігіне көтеріліп, құрмет төрінде болуы, үлгілі жанұя атануы ер азаматтың құдай қосқан жарына да байланысты болатыны анық. Жұбайы Бақыт ханымды өмірімнің шырағы, балаларымның асыл анасы, шаңырағымның сәні деп сыйлады. Қос арыс Жылыой өңірінің медицина саласында аянбай еңбек етіп, өзіндік іздерін қалдырған, өмірлік жинақтаған бай тәжірибелерін, тәлімді істерін кейінгі жас ұрпаққа үйретуден жалықпаған, отбасы бақытының асыл діңгегін, дәстүрін балаларына жалғастырып, жапырақтары жайылып, абыз ата мен әже атанған абзал жандар.
Балаларының алды, тұла бойы тұңғышы, шаңырақ иесі Руслан - Алматы теміржол инженерлері институтын 1993 жылы бітіріп, Құлсары қаласындағы теміржол саласында бірнеше жыл қызмет атқарды. Қазіргі кезде Атырау қаласындағы ЖШС бірінде қызмет етеді. Жұбайы Алена - қаржы маманы. Екеуі Айдана, Аида және Данияр есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп, үлгілі жанұя қатарында. Немересі Айдана «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің» «Есеп және аудит» факультетін бітіріп, еңбек етуде. Егіз немерелері-Аида биыл Қазақ-Британ техникалық университетінің «информациялық технология» факультетін бітіріп, «автоматизация және басқару инженері» мамандығымен еңбекке араласса, Данияры С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің «стоматология» факультетінің «дәрігер-стоматолог» мамандығы бойынша интернатурада білімін жалғастыруда. Қызы Ләззат – 1989 жылы Гурьев педагогика институтының «тарих-
![]()
филология» факультетін, 2005 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «экономика» факультетін бітіріп, жолдасы Нұрлан, мұнай және газ инженері, екеуі Айна және Арайлымдай қыздарын тәрбиелеп отыр. Айнасы атасының жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдап, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «жалпы медицина» факультетін, Астана Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының «радиология» мамандығы бойынша резидентурасын бітіріп, Атырау облыстық ауруханасында ультрадыбыстық зерттеу дәрігері болып еңбек етуде. Арайлымы-Сәтбаев университетінің «қаржы» мамандығы бойынша бітіріп, Атырау қаласындағы рекрутингтік компанияларының бірінде жұмыс жасауда.
Ал Жанары мен Шынары әке жолын қуып, Ақтөбе Мемлекеттік Медицина Институтын 1993-1994 жылдары бітіріп, дәрігерлік мамандықты таңдады.
Жанары өзінің қызмет еткен, қазіргі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" Атырау облысы бойынша филиалының Құлсары қалалық бөлімшесінің зертхана меңгерушісі, әке жолын тікелей жалғастырушы. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы
![]()
Денсаулық Сақтау Министрлігінің, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің, Ұлттық экономика министрлігі «тұтынушылардың құқықтарын қорғау» комитетінің, Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының денсаулық саласындағы жемісті де мінсіз қызметі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет Грамоталарымен наградталған. Бекзат пен Дианадай ұл-қыз тәрбиелеп өсірген мейірімді ана, білікті маман. Бекзаты-Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын бітіріп, инженер мамандығы бойынша «Теңіз» кенішінде еңбек етуде, жанұялы, келіні Аида екеуі Ясина, Әділ атты шөберелерін тәрбиелеуде. Дианасы-Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінің «автоматизация және басқару» факультетін бітіріп, ол да «Теңіз» кенішінде еңбегін жалғастыруда. Шынары –қазіргі уақытта Шетелдік компаниялардың бірінде дәрігер, Денсаулық сақтау ісі бойынша кеңесші қызметінде.
Сүйеуұлы Аманкелді 2012 жылы өмірден өтсе де, оның жасап кеткен істері мен жақсылығын, шарапатын көрген адамдар әлі күнге
![]()
дейін кейіпкеріміздің ұрпақтарына ризашылығын білдіріп тұрады. Білікті маман, асыл әке, медицина саласының озық қызметкері туралы түрлі мақалалар жазылып, естеліктер айтылды да. Оқырманымызға сөзіміздің тұнығы жету үшін, сол бір көзі тірі кезіндегі 50, 60 жылдық, басқа да мерейтойларда айтылған ұжымдастары мен ағайын-жекжаттың, перзенттері мен замандастарының оттан да ыстық лебіздерін мақаламыздың өрнегі еткенді жөн көрдік. Бірге жүрген, өмір өткелдерінен бірге өткен, сонау бір қиын жылдары бір нанды бөлісіп жеген достары: «Сонау ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл жылдарда дүниеге келген, жастық шағы ел еңсесін көтерер елуінші жылдар тұсында өткен, қара бидайдың қауызы мен тарының талқанын талғадау ете жүріп, ерен үміттерін ескек, таудай талаптарын талқайық қылып мініп, тағдыр айдынының тайталасына шыққан еңбек пен ерлік майданында шыныққан ұрпақ өкілдері сіздердің ғибратты ғұмырнамаларыңыз белгілі бір тарихи кезеңінің парасатты парақтары болып табылады деуге біздерде толық негіз бар. Ауданның саналы азаматтары ретінде, атқарған абыройлы жұмыстарыңыз – өмірге қалдырған азаматтық
![]()
қолтаңбаларыңыз...» деп тілек білдірсе, Аманкелді Сүйеуұлының жақсылығын көрген, адамдыққа, әділдікке бастай білген бағдаршам болғандығын, оның қалам ұшымен жеткізіп болмайтын адамгершілік қасиеттерін апа-қарындас, іні-келіндері, балалары былай деп өлеңге қосады:
«...Ғибратты ғұмыр кешкен, мағыналы,
Әке жайлы естеліктер жазылады.
Артыңда қалған жарың, балаларың,
Әкелік мейіріміңді сағынады.
Әкенің асқақ еді-ау, армандары,
Тірлікке мына жалған алданбады.
Оятқан адал еңбек таңнан ерте,
Халқының ақ халатты абзал жаны.
Жасында үлкендерден ақ бата алды,
Жұртына жаны жайсаң жақсы атанды.
![]()
Ұл-қыздан өрбіген көп немереге,
Ата еді Алатаудай ақсақалды.
Толар деп, 70 жасқа жүргенінде,
Тәңір-ай, үміт үнін үзгенің бе?!
Бақытты бала едік қой баршамыз біз,
Сүйікті әкеміз бар күндерінде.
Әкеміз ақыл ойдың шыңы, кені,
Жоқтаған ел-жұртының мұңын Ері.
Тараған Таз Келдібай – Жәлімбеттің,
Ішінде асыл туған сынығы еді.
Біткен ұл текті ананың құрсағына,
Айналған жүйрік-дәуір тұлпарына.
Бақ қонды жастайынан талабымен,
Сүйеудің Өтешұлы ұрпағына.
![]()
Болды да арман-мақсат, бағыт мықты,
Қоғамнан өз орнын тауып құтты.
Бактериологиялық зерттеухана орталықта,
Тынбастан 47 жыл еңбек етті.
Еңбегі жас маманның дара жанды,
Қуантып ел басқарған ағаларды.
Басқарған зерттеухана қызметінің
Жұмысы «жоғары» деп бағаланды.
Ісі бар ел ішінде үлгілі көп,
Жанды адал еңбегімен жұлдызы тек.
Танылды әке Одақ көлемінде
« Денсаулық сақтау ісі үздігі»деп.
Халқының сенім артып берген ісін,
Атқарып маңдай термен келгені шын.
Төсінде жарқырады медальдары,
![]()
Сіңірген елге «Ерен еңбегі үшін»
Азамат-жақсылардың ұғымында,
Төзбеген жамандыққа тұқымында,
Кәсіподақ комитетке төраға боп,
Қорғады әріптестер құқығын да.
