Аймаханбетова Даметкен

Рейтинг:

Құрметке лайықты дәрігер

      Расында дәрігер болу үлкен мәртебе. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен бірінші өзін, екінші өзінің бейімі мен өмірдегі қажет болар орнын таба білуі керек. Демек ол қоғамға пайдалы, маңызды үлес қоса алатынын сезіне білу тиіс. Нәтижесінде өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана әрқашан жетістікке жете алады. Адам өз еңбегінен қуаныш тауып, қанағаттанарлық болса, бойына күш бітіп, шабыты артып, зор ықыласпен өз ісінің биігіне шыға алады. Медицинаның атасы Гиппократтың: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ұлағатты нақыл сөзінде үлкен мағына жатыр. Демек бұл дәрігер болмысының сипаттамасы іспеттес. Осы ұғымдарды тереңінен қарастырар болсақ, «арыстандай айбатты» дегені алдына келген адамның өміріне араша түсіп, жанына шипа тауып, демеу болу үшін еш нәрседен тайсалмай, ақыл және қайратыңмен нақты, дұрыс әрі шұғыл шешім қабылдауың қажет. Ал осы қайратты да өр мінезділікке қарама-қарсы «қыздай икемді» болуың керек дегені өз ісіңе байыпты, ұқыпты, жинақы болуың қажет, ендігі жерде «анадай мейірімді» дегені науқастарды баурап аларлық досы, бауыры, анасы тәрізді жақын адамы болып, өзіне сендіріп, иландырып, жан ауруы мен тән ауруын жаза алатындай қасиет болу керек дегені. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білгенде ғана нағыз дәрігер деген атқа лайық болғаны. 
      Мықты дәрігер болу үшін адалдық, шыдамдылық, шынайылық, зор білім мен тынымсыз ізденушілік, мейірімділік пен сабырлылық, үлкен жауапкершілік, өз ісін бар жан-тәнімен сүйе білуі қажет. Онымен қоса, басқаларға тазалық пен кіршіксіздіктің үлгісі, жақсы мен жаманның айырмасын көрсетуші, адами қасиеттердің жинақты келбеті болуы керек-ақ. Аймаханбетова Даметкен Алмаханқызының бойында осы қасиеттердің барлығы тоғысқан.      Облыстық Психикалық Денсаулық орталығында (ОПДО) "Алкоголизм және нашақорлықтан зардап шегетіндерді мәжбүрлеп емдеу" бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Даметкен Алмаханқызы 1975 жылдың 8 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, Хантағы елді мекенінде дүниеге келді. Тағдыр желі шайқаса да кең жапырағымен перзенттеріне қорған болған әкесі Аймаханбетов Әлмахан Аймаханбетұлы Кентау кен өндіру фабрикасында (КОФ) диірменнің аға машинисті болып еңбек етсе, мейірім тамшысы зәмзам суынан да мөлдір анасы Калымбетова Тұрсын Зейлбекқызы әулеттің берекесін кіргізіп, перзент өсіріп, бала тәрбиесінде болған, дүниеге 11 перзент әкелген «Алтын құрсақты ана». Әкесі дүниеден озса, анасы қазіргі таңда қанатын кең жайған ұрпақтарының қызығына бөленіп отыр. 
      Даметкен Алмаханқызы 1982 жылы Кентау қаласы Хантағы елді мекеніндегі А.С.Пушкин атындағы № 6 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттайды. Кішкентайынан алғыр, анасының көмекшісі бола білген Даметкен Алмаханқызы мектеп қабырғасында жүріп те өзінің алғырлығымен, ой ұшқырлығымен, ұстаз тапсырмасын қағып алатын зейінділігімен көзге түсе біліп, сыныпішілік, мектепшілік сайыстар мен білім бәйгелерінде топ жарды. Жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, сыныптың көшін алға сүйреумен қатар, үміт артқан ата-анасы мен ұстаздарының мақтанышына ие болды. Қолына алған істі шыр айналдырып алып кететін, білмеймін демейтін, әр істің мән-жайына таным көзін жіберіп қарайтын оқушы 1992 жылы осы мектепті «Күміс алқамен» бітіреді.       Мектеп қабырғасындағы әрбір баланың жүрегінде бүр жаратын бір арманы болатыны секілді, Даметкен Алмаханқызының да арманы медицина саласында қызмет ету болатын. Бірақ, сананы тұрмыс билейтін заманда, сонау бір тоқырау жылдары кейіпкеріміздің осы бір саланы таңдауына тура келді. 
