Мейірімі мол, мерейлі дәрігер ![]()
Медицина – тамырын тереңге жіберген, жүрген ізі мен жолы мың жылдықтармен есептелетін ерекше мамандықтардың бірі. Алпыс екі тамырлы адамның құрылымы мен өзгешеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінетін медицинаның ішіндегі маңыздысы да, жауаптысы да – акушер-гинекология саласы. Медицина мамандығына келетін болсақ, атақты ғалым Авиценнаның келешек дәрігерлерге қоятын қатаң талаптарының ішінде бүкіл дүниежүзі дәрігерлеріне жақсы белгілі, төмендегі пікірлері мазмұн тереңдігімен де, шешендік көркемдігімен де сүйсіндіреді: «Дәрігерде қыран бүркіттің көзі, жас қыздың жұмсақ қолы, жыланның арбаушы данышпандығы, арыстанның айбарлы жүрегі болуы керек»- деді ол.
Міне, біздің де бүгінгі кейіпкеріміз осы медицина саласында қызмет етіп, талай періштенің дүниеге келуіне сеп болып, ананың дені сау ұрпақты босануына жағдай жасап, халықтың алғысын арқалап келе жатқан акушер-гинеколог маман Худайбергенова
![]()
Салтанат Сатыпалдықызы көптің көңілінен шығып, алғыс арқалап, шынымен де өз ортасының бедел биігіне ғана көтеріліп қоймай, өз ісінің білікті маманы, қатарластарының алды болған кәсіби қызметкер екені анық.
Медицинаны өмірінің негізі ете білген, саналы ғұмырын өмірдегі бақытты сәттерін өткізетін әйел затының босану, жүктілікті жоспарлау кезеңдерінде жанынан табылып, өмірге саналы да, дені сау ұрпақ келуі үшін қызмет етіп келе жатқан акушер-гинеколог, «Кентау қалалық орталық ауруханасында» жоғары санатты дәрігер, босану бөлімінің меңгерушісі Салтанат Сатыпалдықызы 1975 жылдың 24 наурызында қазіргі Түркістан облысы, Кентау қаласы, Хантағы елді мекенінде дүниеге келді. 1982 жылы талай жыр жампозының тұсауын кескен білім ордасы Хантағы елді мекеніндегі А.С. Пушкин атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 1992 жылы «Күміс белгімен» бітіреді.
Орта мектебін тәмамдап шыққан Салтанат Сатыпалдықызы арман қуып, Шымкент қаласына аттанады. Талаптың жүйрігі желмен жарысқан сол кездері, білім қуған жас Қ.А.Яссауи атындағы
![]()
Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің медицина факультетін «Емдеу ісі» мамандығы бөліміне оқуға түседі. Кішкентайынан ұйымдастырушылық қабілеті басым, ұстаз тапсырмасын екі етпей қағып алатын жас білім ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып кетуімен қатар, білім тереңіне тереңдей ене түсті. Жоғарғы оқу орнын «Емдеу ісі» бойынша үздік бітіріп шыққан жас маманның алғашқы еңбек жолы Қарағанды қаласының ҚМКК «Облыстық перзентханасында» интерн-акушер-гинеколог болумен басталды. Қай саланың тізгінін ұстап, қандай мамандықтың иесі болсаң да, биікке өрлеп, сала саңлағы атану ол әркімнің өзіне байланысты. Мамандық алдындағы антын бірінші орынға қойып, оқығаны мен тоқығаны, санасына түйгенін тәжірибеге айналдыра білген Салтанат Сатыпалдықызы ана мен бала денсаулығын жақсартуда зор еңбек етті.
Уақытпен санаспай жасалған еңбектің нәтижесі көп күттірген жоқ. 2000-2003 жылдар аралығында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент бөлімінің медицина факультетінде «Акушерия және гинекология мамандығы» бойынша аспирантурада оқып, «Қарағанды көмір бассейні аймағында тұратын әйелдердегі жүктіліктің мерзімінен бұрын үзілуі» тақырыбы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. «Дәрігерлерім!
Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің.
Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып,
Бұл ауру алып ұрды ма әлі келгенін.
Құрметті, Ақ халаттыларым!
Мың алғыс саған,
Қалауыменен тәңірдің құранды ұстаған.
Өмірге құштар жандардың үміті соңғы,
Сендер көтерген иненің ұшында ғана»,-деп абзал жандардың мейірімін арттыра түскен Нұртас Тұрғанбекұлы айтпақшы, Алладан кейін адам жанының арашасы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Көркем әдебиетті қарасаң ақ халаттылар туралы өлең де, жыр да, эссе де жазылып, әнші өлеңімен киелі сахна төрінде шырқалып, ғылымда тереңірек зерттеліп келеді. Абзал жан десең осы бір мамандық иелері көз алдыңа келетіні де жасырын емес. Өтпелі кезең кәсіп иелері туралы сыңар жақ пікір тудырғанмен, оларға деген құрмет, мейірім мен айтылар алғыс халық тарапынан ешқашан толастаған емес.
