Искаков Болат Ысқақұлы, Набиева Күләш Аманғажықызы

Рейтинг:


Өнегелі әулет

      Искаков Болат Ысқақұлы 1940 жылы тамыз айының алғашқы күнінде Семей облысының Ақсуат ауданы Жаңа Тілек колхозының Көк Түбек ауылдық округінде дүниеге келген. Оның ата-анасы туған топырақтың төл перзенттері, халыққа адал қызмет еткен, елге қадірлі жандар еді.
      Әкесі Мұқатжанов Мырзағали Омбыдағы Кадет корпусында білім алған, көкірегі ояу, білімі терең азамат болған. Ақсуат ауданының Көк Түбек ауылдық кеңесінде басқарма басшысы қызметін атқарып, кейін партияның шешімімен жаңадан құрылған «Құрал» колхозының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Алайда сұрапыл соғыс басталғанда, 1942 жылы маусым айында ел қорғау парызын өтеу үшін майданға аттанып, туған жеріне қайта оралмады.
      Мырзағали төрт ағайынды болатын. Мұқатжанов Ысқақ, Мұқатжанов Қисағали, Мұқатжанов Мырқағали және Мұқатжанов Айтқали – барлығы да Ұлы Отан соғысында елі мен жерін қорғау жолында құрбан болған жандар. Болат Ысқақұлы әкесінің ағасы Мұқатжанов Ысқақтың қамқорлығында өсіп, оны әке деп таныды. Ал оны мейіріміне бөлеген аяулы анасы Мұқатжанова Зейнеп – ел басқарған, партия қызметінде абыройлы еңбек еткен қайраткер тұлға еді. Соғыс жылдарында «Жаңа Тілек» колхозының басқарма бастығы болып, 1947-1951 жылдары «Қызыл Жұлдыз» колхозын басқарды. Оның табандылығы мен ерен еңбегі айналасына жігер сыйлап, көптеген жанға өнегеге айналды.
      Болат Ысқақұлының балалық шағы туған ауылында өтті. 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1951 жылы бастауыш мектепті аяқтады. Сол жылы аудандағы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, 36 ауылдан 9 ірі ұжым құрылды. Анасы «Калинин» атындағы іріленген ұжымның ферма меңгерушісі болып тағайындалып, отбасымен «Киров» бөлімшесіне қоныс аударды.
      Орта білімді 1951-1954 жылдары «Жаңа Жол» жетіжылдық мектебінде, ал 1954-1957 жылдары Ақсуат орта мектебінде жалғастырды. 1956 жылы анасы Мұқатжанова Зейнеп ауыр науқастанып дүниеден озды. Анасының мейірімі мен тағылымды тәрбиесі Болат Ысқақұлының өмірлік шамшырағы болып жадында мәңгі қалды.
      1957 жылы Алматыдағы Зооветеринарлық институтқа оқуға түсіп, 1962 жылы оны үздік аяқтады. Жоғары білім алған соң, 1962 жылдан 1965 жылға дейін Жамбыл облысының Шу ауданы Далақайнар совхозында бас зоотехник болып қызмет атқарды. Осы жылдары коммунистік партия қатарына қабылданды. 
      Ысқақов Болаттың жастық шағы қайрат пен жігерге, мақсат пен талпынысқа толы кезең еді. Ол жастайынан алғырлығы мен еңбекқорлығын серік етіп, әр ісіне жауапкершілікпен қарады. Осы қасиетін жоғары бағалаған партия арнайы жолдамамен жас жігітті 1965-1985 жылдар аралығында ішкі істер министрлігінің мемлекеттік қызметіне тағайындады. 
      Өмірдің әр белесін табандылықпен еңсеріп, «Ерінбей еңбек еткеннің еңсесі биік» деген ұстаныммен алға ұмтылған Болат Ысқақұлы кейін тағы да партияның ұйғарымымен совхоз басқармасында 13 жыл қызмет атқарды. 1985-1997 жылдары Семей облысының Таскескен ауданы Қарақол ауылындағы Бекембай Абжанов атындағы асыл тұқымды қой совхозында директордың өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Тумысынан өр мінезі мен қайсар рухы оны үлкен жетістіктерге бастап, өз ортасында сыйлы азамат болған.
      Болат Ысқақұлы қазір зейнеткерлік демалыста болғанымен, қоғам өміріне белсенді араласады. Ардагерлер алқасының төрағасы ретінде ел дамуына өз үлесін қосуда. Үржар және Мақаншы аудандарының құрметті азаматы төсбелгілерінің иегері. Сонымен қатар «Абырой» медалімен, Тың игерудің 10 жылдығы және Лениннің 100 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
      Болат Ысқақұлының өмірлік серігі, тағдырдың ең үлкен сыйы – Набиева Күләш Аманғажықызы. Ол 1944 жылы дүниеге келген. 
      Әкесі – Набиев Аманғажы, халқына адал қызмет еткен, білім беру саласында ұзақ жылдар тер төккен ардақты ұстаз. Өмірінің көп бөлігін советтік жүйеде қызмет етуге арнап, мектеп басқарған, шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңірген жан. 
      Ал асыл анасы – Набиева Ұлжан Бекқожақызы. Ол да ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болып, талай баланың жүрегіне жылу ұялатқан аяулы жан.
      Осындай парасатты әке мен мейірімді ананың тәрбиесін көрген Күләш Аманғажықызының өмір жолы – білім мен өнерге деген адалдықтың, еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. 
      1951-1961 жылдары Ақсуат орта мектебінде білім алып, он жылдықты үздік тәмамдады. Білімге деген құштарлығы мен кітапқа деген сүйіспеншілігі оны еңбек жолын «Жаңа Жол» сегіз жылдық мектебінің кітапханашысы қызметінен бастауға жетеледі.
      1963 жылы оның бойындағы өнерге деген таланты мен ерекше қабілеті бағаланып, Ақсуат аудандық халық театрына қызметке шақырылды. Сахна әлеміне деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық шабыт оны өнердің биік шыңына жетелеп, мәдениет саласында өзіндік із қалдыруға мүмкіндік берді. Күләш – асылдың сынығы, өнері мен сұлулығы жарасқан ерекше жан. Бойына біткен талантымен, дарынымен күллі ауданды өзіне қаратып, сахна төрінде жарқыраған жұлдыз болды. Ақсуат аудандық халық театрының белді мүшесі ретінде «Қыз Жібек» спектаклінде басты рөлді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Оның мөлдіреген жанары, тұнық күлкісі, әсем дауысы мен сахнадағы әр қимылы көрермен жүрегіне жол тауып, ерекше әсер қалдырған.
      Күләш өнердің тек сахна төрінде ғана емес, тұрмыстың әр қырында да шеберлігімен дараланған жан еді. «Шебердің қолы алтын» демекші, оның қолынан шыққан әрбір дүние көздің жауын алатын. Киім тігу, ою ойып, көрпе құрау, тоқыма тоқу – бәріне де ерекше талғаммен, зор ықыласпен қарайтын. Шеберлігімен бір ауылды тамсандырған оның қолөнер туындылары шаңырақтың сәніне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалды. «Он саусағынан өнер тамған» деген теңеу дәл осы жанға арналса керек. 
      Күләш бір әулеттің ерке қызы болып өссе де, тұрмысқа шыққан соң отбасының берекесі мен ұйытқысына айналды. Жан жылуын аямаған асыл жар, ардақты ана болып, шаңырақтың шырағын жақты. Оның мейірімі мен ақылдылығы шаңыраққа шаттық сыйлап, босағасының берік болуына себепкер болды. Болат Ысқақұлы үшін асыл жарының орны бөлек, құрметі шексіз өйткені ол – сенімді серік, шаңырақтың алтын діңгегі.
      Жан жары екеуі екі қыз өсіріп, тәрбиелеп, қанат қақтырды. Шынар және Венера есімді қыздары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдап, жоғары білімді, жоғары санатты мұғалім атанды. Қазіргі уақытта Үржар ауданында қызмет атқаруда. Екі қызы да отбасылы, немерелері бар.
      Болат Ысқақұлы үшін өмірдің мәні – адал еңбек, отбасы және Отанға қызмет ету. Осы жолда маңдай терін төгіп, қажыр-қайратын жұмсады. «Еңбегі жанғанның – тынысы кең» деген халық даналығы оның өмірлік ұстанымы болды. Елге қызмет етуді жүрек қалауымен таңдаған жан ретінде өткен жолына көз жүгіртіп, өзін бақытты адам санайды. Алла берген ғұмырды мәнді де мағыналы өткізіп, келер ұрпаққа өнеге қалдыру – оның өмірлік мұраты.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 июня 2025 22:49
эльфрида пеэп
               Дорогой доктор! Пишу Вам от имени вашей пациентки Эльфриды Пеэп, которую Вы оперировали...
19 июня 2025 21:47
Колбик юрий
Харон привет если это ты ,то должен меня помнить,,колбик юрий старшина 4 роты в/ч 52557 ,,,85-87 Красноярск т...
25 мая 2025 00:32
Гулзада
Очень хороший человечный доктор. Человек с добрый душой 🌹 ...