Қазақ тарихына ден қоятын болсақ, еліміздің батыс өңірі Атырау жеріндегі Жайық пен Жем аралығында көлкіген мұнай кені бар екені ерте заманнан белгілі болған. Сол кездің өзінде-ақ жергілікті көшпелі қазақтар жер бетіне шығып жатқан мұнайды сүзіп алып, адамның түрлі ауруларын емдеуге қолданған. Бүгінгі таңда ол өңірдегі қазба байлық өз маңызын жойған жоқ. Бүгінгі әңгіме желісі осы өңірде дүниеге келіп, осы бір саланың пұшпағын илеп, ел экономикасының қарыштап дамуына сеп болып, 38 жылдық ғұмырын осы салаға арнаған жан Тайпанов Тілеуқұл Тайпанұлы жайлы болмақ.
Тілеуқұл Тайпанұлы 1929 жылы наурыз айының 22-жұлдызында бұрынғы Гурьев облысына қарасты (қазіргі Атырау облысы) Қызылқоға ауданы, Тайсойған селосында дүниеге келген. Балалық шағын аталмыш өңірде өткізген жан мектеп қабырғасын Мақат ауданында орналасқан Мақат поселкесіндегі орта мектепте оқып, сол жерден оқуды тәмамдап шығады. Заман талабына сай кейіпкеріміз 16 жасынан бастап еңбекке ерте араласып, қызметтік жолға қадам басады. Өн бойына дарыған іске деген жауапкершілік пен тиянақтылық атты арда қасиеттерді жанына серік ете білген жан ұрпағының да бойына осы бір құндылықтарды сіңіре білді.
Тілеуқұл Тайпанұлының еңбек жолында қызметтік өзгерістер орын алды. Сөзіміздің нақ дәлелі, Мақат ауданындағы Мақат, Доссор, Байчунас, Кошқар, Сағыз мұнай кен орындарында мұнайшы оператор болып 38 жыл жұмыс жасай білгендігінің өзі – кәсіби маман екендігінің бір көрінісі іспеттес. Ашық далаға орналасқан учаскенің көлемді шаруашылығын табиғаттың қандай жағдайы орын алса да басқарды Осы ретте, алуан түрлі механизмдердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыратын жұмысшылар табы – ең негізгі мамандар деп сеніммен айта аламыз. Тілеуқұл Тайпанұлы мұнайшы оператор бола жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып, учаске мұнайшыларына партия жетекшісі ретінде, КПСС съездерінің ақпараттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуші ретінде де елеулі қызмет ете білді.
Тілеуқұл мырзаның еңбек жолында оң өзгерістер орын алған жылдарының бірі – 1974 жылы кейіпкеріміздің Мақат арнаулы техникалық гаражында тракторист-механик болып қызмет еткені еді. Қоғамдық іс-шараларда бой көрсетіп жүрген ел ағасы мұнай саласына келгенде қандай мәселелерге болмасын бей-жай қарамайтындығын әрдайым көрсетіп жүрді. Атап айтар болсақ, мұнай саласында еңбек еткен майлы балақ жұмысшылардың еңбегін ұмытпайық деген ниетте, Доссор мұнайының ашылғанына 100 жыл мерейтойында Мақат аудандық «Мақат тынысы» жергілікті баспасөз газетінде бірге еңбек жолын бастаған замандасы үлкен мақала жазды.
Өзіне жүктелген әрбір істің нәтижелі аяқталуын жанымен қалап, алдына мақсат-міндет етіп жүрген Тілеуқұл Тайпанұлы жас оператор бола тұра нәтижелі жұмыс істеп, учаскенің алға шығуына көп еңбек етіп, промыселда озат еңбектері үшін көптеген марапаттарға қол жеткізді.