Осындай жауапкершілігі нардың жүгінен де ауыр, нәзіктігі қылдан да жіңішке, жұмсақтығы жібектен де өткен дәрігерлік салада қызмет етуді бастаған Салтанат Сатыпалдықызы ақ халатты әлемнің ішіне сүңгіп кетті. Таңдаған тамырлы саланың барлық ауыртпалығын көтеріп, қиыншылықтарынан өтіп, баланың дүниеге келу сәтінде көмектесіп келе жатқан акушер-гинеколог, Қазақстан Республикасында және басқа да көршілес ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде өзінің кәсіби деңгейін арттыра отырып, 2008 жылы «Кентау қалалық перзентханасының» бас дәрігері қызметіне тағайындалды. 2011 жылдан бастап «Кентау қалалық орталық ауруханасында» жоғары санатты дәрігер, босану бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Салтанат Сатыпалдықызы жалпы 24 жыл тәжірибелік еңбек өтілінде, оның университет саласында 18 жыл қосалқы қызмет етіп, қызметпен қатар, жалпы 26 ғылыми еңбек жазды. Соңғы еңбектері - 2 скопустық мақала, 4 ВАК мақаласы, 3 ғылыми еңбектер, 2 оқулық, 1-монография өңделуде. ХҚТУ сенат мәжілісінің 28.04.2021 жылғы кезекті отырысында «Қауымдасқан профессор» міндетін атқарушы дәрежесіне ұсынылып, бірауыздан бекітілді.
Салтанат Сатыпалдықызы бүгінгі таңға дейін дәрігерлік қызметінен бір сәт те алыстаған емес. Дүниеге сәби келу барысындағы ананың денсаулығына ерекше назар аударумен қатар, сәби саулығын бірінші орынға қоя біліп, ұрпағы жалғасқан талай әулеттің шырағы жанып, талай ата-ананың жүзіне қуаныш нұрын үйірген кейіпкеріміз жас босанған аналардың алғысына бөленіп келеді.
«- Әйелдерге сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында осы маманға сай жаңа медициналық технологиялармен емдеуде ғылыми іс-тәжірибелер жасап тұрамын. Акушерия және гинекологиялық экстремалды жағдайларда кез келген хирургиялық көмекті көрсете аламын. Меңгерушілік қызметім барысында босану бөлімінде соңғы 9 жыл ішінде ана өлімі болған жоқ. Ерте неонаталдық өлім жылдан-жылға төмендеп, облыстық және республикалық көрсеткіштерден төмен орында тұр. Акушерлік асқынулардың ішіндегі босанғаннан кейінгі қан кету мәселесі бойынша біздің кафедра қызметкерлерімен «Босанудан кейінгі қан кетуді тоқтату тәсілін» (Өнертабысқа Патент №34586) тәжірибеге ендірудің нәтижесінде босанғаннан кейінгі массивті қан кету азайып, мүше сақтаушы операциялар 1,5 есе төмендеуі байқалды және бұл әдісті республика деңгейінде акушер-гинекологтар да кеңінен қолдануда. Сондай-ақ, Кентау қаласында эндовидеогинекология мәселесіне алғаш көңіл бөліп, лапороскопиялық операциялар жасаудамын. «Кентау орталық қалалық аурухана деңгейіндегі эндовидеогинекологияның өзіндік алатын орны»-атты ғылыми мақалам оған куә. Аталмыш мақалада Кентау қаласының фертильді жастағы әйелдерінің ағзасына қоршаған ортаның зиянды ықпалдарының (ауыр металл тұздары) әсерін зерттедім. Көптеген халықаралық ғылыми-практикалық зерттеу конференцияларында баяндама жасап және тыңдаушы ретінде қатысып өзімнің білімімді арттырып отырамын. Соның бірін атай кетсем, пандемия кезінде 13-14.11.2021ж. Түркия мемлекетінде өткен «Аstana yayinlari»- атты «COVID-19» тақырыбы аясында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік ашық симпозиумда «Түркістан аймағында тұратын жүкті, босанушы және босанған әйелдерге короновирустың кері әсері» атты баяндама жасап, ғалымдар баяндамамды жоғары дәрежеде бағалады. Елімізде ана өлімі мен перинаталдық өлімді болдырмау мақсатында тәжірибелік дәрігерлерге ҚР-ДДМ клиникалық хаттамалары бойынша прегравидарлық дайындық, босанғаннан кейінгі қан кету және гипертензивтік жағдайлар тақырыбында жаңа әдістемелік нұсқаулар өңдеу жоспарлаудамын», – деп еңбектері мен қызметі туралы бір ауыз сөз айтқан Салтанат Сатыпалдықызы 2021 жылы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Менеджмент мамандығы» бойынша тәмамдап, Экономика ғылымдары магистры дәрежесін иеленді.
Салтанат Сатыпалдықызы еңбек ету барысында Шымкент қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласынының дамуына, ана мен бала денсаулығын жақсартуға ерекше үлес қосты. Ана мен баланың денсаулығын нығайту, сауықтыру бағытында біраз мәселелерді көтеріп, шешуге ықпал жасаған еңбектері елеусіз қалмай, түрлі марапттарға ие болды. Атап айтсақ:
-2018 жылы "Алтын дәрігер" төсбелгісі;
-2020 жылы "Құрмет" орденімен;
- ҚР ДСМ, ТО ДСБ-ның тарапынан бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қызмет ету барысында дәрігерлік субординациясымен қатар, керек кезінде мейірімділік нұрын төгіп, жас босанар алдындағы ананы қуаттандырып, ұжымдастары арасында да құрметке, абыройға ие Салтанат Сатыпалдықызының отбасы туралы айтқан өз сөзіне кезек берсек:
«-Қарапайым отбасында дүниеге келіп, тәрбиелендім. Әкем-Ыдырысов Сатыпалды Мерекеұлы-бауырмашыл, ақкөңіл кісі еді, 58 жасында дүниеден озды. Анашым-Ыдырысова Ақжарқын Құрманқызы-ақылына көркі сай, еңбекқорлығымен, сабырлығымен, қарапайымдылығымен талай белестерді бағындыра білді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, қазіргі таңда зейнеткерлікте. Арман, Бақытжан атты қос бауырым бар, екеуі де жеке кәсіпкер, отбасылы, балалы шағалы. 1998 жылы Құдайбергенов Бақытжан Амангелдіұлымен тұрмыс құрдым. Жолдасымның әкесі-Құдайбергенов Амангелді Әліұлы халық қалаулысы, абыройлы азамат болған, 58 жасында дүниеден озды. Анасы Құдайбергенова Тұмаркүл Асанқызы талай жылдар бойы шәкірт тәрбиелеуде алдына жан салмаған. Қазақстан республикасына еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, қазіргі таңда зейнеткерлікте. Бауыржан, Мөлдір атты қайным мен қайынсіңлім бар. Өз істерінің шеберлері, отбасылы. Жолдасым Бақытжан Амангелдіұлы 2003-2020 жылдар аралығында Түркістан қаласы «Техостнастка» зауытын басқарып өзінің еңбеқор, адал, пайымды, іскер екендігін халыққа көрсете білді. Сонымен қатар, ағайындар арасындада өзінің бауырмашылдығымен, жанының тазалығымен, ұйымдастырғыш қасиетінің басымдылығымен көзге түсе білді. Қасиетті Қоңырсопы, Борай, Жиенбет үш атаның әруақтарының, ұрпақтарының қолдауымен 2014-2020 жылдар аралығында Түркістан облысы бойынша «Үш ата ұрпақтарының» президенті қызметін атқарды. Жолдасым сегіз қырлы бір сырлы жігіт еді. Бойында аңшылық, сүретшілік, спортқой қасиеттері де бар еді. Түркістан облысы және Кентау қаласы денгейінде бірнеше рет футболдан және еркін күрестен спорттық турнирлер ұйымдастырып жүретін. Өзі Кентау қаласының ардагер, майталман футболистерінің бірі болатын еді. Бірнеше рет төс белгімен, медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Тұңғыш қызымыз Мадина Алматы қаласы Сүлеймен Димерел университетін бітіріп, есеп-аудит мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Екінші қызымыз-Ақниет Шымкент қаласы Зияткерлік жоғарғы мектепті бітірді. Үшінші қызымыз-Ұлана Кентау қаласы Дарын мектебінің 8-ші сынып оқушысы. Ұлымыз-Алинұр Аль-Фараби қазақ мектебінің 3-ші сынып оқушысы. Амал нешік, 2020 жылы бүкіл Әлемге қайғы-қасірет әкелген «COVID-19» пандемиясында дертке шалдыққан жан серігім Бақытжан Амангелдіұлын сұм ажал ортамыздан алып кетті. «Орнында бар оңалар» - дегендей ұлымыз Алинұр әкесіндей алып тұлға болып өсетініне күмәніміз жоқ. Әкесі бағындырмаған шыңдарды Алинұр бағындырады деген зор үміттеміз."
Біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол, ана мен балаға жағымды психологиылық демеу, көмек көрсете алатын, ұжымында білікті басшы, қызметкерлерімен тонның ішкі бауындай араласып кеткен, «Тұжырымдай келе алдыма әлі де үлкен мақсаттар мен міндеттер, жоспарлар қоюдамын. Сол белестер мен асулардан сүрінбей өтіп, акушерия мен гинекология саласына үлкен үлесімді қосуға тырысамын» деп, ана мен бала денсаулығын жақсартуда еңбек етіп келе жатқан Худайбергенова Салтанат Сатыпалдықызына зор денсаулық, мол табыс, ғылымда жетістік тілейміз!