Каюпов Амангелді

Рейтинг:

Алтын қолды хирург

      «Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» деген әдемі сөз бар халық даналығында. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі тіпті биік деуге болады. Адам қандай іске қабілетті болса, сол саланың майталманы болады. Білім жолына түсіп, елге ілім мен білім үйретсе, ғылым жолында түрлі жаңалықтар ашып, елге елеулі өзгерістер әкеледі. Ал саналы ғұмырын медицина саласына арнайтын жандарды нағыз батырлар деуге болады. Қай саланың да жүгі ауыр. Дегенмен медицина саласы адам өмірінің сақшысы болуымен қатар сол жауапты да қиын мамандық иесі жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Себебі адам өмірі бәрінен қымбат. Бұл жолда үздіксіз оқу, үйрену, білу құпталады. Ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденісте болуы медицина мамамын шыңдай түседі.
      Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізетін ақ халаттылардың еңбегі ұшан-теңіз деуге болады. Уақытпен санаспай, барлық күш-жігерін осы жолда сарп етіп, қайтсем де өз саламды жақсы меңгеріп, елдің алғысын аламын дейтін адам ғана медицинада қала алады. Сондай ақ халатты абзал азаматтың бірегейі, Орал қаласының Облыстық ауруханасында жақ-бет хирургі, бөлімше ашылғалы бері ең бірінші бөлім меңгерушісі болған, бүгінгі таңдағы зейнеткер – Каюпов Амангелді. Оның тынымсыз тіршілігі жастарға үлгі боларлықтай. Қай жағынан алып мақтасаң да әбден лайықты. Байсалды мінезді, қазақы қарапайым қалпы, елмен етене жақындығы, сөзіне мығым, уәдесіне беріктігі, қызметіне деген адалдығы, бастысы адамгершілік қасиеті оны өз ортасында даралап тұрады.      Қызметіне жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал азамат» деген елдің мақтау сөзі оған құрметпен тең. Қашан да өзін іздеп келетін науқастарына күлімдеп қарап, жағдайына әбден қанық болып, ақыл-кеңесін айтады. Сонан соң науқаспен келісе отырып, емдеу шараларын қолға алады. Өзіне етене таныс медицина тілінде емес, қарапайым түсінікті тілде науқасына барлық жағдайды тәптіштеп түсіндіруден жалықпайды. Білікті маман осынысымен де ерекше тұлға.
      Осындай, алпыс екі тамырлы, ет пен сүйектен жаратылған адамзаттың жүрек дүрсілін ұдайы соқтырып келе жатқан медицинаның маңызды салаларының бірі бет-жақ хирургия саласын терең меңгеріп, қызмет етіп келе жатқан дәрігерлеріміздің бірі Каюпов Амангелді өз саласының үздік маманы. «Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» деп дана қазақ атпақшы, саналы ғұмырын медицина саласына арнап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете білген Каюпов Амангелді 1942 жылдың 2 тамызында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келді.       Елгезектігімен де көптің батасын алып жүретін, үлкендердің жолын кеспей, алдынан тосып, көмек қолын созуға даяр тұратын, жүрегі даладай кең, өзінен кішілерге де ағалық қамқорлығын көрсетіп жүретін Амангелдінің ата-анасы еліне, ағайын-туысына сыйлы, өнегелі отбасы болды. Өмір құндылықтары мен боямасыз болмысын перзент бойына сіңіріп, ақ сөйлеп, адал еңбек етіп, қандай істе де табандылық танытуға тәрбиелеген әкесі Қайып пен сөзі жүрекке жібектей жұмсақ тиетін анасы Қаныгүлдің өнеге мен тәлім-тәрбиесін алды. Бүгінгі таңда, айбынды Аралға айналған қасиетті топыраққа балалық табаны тиіп, тарихта еңбектері мен ерліктері, есімдері тасқа жазылып қалған тұлғалардың өнегелі өмірін үлгі етіп өскен бала кейіпкеріміздің кішкентай кезінен-ақ жан-жақтылығымен, бір істі бастауға деген құштарлығымен көзге түсті.
