Сәпи Кәрімұлы

Рейтинг:
 
ҚАРАШАҢЫРАҒЫМ 
һәм балалығымның куәсі
       Зымыраған уақыт десеңші... Жалына қанша жармассаң да жеткізбейді ғой, жарықтық. Уақытында ақ сарайдай болған сонау көк қақпалы Қарашаңырақ ауласындағы ата-аналық махаббат пен мейірімге қанып өскен балғын балалығым. Кешегіге көз тастап отырып, еріксіз көзге жас аласың. Неткен ыстық! Сол күндердегі ауыл шетіндегі Бәйсеуде көк қақпалы ақ сарайдай үй – біздің тәтті естелігіміздің куәсі ғана. Бәйсеу – ауылдың шетіне қарай орналасқан, құмдақ-шатқалды, құлаш жарымнан құдығынан бал татыған суы шыға беретін, арты көгал, жайылымы бар жайлы жер еді. Қазірде  қарашаңырақтағы ағам Едіге ауыл орталығына қоныс аударды. Ауылға жол түсе бермейді. Мен үшін балалығымның тәтті сәттері сол баяғы көк қақпалы үйде қалып қойғандай... 
      Ол үйде біздің балдәурен балалығымыз өтті.Ұядай ғана мекенде оқыдық, ер жеттік, азамат болдық. Жалаң аяқ жүгірген балалық шағымыздың куәсі болған ауыл қашанда ыстық екен. Жылы жанұямыздан өрбіген өнеге мен тәлімді тәрбиенің ұшқыны бізді адам қылып, ел қатарлы азамат етіп өсірді. Мен үшін өзімнің туған қарашаңырағым – арманымның «Ақ Сарайы», жер әлемнің кіндігі, бақытымның бастауы. Қай уақытта да ыстық тартып тұратын қасиетті қарашаңырақ – менің әлемді тануыма бастар жол болды десем артық айтқаным емес.
      Біздің үй Қызылқоға ауданының орталығы Миялыда орналасқан. Миялы өңірі – әкем Сапи Кәрімұлының кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Тарихта алтын әріптермен қалған шежіреміз бар, рухы мықты  қайсар бабалардың ұрпағымыз.
      «...Жаңбыршы Беріш бұл күні,
      Ер Тайланның тұқымы.
      Жеті баулы Беріште
      Балқыдан артық кім бар-ды.
      Мыңдарды беріп, мыңды алды.
      Бұлардың әлі ұрпағы
      Заманына тап болса,
      Қозғалтар мылқау шыңдарды», – деп зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлаған Беріш руынанбыз. Ата-бабаларымыз қаһарынан хас жауы тітіркеніп, тайсалатын батыр рухты болған деседі. «Ер тегіне тартып туады» дегендей, әкемнің игі жақсылар қатарынан болуы да атам Кәрім мен Балзиба әжемнің ұлағатты тәрбиесінен сусындағаны болса керек-ті. Кәрім атам елге белгілі, аузы дуалы, шежірешіл жан болған екен. Қызылқоға өңіріне белгілі тұлға, бір жағынан өзінің нағашысы болып келетін атақты Құныскерей туралы, Исатай мен Махамбеттің өжеттігі, батырлығы, елге еткен еңбектері, өңірдегі өзге де тарихи жағдайлар жайында, Төремұрат, Нарынбай, Қызданай қыз хақында әңгімелерді нақышына келтіріп, көркемдеп айтқанда жұртшылық сілтідей тынып, ұйып тыңдайтын. Дене тұрқы ірі келген әкем бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын қатал адам ретінде көрінетін. Әсте, бала дегенде жүрек түкпірінде бір ерекше сезім, шексіз мейірім мен қамқорлық жататынын біз әке болғанда ұғынып отырмыз. Әкем Сапи (біз оны тәте дейтінбіз) елдің соғыстан кейінгі жылдары, яғни, 1946 жылдың 13 қазанында Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Миялы селосында дүниеге келген. Ал, арғы аталарымыз ескі «Қарабау»  деген жерді қоныс еткен.
      Елді мекендегі орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, 1963 жылдың шілде айында Қызылқоға аудандық дайындау конторында есепші болып еңбек жолын бастайды. Ол уақыттары білім мен өндірісті қатар алып жүру – қиынның қиыны. Өйткені, мамандарға жүктелетін жауапкершілік өте жоғары болған. Әкем бұл қиындықтарға қарамастан өндірісте жұмыс істей жүріп, Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы институтының «Экономика» факультетінде білім алады. Табандылықпен тер төгіп, алғырлықпен білім алған ол 1966-1974 жылдар аралығында Қызылқоға аудандық мәдениет бөлімінде бас есепші болып еңбек етсе, 1974 жылдан 1979 жылдың шілдесіне дейін аудандық сауда бірлестігінің директоры, 1979-1984 жылдары Қызылқоға аудандық тұтынушылар қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, оған қоса Қызылқоға селолық тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін қоса атқарған. 1985 жылдың қаңтар айынан бастап өмірінің соңғы сәттеріне дейін, Махамбет аудандық тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарды.
      Әкемнің барлық саналы ғұмыры ел игілігіне еңбек ету, халқына қалтқысыз қызмет көрсетуден тұратын. Анам екеуі үнемі ізгілікті істің, өнегелі жұмыстың басында жүретін. Аллаға шүкір, сансыз мадақ айтамын. Анам Ғұмарова Жаңыл Қатепқызы – қазіргі күні немерелерінің аяулы әжесі болып отырған біздің ақылшымыз. Әкемнің өмірден ерте өтіп, бар қиындық мойнына жүктелгеніне қарамастан барлығымызды тәрбиеледі. Азамат етті, біреудің ала жібін аттамай, өмір бойы адал еңбек қылуды үйретті. Барлық қиындықтармен бетпе-бет келіп, ешқашан жігерін жоғалтпаған рухы мықты жан. Мен алдымен, анама қарыздармын.
      Анам Жаңыл Қатепқызы – медицина саласының ардагері. Әкем екеуінің арасындағы сезім пайда болған сәттері, анам Ақтөбе медициналық институтында студент екен. Әкемнің соншалық көпшіл, ортасында сыйлы болғанын әркез аяулы анашым айтып отырады. Тіпті, шетел асып, достар тауып алып жатады. Ардақты әкемнің барлығымен жақсы сыйласа біліп, доспын дегенге мамықтай жұмсақ жан болғанын дүйім ел айтып жүреді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен мақтаныш. Өз кезегімізде біз де «Сапидің баласы» деген тіркестің жанына жаман ат қостырмай, үнемі жақсы азамат болуға тырысамыз. Негізінен баланың алдында әкенің абыройын арттырып, мерейін үстем ету – отанасының қолында.
      Біз бүгінде әрбіріміз отбасылымыз, жар құштық, бала сүйдік. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ тегіннен-тегін айтпаса керек. Қазақ әйелдерінің бала тәрбиесіндегі рөлі орасан зор болғаны сондай, «Әкеңе айтамын», «Әкеңнен сұран», «Әкең біледі», «Бұл затқа тиме, әкеңдікі» деген сөздер арлы баланы тура жолдан тайқытпай ұстаған ғой. Біз осы сөздерді естідік. Анам біздің әкеміздің тұғыры биік тұлға екенін ұғындырып өсірді.
      Бір оқиға желісін баяндап өтейін. Тете өскен немере ағам Арыс екеуміз бұзықтықта алдымызға жан салмаймыз. Басымыз қосыла кетсе, бірнәрсе бүлдіретінбіз. Атам бізді қатты жақсы көретін. Қатал тәрбиесі шығар, бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Ойын баласы біз еңбекті қайдан білейік?! Атам ойнағанымыздан гөрі шаруа тындырғанымызды жақсы көреді. Бір күні қой кезек бізге келді. Кішкентаймыз. Қырық бес градус ыстық. Аптап шекені тесіп барады. Арыс екеуміз таң ата ауылдың қойын алдымызға салып, өріске бет алдық. Ол кезде ауыл болып малды кезекпен бағатынбыз. Мойнымызға асып алған дорбамызда әжем құйып берген айран көжеміз бар. Арыс маған қарағанда ересек әрі пысық, атаның сөзі оған бұлжымас заң. Атамның Арысты жақсы көріп, арқасынан қағатыны есімде қалыпты. «Арекең қайратты жігіт, тау төңкереді. Әскери адам болуға лайық, нағыз солдат», – дейтін еді. Арыстың болашағын жарықтық атам болжап  кеткен екен ғой. Біз үшін бәрі ойын сияқты, сол қырық бес градус ыстыққа қарамай ойнап жүре беретінбіз. Осындай қой кезектің бірінде әкем (тәтем) бізді түске таман көлікпен келіп әкетті. Үйге келіп, біздің қой кезекке кеткенімізді естіп, «қойларың құрысын, балалар өлді ғой» деп жан екпінмен келген беті екен. Өте балажан еді. Үйге келісімен «Балалар ұйықтады ма? Тамақтанды ма?»  деп сұрап жатты.
