Байбуров Қанат Төлегенұлы

Рейтинг:

Өмірге құштар еңбекқор жан

      Уақыт бәріне таразы. Кімнің кім екенін, артында қандай өнегесі қалғанын саралап беретін нағыз безбен. Өмір болғандықтан әркімнің өмірі әрқилы өрбиді. Біреуі ғұмырын мазмұнды өрбітуге мән беріп, мына жарық дүниенің дидарында ниеттес, тілектес, пікірлес, өзіме болған өзгеге де болсын деген, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақ тілеулі жандарға айналады. Осындай жандардың адами құндылықтары туралы ұлттың бас ақыны хакім Абай өзінің түйдек - түйдек философиялық пікірінің бірінде: «Адамның қасиеті үш - ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деген еді. Қарапайым қасиетімен бүкіл өмірін еңбекпен өткізген Байбуров Қанат Төлегенұлы – осындай қайратты, ақылы дария, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған жан.
      Ол – 1972 жылы қараша айының төртінші жұлдызында Көкшетау облысының Шучинск қаласында қызметкерлердің отбасында дүниеге келген. Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаев жырына қосқан бұл өлке өткен ғасырларда өмір сүрген, Қазақ мемлекетінің құрылуы мен ұлт-азаттық күреске аянбай еңбек еткен тұлғалардың есімдерімен тығыз байланысты. Бұл аймақты ұлы қолбасшы, дипломат, қазақ руларының басын біріктіріп, тұтас елге айналдырған Абылай хан басқарған Орта жүз қазақтары мекендеді. Осы жерде оның ұрпақтары – Қасым - Сұлтан, Кенесары және Наурызбай туып-өскен. Сондай-ақ саяси қайраткер Әбілқайыр Досов  ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор – Есмағамбет Ысмайылов, дәрігер-жазушы – Зейін Шашкин тағы басқалар осы өлкеде туылып, еңбек етті. Қазақ даласына аты мәшһүр дара тұлғалардың туған топырағының тумасы Қанат азамат та исі қазаққа аты шықпаса да адал еңбегімен, өнегелі істерімен өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп келеді. 
      Алғыр бала 1979 жылы бұрынғы Целина темір жолы, Бурабай -Курорты Темір жол станциясындағы №101 орта мектептің (қазір Шучинск қаласының №8 орта мектебі) табалдырығын аттап, ғылым-білімнің шетсіз, шексіз әлеміне сапарын бастаған. Осыған дейін беймәлім болып келген дүниелердің қыр-сырына қанығу үрдісі жас баланың оқу-тоқуға құштарлығын оятып, табиғи зеректігімен пәндерді еркін меңгеріп кетуіне көмектесті. Зейінділігімен ұстаздары тарапынан берілген әрбір ақпаратты құныға жұтып, жадына тоқып отырды. Сабақ үлгерімінің жоғары болуымен қатар қоғамдық, спорттық іс-шараларға белсене араласып, өзінің жан-жақты екенін танытып жүретін. Білім мен тәрбие егіз десек, сол тәрбиенің бір қанаты – баланы жас кезінен бастап еңбекке тарту мәселесі  Кеңес заманында дұрыс жолға қойылғаны мәлім. Сондықтан да мектепте болсын, үйде болсын бала өзіне-өзі қызмет көрсетіп үйренгені дұрыс. Еңбектен еш жамандық көрмейді, қайта өмірге икемді болып өседі деп саналатын. Бұл жағынан да балаң Қанат қатарластарынан қалыспай, үнемі қайнаған еңбектің бел ортасынан табылып жүрді.
      Осылайша, білім кенін қазғылап, еңбекпен шынығып, ұстаздарының жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, мұқияттылық пен тындырымдылыққа дағдылана жүріп, алтын ұя мектебімен де қоштасар күн жетеді. 1989 жылы аталмыш білім мекемесін жақсы бітіреді. Бақыттың кілті – еңбекте екеніне жастайынан көзі жеткен жасөспірім жоғары оқу орнына сырттай түсіп, оған қоса бір кәсіпті игеруге шешім қабылдайды. Сөйтіп, Бурабай шипажайы станциясы локомотив депосының өндірістік комбинатын бітіріп, электровоз машинистінің көмекшісі мамандығына ие болады. Сонымен қатар, сол жылы Қарағанды политехникалық институтына «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1990 жылы оқуын  Ақмола инженерлік-құрылыс институтына ауыстырады. Мектеп қабырғасында жақсы оқығаны, тәртіпке бағына білетіндігі, бастаған ісін орта жолдан бітірмей тастамайтыны, мұқияттылығы мен ынталылығы жоғары оқу бағдарламасынан қиналмай шығуына көп септігін тигізеді. Мұнда да өзінің жан-жақтылығы мен үлгерімі жақсылығын көрсетіп, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігін танытады. Бұл кезең еліміздің өз алдына Тәуелсіздігін алып, дербес шаруашылық жүргізуге талпынған уақыты болатын. Осы қиын да сындарлы сәтте де білім жолынан тайқымай, көздеген мақсатына қарай жылжуын жалғастыра берді. Қайтпас қайсарлығымен ерекшеленетін жас жігіт аталмыш оқу ордасын 1994 жылы жоғары дәрежеде аяқтап, инженер-механик біліктілігін алып шығады. 
      Білім ордасынан шығып, үлкен өмірге қадам басқан жастың алдынан көптеген қиындықтар күтіп тұратыны белгілі. Жастайынан қажырлы еңбекпен шынығып шыңдалған, еңбектің кез-келген түрінен қашпайтын қарапайым жігіт Қанат алғашқы қызмет жолында кездескен ауырпашылықтардың ешбіріне мойымай, адал еңбек ұшпаққа жеткізетініне сенгендіктен ұсынылған жұмыстың бәрін атқаруға дайын еді. Дипломды маманмын, маған лауазымды жұмыс керек деп шіренбестен оқу орнынан жаңа шыққан жас маман 1994 жылы Шучинск жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясында слесарь қызметін атқарады. Тапсырылған міндеттерін уақтылы әрі мұқият орындап, жауапкершілік деңгейінің жоғары екендігін байқатты. Мұндай жауапты маманға кез-келген жұмысты ешбір қорқынышсыз тапсыра беруге болатынына бәрінің көзі жетеді. Тумысынан кішіпейіл жан үлкендерді құрметтеп, құрдастарымен оңай тіл табысқандығының арқасында ұжымдастары арасында құрметке ие болады. Осы орында 1996 жылдың желтоқсанына дейін абыройлы қызмет атқарып, кәсіби қызмет жолындағы тәжірибесін жинақтай түседі.
      1996 жылдың желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақырылып, офицер ретінде қызметін өтеуге кіріседі. Бұл жерде де жауаптылығы мен тәртіптілігі арқылы ерекшеленіп, оған қоса шыныққан шымырлығымен көзге түседі. Көкірек көзі ояу, ширақ мінезді, қара жұмысқа піскен жігіт онда да қатарынан озып, командирлерінің мақтауына ілігіп, қызметін абыройлы өткеруге бар күшін салып жүреді. Әскердегі қызметке төрт жылын жұмсап, абыроймен өткеріп жүрген жігітті тағдырдың дайындаған үлкен сынағы күтіп тұрған болатын. Жұмыр басты пендені алдында қандай қиын өткелдер мен бұралаң жолдар күтіп тұрғаны болжаусыз. Қызметін ойдағыдай атқаруды ғана көздеп жүрген Қанат тағдыр тәлкегіне ұшыраймын деп еш ойламаған. Жазым деген аяқ астынан. 2000 жылдың қазан айында омыртқа жүйесіне қатты зақым келіп, соның салдарынан мүгедектер арбасына таңылады. Сондықтан запастағы офицер ретінде денсаулық жағдайына байланысты запасқа шығарылады. 
      «Тағдыр салды, мен көндім». Бұл – әлсіздің ісі. Ал өмірге құштар, тірлікке мығым адам бетпе-бет келгенде тағдырдың өзі тайқып шығады. Өмірге деген құштарлық оны үнемі биік мақсаттарға жетеледі. Өміріндегі дәл осы сынақ өзі де тумысынан ержүрек, намысшыл да батыл Қанаттың өмірлік көзқарастарының одан әрі беки түсуіне, осыған дейін пендешілікпен дұрыс санаған ойларын өзгертуіне, жалпы ер тұлғалы азамат болып қалыптасуына, ел мақтаған, қыз жақтаған жігітке айналуына қатты әсер етті. Мүмкіндігінің шектелгеніне қарамастан басына түскен ауырлықты қайыспай көтере білді. Өзі де бұрыннан белсенді жан қайғылы оқиғаға мойымастан аймақтың қоғамдық жұмысына екі есе белсене араласа бастайды. Ол сондай ғажап адам, рухы биік жан. Тек алға ғана ұмтылады. Бұл кісі кедергілерді, қиындықтарды мүлде елемейтіндей көрінеді. Оларды аттап өтеді, сосын тек алға ғана жүреді және бұрылған бағытынан таймайды.Өз мақсатына жете білетін адамға өмірдің небір ащы сынақтары да тосқауыл бола алмайды.
      Білімді тал бесіктен жер бесікке дейін іздеу керектігін жадына мықтап түйген азамат тағы бір мамандықты игеруге бел байлайды. Сондықтан, 2004 жылы қазақтың жарқын жұлдызы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Бұл жолғы таңдауы - «Құқықтану» мамандығы еді. 2006 жылы атаған білім мекемесін аяқтап,  «Заңгер» біліктілігіне ие болады.  
      Қазіргі таңда І топ мүгедегі болса да халыққа қызмет етуден жадықпайтын жан «Бурабай аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады. Сонымен бірге, Бурабай ауданы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі бойынша кеңесшісі қызметін қосымша жасап жүр. 20 жыл бойына мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан өзіндей жандардың өміріне шектеусіз үлесін қосып келеді. Мысал келтіре кетсек, «Мейірім - Бурабай» орталығында 10 мүмкіндігі шектеулі балаға әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысып, ол жұмысына ешқашан ақы тілеген де емес. Бұл орталық ерекше балалардың қоғаммен өзара қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Табиғат аясында демалады және иппотерапия қызметі де көрсетіледі. Бос уақыттарында сурет салады, әр түрлі ойындар ойнайды. Мекемедегі әлеуметтік қызметкерлер Қанат Төлегенұлының үлесінің зор екендігіне баса назар аударады. 
      Таңдырдың тосын сынағына мойымаған Қанат ағамыз спорттан да қол үзген емес. Ол арбадағы мүгедектер арасындағы аудандық, облыстық және республикалық спорттық жарыстардың қатысушысы әрі жүлдегері. 2011 жылы Шымкент қаласында өткен ІІІ республикалық параолимпиадалық ойындардың, 2014 жылы Тараз қаласында өткен ІV республикалық параолимпиадалық ойындардың қатысушысы. Спортты дамытуға және жарыстарға қатысқаны үшін Бурабай ауданы әкімінің, мүгедектердің мәдени өміріне қатысқаны үшін «НұрОтан» Халықтық Демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалының, сайлауға белсенді қатысқаны үшін ҚР Президенті К.К.Тоқаевтың «Алғыс Хаттарымен» марапатталған. «Қазақстан мәслихатының 20 жылдығы» мерекелік медалін, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін иеленген. 
      Отбасылы, екі баланы тәрбиелеп, өсірген. 
      Тағдыр теперішіне ұшырап, мүмкіндігінің шектелуіне қарамастан олардың әрбірі басқаларға көмектесуге, қоғам өмірінен шеттемеуге ерік-жігері жете бермейді.  Қанат ағамыз көптеген адамдарға үлгі бола алады. Қайсар азаматтың тұғырынан таймай табысты қызметін жалғастыра беруіне тілекшіміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Кульшат- 2 февраля 2021 20:09
Қанат білімді,адал ,адамгершілігі  мол  азамат. Қолынан келсе көмегін аямайды. Қанатқа тілейтінім зор денсаулық,жақсылық,әрқашан мәртебесі арта берсін. 

Яхуда Ищанов- 2 февраля 2021 20:36
Я знаю Каната Тулегеновича только с положительной стороны. В указанный им период службы в военной службе, я был его командиром. К работе относился как действительно грамотный профессионал. Он заслуживает большего.

Бауыржан- 2 февраля 2021 20:46
 Қанат қарағым тек алға. 

Бауыржан- 2 февраля 2021 20:51
Қанат қарағым тек алға. Мы только гордимся тобой. 

Есимбай- 2 февраля 2021 21:20
Жарайсың Қанат, тек алға!!!

Кудабаева Жанар- 2 февраля 2021 21:20
Керемет омирсуйгиш жан!!! Акылды да, билимди!!!

МЕРГЕН БАЙМАГАМБЕТОВ- 2 февраля 2021 22:08
ЗАМЕЧАТЕЛЬНЫЙ ЧЕЛОВЕК! 

Қайрат- 3 февраля 2021 15:43
Ең жақсы адам, бүкіл кісілер әлемде қанат ағадай болса ғой ,соны армандаймыз.істеріне сәттілік тілеймін.

Болат Н- 3 февраля 2021 17:34
Удачи во всём тебе брат

Канат Байбуров- 12 марта 2021 17:41
Кульшат,
Рахмет

Канат Байбуров- 12 марта 2021 17:43
Яхуда Ищанов,
Служу Республике Казахстан! Рахмет

Последние новости