Үсіпбеков Төрегелді

Рейтинг:

Гиппократ антына адал азамат

      Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты кез-келген адам таңдай бермейді. Расында, ақ халат кию үлкен жауапкершілікті қоса алу деген ұғымды білдіреді. Яғни, қандай да науқас болмасын, қандай жағдай болмасын ақ халатты абзал жан адам өміріне жауапты болады. Сондықтан да, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбей, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, жүйкесі мықты болуы керек. Адам жер бетіндегі тіршілік иесі. Қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалысы әрине - денінің саулығы. Сондықтан да, науқастың жанына шипа беріп, көңіліне үлкен үміт сыйлап, оған екінші өмір сыйлайтын денсаулық сақшысы екенін рас. Дәрігер болу үшін үлкен жүрек, шыдамдылық, білім мен біліктілік, сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанында емдей алатын психолог бола білуі керек. Бастысы мамандығын шексіз сүюінде. Әрдайым ізденісте жүретін, қиындықпен күресе алатын адам ғана шын мәнінде ақ халат киюге лайықты.
      Өр тұлғасында бекзаттық пен тектілік көрініп тұратын Төрегелді Көбесұлының қашанда жүзінен шуақ нұры төгіліп тұрады. Ауруына әлдеқандай шипа іздеген науқас жанның жүрегіне жылу беріп, көңіліне үміт ұялатады. Еңбексүйгіш, адамгершілігі мол азаматтың ағынан сөйлеп, адам емдеуінің өзі бөлек. Әр науқас оның жасаған емі мен жылы сөзінен-ақ жанына дәру тауып кетеді. Бұл салада ең керегі біліктілік, одан да қажеттісі жауапкершілік екенін Төрегелді Көбесұлы кейінгі толқынға айтудан жалыққан емес. «Гиппократ анты барша дәрігер ұстанатын бағдаршам болуы тиіс. Антын бұзғанның жолы болғаны жоқ. Алдыңа келген науқастың тағдыры бір Жаратушының қолында десек те, оның амандығына себепші болатын ең алдымен дәрігер екенін ұмытпауымыз керек. Мұны жас дәрігерлерге үнемі айтамын»,-дейді Төрегелді Көбесұлы. Расында ота үстелінде дәрігерге өз тағдырын сеніп тапсырып, үнсіз жатқан науқастың жалғыз ғана үміті дәрігерде болады ғой. Дәрігер үшін науқастың орнынан тұрып, жанарында өмірге деген құштарлық отының жарқырай түскені маңызды. Дәрігерді бақытты ететін де науқастың айығып кетуінде. 
      Үсіпбеков Төрегелді Көбесұлы – 1937 жылы 22 қыркүйекте Талас ауданы, Тамды ауылында туып, өскен. Мектепті Қаратау қаласында бітірді. 1956-1959 жылдары әскер қатарында болып, Львов қаласында, Житомир қаласында, Украина Республикасында взвод командирінің орынбасары, аға сержант қызметінде әскери міндетін мінсіз атқарған. Әскерден келген соң, Тамды совхозында қойшы болып еңбек етті. 1960 жылы Семей медициналық институтының жалпы медицина бөліміне оқуға түсіп, оны 1966 жылы тәмамдады. Үкіметтің жолдауымен Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылында жалпы профильдік дәрігер қызметіне кіріседі. 1966 жылы Гродеково учаскелік ауруханасының бас дәрігері, жалпы профильдік дәрігері болып тағайындалды. 1968 жылы Алматы қаласында, 1970 жылы Армения Республикасының Ераван қаласында жалпы хирургиядан, 1972 жылы Алматы қаласында травматология-ортопедиядан, 1973 жылы Алматы қаласында Денсаулық сақтау саласының ұйындастырушысы циклдан, 1975 жылы Алматы қаласында жалпы хирургиядан мамандандырудан өткен. 1974 жылы КПСС мүшесі болды. Сол секілді 1981, 1987 жылдары Алматы қаласында жалпы терапия мамандығы бойынша, 2001, 2010 жылы Алматы қаласынан келген көшпелі циклдан мамандандырудан өтті. Жамбыл ауданы Гродиково участкелік ауруханасында 1 тамыз 1966 жылдан 2016 жылға дейін дәрігерлік қызметін атқарды. 
