Бисенғалиев Бисенбай

Рейтинг:

Геолог-барлаушы

      Талай ғасыр сауырына із түспеген, тентек желі мен шалдуар шаңы жер тістеген жермешел бұтасы мен сілті қонған селдір жусанының сілікпесін шығарған, ну түгіл көз жасындай суы жоқ, от қарыған қатігез құла түзде бүгінгідей байлығына берекесі жалғасқан, тірлігіне бірлігі жарасқан бай өлке бой көтереді деп кім ойлап, кім болжаған?!
      Ия, болжаған да, тап осылай боларына сенген де геолог-барлаушылар деген мамандық иелері еді. Геолог-барлаушылардың ұзақ жылдарғы жанқиярлық еңбегінің арқасында табылған мұнай мен газ байлығы түбекті адам танымастай өзгертті, қазіргідей еліміздің экономикасының қарыштап дамуына жол ашты. Яғни, Маңғыстау түбегінің заманауи тарихын мұнай-газ табылғанға дейін және табылғаннан кейін деп қарастыруға да болатын шығар. Маңғыстау өңірінде мұнай-газ іздестіруде қарқынды қадамдар жасап, аталған салада өз орнымен, ерен ерекшелігімен еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырған жандар баршылық. Тас бүркеніп жатқан мұнай кенінің көзін тауып, ұзақ жылдар геологиялық барлау саласының ыстығы мен суығына төзіп еңбек етіп, Тәуелсіз еліміздің, қала берді Маңғыстау өңірінің гүлденуіне өз үлесін қосып, бүгінгі күні ауылдың ақыл айтар ақсақалына айналып отырған айбынды азаматтарымыздың бірі, ардагер геолог-барлаушы - Бисенғалиев Бисенбай. Геолог-барлаушы болу оңай шаруа емес, әсіресе Маңғыстау сияқты табиғаты қатал өңірде ел жоқ, су жоқ маң далада айлап, апталап ел көрмей, отбасынан жырақта ел игілігі үшін уақытпен санаспай еңбек етуге көпшілік төзе де бермейтіні анық. Геолог-барлаушылар деген тыңға түрен салатын алғы шептің жауынгерлері ғой.
      Өнегелі өмірі талай кітапқа арқау болған, мұнай-барлау қызметімен қатар, жазғандары оқырмандарының жүрегіне жетіп жататын жазушылық қабілеті бар кейіпкеріміз 1951 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев облысы, Мақат ауданы, Сағыз мұнай кәсіпшілігінде дүниеге келді. Адалдық пен әділдікті ту еткен, жүрегі мейірім нұрымен көмкерілген анасы Балжан Сағыз мұнай кәсіпшілігінде мұнайшы болып зейнетке шығады. Тіршілік тауқыметін, табанды тоздырар ауыр еңбекті көрген, сонда да еңсесін тік ұстап, қоғамдық істерге араласып, тек үздіктер сапында болған. 1943 жылы ВЛКСМ, 1954 жылы КПСС мүшелігіне қабылданған анасы Балжан Бисенғалиқызы 1942 жылы Құрмет Грамотасымен, 1952 жылы «За трудовое отличие», 1963 жылы «Медаль материнства ІІ степени», 1965 жылы «Медаль материнства I степени», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы»,«Ұлы Жеңістің 65 жылдығы» және «Мақат мұнай кен орнына 90 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. 
      Бисенғалиев Бисенбай 1959–1967 жылдары Сағыздың жетіжылдық мектебінде, 1967–1969 жылдары Қошқар мектеп-интернатында оқып, 10 кластық орта білім алды. 1969–1974 жылдары Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін бұрғылау инженері мамандығы бойынша оқып, тау-кен инженері деген жоғары білім алды. 
      Жолдамамен 1974 жылғы күзде Маңғыстау облысына «Маңғыстау мұнай-газбарлау» кешенді экспедициясына (КЭ «МНГР») жас маман болып орналасып, бұрғышы көмекшісі, бұрғышы, бұрғылау қондырғысының шебері, бұрғылау қондырғысының бастығы, инженер-технолог, аға инженер, учаске бастығы, аймақтық инженерлік қызметтің ауысым бастығы, мұнай-газ барлау экспедициясы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары, экспедиция басшысы дәрежесіне дейінгі сатылардан біртіндеп, тәжірибе жинақтап өткен.
      1986 жылы Тюмень қаласындағы мұнай институтында біліктілігін көтеру курсында оқып, әдістемеден өткен. Денсаулығына байланысты 2006 жылы демалысқа шыққанға дейінгі өндірістегі соңғы 15 жылын «Мұнай-газ барлау экспедициясының» басшысы дәрежесінде еңбектенген. 
      «-Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген шетелдік компаниялармен бірге жұмыс жасадық. Әлемдік озық техникалары мен технологиялары бар, алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялардан көптеген тәжірибе жинақтап, үйрендік. Өзіміздің де білім, біліктілігіміз олардан кем емес екенін жұмыс жасау барысында сан мәрте дәлелдедік»,-дейді Бисенбай Бисенғалиев сол бір жылдарды еске алып. 
      Маңғыстау мұнайын алғаш ашқан мекемеде, бір мекемеде еңбек етіп, еңбек зейнетін көріп отыр. Маңғыстаудың мұнайы мен газын барлауға, ол байлықты тауып, ел игілігіне беруге сіңірген еңбегі де еш кеткен жоқ, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Осы жылдар ішінде еткен абыройлы еңбектің нәтижесіндей Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен омырауында «Құрмет» ордені, «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Қарақия ауданына 45 жыл», «Жер қойнауын барлаудың үздігі», «Қарақия ауданының Құрметті азаматы», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл төсбелгілері жарқырайды.
      Өмірде жетістікке жеткен әрбір пенденің артында, ата-анасының тілегі мен ақ батасы тұрады. Қолына қалам алып, қара сөзді қағаз бетіне түсіргенде, маржандай тізбектеле жөнелетін, талап жүйрігі шаба жөнелгенде, қауырсын қаламына тіл бітетін Бисенғалиев Бисенбайдың атасы туралы ойына кезек берсек:
      «-Артық ауыз сөз айтпай, қабағымен-ақ тәрбиелеген сол бір жаннан үйренгенім көп болды. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген ұстанымды өмірлік бағыт еткен жан болатын. Сауатты адам еді атам. Арабша да, кириллше де оқи да, жаза да алатын. Бала кезімнен көргенім үнемі атамның құран кітаптарды оқып, арасында араб қәрпімен жазып қағазға көшіріп отыратыны еді. Сондықтан да болар үнемі атам сияқты болсам, сол сияқты көп оқысам деп армандайтынмын. Өмірде кездесетін қиын сәттерде атам мен анам менің тұсбағдарым болды», - дейді сыр пернесін баса сөйлеп, қағаз бетінде ата-анасына деген шексіз алғысы қалған кейіпкеріміз. 
      Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бисенғалиев Бисенбай - қаламы қуатты талант иесі, ұйымдастыру қабілеті жоғары көшбасшы жан. 
      Туған ауылы Сағыз кеніші мұнай көзінің таусылуына байланысты басқа елдімекендерге көшіріліп, орны да қалмаған мекенді мәңгілік есте қалдыру идеясының авторы ретінде туған ауылы орнында ескерткіш белгі орнатуды ұйымдастырып, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағын жазып шығарды. Туған жерді сүюдің, оның топырағына тағзым етудің үлгісін көрсетіп, еліміздің әр қиырына тарап кеткен ауылдастарының басын қосып, кездесу ұйымдастырды. Бұл шара уақытында Атырау облыстық телевидениесінде көрсетіліп, республикалық «Құлсары», «Мұнайлы мекен», аудандық «Мақат тынысы» газеттерінде кеңінен насихатталды. Өзі еңбек жолын бастап, кейін басшысы болған, жастық жалыны мен жігерін аямаған, бүгінде тарихта «Маңғышлақ мұнай-газбарлау» кешенді экспедициясы (КЭ «МНГР») деген атпен қалған мекемесінің, Маңғыстау мұнайын ел игілігіне берген геолог-барлаушылардың еңбегін есте қалдыру мақсатындағы Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, жоба жетекшісі ретінде қаланың көрікті жерлерінің бірі ретінде танылып үлгерген аллеяның авторы. Бұл туралы да Маңғыстау облыстық телеарнасынан хабарланып, түрлі БАҚ өкілдерінің жазбалары жарияланды. Өзінің өмірден көргені мен түйгенін, геолог-барлаушының қызығы мен қиындығы мол еңбек жолын естелік етіп артына қалдыруды мақсат етіп, бірнеше кітаптарын жарыққа шығарды. Олар «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР» деп аталады.
      Есімі «Ел ардақтылары – Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген Бисенбай Бисенғалиұлы ел мүддесін көздеп, туған жердің туын тік ұстаған азамат қана емес, отбасында арқа сүйер азамат, адал жар, ақыл айтар ақсақал бола білді. Шаңырағының ішін шаттыққа бөлеп, берекесін кіргізген, Жылыой өңірінің тумасы, ақындық қасиеті бар, 2001 жылы «Іңкәр жүрек» жыр жинағы жарық көрген жары Бисенғалиева Ермек Мұқашқызы екеуі алтын-асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, құтты орындарына қондырды. Немере, жиендері бар. Өсіп-өнген отбасының жетістігі мен қуанышы туралы кейіпкеріміздің өз аузынан естіп көрсек:
      «-Ең бастысы, біздің әулеттің бастауында тұрған Бисенғали атам мен Меткіл мамамның (әжем ғой), марқұм болған асыл анам Бисенғалиқызы Балжанның атын осынау Республикалық кітаптан ел көрсін деген ойым еді. Бисенғали атамның қолында тәрбиелендім, соның атын тек қылып алдым, атымды қойған да атамның өзі. Атамның өнегесі мен тәрбиесі менің өмір жолымда Темірқазықтай бағдарым десем, қателеспеймін.
      «Қандай да бір жетістікке жеткен ер адамның артында мықты әйел тұрады» деген бар ғой. Сол айтқандай мен қандай да бір жетістікке жетсем, артымда анам Балжан мен жұбайым Ермек тұрғаны белгілі. Оларсыз мен ештеңеге де қол жеткізе алмас едім. Менің осы дәрежеге жеткенімде жұбайым Ермектің еңбегі ұшан-теңіз. Өмір болғасын пенденің басына әртүрлі сынақтар, қиындықтар түседі. Сол қиындықтарда, сынақтарда бір біріңе демеу болмасаң, тірек болмасаң бола ма?! Өмір жолында кездескен талай сынақтардан бір-бірімізге сүйеу болып, қамқор болып өтіп келе жатырмыз. Бұл өмірдегі басты жетістігім деп ауыз толтыра айтатыным, тәрбиелі, білімді балалар өсіргенім, олардың ел пайдасына жарап жүргені деп айтар едім.
      Ермек қазақтың батырлар жырларын жатқа айтатын, қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жетік білетін жан, қолы шебер, ісмер, құрақ көрпе, басқа да әртүрлі қолөнер туындыларын жасаудың шебері, кілем тоқитын да, тым жақсы ән салатын да өнері бар, шешен сөйлейді.
      Қуанышты да, қиыншылықты да бірге көріп, өмірдің сан тарау соқпақты жолдарымен бірге қол ұстасып келеміз. Сағыз ауылында шаңырақ көтергенмен, жұмыс бабына орай 1977 жылдың мамыр айында Ералиев кентіне көшіп келдік. Балаларымыздың барлығы да осы Ералиевте, теңіз жағасындағы құтты мекенде өмірге келді. 
      Үлкен ұлым Азамат–Ш.Есенов атындағы Ақтау политехникалық институтының мұнай факультетін мұнайшы мамандығы бойынша бітірген, жоғары дәрежелі мұнайшы инженер. Еңбек жолын КЭ «МНГР» мекемесінен бастап, шетелдік Шлюмберже компаниясында да біраз тәжірибе жинақтап, соңынан Вазерфорд компаниясында жұмысын жалғастыруда. Жетекші маман. Мамандығы бойынша дәрежесін, кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін Американың бірнеше штатында Техас, Оклахома, бірнеше рет, Канадада, Шотландияда, Норвегияда, Францияда (Парижде), Біріккен Араб Әмірлігінде (Дубайда) білімін жетілдіріп, оқып, тәжірибеден өткен. Мұнай ұңғымаларындағы болатын күрделі жұмыстар жөніндегі маман. Отбасылы, жары Гөзел елде болғанда мұнай саласына сервистік қызмет көрсету мекемесінде есепші болды, балалары: Саят, Диас, Таймас, Сафия, Ақсәуле, Қайсар. Қазіргі кезде отбасымен Дубайда тұрады. 
      Қызым Ақмаржан – жоғары санатты медицина саласының маманы. Осы салада еңбек етуде. Тұрмыста, жары Ерболов Сәрсен АмантұрлыұлыТШО-да менеджер, балалары: Нұрасхан, Зерде, Әлихан. Астанада тұрады.
      Қызым Ақмарал – Ақтаудың экономикалық лицейін жақсы аяқтап, Санкт-Петербургтің инженерлік-экономикалық институтында өндіріс экономикасының менеджері мамандығы бойынша білім алып, инженер-экономист мамандығын алған. Мұнайшыларға қызмет көрсететін мекемеде Бас директордың қаржы, экономика саласы бойынша орынбасары, қаржы директоры. Әмина есімді қызы бар. Ақтауда тұрады.
      Кенже ұлым Саламат – Маңғыстау политехникалық колледжінің мұнай өндіру саласы мамандығын дайындайтын бөліміндегі оқуын қызыл дипломмен аяқтап, Ақтаудың Ш.Есенов атындағы политехникалық институтының мұнай факультетін үздік аяқтап, осы оқу орнының магистратурасын да жақсы тәмамдап, ғылым магистранты дәрежесіне ие. Шетелдік Шлюмберже компаниясында еңбек жолын бастап, қазір Халибертон компаниясында жұмысын жалғастыруда, мұнай ұңғымаларына геофизикалық қызмет көрсетумен айналысады. Францияда білімін жетілдіріп, өндірістік әдістемеден өтті. Отбасылы, жары Жәнияның мамандығы экономист, балалары: Ақторғын, Айбике. Ақтауда бізбен бірге тұрады, қара шаңырақтың иесі.»
      Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп білмей айтпайды ғой, сол айтқандай бала отбасында не көрсе сол бағытта өседі. Шүкіршілік, «Алма алма ағашынан алысқа кетпейді» дегендей көрінген балалары, немере-жиен деген «жамандары» ойларынан шыққандай, берген тәлім-тәрбие зая кетпеген тәрізді. Қазіргі кезде соларды қызықтап отырған жайы бар.
      Бисенбай Бисенғалиев қасиетті Маңғыстау топырағында, 360 әулиелі, Пір Бекет мәңгілік тыныс тапқан өлкеде жапырағы жайылып, өркені өскенін мақтан етеді.
      Сіздердің назарларыңызға бақытты отбасының отанасы Ермек Мұқаш қызының 2001 жылы сүйікті жары Бисенбайдың 50 жасына сыйлық жасап жарық көрген «Іңкәр жүрек» атты жыр жинағынан бірнеше өлеңін ұсынып отырмыз.

МАҢҒЫСТАУЫМ

Бауыр басқан жасымнан
Маңқыстау – мекен-тұрағым,
Өзіңде ана атанып,
Желкілдеп өсті құрағым.
Маңқыстау жайлы толғансам
Толқымай қалай тұрармын?
Тілім жетсе толғар ем,
Ағызып жырдың бұлағын.
Сүйінқара – нағашым,
Сыйынып медет сұрадым.
Маңқыстауым киелі
Әулиелер тұрағы,
Өзіңді қолдап жан-жақтан
Иықтасып тұрады.
Адайдан шыққан Пір Бекет,
Шоқтығы биік ұланың.
Қорғады сені батырлар
Шашақты найза, ту алып,
Қол бастады сыйынып,
«Пір Бекет» болып ұраны.
Азаттық үшін мерт болды,
Өзіңнен туған мың алып.
Шайырлар өтті шаңдатып,
Өлеңнің мініп пырағын.
Көмейінен төгілген
Түйдектеліп жыр-ағын.
Қос ішектен күй төгіп
Бабалар өтті марғасқа,
Таусылмас мөлдір бұлағы...
Соңын ала солардың
Әбіштей туды бір алып.
Қараңғыда адассаң,
Қолға ұстаған шырағың.
Шайырлар салған ізбенен
Светқали, Сабырлар
Арнады жырдың шұрайын.
Маңқыстауым жатасың
Ішіңді тартып, мұңайып...
Иігенде қолтықтан
Атқылап байлық – мұнайың,
Қара алтынның атымен
Сыртқа шықты шырайың.
Несібесін ұрпақтың
Сақтасын тілден құдайым!
Кер маралдай керілген
Маңқыстауым – тұрағым!!!

СЕНІҢ АНАҢ

Қызым, “анаң қандай жан?” – деп сұраса,
Бойы бар де, ортадан сәл аласа.
Еш газетке бермесе де жүгіріп
Арманы оның жыр жазу де тамаша.
Мақтануды ұнатпас де, тым аса,
Көп адамға бермейді де сыр аша,
Қолы тисе таусылмайтын тірліктен
Жырларымен сырласты де оңаша.
Қонақ келсе қалады де бір жасап,
Өлең оқып береді де, тыңдаса.
Тойға кетсе, топырлатып достарын
Үйге сүйреп келеді де, таң ата.
Қас болды де өтірікке жаны тым,
Түсуге отқа әзір дерсің, жары үшін.
Бәрін біліп тұрса дағы ішінен
Билік айтып көрмеді де жарысып.
Жаралды де, жаны оның бала үшін,
Тәрбиеге жұмсады де бар күшін.
Бірақ, хабар келсе төркін жұртынан
Жинап бірден тастайтын де бар ісін.
Кілем тоқып, көздің майын тауысып,
Іс тікті де, саусақтары майысып.
Өмірінде көтермепті дегейсің
Ауыр затты қабырғасы қайысып.
Анам менің тазалықты сүйді де,
Мен өскен соң жинамады үйді де.
«Үйренгенің саған жақсы, ал маған
Күлетін де, пайдаң сенің тиді» - деп.
Жаны анамның жаңалыққа үйір де,
Ал тағамы үйірер де тіліңді.
Бойы аласа, бірақ ойы биікте
Деші, жаны тек жаралған сүюге!!!

ТУҒАН КҮНІҢЕ

Танысып жиырма жаста жалындаған,
Көңілім қарындастық ауды саған.
Ардақты аға тұтып жүргенімде,
Қолыңды жар болуға создың маған!

Жетелеп жастық жігер, арман-асу,
Келіп ек Маңқыстауға қол ұстасып.
Өтіпті содан бері жиырма төрт жыл,
Уақыт шіркін, кірпіктей жұмған – ашып.

Тойыңды тойлар кезде жарты ғасыр,
Өткенді есіме алдым алыс-жақын.
Хасан, Қуан, Ғизаттай ағалардың,
Сен жүрсің шәкірті боп, ізін басып.

Жасыңнан еңбек еттің, болмай масыл,
Жек көрдің әсірені қызыл-жасыл.
Тапжылмай бір орында отыз жылдай,
Атқардың қиын істі ұжымдасып.

Тыным таппай қазбалап жердің астын,
Көбіне далада өтті жалын жастық.
Еленіп адал еңбек ел алдында,
Кеудеңе медаль менен орден тақтың!
Десе де елдің бәрі“Бәкең - жақсы”,
Өртеніп, отқа түсер дызылдақсың.
Ақтығың, ар алдында адалдығың,
Осындай кемшіліктің бәрін жапты.

Ойнайтын бір құрдасың жаман қатты,
Сұрап ед бір жиында қалжыңдасып:
«Бәкеңнің күйіп – піскен мінезіне,
Төрт бала, күйіп кетпей қалай таптың?»

Еңселі құтты болсын елу жасың,
Көңілің ортаймасын, шарықтасын.
Құт мекен қасиетті Маңқыстауда,
Тигізсін әулиелер шарапатын!

Сыйласып бір адамдай тату-тәтті,
Төрт перзент тәрбиелеп, бағып-қақтық.
Білмеймін, жеттім бе әлде жетпедім бе,
Бағаңа ел сыйлаған - азаматтық?!!

Балалар адам болып парасатты,
Қызығын бір көруге Алла жазсын.
Бесінші бөбегімдей өлеңіме,
Бірақ, сен, еш уақытта болма қарсы!!!

      Бисенғалиев Бисенбайдың жастық шағы, жеткен жетістіктері мен естелігі туралы замандасы Тәжіғали Бекқалиұлының Республикалық «Төртінші билік» газетінде жарық көрген «Сағыз қайда, Жем қайда...» жазбасынан үзінді берсек:
      «-Бисенбай Бисенғалиевпен танысқаныма да ширек ғасырдан асып барады екен. Құда-жекжаттығымыз да бар. Анда-санда кездескенде аңқылдап тұрады, сырқаттанып қалғанға дейін көпшілікті үйіріп әкететін қасиеті де жоқ емес еді. Өндірістің маманы болмасам да, жақсы басшы дегенді әр жерде еститінмін. «Еңкейгенге еңкейгін – әкеңнен қалған құл емес, Шалқайғанға шалқайғын – пайғамбардың ұлы емес» деген принциппен жүретінін де сезетіндеймін.
      Ерен еңбекпен есейген, елін, туған жерін емірене сүйе білген, қазақ поэзиясының ақсұңқарларының бірі Темірхан Медетбекше айтсақ: «еліне таулардың жасындай өмір беруді, ата-бабалардың аңсап өткен арман-шерін, сертінен таймайтын сенім беруді, айбынымыздың асып тұруын, бірлігіміздің шаңырақ көтеріп тұрған уықтай болуын, сыйластығымыздың бетін жел сипамаған тұнықтай болуын» итілеп жүрген абзал азамат туралы өз түйсігімді өзгелерге де жеткізсем деп едім.
      Сол бір Бисенбай қатты сырқаттанып, ауру азабын тартып жүргенде оның жұмыстасы, көңілі жақын жолдасы, ақындығы мен сазгерлігі қатар дамыған Жайшылық Төребаев төмендегідей тілек айтқан екен:
      Жасымыз бірталай да жерге келді,
      Қиындық ден сау болмай, ерте келді.
      Бисеке, ер көңілді жігітсің ғой,
      Мұқалма, көңілге алма көлденеңді,
      Бисенбай, желдей естің, сөзбен, іспен,
      Замандас ортасында ерен күшпен.
      Жұмысты жүруші едің бұрқыратып,
      Теңеме сол кездерді көрген түспен.
      Əлі де ағытылып, аққан судай,
      Сөйлерсің көп ішінде жағың тынбай.
      Оқы да өлеңімді, жазылып кет,
      Жар болып, жарылқасын, патша Құдай!
      Біздер де осы ақ тілекке шын ниетпен қосыламыз»
- деп аяқтайды, замандасы жүрек түкпірінен сағыныш пен сыр болып төгілген жазбасының нүктесін қойып.
      Бүгінгі кең көлемді мақаламызға арқау болған Бисенғалиев Бисенбай бүгінде қарапайымдылығымен, адамгершілігімен көпке үлгі. Жастайынан еңбекқорлығымен ауылдастарының шынайы құрметіне бөленген азамат. Жақсының аты жария болатыны рас қой. 
      Кейіпкерімізге Алланың берген баға жетпес байлығы – бала-шаға, немерелерінің қуанышы мен қызығына, қылығына көз қуантып, көңіл шалқытқан шуақты шаңырақтарының шаттығында шалқысын дегіміз келеді.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...
6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...