Ал, бір ұжымда еңбек етіп, талай кеселдің алдын алу жылдарында кемел істер, зерттеулер жүргізген ұжымдастары, Жылыой аудандық СЭС ұжымы Аманкелді Сүйеуұлының 60 жылдық мерейтойында былай деп тілек білдірді:
«-Сіз аудандық санэпидстанция ұжымында 1965 жылдан бері еңбек етіп келесіз. Осы еңбек еткен жылдар ішінде санэпидстанциясының санитарлы-бактериологиялық зертхана жұмысының өсіп нығаюына, материалдық базасының жетілуіне, керекті құрал-жабдықтармен жасақталуына, зертхананың аудандағы, облыстағы бірден-бір жақсы дәрежедегі диагностикалық орталыққа айналуына ат салыстыңыз. Ауданымызда 1967 жылы тіркелген оба ауруы, 1977-1978 жылдардағы тырысқақ аурулары мен 1980 жылғы болған іш сүзек аурулары ошақтарында елді мекендер тұрғындарын
![]()
осы аса қауіпті аурулардан аман алып қалу үшін аянбай еңбек ете білдіңіз. Осы ауру ошақтарында зертхана жұмыстарын тез арада ұйымдастырудың арқасында аудандық СЭС санитарлық бактериологиялық зертхана жұмысы жоғары бағаланып, озат тәжірибелі атағына ие болды. Осы еңбек жолдарындағы адал еңбектеріңіз Мақтау грамоталарымен, сыйлықтармен, медальдармен бағаланды. Ұжымда ерінбей еңбек етумен қатар, жастарға тәлім тәрбие берудегі, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырушылық қабілетіңіз орасан зор, алдағы уақытта да аудандық денсаулық сақтау саласында еңбек ете беруіңізге тілектеспіз...».
Әкенің кітапқа шығуына сеп болған, өскелең ұрпақ жадында есімі сақталып қалатын парасат иесінің өмірі мен еңбегі туралы бізге мәлімет беріп, артынан әке туралы сағынышын қоса жіберген қызы Шынар жүрек пернесін баса сөйлеп, сыр сандығын аша былай деп сағынышпен көзіне жас алады.
«-Адам баласы дүние есігін айқара ашып, өмір атты үлкен теңізге бет түзейді. Бет алысы-Алланың өлшеп берген ғұмыры. Сол ғұмырды абыроймен өткізу-ол кез-келген адамның қолынан келе
![]()
бермейтін үлкен міндет. Осы міндетті атқару барысында, өмір өзі-ақ пенделерін адами қасиеттеріне қарап, жіктеп тастайды. Міне, осы адам атына лайық болу үшін Отанына, халқына адал қызмет етіп, тұла бойына тұна біткен адамдық қасиеттерімен, ақыл-ойымен, күш қуаты, парасатымен елінің, халқының, ағайын-туыстың, ұжымдастарының, ұрпағының сыйластығына, махаббатына, сүйіспеншілігіне бөленген, өзінің ұстамды да, шыдамды мінезімен айналасына сенімділік орнатып, еңбекқорлығы мен адалдығы ел азаматы атандырған әкеміз-Сүйеуов Аманкелді Сүйеуұлы болатын. Әкешім, Алланың жазуымен ұрпағыңның қабырғасын қайыстырып, осыдан 11 жыл бұрын жүрегің мәңгілік тоқтады. Төрдегі орның ойсырап, шаңырақ бос қалғандай күй кештік. Байсалды да байыпты тұлғаң, күлімдеген келбетің, әсерлі де, әдемі әңгімең, мейірімге толы жанарың, өмірдегі ең жұмсақ алақаның, айдын шалқар ақылың, кең жайлаудай кешірімшіл мінезің, бәрі-бәрі есімізге сан оралып, өзіңізге деген сағыныш оты жүрегіміздің түбінде маздап жанып, көкірегімізге мұң ұялап, көңіліміз босап, жанарымыз еріксіз жасқа толады.Әке берген тәрбие, ана берген мейірім ұштасып, бәріміз де азамат болдық, жоғары білім алып, әр салада қызмет етудеміз. Әкеміз "ең бірінші татулық, бірлік болу керек, бұл екі қасиет бар жерде барлық нәрсеге қол жеткізуге болады" деп отыратын. Ағайынның арасында ақылы ұшан теңіз, парасаты биік, Аманкелді Сүйеуұлы ағайынның берекесін келтіріп, айналасына нұрын шашқан азамат ретінде танылған еді. Талай жас шаңырақтың көтерілуіне себепші болған. Құда түсу, қыз ұзату секілді халқымыздың салтын, дәстүрін ұстана жүріп, ел мен елді табыстырған. Оларды қамқорлап, жетіспегенін жетістіріп, келіспегенін келістіріп отыратын. Өнегелі жанұяның ұйытқысы, ағайынның ақылшысы, тума туыстың қамқоршысы бола білді.
Тұла бойына тұна біткен адами қасиеттерімен әрдайым тапсырылған іске, жүктелген міндеттерге үлкен жауапкершілікпен, саналылықпен, тиянақтылықпен қарап, ұжымдастар арасында да беделі әркез биік тұрды. Ұжым басқара жүріп, талай жастарға тәлім тәрбие берді. Жас мамандарды еңбекке баулып, дәрігер мамандығының қыр-сырына қанық қылып шығаратын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген мақалды жадында берік ұстайтын. Жанындағы адамдармен тез тіл табысатын, көпшіл мінезімен елге ардақты, ортасына құрметті азамат болды.
Әкеміздің жан-жағы дос-жаранға толы болатын. Адам жатырқамайтын ақкөңіл мінезімен танысқан адамдарын жанына баурап алатын. Әркез біреуге қол ұшын беруге даяр тұратын. Отырған жері күлкіге, әдемі әзілдерге толы болатын. Шаңырақ қонақтан арылмайтын.
Әкеміз ғибратты еңбекқорлығымен, табанды істерімен, кісілік келбетімен, айнымас сертімен, сыпайы мінезімен, әсерлі сөздерімен, ұшан-теңіз ақылымен, биік парасатымен танылған ел ықыласына бөлінген жан еді. Қайран өмір! Әлі де ұрпағының, ағайын-туысының, дос-жаранының, құда-құдағайларының ортасында асқар таудай болып отырғанын қалар едік... Не шара?
«Адам күліп тумайды
Адам жылап туады
Жатады жұрт жұбатып
Және жылап өледі
Өзгені де жылатып,
Жылайтыны туғанда – Жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлгенде – Жақсылар бар қимайтын», – деп Қадыр Мырзаәлі жырлағандай, жақсының аты өшпес, ұрпағының, ағайын-туысының, халқының жүрегінде асыл бейнесі мәңгі сақталар.
Ұрпағының тілегін тілеп, еркелігімізді көтерген, көңілі кең, жүрегі мейірімді, көпшіл, ағайыншыл, кеудесі қазына, сөзі қасиетті, өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздейтін, әкеміздің рухына арнап, бір де бір күн Құран сүресін аузынан тастамаған, оның жоқтығын балаларына, немерелеріне білдіртпеуге тырысып жүрген Бақыт анамызға әкеміздің көрмей кеткен бала-немере-шөбере қызықтарына тоймай, арамызда бәйтерек, ақылшы болып жүре беруіне балалары әрқашанда тілектес» - дейді, жүрекжарды сөздерін, сағыныштың суына малып, жанардан тамып түскен тамшыдан нәр ұқтыра сөйлеген қызы Шынар Аманкелдіқызы.
Ол қара басының қамын ойлаған жоқ, қарапайым отбасында туып өссе де, халықтың қамын ойлады. Бүкіл адамзаттың салауаттылығы жолында алтыннан да қымбат уақытын дәрігерлік пен ғылым жолына арнап, биіктігі бұлтпен таласқан Алатаудың шыңына есімін тасқа қашап жазып кетті. Ел саулығы жолында ерен еңбектер атқарып, ғылым іздеген жастарға сүрлеу салып беріп кеткен Аманкелді Сүйеуұлынының ғазиз есімі өскелең ұрпақ жадында мәңгілікке сақталып қалмақ.