      1992 жылы Даметкен Алмаханқызы өз дегеніне жетіп, Кентау эколого-экономикалық колледжі экология факультетіне оқуға түседі. Білім мен ілімнің алтын бесігі болған колледжде қаржы саласы бойынша тереңдей білім алып, экономиканың тұжырымдамалары мен өзгермейтін аксиомаларын санасына сіңдіре білген жас 1995 жылы бітіріп шығады. Колледжде білім алған соң да, аңсары медицина саласына ауған Даметкен Алмаханқызы білімін одан ары жоғарғы оқу орнында жалғастырып, 1995 жылы Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің (ХҚТУ) «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Осы білім ордасынан 2002 жылы «Терапия» мамандығын меңгеріп шыққан жас маманның алғашқы еңбек жолы басталады.       Одан кейінгі жылдары медициналық салада қызмет ете жүріп, қосымша біліктілігін арттыру курстары мен «Наркология» саласында қайта маманданудан өткен Даметкен Алмаханқызы 2002 жылдан бері Облыстық Психикалық Денсаулық орталығында (ОПДО) нарколог дәрігері болып ұзақ жыл қызмет етіп, осы ауруханада 2018 жылдың қараша айынан бастап "Алкоголизм және нашақорлықтан зардап шегетіндерді мәжбүрлеп емдеу" бөлімшесінің бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. 
      Дәрігер-наркологтың негізгі жұмысына есірткіге тәуелділіктің алдын алу, дер кезінде анықтау әдістерін, аурудың этиологиясын, патогенезін және көрінісін зерттеу тәсілдерін әзірлеу және пайдалану, сондай-ақ нашақорлықты, токсикоманияны, маскүнемдікті, никотинизмді және т.б. емдеу кіреді. Қазіргі уақытта алкогольдік және есірткіге тәуелділікті емдеудің бірқатар тиімді тәсілдері қолданылады. Бұл науқастарды дәрі-дәрмектермен және психологиялық емдеу болып табылады.
      Заман дамыған сайын, ғылыми технологиялармен қатар, әуестену, мастану секілді тәуелділік пен писхологиялық аурулар да пайда болды. Осы бағытта қаншама ғалымдар жұмыс жасап, өмірден теперіш көрген, өз нәпсісін тия алмағандардың араққұмарлыққа, нашақорлыққа түсіп, сергелдең күйдегі жандардың, қалыпты өмірге қайта оралу бағытында қаншама жұмыстар жасап келеді. Даметкен Алмаханқызы басшылық ететін бөлімше де осы бағытта жұмыстар жасайды. Тағдыр тербелісінде аяғын шалыс басқандар, ұзақ жылғы тәуелділіктен құтыла алмай жүргендердің қалыпты өмірге қайта оралуына көмектесіп, бойындағы есірткіге, нашақорлыққа, араққа және басқа да тәуелділіктерден құтқару жолында емдеу іс-шараларын жүргізіп келеді. 
      Наргология деген мекенді естісек, үрке қаратайтынымыз рас. Бірақ, сол бір қалың қабырғаның артында қаншама тағдыр өмір үшін тәуелділікпен күресіп жатқанын, олардың қалыпты өмірге қайта оралуына, бойындағы құмарлықтан арылуына, ауруынан айығуына, қаншама медициналық қызметкерлердің еңбегі жатқанына үңіліп қарай да бермейміз. Алдыңа өз еркімен келген емделуші бөлек те, жан-тәнімен арпалыс үстінде келген, өзін бақылай алмайтын жандардың келуі екі бөлек. Осындай жағдайда оқыс қимыл жасайтын емделушілерге көмектесіп, өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да дәрігерлік антына адал бола білген Даметкен Аймаханқызына, оның басшылық еткен бөлімшедегі медициналық қызметкерлерге деген айтылар алғыс та, көрсетілер құрмет те ерекше болуы тиіс. 
      Даметкен Аймаханқызы білікті басшы, дәрігер ғана емес, өз отбасында аяулы жар, асыл жүректі ана. Арқа сүйер азаматы Жұманов Қанат Ермаханұлы екеуі 4 ұл тәрбилеп отырған бақытты жанұя. 
      Қоғамның басты байлығы - адам. Сол адамның өміріндегі ең бағалысы ол - денінің саулығы. Сондықтан да науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт сыйлап, оған екінші өмір сыйлаған білікті маман қандай мақтауға да лайықты. Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауап-кершілік, адалдық, мейірімділік танытып, адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алатын психолог бола білген Даметкен Алмаханқызының еңбегіне табыс, отбасына амандық тілейміз! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...