Мейірімді дәрігер
Талпына білгенге таудың да биік болмайтыны секілді, алдына мақсат қойып, "армандарыма жетемін" деп аянбай еңбектеніп, ізденіп жүрген жас аңсағанына жетеді. Бұл уақыт желі өшіре алмайтын, қағаз бетінен жыртып тастай алмайтын, тасқа жазылған өмір заңдылығы. Қарыштап дамыған бүгінде, ғылым көшінен қалмау үшін әр мемлекет, әр ұлт өз ұрпақтарын үздіктердің үздігі болуға, ғылыми жаңа технологияларды меңгеруге баулып, әлемге танымал болу үшін бар күшін салып келеді. Бұл жағынан келгенде қажыр-қайраттың, сабырлықтың сауытын киіп, біліммен құрсанған қазақ елінің жастары кейін қалған емес. Қайта қайнаудан шыныққан болаттай, шыңдалған үстіне шыңдала түсіп, ата тұлпарының тұяғы тимеген жерлерге барып, қазақ елін әлемге паш етіп, көк туымызды желбіретіп келеді.
Жас болса да талай игі істерге бастамашы болып, қоғамда кеселге айналып келе жатқан бедеуліктің азайып, оның алдын алу шараларын жүргізуде кеңес беріп келе жатқан Сояркулова Нигора Дильмуратовна 1982 жылдың 10 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақбай ауылында дүниеге келді. Әрдайым бастамасына қолдау білдіріп отыратын әкесі мен «Айналайыны» отты да ерітіп жіберетін мейірімі нұрдан жаратылған анасы Сояркулова Мамлакаттың
шаттықты шаңырағында 4 бала тәрбиеленіп өсті. Тағдырдың жазуымен асқар тау әкесі 1998 жылы дүниеден өтті. Ал анасы болса соңында қалған 4 баласын өсіріп, жетілдіріп, жоғары білім алып берді. Кейіпкеріміз білім ордасының табалдырығын Ақбай ауылында №28 Чапаев атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттады.
Дүние есігін ашқан әрбір пенде туған жеріне арқаланып мақтанып, кіндік қаны тамған жердің топырағына еркін аунай алады. Талай ақының отты жырлары мен талай жазушының көркем әдебиетінде, әншінің әнінде қалықтаған киелі мекенде бақытты балалығын өткізіп, осы өңірде мектеп табалдырығын аттады. Болар бала жасынан ерекше болатыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп те өзінің ізденімпаздығымен, алғырлығымен, бір істі бастауға ұмтылып тұратындығымен ұстаздарының алғысын алған бала Нигора Дильмуратовна сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім кемесіне қайығын сенімді сала білген дарынды жас болды.
Қашан да өзіне сенімді, ісіне берік, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын жалынды жас, 2000 жылы білім ордасын Қызыл аттестатпен үздік аяқтап, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан
медицина академиясына оқуға түседі. Таным тереңіне бойламасаң абырой биігінен көтеріле алмайтын жауапкершілігі мол саланы таңдаған жас медицина саласының білікті маманы болып шығуы жолында көп ізденіп, еңбектеніп, сан мәрте өзін қамшылады да. Жетістікке жетудің жолы уақытпен санаспай еңбек етуде екендігін түсінген жас оқу орнының білім, ғылым, қоғамдық өміріне белсене араласып, 2006 жылы академияның «Медициналық істер» факультетін тәмамдап шықты. Осылайша, өзінің алғашқы еңбек жолын 2006 жылы 12 тамыз күні Арыс қаласы гинекология және босанғанға дейінгі клиника бөлімшесінде бастаған Нигора Дильмуратовна аталған мекемеде тапжылмай 17 жыл еңбек етті. Сонымен қатар Нигора Дильмуратовна Корея мемлекетінде, Стамбул, Новосібір, Павлодар, Астана, Ташкент қалаларына барып, біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2010 жылдан бастап гинекология саласымен бірге ультрадыбыстық зерттеумен де айналысады.
Кейіпкеріміз Нигора Дильмуратовна бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікке қарай бағыт бұрып, медицина саласында өз мамандығы гинекология саласы бойынша жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашықтығы, еркіндігі, үлкенді сыйлай біліп, сөздерін тыңдай білуі, кішіге де көрсетер ізеттілігі, жұмыс барысында өзін кәсіби меңгеруші ретінде ұстай білуі, ұжыммен етене жұмыс жасап, талапқа сай олардан жұмысын талап ету, оның ұжымдастары ортасында беделін өсіріп, абыройын асқақтата түсті. Болмай қалады деп мойыған жоқ, жұмыс барысында кездескен қиындықтарды табандылық таныта отырып жеңіп шығып, жаңарған қоғамда замануи әдістер мен тәсілдерді жаңа технологияларды қолдану мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіп келеді. Дүниеге сәби келетін қиыны мен қуанышы бірге жүретін шақта, жаны тебіреніп, толғатып жатқан ананың қасынан табылып, баласын қолына алып, бауырына қысып, маңдайынан иіскеген сәтін көріп, сол қуанышты бөлісетін алғашқы жанның бірі болу мен үшін – үлкен бақыт. Еңбек жолында түрлі белестерді бағындырып, соқпақтардан өттім, тек маман ретінде
ғана өсіп қоймай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл мен жылы жүрек иесі болуды үйренген Нигора Дильмуратовна адал еңбегенің арқасында түрлі марапаттарға ие болды. Көптеген жылдары атқарған еңбегі үшін облыс, аудан әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет Грамотасы, Алғыс хаттарының иесі атанды.
Нигора Дильмуратовна бүгінгі таңда арқа сүйер азаматы, жеке кәсіпкер Ахметов Батыр екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты ата-ана.
Дәрігер - тек мамандық иесі ғана емес, ол мейірімділік пен махаббаттың, сенімділік пен салауаттылықтың иесі. Үйіріп соғатын құйындай уақыт желі, ғұмырлығын жоймайтын, күн өткен сайын биіктей беретін осы бір мамандықтың қадірін арттырды десек қателеспейміз.
Нигора Дильмуратовна саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, сәбидің алғашқы үні мен ананың бақытына куә болған, гинекология саласында қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан.
Кейіпкеріміз Нигора Дильмуратованың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!