Ізгі жан
Ақ халатты абзал жан атану, адам денсаулығына жауапты болу әсте оңай жұмыс емес. Абырой мен адамдық қасиеті байқалатын бұл қызметке кез-келген адамның жүрегі дауалап келе бермейді. Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген емес пе?! Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер.
Сәби күлсе өмір жарқырап сала береді емес пе, сол періште көңілді перзенттердің жанын жадырата білген Абишева Алия Калимовна 1959 жылдың мамыр айының 26- жұлдызында Алматы облысы, Сарқант ауданы, Екіаша ауылында дүниеген келді. Тағдыр желіне қорған болған, әр бастаған қадамына қуанған асқар тау әкесі Әбішұлы Калым сонау ел басына нәубет төнген жылдары майданға аттанып, Отан үшін от кешкен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатарынан. Сұрапыл соғыстың қан майданында жауынгерлік ерлігімен көзге түсіп көптеген ерліктері үшін медальдармен марапатталған ержүрек жауынгер елге келген соң өмірінің соңына дейін Екіаша ауылында бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен.
Ал жүрегінің түбіндегі мейірім нұры күн шуағынан да жылы анасы Төлеу Манарханқызы үй шаруасында болып, алты баланы тәрбиелеп өсіріп, бала жастан еңбекке, адалдыққа баулып, ерте жастан білімге кұштарлықты бойымызға сіңіріп, бәріне де жоғары білім алып беріп, құтты орындарына қондырды.
Дархан даланың самалына балалық бұрымын сүйдіріп өскен Алия Калымовнаның алғашқы арманы да мектеп қабырғасында жүргенде 14 жасында оянады. Оған себеп, сонау бір қиын жылдары ел ішінде дәрігер жетіспей, әкесінің жанында болып, 14 жасында ине салады. Осылайша, ауру қыспағындағы әкесінің жанына демеу, тәніне шипа бола білген жастың арманы да дәрігерлікпен ұласады. 1976 жылы Талдықорған қаласындағы орта мектепті «Алтын медальға» бітірген жас арман жетегіне еріп, Алматы қаласына аттанып, Алматы мемлекеттік медициналық университетінің «Балалар дәрігері» факультетіне оқуға түседі. Осы білім ордасында жүріп, медицинаның қыр-сырымен танысып, таңдаған
мамандығының тұңғиығына сүңги білумен қатар, өмірлік жолдасын да кезіктіріп, бүгінгі бақытты өмірдің алғашқы баспалдақтарын да аттайды. 1983-1984 жылдары Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, жоғарғы оқу орнын бітірген соң, сол кездегі «Комсомол комитетінің» Жолдамасымен Солтүстік Қазақстан облысы, Совет аудандық ауруханасына Балалар дәрігері қызметіне жіберіледі. Бұл аурухана кейіпкеріміздің еңбек жолындағы ең үлкен тәжірибе берген орталықтың бірі еді.
Бала күнінен зерек болып өскен Алия Калымовна бұл қасиетін жұмыс жасау барысында да көрсете білді. Оның қажырлы еңбегі көп ұзамай бағаланып, бөлімдегі дәрігерлер тарапынан сенім білдірілді. 1993-1994 жылдары Алматы қаласындағы №23 поликлиникада дәрігер, 1994-1997 жылдары «Алау» сауықтыру орталығында педиатр-дәрігер, 1997-2001 жылдары «Бөбек» Республикалық реабилитациялық орталығында педиатр-дәрігер, 2001-2004 жылдары Сарқант қаласында учаскелік-педиатр, 2005-2010 жылдары «Фармаком-дәрігер консультант», 2011-2023 жылдары Облыстық балалар ауруханасында педиатр-дәрігер болумен қатар, 2020-2023 жылдары №28 поликлиникада педиатр-дәрігер болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Дәрігерлерге деген сенім жұлдызы қашан да биікте жарқырап, Жаратушыдан кейінгі адам жанының арашашысы болған ақ халаттылардың абыройы асқақтай бермек. Міне, осындай елдің риясыз алғысын бөленген Алия Калымовна да өз ісінің білікті маманы, денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина деп аталатын ғылым әлемінің ішіндегі түн қараңғылығын сейілтіп жанған бір шырағы.
«-2011 жылдан бастап облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп келемін. Бұл аурухана 2011 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ашылған. Алматы облысының барлық аудандарынан ең күрделі ауруларды емдейміз. Аурухана 200 орындық, жеке поликлиникасы бар. Ауруханада күрделі соматика, неврология, хирургия, травматология, онкогематология, жан сақтау бөлімі, бет-жақ хирургия, шала туған балалар бөлімі бар.
Ауруханамыздың ашылғаннан бері басқарып келе жатқан директорымыз Нурбаев Ролан Мамырович өзін өте білікті маман, адамгершілігі мол ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.
Мен 40 жыл медицина саласында кызмет еттім. Өте көп әріптестермен тығыз байланысты жұмыс жасадым. Соның ішінде осы заманға сай жастарымызда өте көп болды. Аурухана ашылғаннан бері бірге қызмет етіп келе жатқан бөлім меңгерушісі, хирург дәрігер Амирова Дина Сериковна, гастроэнтеролог Кудайбергенова Гулшат Серикказиевналарға алғыс айтқым келеді», – деп әріптестерін мақтаныш тұтқанын ерекшелеп атап өткен Алия Калымовна ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырған бақытты Ана.
2012 жылы онкологиямен ауырып, дүниеден өткен өмірлік жолдасы Ораз Бисенғазыұлы екеуі 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Жанна заң саласында қызмет етсе, екінші қызы Маржан Астана қаласында "Қазақтелеком" акционерлік қоғамында жұмыс жасайды. Үлкен немересі Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы.
«Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ел көгереді» деп, ел үшін қызмет қылған жанның абыройы биік, берекелі өмір сүретінін аталарымыз әр сөздің астарына жасырып айтып кеткен. Саналы ғұмырын медицина, халық денсаулығына арнап бүгінгі таңда адал еңбегінің зейнетін көріп келе жатқан Алия Калымовна өмірі көпке үлгі.
Жүрегі баламенен бірге соғып, кеудесінде үміт отын тұтатқан білікті дәрігердің отбасына амандық тілеп, ел құрметіне бөленген осындай қайталанбас тұлғалардың қатары көп болғай деп тілейміз!