      Иә, әкенің қамқорлығы кей тұста анадан да асып түсіп жатады. Әкенің жақсы көруі ерекше, қамқорлағаны да бөлек. Біз әкеме тартсақ керек, қазір өзіміз де өте балажанбыз. Адамзаттың басты ісі  артында ұл-қыз, ұрпақ қалдыру емес пе?! Төккен маңдай терің де солар үшін емес пе?!
      «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барып келсең де, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген бар. Асыл анамның алдында қарыздар екенімді әрқашан айтып жүремін. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, мына жарық дүниеге әкелген анамның өмір дерегіне тоқтала кеткенді де жөн санап отырмын. Ата-анамды ұлықтап, олардың осы күнгі өмірін алаңсыз ету – перзенттік парызым.
      Анам Жаңыл Қатепқызы 1946 жылдың 7 қазанында Атырау облысы, Индер ауданы, Кулагино селосында дүниеге келген. Нағашы атам құқық қорғау органдарында басшылық қызметте болған кісі. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болды. Әжем бала тәрбиесін назарда ұстап, әр баласын көзінің қарашығындай қорғаған жан. Он құрсақ көтеріпті, оның екіншісі – менің анам. Он баланың тоғызының көзі тірі, біреуі мәңгілік мекенге аттанып кетті. Нағашы атамның қызмет бабына байланысты отбасымен бірнеше мәрте көшіп-қонған екен. Исатай ауданының Новобогат селосынан кейін анам екінші сынып оқитын кезде Қызылқоға ауданы, Қаракөл селосына көшіп келіпті.
      Ол уақыттары қазақ балаларының хат танығанын барынша қалағанымен мұғалімдер тапшы еді... Украинадан келген Людмила Николаевна төрт сынып бойынша барлық пәннен сабақ беріпті. Осылайша ауыл балалары білім алған. Кейіннен орыс ұлтының өкілдері үдере көшіп, ауыл балалары тек қазақ тілінде білім алады. Бұл уақытта анам әкем екеуі бір сыныпта оқыған екен.
      Кейін анам жоғары сыныпты Кулагинде тәмамдайды. Оныншы сыныпта оқып жүргенде,  атам Қатеп «лейкоз» диагнозымен Мәскеудегі әскери госпитальда қайтпас сапарға аттанады. Бұл сынақ нағашы әжеме қатты батқан екен. Анам он бірінші сыныпты тәмамдаған соң, анамның атасы, атамның ағасы, нағашы әжемнің сіңлісі, барлығы да бір шаңырақтың астында тұрған үлкен бір отбасы болыпты. Нағашы атам өмірден өткен соң, он балалы шаңыраққа мемлекеттің жәрдемақысы беріліп тұрады. Ол құлағанның қолтығынан демеп, сүрінгенге сүйеніш болған жақсы бір көмек еді.
      Бір айта кетерлігі, анам жастайынан қолына қалам ұстап, сан түрлі тақырыпты қаузаған жан. Ол «Дружные ребята» газетіне алдымен балалық қиялдан туған туындыларды жазса, өсе келе «Герой нашего времени» тақырыбында өңірге еңбегі сіңген алып тұлғалар туралы, еңбек ерлері, малшылар, батыр атағын алған жандар туралы тебіреністі шығармаларын газет бетінде жариялап жүріпті. Қиындылары әлі күнге сарғайған альбомдардың ішінде, кешегі күннің көмескі белгісіндей жақсы естеліктерді қаперге салып тұр.
      Анамның бала кезінен бергі арманы – дәрігер болу еді. Мектепті бітірген соң, Ақтөбе медициналық институтына тапсырады. Оқудың нәтижесі шығамын дегенше ауылға аттанып, елдегі пошта саласындағы жұмысына белсене кіріскен анама қуанышты хабар келіпті. Талай жас сағы сынып, түсе алмай қайтып келіп жатқан оқуға анам түсіпті. Негізінен бір жылы Ақтөбеге, келесі жылы Алматыға, сонан соң Ақтөбеге тапсырады. Алғашқы екеуінен де өткен, емтиханды жақсыға тапсырып, өзі хабар күтіп кешігіп қалған екен. Бұл туралы анам бізге айтатын естеліктерінде: «Шақырту қағазы» келмеді. Ауылдағы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрмағамбетов деген кісі көршіміз болатын. Сол ағай келіп: «Мына Жаңыл оқуға түспесе, кім түседі? Жаңылдай жақсы оқитын қыздың оқуға түспеуі мүмкін емес» деп мені және өзінің қызын ертіп алып, Ақтөбеге тарттық. Ағай барлық құжаттарды көтеріп жатыр. Өзіміз тамыздың ең соңғы күнінде келіп тұрмыз. Менің аты-жөнімді атағанда, жылап жібердім. Содан Ақтөбе медициналық институтының студенті атандым. Қазаққа бергісіз орыс ағайдың үйінде жатып оқыдым, ол өзінің бір қыз, бір ұлынан мені кем қылмады. Әйелі де сондай тамаша адам екен. Сол кісілердің үйінде бес айдай жатып, кейін жатақханаға шықтым», – деп жиі айтатын.
      «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ даналығы. Анам игі жақсыларды бізге өнеге болсын деп көп айтады. Бізге де сондай тура жолда, теріс қылыққа бой алдырмай, таза жүруді ақыл етіп, мысалмен айтып отырады. Анамның асыл тәрбиесінің нәтижесі шығар, міне, бүгінде саналы  азамат болып отырмыз.
      Анам Медицина институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша «өте жақсыға» бітіреді. Атырау облысының іргелі Миялы, Мақат аудандарында жемісті еңбек етті. Міне, содан бері сан түрлі қызметтік баспалдақтан өткен анам бұл күнде – Медицина саласының ардагері.
      Ол кісі әкем туралы деректерді майын тамызып, айтып отырады. «Жақсы әкенің абыройы балаға қырық жыл азық» деген дана халқымыздың әке туралы ұлық сөзі бар. Мен осы сөздің растығына көз жеткізіп келемін. Әкемнің елге еткен еңбегі мен қарапайым бола жүріп бағындырған белестерін көріп, өзім де тәнті боламын. Мен үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-анам да, ата-әжем де айрықша үміт күткен екен. Тіпті, атам бұл баланың есімін өзім қоямын деп, «Медет» қойыпты. Сонда «Медетім өзіме тартқан, менен айнымаған, өзімдей қарулы болады», – депті жарықтық атам.
      Ол қарашаңырақта әкемізден екі немере сүйді атамыз. Менен кейінгі інім Саттардың орнын ерекшелетіп айтып қоятын, «ол Сапидың баласы ғой, менің балам Медет» деп жүретін. Болашақта әкеміздің шаңырағының түтінін түтететін сол Саттар болады дегенді бала күннен құлағымызға сіңе берсін дегені ме екен, деп ойлап қоямын қазір.
      Тәтем (әкем) Саттар екеумізді таңертең сабаққа апарарда еркелетіп оятып алатын еді. Біз, біріміз мойнына оралып алып, екіншіміз арқасына отырып алып, жуынатын бөлмеге дейін баратынбыз. Еркелік дегенді қойсаңшы... Анамды да еркелетіп, «Гауһартас» әнін салып береді. Бұл қасиеті ерекше болатын. Анамнан естуімше, тіпті кезінде анамның курстастарымен де тонның ішкі бауындай араласып, үйдегілерге «Атырауға сапарлап кеттім» деп, Ақтөбеден бір-ақ шығады екен. Бұл оқиғаларын да анам айтып, күлдіріп отырады. Сол уақыттарда да жүрген ортасын жандырып, күлдіріп, арқа-жарқа, той қылады екен. Тіпті анамның курстастары да «Сапи қашан келеді екен» деп жолға елеңдеп жүріпті.
      Кейде әкемнің көңілі қазақтың ұланғайыр атырабындай кең, дархан болғанына тәнті боламын. Күллі әлемді жүрегіндегі мейірім мен махаббатқа, шұғыла мен шапағатқа шомылдырардай көрінеді. Ешқашан біреуді жатсынып, жатырқағанын көрмеппін. 
