Әжібеков Темірхан

Рейтинг:
ӨР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ

      Асқар тау алыстаған сайын асқақтайды... Иә, бұл өмірдің өзінен алынған, астарында үлкен мән бар қанатты қағида. Байқап қарасаңыз, ұшар басы көкпен таласқан асқар адам сол таулардан алыстаған сайын асқақтап, толағай тұлғасы зорая түскендей әсер қалдырады. Өмірде сол тау тектес, жаратылысы бөлек, болмысы ерекше жандар болады. Ондай адамдардың есімі уақыт өткен сайын қадірлі бола түседі. Өмірге келмек бар да кетпек бар деген. Уақыт шіркін зымырап тоқтауды білмейді. Көзді ашып жұмғанша балалық бал дәурен шақ та, желкілдеген жастық шақ та, етек-жеңді жиған орта жаста да өте шығады. Адам ғұмыры оның жасаған жасымен, ішкен-жеген, кигенімен емес, оның осынша жасына дейін қандай іс тындырғанымен бағаланады. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» ардақты жандар болады емес пе?! Сондай жандардың бірі – Әжібеков Темірхан.
       Тоқабаев Әжібек (1912-1983) бастауыш сыныптарды ғана бітірген. Соның өзінде ол ел басқарып, ауылының көркеюіне үлесін қосқан қарапайым кісі болған. Оның өмірлік жары болған Ұзаққызы Төлеш (1924-2000) ақылына көркі сай адалдығымен, еңбекқорлығымен келген жеріне сыйлы болып, үй шаруасын тиянақтап, бала күтімімен айналысқан. Сол Әжібек пен Төлештің шаңырағында 1952 жылы 9 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық елді мекенінде дүниеге келген Темірхан әкесі секілді қарапайымдылығымен, анасындай ақыл-парасатымен көпке үлгі болған азамат жайында әңгіме тінін тарқатпақпын. Темірхан – 1959 жылы ауылдағы №124 орта мектептің табалдырығын аттап,оны 1969 жылы үздікке бітіріп шыққан. 1969 жылы Жалағаш ауданындағы кәсіптік-техникалық училищесіне тракторист мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны да үздік аяқтаған. Білімге құштар, ойы ұшқыр Темірхан өте ізденімпаз, жан-жақты болатын. Қандай да бір істі бастамас бұрын қырық рет пішіп, бір рет кесетін, кесек мінезді, жіңішке сөйлеп, ірі шығатын, аса ойшыл, талғампаз, бір беткей, шыншыл, оқымысты болды. Жатса да, тұрса да қолынан ескі кітаптары түспейтін. Әлдебір қолы бос кезін пайдаланып, бала болып ойнап кеткеннен гөрі, кітаптарын парақтап, бір беттен бір бетке ауысқан сайын кітап кейіпкерлеріне жақындай түскендей, олармен жүзбе - жүз кездескендей әсер алатынын айтатын. Сонан соң жанына достарын жиып алып, бейне бір кино көргендей етіп, оқығандарын майын тамыза баяндап отыратын. Кітап оқымайтын достарының өзі оның айтқандарына мән беріп, кейбірі ойындарын ұмытып, кітап оқуға кірісіп кететін. Ауыл тіршілігіне етене араласып, ата-анасына қолғабыс беруді, басқаларға қамқор болуды да ұмыт қалдырмайтын. Сондай елгезек, реті келгенде бәріне де көмектесуге даяр тұратын бала Темірхан парасат-пайымы келіскен азамат болып ер жетті. Ол 1974-1978 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтында «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алып, құрылыс инженері атанды.Туған елі, өзінің халқы үшін маңдай терін төгіп, аянбай еңбек етті. Бойына тәңір дарытқан қуатының арқасында өзіне жүктелген қай міндетті болмасын тыңғылықты атқарып, зор беделге бөленді. 1978-1982 жылдар аралығында «Риссовхозстрой» трестіне қарасты ПМК-27 құрылыс трестінде прораб, учаске бастығы,бас инженер болса, 1983-1984 жылдары Ақарық ауылында ПМК-27 құрылыс тресінің учаске бастығы болып қызмет етті. 1984-1985 жылдары ПМК-17 және ПМК-27 құрылыс тресттері қосылып, сонда бас инженер, учаске бастығы қызметін атқарды.1986-2003 жылдар аралығында Ақарық кеңшарында прораб, өндіріс бригадирі, Ақарық өндірістік кооперативінде директор қызметтерін де абыроймен атқарды.Оның өз табиғатына тән, болмысына сіңген адами қасиеттерінен қол үзбей, қоңыржай тірлігінен айнымай, айналасындағыларға шуақ нұрын шашып, ел дамуына аянбай үлес қосқаны барша ел-жұрттың жадында.        Темірхан 1998-2007 жылдар аралығында халықтың сеніміне ие болып, Жалағаш аудандық мәслихат депутаты болып екі рет сайланды. Ол кез азаматтығы мен қажыр-қайратының сынға түсер сәттері болды. Жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп, қиындыққа еш мойымай, азамат деген атқа шын мәнісіне лайық екенін дәлелдей білді. Темірхан өзінің кемел азамат екенін әр қырынан, сан түрлі қасиеттерімен дәлелдей білген дара болмыс иесі де еді. Оның мейірімге толы жанары баурап алатын. Сол мейірімнің астында бауырмалдық, жанашырлық секілді қасиеттері жататын. Қиналған жанға дем беріп, көмектесуге даяр тұратын ол қаншама жанға қайырымдылық жасап, орнына алғыс арқалап жүретін. Көпшіл, қоғамшыл болғандықтан да оның жанында жақсы мен жайсаңдар да болды. Солардың арасында Темірхан өз қабілетін көрсетіп, адалдық пен адамдықтың ақ жолынан айнымай, орта жолда қалдырып кеткісі келгендердің екпініне төтеп беріп, бар ықылас-зейінін тек ізденіс пен адал қызмет етуге жұмсады. Әріптестерінің ортасында мықты маман болды. Кім-кімді де ұятқа қалдырмауға тырысты. Өзін аға тұтатындарға қорған бола білді. Әлсіздерге демеу көрсетті. Қай мәселеде болмасын істі насырға шаптырмады. Оның бойындағы және бір қасиет алға қойған мақсатына, көздеген межесіне жетпей тынбайтын. Жолда кездесетін түрлі қиындықтарды алдын - ала болжап, оның алдын  алуға ұмтылатын. Бастысы Темірхан өз халқының қадірін жете түсінді, ал, елі Темірханның қадірін білді, құрмет тұтты. Иә, қай жерде де, қандай қызметте де оның есімі ізетпен аталып, жақсы лебіздермен айтылды. Қанша жауапты қызметтер атқарып, қарамағындағыларға ешқашан дөрекілік көрсетіп, өктем сөйлемеген. Қайта оларға ақылшы, қамқоршы болып жүрді. Ешқашан астамшылық пиғыл танытпады. Талай жақсы-жайсаңдармен араласа жүріп, өзі солардан тәжірибе жинақтағанын мақтанышпен айтып отыратын. «Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту керек» - деп, ол ылғи да сол жандардың көрегендігін, қызметтегі тазалығы мен әділдігін, шындық жолын берік ұстанған үлкен қабілет иелері екенін айтып, олар жайлы ылғи да жағымды пікірде болатын. Темірхан өзінің жолында кездескен қиындықтарды ешкімге айтып бұлданбайтын. Ешқашан шен-шекпен, атақ-даңқ дәметпеді, оған сондай қызмет ету тағдырына жазылды. Ол осынысымен ерек, көпке үлгі дер едім. Темірхан 2005-2007 жылдар аралығында «Асар Холдинг ЛТД» ЖШС-нің бас инженері, 2010-2015 жылдар аралығында «Асар» ЖШС-де участке бастығы, 2016 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Шора батыр» мәдени орталығы» қоғамдық қорының Қызылорда облысындағы өкілі қызметтерін абыроймен атқарып, ата-баба тарихын жинастыру, тарихи ескерткіштерді, кесенелерді қайта жөндеуден өткізуге атсалысу және шежіре жазу бағытында көптеген еңбек сіңірді. Айтып отырғанымдай, Темірханның тұла бойына тамаша қасиеттер тоғысқан. Жан мен ар тазалығын жоғары қоятын ол кісілігі мен кішілігі бірдей жарасқан нар тұлғалы азамат. Иә, ол кісінің ала жібін аттамаған, адал еңбегінің жемісімен ғұмыр кешкен, ел-жұртын да адал еңбекке бастаған, береке-бірліктің ұйытқысы бола білген, кең ойлап, кемел пішетін кемеңгер ер дер едім. Ол – өмірге басқаша сөзбен қарайтын. Оның шабыты оянған сәтте қаламына жан бітіп, ақ парақ беті толассыз шежіреге толатын. Әсіресе, түннің бір уағында тыныштықта, ай жарығына қарап отырып, ұзақ ойланатын. Жүрегінде жазылған жақұттарды жазып тынбайынша байыз таппайтын. Ойын аяқтап, соңғы нүктесін қойғанша ас-суға қарамайтын. Мақсаты орындалып, барлығы көңілінен шыққандай болса, балаша шаттанатын. Еңбегінің еш кетпегенін, ерте ме, кеш пе сол дүниелері естелікке айналарын сезетін. Аз да болса өз қолтаңбасын өмірге әкелгеніне, ой-санасының жеткенін шүкіршілік ететін. Иә, Темірхан бар болмысымен адал болды. Сол адалдығының жемісін де көрді. 2012 жылы Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы» атағын алса, Жалағаш ауданы әкімінің «Алғыс Хатымен» бірнеше мәрте марапатталды. Темірханның әр күні марапатқа толы болды десек артық айтпаған болар едім, Себебі, әр күн сайын жан-жағындағыларды қуантуға тырысатын, есесіне алғыс арқалайтын. Темірханның жұбайы – Омарханова Роза Ақарық ауылындағы №124 орта мектебінде 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған, ұлағатты ұстаз. Отасында екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бәріне жақсы білім алып беріп, қанаттандырды. 
       Кімге қанша жыл ғұмыр жазылғаны тек бір Аллаға аян ғой. Сол өлшеулі берілген жасын отбасының берекелі болуына арнап, өмірлерін сәнді де мәнді өткізді. Ағайын-туған, дос-жаранға сыйлы болды. Қызметінде биіктерден көрініп, ұжым мақтанышы атанды.      Балаларының жетістіктерін көріп марқайды. Жарының ыстық ықыласы мен қамқорлығына бөленді. Рас, Темірхан өр тұлғалы азамат еді. Ол аз ғұмырында өзі діттеген кейбір нәрселерге қол жеткізсе, қаншама арман-тілегі ішінде кетті. Алайда, әкенің тәлім-тәрбиесін көріп өскен ұрпағы мен есімін ұзаққа есте ұстар елі бар Темірханның нұрлы бейнесі ұмытылмайды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Марлан- 3 февраля 2021 15:12
Керемет. Барлық жазылған сөзге қосылам. Бәрімізге қамқоршы болып үлгі беріп өтті. Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз және  әрдайым дұғамызда боласыз.

Жулдызай- 3 февраля 2021 15:15
Темирхан ага тек адал жолмен журген, жаны жайсан, елине,  агайын, туыс, бауырларына камкор, копшил адам еди. Аллага да жаксы адам керек, аганын омирден откени жанымызга батты. Жаны жаннатта болсын, иманы саламат болсын

Айткуль- 3 февраля 2021 22:17
Құрметке әбден лайық кісі! Осындай жақсы адамдардың өмірден ерте кетуі өкінішті әрине! Жаны жәннатта болсын  құдамыздың!!  

Құрметке әбден лайық кісі! Осындай жақсы адамдардың өмірден ерте кетуі өкінішті әрине! Жаны жәннатта болсын  құдамыздың!!  

Жарас- 4 февраля 2021 01:34
Сөйлеу мәнері мен ,адалдыгымен,адилдигине тантимин?

Ерлан Алтаев- 4 февраля 2021 03:57
Керемет! Агамыздын енбеги зор. Иманды болсын.

Бопеш- 8 февраля 2021 21:53
Мен жары Розаның бірге оқыған досымын.Темірхан аяулы жар,ардақты әке болумен қатар тамаша дос еді. Ол адамгершілігі лігі мол азамат болатын .Темірхан қамқорлық жасауға әрқашан тұратын.Өз достарымыздың арасында жанға жайлы әзіл қалжыңымен , Розаға деген ыстық ықыласымен ,сыйлас дос ретінде есте қалды.


Последние новости