Құрмет төріндегі азамат
Жалпы адамзаттың кісілік келбеті көп жағдайда адамгершілік қасиеттерінен және халқы үшін жасап жүрген істерінен көрінетіні белгілі. Елім мен жерімнің, өсіп келе жатқан ұрпағымның болашағы, білімі мен тәрбиесі заман талабына сай болса екен деп қайыспас қара нардай еңбектеніп жүрген азаматтар қай өңірден де табылады. Ал олардың арасында шоқтығы биік, білімі терең, қоғамымыздағы болып жатқан құбылыстарға жіті назар аударып, оған өзіндік баға беріп қана қоймай, олардың шешілу жолдарын да айқын көрсетіп отыратын азаматтардың дені бір бөлек дерсіз. Өзінің туған жерінің қадір-қасиетіне жету, оның әрбір төбесі мен қырын сүю кез-келгеннің қолынан келетіні ақиқат. Алайда оның дамуына ықпал жасау барлық адамның қолынан келе бермейтіні анық. «Ауылын көріп, азаматын таны» деген емес пе? Біз әңгіме еткелі отырған Жаңабаев Бақтығали Теңелбайұлы сөзі мен ісі сәйкес келетін азамат. Ол ел игілігі үшін барлық күш-жігерін салып жұмыс жасап, ауылдастарының тұрмысын түзетуге септігін тигізіп, күні бүгінге дейін абыроймен еңбектеніп келеді. «Ер елімен айдарлы, ел ерімен айбарлы» демекші, еліне аянбай қызмет жасап келе жатқан құрмет төріндегі азаматтың өмір жолы ізіне еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа өнеге.
Жаңабаев Бақтығали Теңелбайұлы 1954 жылы 17 желтоқсанда
Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Әкесі Жаңабаев Теңелбай 1921 жылы туылған, қалалық байланыс торабаның инженері болып жұмыс жасаған. Анасы Тумаева Бідән 1924 жылы дүниеге келген. 1941-1945 соғыс жылдары қалалық редакцияда қызмет атқарып, кейін тұрмыс құруына байланысты бала күтімінде үйде отырған. Бақтығали жеті ағайынды. Отбасында 3 қыз бен 4 ұл бар. Бүгінде бауырлары ата-анасының қазақы тәрбиесімен сусындап есейіп, ешкімнің ала жібін аттамай, үлгілі отбасы болып, еліне адал еңбегімен сыйлы жандар. Бақтығали Теңелбайұлы 1961 жылы Форт-Шевченко қалалық С.М.Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1965 жылға дейін сол мектепте оқыды. Маңғыстау мұнайын игеруге атсалысқан әкесі, жұмыс бабымен жаңа құрылып жатқан Жетібай елді мекеніне 1963 жылы жолдамамен барып, 1965 жылы отбасымен сонда көшіп барады. Осылайша 1971 жылы №3 Жетібай орта мектебін ойдағыдай аяқтады.
Қарапайым еңбекпен есейген Бақтығали Теңелбайұлы 1971-1973 жылдары мұнай саласының байланыс торабында (Связь ПОМН) монтер мамандығымен өзінің еңбек жолын бастады. Кейіннен қатарластары секілді 1973-1975 жылдары аралығында Балтық әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышын атқарды. Елге келгеннен кейін 1975-1980 жылдары аталған байланыс торабында жұмысын жалғастырды. 1983-1986 жылдары Гурьев ауылшаруашылық техникумының механик факультетін аяқтап, «Техник-Механик» мамандығын алды. 1980-1997 жылдары Ералиев аудандық партия комитетінде, кейін Қарақия аудандық кеңесі және аудан әкімшілігінде, әкім аппаратының өндіріс және сауда жөніндегі бас маманы лауазымында жұмыс жасап, Жетібай кентінің әкімі қызметін абыроймен атқарды. Жанұясының жағдайына байланысты 2007 жылдың 19 маусымынан бастап өз еркімен басқа қызметке ауысты. 2007-2019 жылдары «ММГ-А» қоғамының Жетібай кен орны бойынша инженерлік техникалық қызметі басқармасының жетекші инженері мамандығы бойынша қызмет атқарды. 2019-2022 жылдары аралығында «РеаЛос» ЖШС-де цех бастығы, 2022 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Тұрмыс Сервис»
МКК-да цех бастығы лауазымында. Білімін жоғарылату мақсатында 1998-2000 жылдары Алматы «Заң колледжін», 2001-2004 жылдары Алматы «Қайнар» универсиетін ойдағыдай аяқтап, «Заңгер» мамандығын алып шықты. 1965-1985 жылдар аралығында спорттың әр саласымен шұғылданып, аудандық, қалалық жарыс спартакиадаларында жеке және командалық жүлделерге ие болды. Жетібай, Құрық кенттері мен аудан намысын қорғап, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарды атқарды. 2007-2010 жылдары Қарақия аудандық маслихаты депутаты болып №8 округтен сайланып, міндетін ойдағыдай атқарды. 2000 жылдан бастап «Отан» ХДП мүшесі және оның төрағасы болып қоғамдық жұмыстарды атқарды.
52 жыл еліне қалтқысыз еңбегі сіңген азамат лайықты марапатқа да ие болды. Ол ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекелік медалін омырауына тақты. Ерен еңбегі үшін Мақтау Грамоталарымен, медальдарымен марапатталды. Қарақия ауданы Құланды ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Құланды ауылына 40 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан мұнайына 120
жыл» мерекелік медалімен марапатталды. «Қарақия ауданына 40 жыл», Қарақия ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Қарақия ауданына 45 жыл» мерекелік медаль, Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Маңғыстау ауданына 90 жыл» мерекелік медаль, «Қосай» атаның 500 жылдық медаль иегері, 2021 жылы Қарақия ауданының әкімдігі ҚР Мемлекеттік наградасы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Қарақия ауданының қоғамдық кеңес мүшесі, Қарақия ауданының Құрметті азаматы, Мұнайшы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарақия ауданының 4-ші шақырылым аудандық маслихат депутаты болды. Тағдыры тағылымға толы тұлғаның қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, маңдай тердің, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында абырой тұғырына көтерілді. Ардақты азаматты қай қырынан болса да үлгі тұтуға болады. Бақтығали Жаңабаевты ғибратты ғұмыр иесі десек әсте қателеспейміз. Дана халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген қанатты сөз бар ғой. Осындай ел құрметіне бөленген жаны жайсаң, жүрегі дархан, пейілі кең, көкірегі көктем азамат жайлы талай дүние қозғауға болады. Білімді азамат талай жасқа бағыт-бағдар бері
п, жол сілтеп, қолынан келгенше демеу көрсетті. Парасат иесінің ерекше қасиеті ол көпшілікті қандай мәселеге болсын иландыра біледі, өзекті нәрсені нақты дәлелдермен айшықтап, көкейге қондырып, кімнің болмасын көзін жеткізіп айта білетіндігі әу бастан бойына сіңген асыл қасиет десек қателеспейміз. Оның өршіл мінезі, шешендік тілі, адамгершілік қасиеті, ұйымдастырушылық қабілеті бір бөлек. Өз ортасында биік беделге ие азаматтың жанында да кіл жақсы мен жайсаңдар, елдің елеулі азаматтары болды. Қанша жыл қызмет жасап, қаншама дос жинады, өзіне пікірлестерін бауырындай етіп, жақын араласып та жүреді.
Бақтығали кірпияз азаматтың бірі. Олай дейтініміз ол жалғандықты жек көреді және жалған сөйлеген адамды алыстан таниды. Ондай адамдарды мүлдем жанына жуытпайды. Уәдесіне берік, қызметіне адал азаматтың сол ұстынын былайғы ел де жақсы біледі. Сондықтан да оған әлдекімдердің тісі батып шешіле сөйлеп кетуі де оңай емес. Алайда алдына көмек сұрай келгендердің сағын сындырмауға тырысатын, қолынан келген көмегін көрсетуге дайын азамат екенін айта кетуіміз орынды.
Көпті көрген, талай тәжірибе майданында ширыққан азаматпен бірге қызметтес болудың өзі басқаларға зор мәртебе. Әріптестері Бақтығалимен араластығын әркез мақтан санайды. Қызметте бағы жанған азамат жеке өмірінде де өнегелі отбасының басшысы. Ол 1980 жылы отбасын құрды. Жұбайы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді, жоғары білім оқу орындарынды оқытты. Балалары да бүгінгі күні мықты сала мамандары атанып, еңбектенуде. Жаңабаев Бақтығалидің жары Жаңабаева Сәнжарық Наурызбайқызы 2011 жылы қыркүйек айында өмірден озды.
«Асыл міндет – адалдық, асыл қасиет – адамдық» деген аталы сөзіне ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен, іскерлігімен, іздемпаздық-жаңашылдығымен жауап берген және әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болған азаматтың кешегісі мен бүгінін теңдей ұстанатын ұстанымына тәнті боласың. Азаматтық болмысына, парасаттылығына сүйсінесің. Қашанда береке мен бірлікті терең ойлап, татулық пен ынтымақты тілейтін азаматтың ұл-қыздары мен ұрпағына тілері аман-есендік пен ұзақ ғұмыр.
Ер болып елге қызмет ету оңай шаруа емес. Өзінің қызметімен қатар елдегі, қоғамдағы болып жатқан сан алуан жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмауға тырысатын Бақтығали Теңелбайұлы қолынан келсе өзінің үнін қосып, келелі жиындарда ой-пікірін білдіріп жүреді. Өзіне аға тұтқан талай зиялылармен араласа жүріп, олардың ақыл-кеңестерін, өмірлік тәжірибелерін молынан бойына сіңірген азаматтың жас мамандарға берері, үйретері де көп. Көш бастай жүріп, талай түйінді мәселелердің шешілуіне мұрындық болып, күні бүгінге дейін аймақтың өсіп-өркендеуіне түбегейлі үлесін қосты. Оның ғасырға татырлық іс-тәжірибесі кейінгілерге үлкен өнеге. Елге пайдалы, жастарға ұқтырар өнегесі мол игі істердің басы-қасында жүрген азаматтың
пайдасыз нәрсеге ысырап етер уақыты жоқ. Оны жақындары да, сыйлас достары да, әріптестері мен жерлестері де жақсы біледі. Бақтығали Теңелбайұлына мықты денсаулық пен отбасының амандық-саулығын тілеп, қызық-қуаныштарының көп болып, бүгінгі жасап жүрген игі ісімен абырой биігінен көріне беруіне шын тілектеспіз!