      1951 жылы Бөген орта мектебінің табалдырығын аттап, 1961 жылы бітіріп шыққан Каюпов Амангелді 1961-1963 жылдары Арал қаласында «Қолөнер» училищесінде оқып, столяр (ағаш шебері) мамандығын алып, «Қасқа-құлан» балық шаруашылығы совхозында екі жыл жұмыс жасайды. Қарапайым колхоздың тіршілігіне еніп кетсе де, көңілі жоғарғы білімді, медицина саласын қалап тұрған жас талап тұлпарын жиі қамшылатып барып, 1965 жылы Алматы медицина институтының «Стоматология» факультетіне оқуға түседі.       Осылайша, діттегеніне қол жеткізген талапкер Каюпов Амангелдінің 1970 жылы «Дәрігер стоматолог» мамандығын алып шыққан соң, арнайы Жолдамамен Орал қаласының Облыстық ауруханасында жақ-бет хирургі болып жұмысқа орналасады. 
      Иә, дүниеде адам емдеуден артық өнер жоқ шығар, сірә. Қиын да күрделі тіс маманы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Және оған үлкен жүрек пен темірдей төзім керек-ақ. Тіс дәрігеріне икем керек. Яғни қолы епті, саусақтары майысып тұратын, ұсақ нәрселерді іліп әкететін қасиеті, аса күшті шыдамдылық пен қолының ебі, адамға көмектесуге деген таза ниеті болуы керек. Асқан ұқыптылық пен тазалықты талап ететін осы бір мамандықты меңгеруде студент Каюпов Амангелді аянып қалмады. 
      «Жастық шақ, білім іздеу нақ дер шағың» деп, жоғарғы оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласып қана қоймай, өзі таңдаған стоматология саласы бойынша ізденіп, оқып, студенттік танымын кеңейте түсті. Әр жерден келген өзінің қатарластарымен танысып, достасып, жаңа өмірге қадам басты. Әр өңірге қонақ болып, жаңа ортаны көзбен көрді. Жақсы мен жайсаңды кездестіріп, дастархандас болды. Жақсылардың жақсы сөздерін тыңдап, керектісін алды, өзіне пікірлес жандарды жанына тартты.      Бұл тұрғыдан келгенде, біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иесіне жұмыс барысында еш қателесуге болмайды. Сондықтан да кейіпкеріміз ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жанның әріптестерінің арасында беделі биік, абыройы асқақ. Өз мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген халықтың құрметті атағы ол үшін бәрінен де бағалы.
      Адам тәнін емдеумен байланысты мамандықты меңгеріп, білімін одан әрі жетілдіріп, мол тәжірибе жинаған Амангелді Каюпов 1983 жылы 23 қазанда ашылған жақ-бет хирургиялық бөлімшесіне, ең бірінші бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. Осы жақ-бет хирургиялық бөлімшеде 23 жыл бойы меңгеруші қызметін атқарып, зейнеткерлікке шығады. Зейнеткерлікке шықса да, үйде қол қусырып қарап отырмай, халық денсаулығын жақсартуде еңбек етіп, қазіргі уақытқа дейін осы бөлімшеде жақ-бет хирургі болып еңбек етіп келеді.
      Жұмыс істеп жүргенде қоғам жұмыстарына белсенді қатысып, «Отан», «Нұр Отан», кейін «Аманат» партиясының «Облыстық аурухана» партия ұйымының хатшысы болып қоғам жұмыстарын белсене атқарды. Орал қаласының Ленин аудандық Советінің депутаты, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас стоматологы болған Каюпов Амангелді Қ.Қ.Тоқаев президент болып сайланғанда Орал қаласында өзіміздің партия ұйымымыздың атынан «Сенімді адамы» болды.      Амангелді Каюпов жұмыс барысында алдыңғы қатарлы сирек кездесетін ота жасаудың түрлерін аурухананың жұмысына енгізді. Соның ішінде, озон аппаратын пайдаланып жақ-бет аймағындағы асқынып кеткен ауруларын емдеу және іштен ерні мен таңдайы кеміс болып туған балаларға ота жасаудың жаңа әдістерін бірінші болып бөлімше жұмысына енгізіп, диспансерлік есепке алу жұмысын жүзеге асырды.