      - Халық таңдауындағы дәрігер болу үшін дәрігерлік мамандықты шын жүректен таңдау керек. Бұл саланы игерген адамның мойынына жүктелер жауапкершілік те соғұрлым ауыр. Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Бірақ екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу тым жеткіліксіз. Оның адам өміріне деген жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер үстіне киген ақ халатына кір келтірмеуі керек. Лажбен жұмыс жасау денсаулық сақтау саласында құпталмайды, кешірілмейді. Дәрігер деген ұғым 24 сағат жұмыс жасау. Оған көбінің төзімі де, сабыры да жете бермейді. Сонан соң бұл салада міндетті түрде сын болады. Бастысы сын нақты болып, сонан жақсы нәтиже шығаратын дәрігер ғана өз орнын сақтап қалады. Мен мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Өз тағдыр жолыма шын разы адаммын,-дейді Төрегелді Көбесұлы. 
      Кім болмасын өз ғұмырында дәрігердің жәрдеміне жүгінетіні рас. Гиппократ антына адалдық танытқан мәртебелі мамандық иелері тіпті жеке уақытын да аямай, науқастың өмірі үшін алаңдап, жол жағдайын таңдамай, ауа-райын елемей, жыл он екі өз көмегін көрсетуге асығады. Төрегелді Көбесұлының тәлімі мен тәжірибесі мол, үнемі ізденісте болып, жаңалыққа құлағын түріп жүретін, жастарға қамқор, өзінің біліктілігімен ортасында да бүкіл аймағына да мақтаулы, алтын қолды дәрігер болды.Өзін ұстаз тұтқан шәкірттерінің алды бүгінде мақтаулы, қолы алтын дәрігерлер қатарында елге адал қызмет етіп жүр.
      Төрегелдінің бойындағы тағы бір асыл қасиеті сүйген жарына, отбасына деген адалдығы, балаларына қамқорлығы. Ширек ғасыр отасқан жары Күлшайдың дүниеден озуы оның жанына қалай батқанын жақын жүрген достары, замандастары жақсы біледі. Ол Күлшайдай жарының көпшіл мінезін айтып жиі еске алады. Түннің қай уағында келсе де Төрегелдіні де жанындағы жолдастарын да қабақ шытпай қарсы алатын-ды. Жақсы мінезбен туылған жарының жарқын қасиеттерін балаларына да, немерелеріне де біле жүрсін деп айтып отырады. Тіршілікте Күлшаймен бірге 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді азаматтар. Екі баласы әке жолын қуып, ақ халатты абзал жан болып, елге қызмет жасап жүр. 
      Төрегелді Көбесұлының адами болмысын айшықтайтын тағы бір қасиеті - жора-жолдастарына деген сезімінің шынайылығы. Саналы ғұмырында еткен тіршілік баянында талай жандармен дәм-тұздас болып, көбісімен ағайын-туыстай араласып, күні бүгінге дейін сіз-бізден ажырамаған жолдастары оның пендешілік пиғылдан ада адам екенін айтады. Кімге де болмасын сезімі пәк, ниеті ақ. Торқалы тойға да, қабырға қайыстырған қайғыға да ортақтаса білетін таным-түсінігі мол азамат. Денсаулық сақтау саласының көптеген «Мақтау Грамотасымен» марапатталған. «СССР Еңбек ардагері», ұзақ мерзімді адал жұмысы үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» арналған медалі, «Жамбыл облысының 30 жылдығына» арналған медалі, медицина саласында үлгілі дәрігер Гипократ медалі және де Жамбыл ауданының «Құрметті ардагер» медалі омырауында жарқырап тұр. Қазіргі таңда Гродеково ауылының Ардагерлер кеңесінің және Қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып отыр.
      Мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандықты абыроймен атқарған ақ халатты абзал азамат қашанда құрметке лайық. Алтын қолды дәрігер деген атты арқалап, күні бүгінге дейін көптің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан ардагердің өмір жолы расымен де көпке үлгі. «Жақсымын деп мақтанба халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» - деген ғой, оның адал атқарған еңбегін ел жоғары бағалады. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости