Сала майталманы
Мұнай өндірудің таусылмас машақаты мен маңдайынан тер сорғалаған мұнайшылардың бейнеті, болмысы марапатқа өте лайықты деп білемін. Қалам тербеуге арқау болып отырған Ибраимов Асан Маккаримұлы саналы ғұмырын мұнай
саласында жемісті еңбек еткен аудандағы санаулы ардагерлердің бірі. Ол қарапайым жұмысшыдан жоғары қызметке көтерілген өз өңірінің қыр-сырын бір адамдай-ақ зердесіне тоқыған, көкірегі қазыналы қария. Ауданның қалыптасу жылдарының куәгері болған азамат.
Бағалай білсең, бағыңды асырып, берекеңді кіргізетін қара алтынды өндіру жолында еңбек еткен Ибраимов Асан Маккаримұлы 1953 жылдың 12 тамызында Гурьев облысында (қазіргі Атырау облысы) дүниеге келді. Батыста Еділден шығыста Алтай тауларына дейінгі ұлан ғайыр атырапты алып жатқан Қазақстанның мәңгілік ел болып қалыптасу жолында өзіндік орны бар құтты мекен, берекелі өңірде дүниеге келіп, тарихта таңбасы қалған, ұлылардың кіндік қаны тамған топыраққа табаны тиген Асан Маккаримұлы бала кезінен үлкендердің алғысын алып өсті. Үйдің берік болуы алғашқы кірпішінен болатыны секілді, әр жеткіншектің ертеңгі күні үлкен адамазат болып қалыптасуы, бала кездегі отбасынан алған тәрбиесінен. Әкесі Маккарим Ибраимұлы әділдік пен адалдықты, кісінің ала жібін аттамауды үйренсе, айдың нұры, күннің шуағы жүзінен орын алған анасы Дамеш Ермекқалиқызы мейірімділікті бойына сіңіріп өсті.
1970 жылы Орджоникидзе атындағы орта мектебін үздіктер сапында бітіріп шыққан соң, сол жылы Баку қаласындағы М.Азизбеков атындағы Әзірбайжан мұнай және химия институтына түседі. Аталған жоғарғы оқу орнын 1975 жылы «Машины и оборудование нефтяных и газовых промыслов» инженер-механик бойынша бітіріп шыққан Асан Маккаримұлының алғашқы еңбек жолы «ЕмбіМұнайГаз»-дың Балықшы мұнай барлау басқармасында «Дизелист-моторист» болып бастайды.
1976-1977 жылдары «ЕмбіМұнайГаз» өндіріс саласында, 1977-1978 жылдары Прораб, 1978-1979 жылдары аға прораб, 1979-1981 жылдары «ВМЦ-2» бастығы болып тағайындалады. Қандай қызметте болса да өзінің ширақылығы, білетіндігі, жауапкершілігі және тиянақтылығымен көзге түскен Асан Маккаримұлы қызметте де сатылай өсе түсті.
1981-1982 жылдары «ВМК (Вышкомонтажная кантора)» бас механигі қызметіне көтеріліп, 1982-1984 жылдары Кеңес Әскері сапында Отан алдындағы азаматтық борышын
өтеп келді. 1984-1985 жылдары «ВМК (Вышкомонтажная кантора )» Бас Инженер, 1985-1987 жылдары осы мекеменің директоры болып тағайындалды.
1987-1988 жылдары «ТеңізМұнайГаз» компаниясында «УПТО и КО» Бас инженер, СУМР (Специализированное управления механизированных работ) бастығы, 1991-1995 жылдары өндірістік, жөндеу-эксплуатация бастығы, 1995-1999 жылдары «ТеңізМұнайГаз» акционерлік қоғамының бас механигі қызметін абыроймен атқарады.
Тоқыраудың бұлты сейіліп, мұнай саласы болсын, басқа сала болсын кәсіпкерлік дамып, елдің сауаты ашылып, нарық тек біліктілер мен білімділердің қолына табыстың кілтін ұстатып жатқан жылдары Асан Маккаримұлы бұл үрдістен тыс қалған жоқ. 1999 жылы Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы Мемлекеттік мұнай және газ университетінен «Диагностика, неразрушающие методы контроля, прогнозирование остаточного ресурса линейной части промысловых и магистральных нефте-газо-продуктопроводов» бағытында білімін көтеріп, біліктілігін арттырды.
1999-2004 жылдары «Казахойл-Эмба» ашық акционерлік қоғамының бас механигі, 2004-2016
жылдары Механика және транспорт департаментінің директоры қызметтерін атқарған Асан Маккаримұлы құрметті зейнет демалысына шықты.
Парасат-пайымы мол, қашанда қарапайым қалпынан танбаған, еліне елеулі, халқына сыйлы азамат абыройдан аттаған жоқ, ешкімнің ақысын жемеді. Өзі жақсы болған соң жанына тек жақсы мен жайсаңды жинады. Қажет болған уақытта жақынына, досына, тіпті көршісіне де көмек қолын созуға дайын азамат. Ақылы кең дариядай азамат елдегі болып жатқан жаңалықтардан да құр қалмайды, керек кезінде өңірлік іс-шаралардың басы-қасында жүріп, өзіндік пікірін білдіріп, сын-ескертпесін айтып отырады. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат өз өңірі мен талай жыл тер төккен саласы жайлы әңгіме қозғалса, өзі де бір жасап қалатыны бар.
Мұнай саласының өркендеуіне өзінің үлесін қосқан Асан Маккаримұлы еңбек еткен жылдарының адал еңбегінің бағасы болған түрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
2005 жылы «Қосшағыл мұнай кен орнына 70 жыл» ескерткіш белгісі;
«Мақат кен орнына 90 жыл» ескерткіш белгісі;
2008 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ құрылғанына 95 жыл мерейтойлық медалі;
2011 жылы «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» ескерткіш белгісі;
Мұнай-газ саласындағы жемісті еңбегі, қол жеткізген жоғарғы көрсеткіштері үшін Қазақстан Республикасының мұнай-газ қызметкерлері күніне орай «ҚазМұнайГаз» АҚ Бас директорының Құрмет грамотасы;
2013 жылы «Прорва кен орнына 50 жыл» ескерткіш белгісі;
Ұзақ жылғы мінсіз қызметі және Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы;
2016 жылы «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі;
2022 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
Қазақстан мұнай-газ саласын қалыптастыруда және дамытуда көрсеткен елеулі еңбегі үшін «Қазақстан мұнайына 100 жыл» естелік төсбелгісі;
«Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалі.
Мұнай газ өндіріс саласында азаматтық қолтаңбасы қалған Асан Маккаримұлы отбасында да
арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Шаңырағының берекесін кіргізіп отырған жары Қуанышқалиева Нағима Сатқанқызы екеуі Индира, Айнұр, Асылбек есімді алтын асықтай ұл-қыз тәрбилеп, өсірді. Бүгінде солардан тараған қылығы балдан да тәтті немерелердің қызығына тоймай отырған бақытты ата-әже.
Әр шырақтың жарық шашар өз алаңы, әр таудың өз ұлары болатыны секілді, әр кезеңнің де, әр жердің де құрмет тұтар, айтқан сөзін екі етпейтін, елі сыйлайтын азаматы болады. Ел құрметіне ие болған, қандай жақсы сөзді қосып айтса да аздық ететін осындай ел ағалары барында ауыл көшінің жолы ұзақ, кәсібі берекелі, тұрмысы жоғары, әлеуеті қатарластарынан озық болмақ. Тек өз кәсібін дөңгелетуді ғана ойламай, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше сәбилерді күлдіруге, ана көңілін демеуге, қарттардың алғысын алуға ұмтылатын, кейінгі ұрпақтың жақсы да сапалы білім алуы үшін еңбек етіп, ел экономикасының көшін ілгері жүргізе білген Асан Маккаримұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!