Еңбек еткен салаларында ол жоғары кәсіпқой, лайықты азамат және табысты ұйымдастырушы бола білді. Өзінің кәсіби тәжірибесін жас ұрпаққа бере білетін талапшыл әрі әділ адам. Дана халқымыздың «бір әке берген тәрбиені жүз мектеп те бере алмайды» деген керемет сөз бар. Баланы қалыптасуына «отбасы – мектеп – қоғам» үштігі әсер ететіндігі белгілі.
Тілеуқұл мырзаның өмір жолында өмірлік серік болып, әр істе арқа сүйер жар бола білген жан Кулянда Қасқырбайқызы жайында айтылар дүние жетерлік.
Кулянда анамыз өмір жолында қарапайым, ақылды және зиялы теміржолшы болып еңбек етіп, қиын еңбек жолына қарамастан Тілеуқұл мырзаның қасынан табылып, тірек бола білді. Кулянда анамыз өмір жолында адал еңбек еткенімен қатар, көпбалалы ана ретінде елге танылып, өнегелі отбасының тірегі болды. Дүниеге алты ұл, алты қыз әкеліп, тәрбиелей білген Тілеуқұл мырза мен Кулянда анамыз перзенттерінің әрбірін тұлға етіп қалыптастырып, өмірде өз жолдарын табуына сеп болды. Кулянда Қасқырбайқызы 1940 жылы 29 сәуірде бұрынғы Гурьев қаласында (қазіргі Атырау қаласы) дүниеге келген. Ол мектепті аталмыш қаладан тәмамдап шығады. Тілеуқұл мярза мен Кулянда анамыз 1957 жылы отбасын құрады. Балаларының үлкені Марат 1958 жылы дүниеге келген. 2014 жылы сұм ажал ерте келіп, Марат мырза өмірден өтті. Отбасының екінші перзенті Сәрсенбай 1960 жылы дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен 1964 жылы дүниеден ерте озады. Отбасының үшінші қызғалдағы Раушан 1962 жылы дүниеге келген. 2020 жылы дүниеден өтті.
Бүгінгі таңда ұрпағының жалғасы болып отырған жандар Мұрат 1964 жылы дүниеге келген. Атұстар ұлы Асхат 1966 жылы дүниеге келген. Ағаларының тіреу болып жүрген жан Фарида 1968 жылы, Аға-әпкесінің жалғасы Сәуле 1970 жылы дүниеге келген. Одан кейінгі перзенттер Салтанат 1972 жылы, Сәнім 1974 жылы, Жомарт 1976 жылы, Талғат 1979 жылы, Самал 1981 жылары дүние есігін ашқан. Кулянда анамыз 1981 жылы «Батыр Ана» атағына ие болды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Кулянда анамызға «Алтын алқа» төсбелгісі тағайындалып, арнайы марапатпен марапатталды.
Қазақ әйелдерінің әрбірі отбасының ұйытқысы болуға әу бастан-ақ ұмтылған. Қазақ қыздарының бойына біткен қайсарлық пен даналық, даралық қашаннан ерекшелеп тұратындығы ақиқат. Әйел – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасының алтын діңгегі болды, әлі де сол болмысы өз маңызын жойған жоқ. Бұл сөздерді айтуымыздың өзіндік мәні бар.
Бүгінде Тілеуқұл мырзаның ұрпағы балалары, немерелері әкесінің, атасының ісін жалғастырып келеді. Ата-анадан дарыған ұлы қасиеттер балалардың бойынан табыла білуі – өзінше бір заңдылық іспеттес. Тағдыр кейде өзіндік тосын сыйларын ертерек дайындап қояды. Міне, кейіпкеріміздің отбасында 1984 жылы қолайсыз дүниелер орын алып, Тілеуқұл Тайпанұлы жұмыс орнында дүниеден озды. Ғұмыр жолын еңбекке арнаған жанның өмірінің соңғы сағаттарын жұмыс орнында өткізгендігінің өзі - өзінше бір тарих. Жолдасынан 44 жасында жесір калған Кулянда анамыз өз кезегінде қолында үш мектеп жасындағы, үш сәби жасында калған кішкентай балаларын өзі аяқтарына тұрғызып, жетілдіріп, әрбірінің өмірде бір кірпіш боп қалануына үлкен сеп болды. Міне осыдан-ақ аналық мейірім мен қайсарлықтың көрінісін көргендейміз.
Балалары Кулянда анамыз жайында:
…Анамыз – біздің піріміз, әр баласына махаббатын жеке төгіп, әр баланың орны бөлек болса да барлығына бірдей тәрбие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, әр баланың болашағынан үлкен үміт күткен және соған сенген өте керемет жан,-деп тұжырымдайды. Ақылы толықпаған, балалық шағын балдәурен дүниелермен өткізгісі келген балапандарын қанатымен қорғап, өсуіне, дамуына ат салысқан аналардың еңбегіне бас иіп, құрмет төріне көтереміз.
Кулянда анамыз жоғарыда атап өткеніміздей еңбек жолында Мақат станциясында теміржолшы болып қызмет етіп, теміржол айырғыш (стрелочник) жұмысын жасаған ерекше жан демекпіз. 12 баласын жеткізем деп еселі еңбек етіп, нәзік жанды болса да күннің суығына, жаңбырына қарамастан далада пойыздарға жол ашып, рельс ауыстырып, ауыр еңбек етіп, болашақ ұрпаққа үлгі болып, көптеген марапаттарға ие болған маман ретінде есімі танылған жан демекпіз.
Кулянда анамыздың осы бір істерінен қайраты мен жігері ұштасқан, еңбектен жан рахатын тапқан, оны ұйымдастыра білетін қарым - қабілеті мол, өндіріске жаңа ғана араласқан жастарға қамқоршы болып, еңбекке баулып, білгенін үйретуден жалықпаған тәлімгер екенін, сол арқылы ауылдастары тарапынан әрдайым ризашылық пен құрметке бөленген сыйлы тұлға бола білгендігімен даралана білді. Әріптестерінің арасында да беделді бола білген Кулянда анамыздың бойында еңбекті қалай беріле атқарса, соншалықты ұйымдастырушылық қабілеті, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қамқоршысы атанды.
Кулянда анамыз еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иелерін ұлықтау мақсатында «Қазақстан әйелдері» энциклопедиясына есімі еніп, «Қазақстан әйелдері» журналына, сонымен қатар жергілікті кезіндегі «Мұнайшы» баспасөзіне өмірбаяны мақала түрінде жарияланды.
Перзенттерінің әрбірін тұлға ретінде қалыптастыра білген жан зейнет жасына жеткен шақта немерелеріне жылы-жұмсағын сыйлап, әже мейірімін, жүрек жылуымен бөлісті. Әжесінің тәрбиесін көрген балалардың мінез-құлқы, тәрбиесі қалыптасып, үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өсті деп сеніммен айта аламыз.
Өмір жолында жұбайына тіреу, балаларының әрбіріне пана болып, аналық парызы мен мейірім-шапағатын көрсете білген Кулянда Қасқырбайқызы 2017 жылы 77 жасында дүниеден озды.
Көптің көңілінен шыққан ел ағасы Тілеуқұл ақсақал мен Кулянда анамыздың бойына дарыған қадірлі қасиеттері қазірде ұрпағының бойынан табылады. Мұндай жандар барда қазақ отбасының тәлімді тәрбиесі еш уақытта өшпейді деген сенімдеміз. Кешегі күннің куәгері бола білген жандар жайлы сөз ету - бізге де мәртебе.
Ұрпағымен мың жасасын деген тілек мінберінің іске асқандығына бүгін көз жеткізгендейміз. Ел ағасы мен ел анасының ұрпағы аталарының жолын жалғап, өз істерінің нақ майталмандары боларына сенім білдіреміз.
Қазақ баласының жарқын көрінісінің көрсетіп, ғұмыр жолында қайсарлық пен табандылық таныта білген Тілеуқұл ақсақал мен ел анасы атанған Кулянда анамыздың есімі ұрпағының жадында мәңгілікке жаңғыра бермек!