Арыстанова Жанат Қыдырбайқызы

Рейтинг:

ҚҰРМЕТТІ МҰНАЙШЫ

      Қынасы тасын жарып шыққан, белден қазсаң, кені атып шыға келетін, берекесі шалқып жатқан қазақ даласының қай өңірін алып қарасаңыз да қазба байлықтарға бай. Таңғы шығында мөлдірлік тұнып, шүйгінінде шырай ойнап, шөбін тартсаң, мұнайы көрінетін Атырау өңірі – еліміздің мұнайлы астанасы. Кейіпкеріміз де осы бір құтты мекеннің ырысы мен берекесін кіргізіп тұрған мұнай саласында қызмет етіп, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан айбынды азаматша – Арыстанова Жанат Қыдырбайқызы.
      Қазақ Ембі мұнай өнеркәсібінің бастауы сонау қазақ мұнайының қайнар көзі саналған Доссордағы №3 ұңғыда қуатты мұнай бұрқағы атқылауынан басталады. Бұл тарихи сәт, 1911 жылдың 29 сәуірінде өтсе, әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ, ел экономикасын сүйреген саланың көш басында келеді. Доссор мұнай кен орны Атырау облысының Мақат ауданында орналасқан.
      Доссордағы фонтан осы өңірдің бағалы қазынасын ашты. Қазақ жерінде атқылаған қуатты ауқымды бұрқақ Ембі ауданының келешегінен үлкен үміт күттіріп, оның атағын бүкіл әлемге жайды. Ал «Жайық-Каспий» мұнай қоғамы Ембідегi кен орындарының байлығын кеңінен жарнамалады. Сөйтіп бұл мұнай бұрқағы – Ембі мұнай өнеркәсібінің, бүкіл Қазақстан мұнайының бастауы болды. Әрине, бұдан кейінгі жылдары барлау жұмыстары аймақтың өзге аудандарында да жүргізілді, бірақ негізгілері дәл осы жерлерде шоғырланды. Себебі мұндағы мұнай жер бетіне жақын орналасқан еді.
      Міне, осындай буырқанған күйде, тау мен тасты жарып шыққан Ембі мұнай, қазақ мұнай өнеркәсібінің бастауы болған-ды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір құтты мекеннің ырысы мен берекесін кіргізіп тұрған мұнай саласында қызмет етіп, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан айбынды азаматша, мерейлі мамандықтардың бірін өмірінің тірегі етіп, тамыры табиғатпен бірге соғып жатқан, «қара алтын» деп әспеттейтін мұнай саласында еңбек еткен Жанат Қыдырбайқызы 1965 жылы наурыз айының 29 жұлдызында Атырау облысының Мақат ауданы Мақат елді мекенінде дүниеге келді.
      Әділдік пен адами асыл қасиеттерді бала бойына сіңіре білген әкесі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Мұғалімдер жүрегі ғой мектептердің» атты кітабының авторы, ардагер-ұстаз Қоңқышов Қыдырбай Қоңқышұлын жұртшылық тәжірибелі ұстаз, қарымды қаламгер, талантты журналист ретінде жақсы таниды.
      «Менің әкем Қоңқышұлы Қыдырбай өзінің адамгершілік қағидаларын нық ұстанатын, өмір қиындықтарынан қабырғасы қайыспай өткен, қарапайым әрі жігерлі болатын. Сөздерінде жалыны бар. Ары жанынан қымбат, иманы күшті болатын. Ақ пейіл, дарқан көңіл, халқы үшін аянбай еңбек еткен. Көп адамдарды қамқорлығына алды. Ауданда су, жарық, жылу мәселелері үнемі назарында болатын. Мақаттағы мектептерге Мұса Баймұқанов (Кеңес Одағының батыры) атын, Хамза Санбаев (Ұстазы) атын беру жолында және Құршасай орташа мектебін орта мектепке айналдыруда көп еңбегін сіңірді. 40 жылдан астам ұстаздық еткен ардагер-ұстаз. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
      Анам Исмагулова Махи Нұрғожақызы жүрегі жұмсақ, нәзік қайырымды адам. Отбасымыздың берекесі. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ақ халатты абзал жан. Ақ тілеулі, кең пейілді анашым!», – деп жеткізеді Жанат Қыдырбайқызы ата-анасы туралы таратып айтып. 
      Педагогтар отбасында тәрбиеленіп, өмір құндылығын ұғынған анадан тағылым алған Жанат Қыдырбайқызы бір отбасында бес ағайынды болып өсіп, тамырлы бәйтеректей болған әкенің жапырақтары болып, көлеңке-саясын кеңейтті.
      Кішкентайынан алғыр, қандай істің де жай-жапсарын балалық түйсігімен сезіне білетін, үлкендердің батасы мен ақылын тыңдап өскен есті жас мектеп қабырғасында жүргенде де, өзінің алғырлығы, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығымен, оқу үлгерімінің үздіктігімен ұстаздарының мақтанышына айналды. Сыныпішілік, мектепішілік өткізілген қандай да болсын іс-шараның бел ортасында жүретін ашық мінезді оқушы Жанат Қыдырбайқызы шөбін тартсаң, түгінде мұнайы көрінетін құтты мекенде балалығын өткізіп, Максим Горький атындағы мектептің табалдырығын аттайды.
      Талапшыл, қандай істің де оң жайын байқап, тек жақсы жақтарын көріп тұратын жас мектеп қабырғасында жүргенде де сынып көшін ілгері сүйреген белсенді оқушылардың бірі болды. Сөзі нық, іске тиянақты жас бірінші сыныптан бастап мектеп бітірген жыл соңын тек үздікке, мақтау қағаздарымен ғана аяқтап отырды.
      Осы күнге табан тіреген абырой биігіне жету жолында Жанат Қыдырбайқызы көптеген белестерден өтті. Білім алудан бастап, тынымсыз еңбек жолдарында да уақытпен санаспай жасаған еңбектері талай мәрте журналдар мен кітаптар беттерінде жазылып шықты.
      Үш жоғарғы оқу орындарын Алматы қаласындағы В.И.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтының мұнай мен газ кәсіпшіліктерінің машиналары мен жабдықтары мамандығы бойынша механик-инженері (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы университет), екінші Мәскеу «Еңбек Қызыл Ту» орденді физика-техникалық институты, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі жүйесінде қайта даярлау, ғылым мен техниканың жаңа перспективалы бағыттары бойынша кадрларды қайта даярлау жөніндегі арнайы факультетін (Московский физико-технический институт ордена «Трудового Красного Знамени», переквалификация в системе Миннефтепрома СССР, специальный факультет по переподготовке кадров по новым перспективным направлениям науки и техники) және үшінші Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетін ұйым менеджменті мамандығымен үздік дипломмен бітіріп шыққан Жанат Қыдырбайқызы мұнай саласында жауапты қызметтерді де атқарды.
      Бүгінгі құрмет биігіне көтере білген еңбек жолын 1986 жылы Атырау қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу жобалау институтында (КазНИПИнефть) инженер болып бастаған Жанат Қыдырбайқызы қызметтік сатымен жоғары өрлей берді. 1989 жылы жетекші инженер, 
      1998 жылдан бастап «Ембімұнайгаз» Акционерлік қоғамының филиалы «Мақатмұнайгаз» мұнай газ өндіру басқармасының Мақат кен орнында мұнай газ өндіру цехының операторы, Шығыс Мақат мұнай дайындау және айдау цехының тауар операторы, аға оператор, шебер, өндірісті автоматтандыру бөлімінің бастығы, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Орталық инженерлік технологиялық қызметінің ауысым бастығы, технологы, өндірістік техникалық бөлімінде инженер, жетекші инженер қызметтерін атқарып келді.
      Әрдайым алға ұмтылып тұратын, жұмыстың күрделілігіне қарамай табандылықпен атқарып, өзіне міндеттелген жұмыстарды өз уақытында атқара білген жас маман мұнай саласындағы инженерлік еңбегінде құштарлана, бар ынта-жігерімен жұмыс істеді. Тоқыраудың табалдырығына жығылып, мықты деген зауыттар мен кәсіпорындардың есігіне қара құлып салынып жатқан шақта Атырау өңірі жұмысын тоқтатпады. Қызмет барысында қабілеттілік танытып, қайсарлығымен талай істің басын шалып, басшылықтың көзіне түсе білген Жанат Қыдырбайқызы әрдайым марапат төрінен көтеріле білді.
      «Мен Ембілікпін! Қасиет тұнған мұнайлы мекен Мақат топырағында дүниеге келіп, Қазақстан болашағы үшін мұнайшы болып қызмет етіп келе жатқаным – мен үшін асқан бақыт!
      Ұзақ жылдар мұнайшы болып еңбек етіп, менің абыройлы да мақтаныш тұтатын мұнайшылық мамандығымды игергеніме 42 жылдан асты. Алған білімдерімді ауыр да қызықты мұнайшылық жолында толығымен іске асыруға тырысып келемін. Мен өз мамандығымды сүйемін.
      Қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын Доссор мұнайы ғасырдан аса жасап келе жатыр. Қазақстанда ашылған ең алғашқы өндірістік маңызы бар мұнай кені «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жетістіктері мен марапаттары жүздеген мұнайшылар мен жер қойнауын бағындырушылардың жемісті еңбегінен тұрады. Мұнай кәсіпшілігінің дамуымен бірге кен орындардың игеру жүйесі үздіксіз жетіліп келеді. Мол өнім беріп тұрған негізгі екі кен алаңы Ботахан, Шығыс Мақат кен алаңдарына ұңғыларды интелектуалды басқару жүйесі енгізілген.
      Шығыс Мақат кен орны – Доссор мұнайының 45 пайызын беріп отырған бұл аймақтағы ең ірі кен орны. Кен орнында мұнай өндірудің жаңа технологиялары бұрандалы сораптар жұмыс істейді. Мұнайды дайындау және тасымалдау цехының қуаттылығы айтарлықтай күшті. Бүгінде мұнаймен бірге келетін ілеспе газды өндіру арқылы цех көгілдір отынмен бүкіл өндірісті және жақын маңдағы елді мекендерді қамтамасыз етіп отыр.
      Ұжымым – менің мақтанышым!» – деп мамандығын мақтаныш еткен Жанат Қыдырбайқызының ұзақ жылғы еңбегі, мұнай саласының дамуына қосқан орасан зор үлесі туралы көптеген журналдар жарыса жазып, газет беттерінде мақалалар әр жылдары үзбей жарияланып тұрды.
      «Бұлбұл әнші Бибігүлдің батасын алған мұнайшы», «Елге еткен еңбек жерде қалмайды», «Мұнайлы Мақатқа 90 жыл» және тағы басқа көптеген мақалаларда Жанат Қыдырбайқызының еңбегі көркем сөздермен өрнектеліп, оқырман жүрегіне жетті. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің «Өнерге құштарлық достығымызды нығайтты», «Қарттарды құрметтеу парыз!» мақалалары оқырман тарапынан оң бағасын алды.
      Жанат Қыдырбайқызының адал атқарған еңбегінің бағасы ретінде алған марапаттары мен қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына арналған аудандық спорттық жарыста баскетболдан І орын алып, 1987 жылы «Тенгиз встречает друзей» фестивалін ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін дипломмен марапатталуы, кейіпкеріміздің жас шағында да салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық спортты дамытуға өз септігін тигізгендігін көрсетеді.
      Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жанат Қыдырбайқызы – ән әлемінің патшайымы Бибігүл Төлегеновадан дәріс алып, ол кісінің батасын алған өнерпаз. Қазақ дәстүрлі өнерінің саңлағы саналған әнші апамыздың кейіпкерімізге назар аударуы да бекер емес. Оның бойындағы ерекше бір талантты, қайталанбас қабілетті және әнге деген ұмтылысы мен өзгеше бір әсем даусын көре білгендігі еді.
      Өнер сахнасының патшайымы қателеспеді де. Оны біз мына бір өнер жолындағы марапаттарынан көре аламыз. 2002 жылы «Асқақтасын әуені мұнайлы елдің» атты дәстүрлі мұнайшы көркемөнерпаздар фестивалінен Алғыс хат еншілесе, «Қала күні» мерекесіне орай облыс мұнайшылары арасында өткен «Есімде сол бір кез...» атты ретро-фестивалінен І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Сағынышқа тербейтін Шәмші әндерін орындаудан аудандық мәдениет үйінде өткен «Шәмшінің әндері» байқауынан бас жүлдені қанжығаға байлаған Жанат Қыдырбайқызы Атырау өнер алаңында өзінің даусымен әсем әндерді тыңдармен жүрегіне жеткізе білді. 
      Қоғамдық істерде бастамашыл, өнер алаңында өзіндік дауысы бар Жанат Қыдырбайқызы негізгі кәсібі мұнай саласында қызмет еткен жылдары да тек марапат төрінен көріне білді. Бұл – кейіпкеріміздің өз ісін сүйгендігі, мұнай саласында адал еңбек ете білгендігі деп білеміз.
      2003 жылы 8 Наурыз Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында «Мақатмұнайгаз» басқармасынан Алғыс хатын алуы, «Ембімұнайгаз АҚ-на 100 жыл» және «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалін өр кеудесіне тағынып, «Ембімұнайгаз» Акционерлік қоғамының Құрмет Грамотасымен марапатталуы еңбегінің бағаланғаны деп білеміз. 
      Мұнай саласында еңбек ету арқылы, сол бір кәсіпшіліктің дамуына өз үлесін қосқан Жанат Қыдырбайқызының 2012 жылы 8 Наурыз Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында «ҚазМұнайГаз» компаниясынан, Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің жоғарғы деңгейде өтуіне белсенділік танытқаны үшін «ҚазМұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамының атынан және 2013 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы компаниялар тобының және еншілес кәсіпорындарының еңбек ұжымдары арасында өткен «Дала дарындары» атты шығармашылық өнер байқауынан Алғыс хат алуы кәсіби маман ретінде деңгейінің көтерілгендігі екенін ашып айтуға болады.
      Өзі таңдаған мұнай саласына саналы ғұмырын арнаған Жанат Қыдырбайқызы 2018 жылы «Мен – Ембілікпін!» байқауында белсене қатысып, «Мен таңдаған кәсіп» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды. Өз ісінің маманы, қандай марапат кезінде де басшылықтың есінде болады емес пе?! Әр жылдары, тіпті мерекелік шараларда да бір марапатқа ұсынылуы – кейіпкеріміздің ұжымдастарының ортасында үздік болғандығының көрінісі. Сонымен қатар 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейлі мерекесіне орай «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы және «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы кәсіподақ комитеті төрағасының Алғыс хаты, 2022 жылы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет Грамотасы, 2023 жылы Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Халық қаһарманы және қоғам қайраткері, офицер-ұшқыш Хиуаз Доспанова» медалімен марапатталуы – ұзақ жылғы еңбегінің адал жемісі. Мақат ауданының 100 жылдығына орай өткізілген «Аудан әкімінің кубогы – 2024» мекемелер арасындағы аудандық спартакиадасында тоғызқұмалақтан, кіл жүйріктер арасынан озып шығып, шын жүйрік атанып, І орынды жеңіп алды. Осы бір жарқын жетістігіне біз де қосыла қуанып, құтты болсын айтамыз! Жылдан-жылға жетістік тұғырына жиі көтерілген Жанат Қыдырбайқызы 2024 жылы ҚР Энергетика министрлігінің «Қазақстан Мұнайына 125 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
      Мұнай саласының дамуы жолында елге қызмет етіп, туған жердің де дамуына өзіндік үлесін қоса білген, бүгінде зейнеткерліктің көк бестісін тақымдаса да, көргені мен білгенін кейінгі жастарға үлгі етіп, «мұнай әлемі» деп аталатын тайқазанның бір құлағы бола білген Жанат Қыдырбайқызы бүгінде құрмет төрінен орын алған, айтары бар, парасат-пайымы өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес болып төгіліп жатқан айтулы мамандық иесі.
      «Атам Арыстанов Нұғыман мұнай саласында ұзақ жылдар еңбек еткен. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Бірнеше тұрғын үй, ауданында емхана, мектеп салуда, өнеркәсіптік құрылыста еңбек сіңірді. Біз – атадан балаға жалғасқан мұнайшы әулетіміз. 
      Жұбайым Нұрберген – мұнай-газ өнеркәсібінде көп жылдар еңбек еткен өз ісінің маманы.
      Ұлымыз Бекет жоғарғы білімді, техника ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. Мұнай саласында еңбек етуде», – деп өзінің аттаған алтын босағасын да берекелі еткен Жанат Қыдырбайқызы өзінің өмірінің тірегі, жалғасы, мәні болған алтыннан да қымбатты жандары туралы айтып өтіп. 
      Қабілеттілік пен дарындылық – саналы ғұмырын бір салада еңбек етуге арнап, ел мүддесі үшін еңбек етіп, ел мұқтажын өтеген, парасатты, жаны жомарт азаматтарға арналады. Бұл да қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін, астарында талай қажырлы істер мен ұйқысыз түндер жатқан үлкен еңбек. Бұл іске де табандылық, қайраттылық пен қайсарлық, қабілеттілік пен дарындылық, өзгелерден ерекше ұйымдастырушылық қабілет керек.
      Міне, осындай қабілеттер мен асыл қасиеттерді бойына жинаған, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетіп, өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білген ауыспалы, аумалы-төкпелі заманда адами асыл қасиеттерінен айнымаған Жанат Қыдырбайқызының еңбегіне табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...