Жұмалиев Алпамыш

Рейтинг:

Қарақия ауданының Құрметті Азаматы, Маңғыстау облысы, Бостан ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы

Айбыны Алатаудан да биік ақсақал

      Түрлі мамандықтар, түрлі кәсіпорындар болса да, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қарапайым қатардағы жұмысшылардың құқығын қорғайтын ол – кәсіподақ саласы. Кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп. Еліміз еркіндік алып, қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түсуде. Оған себеп, сонау тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек қана кәсіподақ қалғаны белгілі. 
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, атқару комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып, саналы ғұмырының бір бөлігін осы кәсіподақ саласында өткізген Қарақия ауданының «Құрметті Азаматы» Жұмалиев Алпамыш Даумшарович. 
      Алпамыш 1937 жылдың 10 шілдесінде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ақтөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Әкесі Даумшаров Жұмалы (1903-1966 ж.ж.) Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Түркпенбайқызы Балажан (1913-2009 ж.ж.) дүниеге 6 перзент әкеліп, өсіріп, тәрбиелеген алтын құрсақты ана.
      Балалық шағы сонау бір көңілге қаяу түсіретін соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де, білім алу жағынан аяғын кем тартпаған ол 1944 жылы Ауылдық кеңестегі мектептің табалдырығын аттады. Мектеп қабырғасында жүріп, түрлі үйірмелерге қатысып, білім нәрімен сусындады. 
      1954 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп шыққан соң, Алпамыш Даумшарович Красноводск қаласындағы техникалық училищеде «Токарь» мамандығын игеріп шыққан соң, 1956-1959 жылдары Кеңес Әскер сапында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Қолынан іс келетін, ісінде тиянақтылық пен жауапкершілік нәтижесі бар жас үшін жұмысқа тұру қиын бола қоймады. Алғашқы еңбек жолы 1960 жылы Маңғыстау ауданы Ленин атындағы колхозда токарь болумен басталды. 
      1972-1982 жылдары Маңғыстау ауданы, Ақтөбе ауылдық Кеңес атқару комитетінің хатшысы қызметіне көтерілген Алпамыш Даумшарович білімін одан әрі жоғарылатып, біліктілігін арттыру мақсатында Нүкіс қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында білім алып, «Техник-механик» мамандығын алып шығады. 
      Қолы тиген қандай іске де жан бітіріп жүретін Жұмалиев Алпамыш 1982-1987 жылдары Қарақия ауданы, Қарақұдық ауылдық кеңшарында Бас Инженер қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп, өзінің қолынан іс келетіндігін, қарым-қабілетінің жоғары екенін дәлелдей білді. 
      Белсенділігімен ерекшеленген жас маман 1987 жылы Қарақұдық ауылдық кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері - өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Олардың белсенді өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш қуаттары отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 
      Қарақұдық совхозында Бас инженер болған жылдары үш рет облыстық семинар өткізілді, ауыл шаруашылық техникасының сақталуы, мал азығын қалдықсыз пайдалану және өндіріске жаңалық енгізу туралы семинар өткізілді. Зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық негізде төмендегідей жұмыстар атқарылды: - Алғашқы ауыл ардагері Жақауов Еркебайдың ескерткіші амбулаториялық емхана ішіне қойылды; - Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш қойылды; - Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза болғандар тізімін енгізілді; - Ұлы Отан соғысына қатынасып оралмағандарға тағзым ескерткіші орнатылды. 
      Ел ішінде газдандыру және жеке үйлерге су тарту жұмыстарына тікелей араласып отырды. Соның нәтижесінде ауыл толық газ және су линиясымен қамтылған. Ауыл орталығындағы саябаққа ұлттық көрініс берілді: домбыра, сандық, асық, бесіктердің көріністері жасалынып, қойылды. Осы саябаққа сахна есебінде ағаш үйдің көрінісі жасалды.
      Кәсіподақ ұйымы – тұрақтылық пен еңбек қауіпсіздігінің кепілі ретінде, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде өз қызметтерін атқарып келеді. Елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әлеуметтік белсенділігінің берекелі істерге бастауы алдында, салалық кәсіподақ мамандарының атқарып отырған еңбегі ауқымды. Осы мақсатта өзі басшылық ететін ұйымның жұмысын ілгерілетіп, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы үшін заңда көрсетілген барлық жеңілдіктер мен көмек түрлерін алуды және еңбек заңдылығын сақталуын қадағалап келеді. Жұмыс барысында туындаған келіспеушіліктерде әр адаммен жеке жұмыс жасап, заң бойынша көмек беріп, екі жақты бітірістіріп, атқарылып жатқан жұмыстың да берекесін кіргізіп келе жатыр.
      Міне, осындай еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін еңбек қоғамын құруға ықпал ете білген, еліміздің кәсіподақтары ұйымының белді мүшесі, бүгінгі таңдағы зейнеткер Жұмалиев Алпамыш жұмыс барысында түрлі дау-дамайларды шешуде, алғырлық, білгірлік пен сабырлылық, даналық танытты.
      Ғасырлар тоғысында аунап түскен нарықтық қоғамнан, қай маманнан да заман талабына сай сауатты болуды, жаңарған технологияны меңгеруді, үнемі ізденіс пен тынбас еңбекті, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болуды талап етеді. Бұл жағынан келгенде біздің кейіпкеріміздің жолы болды десек те болады. Кейіпкеріміз өзі жұмыс істеп отырған саласының жан-жақты маманы, ұжымымен тіл табысып, қойған міндеттерін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы ретінде өзін таныта білумен қатар, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызмет барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін сан мәрте ісімен дәлелдеді.
      «Жер өз білігінде жақсы адамдардың арқасында айналып келеді» деген сөзді құлағым шалған сайын саналы ғұмырын ізгілік жолына сарп етіп, жақсымын деп жар салмай, жалғыздың жанына желеу, зәруге қол ұшын берген жомарт, том кітаптың парақтарына түспесе де, кейінгі буынның, жас ұрпақтың есінде есімі жиі аталып, құрмет төріне көтеріле білген адамдарды көргенде кеудеңді ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Олар жасағанын айтып жар салмады, қайта қамыққан көңілге демеу болып, өзіне тапсырылған міндеттер мен жауапкершілік жүгін мойнымен көтере білді.
      1997 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан соң да Алпамыш Даумшарович қарап отырмады, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, 2007 жылдан бері Бостан ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Кейіпкеріміз Жұмалиев Алпамыш – 2016 жылы шыққан "Оқып ойға түйгенім" атты тарихи дерек жиғанының авторы.
      Дария кеуде, тау мүсін, қазыналы қарттардың басын қосып, олардың еңбегі мен өнегелі өмірін кейінгі жастарға үлгі етіп, өскелең ұрпақты ізгілікке, өнегелікке, адамдық пен адалдыққа үндеп келе жатқан Алпамыш Жұмалиев еңбек еткен жылдары түрлі жетістікке қол жетікізіп, адал атқарған еңбегінің арқасында түрлі деңгейдегі марапат көкжиегінен көріне білді. 
      Атап айтар болсақ:
  •       Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткені үшін «Тыл ардагері» медалі;
  •       1971 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі;
  •       2007 жылы Халық батыры Ер Қосайдың 500 жылдығына арналған мерекелік медалі;
  •       2011 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі;
  •       2013 жылы "Қарақия ауданына 40 жыл" мекерелік медалі; 
  •       2014 жылы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының 50 жылдығына орай Ерен еңбегі мен компанияның дамуына қосқан үлесі үшін берілген мерекелік медалі;
  •       2017 жылы С.Қосайұлы атындағы Қордың шешімі негізінде ел бірлігі мен ата-баба дәстүрін сақтау, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін батыр, би, әулие Сүйіндік Қосайұлы атындағы төсбелгісі;
  •       2019 жылы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының 55 жылдығына орай Ерен еңбегі мен компанияның дамуына қосқан үлесі үшін берілген мерекелік медалі;
  •       2020 жылы "Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл" мерекелік медалі;
  •       2021 жылы «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі;
  •       «Маңғыстау облысына 35 жыл» мерекелік медалі;
  •       Қарақия ауданының «Құрметті азаматы» төсбелгісі;
  •       Қазақстан Республикасы Ардегерлер Кеңесінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары;
  •       Маңғыстау облысы Ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары.
      Алпамыш Жұмалиевтің өз отбасы туралы айтқан өз сөзіне кезек берсек:
      «-Жұбайым Бозбанова Тойған екеуміз 4 ер бала, 3 қыз баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Олардың барлығы да бөлек үйлі болды. Балаларымнан 22 немере, 3 шөберем бар. Балаларымның барлығы да қызмет жасайды: Сүйіндік – Мұнай саласында оператор, Али –       Мұнай саласында дәнекерлеуші, Мәди – мектепте ұстаздық қызметінде, Нұрлан – Мұнай саласында автокөлік жүргізушісі, Клара – Бухгалтер, қазіргі кезде зейнеткерлікте, Құралай – Астана қаласында дәрігер, Бану – мектепте мұғалім. Қазіргі таңда жұбайым екеуміз кіші балам Нұрлан мен Салтанат келіннің қолында тұрамыз».
      Бәйтерек тамырымен мықты болатыны секілді, бүгінгі өскелең жас ұрпақ та алдыңғы аға буын өкілдерінің өнегесімен, үлгі істерімен, таразыға салсаң да өлмеші болмайтын қариялық ақылымен мықты болады. Арбаның алдыңғы дөңгелегі жүрген ізді, артқы дөңгелегі де басатына секілді, алдымызда осындай жасап кеткен істері бірнеше кітапқа сұранып тұрған, балалығын соғыс ұрласа да, еңбекті тірек етіп, еліне қызмет ете білген Жұмалиев Алпамыштай азаматы бар елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.
      Ақсақалдық айбыны Алатаудан да биік Жұмалиев Алпамыш Даумшаровичтің деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

8 ноября 2026 17:05
Стецова Виталина Витальевна
Дедушка, спасибо за большую работу и за большие возможности для детей! Спасибо за воспитание, и за лучшее детство!  Мы...
18 октября 2026 10:18
Зинаида
Сара Жаманбайқызы! Сіздей өнерді жүрегімен сүйіп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген жанның еңбегі қашанда бағалы....
14 октября 2026 19:09
Алёна
Самый лучший врач в городе Шымкент...