Бухиев Хазен Конырбаевич

Рейтинг:

Ардақты жан

      Кәсіптік білім – заман талабы. Әрбір адам өз саласын толық меңгеріп, қыр-сырына қанық болған кезде ғана жұмысын нәтижелі атқарып, еңбек етіп келе жатқан саласының дамуына және қоғамға пайдасын тигізе алады. Бұл уақыт пен нарықтық қоғам дәлелдеген аксиома. 
      Бүгінгі таңда қазақ даласындағы кәсіптік білім беретін лицейлер мен колледждер баршылық. Әрқайсысы әртүрлі салаға маманданған кәсіптік білім беру орталықтары жыл өткен сайын дамып, мемлекеттік аккредитациялау талаптарынан өтіп, білім сапасын жақсартып, мектептен кейінгі бір мамандықты меңгерсем деген жалынды жастарды қанатына алып, таңдаған мамандығына сәйкес білім беріп, маман етіп даярлап шығарып келеді. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де осы кәсіптік білім саласында еңбек етіп, құрмет демалысына шыққан білікті басшы, ұлағатты ұстаз – Бухиев Хазен Қоңырбайұлы.       Өмірден өз орнын тапқан талай жұмыр жүректі пенденің, кәсіптік саладағы тұсауын кесіп, біліктілігін арттырған Хазен Қоңырбайұлы 1959 жылдың 22 ақпанында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қара-арна елді мекенінде мұнайшы отбасында дүниеге келді. Әділдік пен адалдықтың ақ туын биік ұстаған әкесі Бухиев Қоңырбай Бірмағанбетұлы мен мейіріміндегі мөлдір махаббаттың әр тамшысы алтынан да қымбат анасы Бухиева Сали Нүрекешқызының ата-аналық бесігінде тербеліп, өмірлік құндылықтар мен адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Руы Таз-жантай-Келдібай-Меңілшек ұрпағы.      1960 жылы ата-анасының жұмысына байланысты Жылыой ауданы, Құлсары мекеніне қоныс аударған Хазен Қоңырбайұлы Құлсарыдағы А.Чехов атындағы 8 жылдық мектепті бітіре сала, сол кездегі №84 кәсіптік-техникалық училищеде білімін жалғастырады. Қолына алған қандай істі де шыр айналдырып алып кететін, қолының икемі бар, тек алға ұмтылып тұрған жас маман кәсіптік-техникалық училищені ойдағыдай тәмамдаған соң, өзінің алғашқы еңбек жолын теміржол саласында бастады. Бірақ «Ат айналып қазығын табады» дегендей, арада екі жыл өтер-өтпесте Хазен Қоңырбайұлы өзі түлеп ұшқан оқу ордасына қайтып оралады. Міне, осы уақыттан бастап кәсіптік білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбек жолы басталады.      Өндірістен қол үзбей жүріп сол кездегі Гурьев политехникалық техникумында білімін жалғастырып, «Техник-механик» мамандығын алып шығады. Колледжде қызмет етіп жүргенде Орал қаласындағы Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің «Кәсіптік оқыту» мамандығына оқуға түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдады.      Қазіргі таңда өзі түлеп ұшқан білім ордасы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі «Қазақ мұнайының атасы» - Сафи Өтебаев есімін иеленіп, Атырау аймағындағы іргелі білім ордасына айналды. Міне, осы оқу ордасында жоғары білімді майталман маман 2000 - 2010 жылдары аралығында өндірістік оқыту шеберімен бірге Бас механик қызметін де абыроймен атқарды. Ал 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін I санатты Аға шебері міндетін мінсіз атқарып келеді. Болашақ кәсіби мамандарды даярлау жолында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянбай еңбек еткен маманның ұзақ жылғы төккен тынымсыз маңдай тері ескерусіз қалған жоқ. Еңбегі еленіп, әр жылдары Атырау облыстық білім беру басқармасының, Жылыой ауданы әкімінің, Жылыой аудандық Мәслихат хатшысының, колледж директорының Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 
      Колледжде табан аудармастан 43 жыл қызмет атқарған Хазен Қоңырбайұлы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, оларды мықты маман етіп шығарды. «Ұстазы жақсының - ұстанымы жақсы» дегендей, бүгінде олар аудан, қала берді облыс аумағындағы халық шаруашылығының әрқилы саласында еселі еңбек етіп жүр. Аға шебер - өзінен кейінгі жас мамандардың ақылшысы, ұжымдастарының ұйытқысы, бір сөзбен абыройлы азамат, ұлағатты ұстаз.
      Осы кәсіптік білім беру саласында 1979 жылдан бастап қызмет еткен кейіпкеріміз 2022 жылдың 22-ақпанында зейнеткерлік жасқа шықса да әлі күнге жас мамандарға бағыт-бағдар беруде өз үлесін қосуда.       Бүгінде білім саласында жүргізіліп жатқан барлық реформалардың негізгі бағыты білім сапасын көтеру, жоғары білікті, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, заман талабына жауап бере алатын мамандар дайындау болып табылады. Хазен Қоңырбайұлы техникалық білім ордасының өркендеуіне, заманауи талаптарға сай білім беру саласындағы жаңалықтарды енгізуде үнемі алғашқылардың бірі болып, батыл қадам жасап, оң шешім қабылдай білетін, адал қызметкер ретінде ұжымның және білім мекемелерінің алдында жоғары беделге ие болып келеді. Ол барлық туындаған мәселелерде жан-жақты, терең ойлайтын, зиялы, парасатты тұлға.      Хазен Қоңырбайұлы білікті маман, ұстаз ғана емес, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар, немерелерінің атасы, ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы ер азамат. 
      Хазен Қоңырбайұлы осы оқу ордасынан кәсіптің көзін ғана емес, өмірлік бақыттың өзін де тапқан жан. Училищеге алғаш қызметке келген жылдары осы білім ошағынан болашақ жары Ермекова Оңай Азанқызын кезіктіреді. Өткен ғасырдың сонау 80-жылдарының бел ортасында жас маман Оңай Азанқызы Құлсары қаласындағы №84 кәсіптік - техникалық училищеге жолдама алып, өндірістік тәжірибеден өтуге келген еді. Таныстықтың соңы көп ұзамай шынайы сүйіспеншілік сезіміне ұласып 1986 жылы қаңтардың 3-жұлдызында шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. 
      Міне, содан бергі өмір жолында да, кәсіби қызметте де қос аққудай жұптары жазылмаған 37 жыл бірге ғибратты ғұмыр кешіп келеді. Үш қыз бен екі ұлға жарық дүние сыйлады. Үлкен қызы - Бухиева Айгүл Хазенқызы, ұлы - Қоңырбай Асан Хазенұлы, ортаншы қызы - Бухиева Айнур Хазенқызы, кенже қызы Хазен Ақжүніс Хазенқызы, үйдің сүт кенжесі - Конырбаев Азамат Хазенұлы. Олардан ұлағатты ұрпақ өрбітіп, жапырағы жайылған мәуелі қос бәйтерекке айналды. Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, немере-жиендерінің ортасында марқайып отырған ата мен әже - халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанған дана жандар.
      «Жақсы әйел – ырыс» дегендей әрине, зейнет жасына жеткенше осындай жоғары жетістікке жетуі, ең алдымен, қара шаңырақтың берекесін кіргізіп, ынтымағын арттырған аяулы жан-жарының, немере-жиендерінің асыл әжесінің арқасы. Өнегелі отбасының ұйытқысы бола білген әкенің ақылына, ананың мейіріміне бөленіп, мықты тәлім-тәрбиесінің тал бесігінде тербеліп өскен бақытты перзенттері.
      Әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытатын ұстаз атты ұлы атқа лайық Хазен Қоңырбайұлының әлі де оқушыға, еліміздің білім беру саласына берері көп. Өйткені, оның жаны жүрген жерін көркейтіп, гүлдендіріп жіберетін тау суындай таза.      Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалап, білім ордасының сан қырлы міндеттерін қара нардай қайыспай көтеріп келе жатқан азаматқа сүйсіне қарайсың да. Ары таза, ұяты берік, намысқой жанның жанындағылар да оның осы қасиетін ардақ тұтатындай. Кішілік пен кісіліктің тізгінін тең ұстап келе жатқан Хазен Қоңырбайұлының жанұясына бақыт, деніне саулық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...
6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...