      2006 жылы медицина ғылымының кандидаты атағын қорғаған Каюпов Амангелді жақ-бет хирургиясына арналған 30 ғылыми еңбектер жазды. Жеті жаңалық әдістерді енгізіп,соған дәлел құжаттар алды.       Сырқат жанның дертіне шипа таба білетін, «Денсаулық басты байлық» дегенді ұстанымы еткен ол, өз науқастарына бірнеше жылдан бері әдемі күлкі сыйлап келеді. Дәрігерлік антына адал, өз ісіне тиянақты. Кез-келген міндетті шешуге ұмтылған ақыл, жоғары кәсіпқойлық пен шығармашылық көзқарас – оның басты қасиеті. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаурға болады.
      Қай жерде, қай ортада болмасын ол өз жұмысына аса ыждағаттылықпен қарап, әріптестері арасында биік беделге ие болып келеді. Өзінің ісіне жауапкершілігі мол азаматты ел «алтын қолды дәрігер» деп атап кеткен. Үлкен-кішінің көңілін қалдырмайтын білікті маманды іздеп келушілері көп. Тіпті осы уақытқа дейін жұмыс орнын алмастырғанына қарамастан тұрақты емделушілері де бар. Себебі қолы жеңіл дәрігер қай уақытта да сұранысқа ие екені сөзсіз. 
      Каюпов Амангелді білім деңгейін көтеру үшін Израиль мемлекетінің Беэр –Шева қаласындағы университеттің балаларға ота жасаудан жақ-бет хирургия бөлімінде, Ресейдің профессоры Фролова Л.Е. басқаратын клиникада туғаннан ерні мен таңдайы кеміс болып туған балаларға ота жасаудан бірнеше рет маманданудан өтіп, Қазақстанда бірінші рет Фролова Л.Е. –нің таңдайға ота жасау операциясын бірінші болып енгізді. Кейін Санк –Петербург қаласында профессор Иохан Рейнекенің мастер классына қатысып Сертификат, Профессор Андрейшев Р.А мастер классына бірнеше рет қатысып Сертификат еншілеп, Доцент Белоусов Ю.Н Орал облыстық ауруханасының жақ-бет хирургия бөлімшесінде бірнеше рет бірге ота жасап, мастер класс өткізді. «Қазақстанда өзімнің ұстазым деп профессор Қ.Т.Төлеуов және профессор Ж.Ж.Сағатбаевты санаймын» дейтін Қаюпов Амангелдінің еңбектері бағаланып, Совет одағының «Құрмет белгісі» орденімен, «Медицина қызметінің үздігі» төс белгісімен марапатталып, 2022 жылы «Облыстық аурухана профессоры» деген атақ берілді.      Биыл қызмет жасап жатқанына 52 жыл болған, қазіргі таңда жас жақ-бет хирургтеріне тәлімгері (наставник) Каюпов Амангелдінің жары Каюпова Напиза Төлеуқызы бірнеше жыл Облыстық стоматология поликлиникасының бас дәрігері болып қызмет атқарған, Алматы медицина институтының стоматология факультетін бірге бітірген, стоматолог-терапевт, стоматолог-хирург, қазіргі уақытта АО «Талап» поликлиникасында жұмыс істейді. «Ізет» ордені, «Медицинаның үздік қызметкері» төс белгісінің иегері және Құрмет грамоталарымен, медальдарымен марапатталған. Каюпов Амангелді жары Каюпова Назипа екеуі екі ұл, бір қыз өсірді. 
      Бір баласы профессор, медицина ғылымының докторы болса, екіншісі шекара қызметінде бас қолбасшы болып жұмыс атқарады. Қызы стоматология клиникасының директоры.
      Дәрігер – табандылық пен терең білімді талап ететін мамандық. Адамды сүйіп, ол адамға жақсылық жасауға бейімделген адам ғана медицинаға барады. Ата-ананың тәлімді тәрбиесін көріп өсіп, бала күнінен білімге, адал еңбекке құштар болған Каюпов Амангелдінің бұл бір қыры ғана. 
      Иә, медицина тілі қиын тіл. Аса жауапкершілік пен ержүректілікті талап ететін бұл саланы таңдауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермесі анық. Әр саланың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алайда адам түрлі ауыртпалықты көре жүріп үйренеді, маманданады. Жауапкершілікті түсінеді. Адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тек бір адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін медицина өкілдерінің мойнына артылар жүктің өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. 
      Осы салада қажырлы еңбек етіп, адамдарға әдемі күлкі сыйлап келе жатқан ақ халатты антына адал азаматтың біріне айналған Каюпов Амангелдінің деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...