      Ата-анамыз бен айналадағы тілеулес жандардың ақ үмітін ақтайық деп қайда оқысақ та, үнемі алдыңғы қатарда болуды көздедік. Үздік оқыдым, әке атына дақ түсірмедім. Менен кейінгі інім Атырауда, мұнай саласында. Ол да жаман аты шықпаған тура жолдағы жан. Қазіргі кезде анамызды қолына алып, әкеміздің шаңырағын ұстап отырған – інім Саттар.
      Бүгінде анамыз Атыраумен, Ақтөбемен құда болып, Атырау мен Астана арасын саяхат қылып жүрген жан. Үлкен келіні Рашида – Камилла мен Мансурдай қос немере сыйласа, кенже келіні Динарадан қолындағы Даниярын сүйіп отыр. Өкінішке орай, дүниеге ұрпағын әкелгесін кіші келіні мезгілсіз бақилық болды, өмірде өзі көре алмай кеткен қызықтарын ұрпағына бұйыртсын, жаратқан Алла!
      Иә, адам баласының өмірдегі ең зор байлығы да, өмірге келгендегі негізгі мақсаты да – ұрпақ тәрбиелеу. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз да ұрпақ өрбітуге қатысты көптеген өсиет, хадистер қалдырған. Мұның барлығында түптеп келгенде, ұрпақ тәрбиелеуді қатаң назарда ұстау керектігі айтылған. Сол тәрізді бізді тәрбиелеген ата-анамызға алғыс айтамыз, олардың алдында бас иіп жүреміз. Өйткені, бізді олар дүниеге әкелді, өсірді, адам қылды. Мен әкемнің ұлылығына бас иіп тұрып, тағзым жасаймын. 
      Кейінге көз тастап, қалың ойға шомамын. Ата-анамызды бақытты етіп, олардың осы өмірдегі армандарының орындалуы үшін, не істеуге болады деп ойланамын... Әлбетте, ең әуелі перзенттік парыз. Бұл – әр баланың мойнындағы міндет деп білемін. «Әке – асқар тау, ана – сарқырап аққан бұлақ, бала – жағасында өскен құрақ» деген емес пе?! Иә, менің әкем төбеден қарап, біздің қолтығымыздан демеп, әлі күнге бас-көз болып тұрған сияқты көрінеді.
      Әкем қай уақытта да маңдайы жарқыраған, алтын адам еді. Әлі күнге асқар тауымның артқан үміті мен сенімі маған күш беріп, бойыма алапат қуат сыйлап тұрады. Жалындаған жас күнімнен бастап, алға қарай талпынған сайын, әкемнің бейнесі қол бұлғап, биіктерге жетелейді. Ал анам туралы шежіре жыр, толғау жазуға болады. Рас, шариғатта да, қазақ тәрбиесінде де ана алдындағы қарызыңнан құтыла алмайсың деп жатады. Меккеге анасын бір мәрте арқалап барған жігіт «Қарызымнан құтылдым ба?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сені толғатқандағы анаңның бір сәтін де өтей алмадың» деген екен. Дей тұрғанмен, шама-шарқымызша талпынып, ұмтылып келеміз. Ата-анамның қалай тәрбиелегенін өз бойымнан көрсетіп, танытып келемін. Қалай болғанда да перзенттік парыз – парыздардың ұлысы. Біз ата-ананың сенімі мен үмітін ақтау үшін тер төгуіміз керек. Сонан соң «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» дейді. Біз ата-анаға қалай құрмет көрсетсек, келер ұрпақ та бізді солай қадірлейтін болады. Бұл – өмірдің заңдылығы.
      Балалық еске түскенде, ең алдымен тап сол көк қақпалы кең сарайым көз алдыма келеді. Сол үйді сақтап қала алмағанымыз өкінішті, әрине, бәрі де уақыттың, жағдайдың еншісі. Әйтсе де, балалық бал дәуреннің символы тәрізді «Ақ Сарай» әрқашан біздің жадымызда сақталмақ. Әкешім! Мен Сіздің үмітіңізді ақтап, ойыңыздан шыға алдым ба деп күн сайын ойланамын, толғанамын. Ал, мен үшін Қарашаңырағымның маңызы ерекше.
 
Кәрім Медет Сапиұлы 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости