Макарьин Марат

Рейтинг:
Туристік сала майталманы

      Кісілік – ұсынсаң, қолың жетпейтін өте биік адамгершілік қасиет. Ондай дәрежеде лайықты болып өмір сүру де оңай емес. Жұрт елі үшін, жері үшін еңбек еткен азаматты ғана ардақ тұтады. Жақсы қасиеттерін дәріптеп, атын аңызға айналдырады. Солардың бірі – жас та болса бас болып, туризм саласында елдің атын әлемге жаю жолында тынбай еңбек етіп жүрген, Ресей, ТМД елдері және Шығыс Еуропа елдеріне саяхатшылар үшін тур ұйымдастырушы «TEZ TOUR» халықаралық туристік операторының Қазақстан Республикасындағы ресми өкілі «JANNATOUR» турагенттігінің директоры – Макарьин Марат Хакимович. Адам ісімен жасайды. Алғанымен емес, бергенімен санатқа кіреді. Марат Хакимовичтің әділдігі, ұлтжандылығы, қарапайымдылығы мен ұйымдастырушылық қасиеті әрбір ісінен айқын аңғарылады.«Басында бұлағы бар өзен, ұзаққа ағады», – дейді дана халқымыз. Даралық пен даналық ата-баба рухынан, әке қаны, ана сүтімен дарыған қасиет екенін осы Мараттың бойында көрініс беріп тұрғандығынан байқалады. 
      Ол Ақмола облысы, Атбасар ауданының орталығы Атбасар қалашығындағы қызметкерлер отбасында дүние есігін ашқан. Бала Марат туып - өскен отбасы – адал еңбекпен нан табуға риясыз таза көңілмен берілген, қулық-сұмдықтан ада, аса сауатты жандардың ортасы. Ата-анасы тың игеру үшін осы өңірге жіберілген мамандар еді. Баланың өмірдегі басты идеалы – көз алдында өз ісімен үлгі бола алатын ата-анасы екендігі белгілі. 
      Асылдың сынығындай болған әкесінің жан жары, отбасының ұйытқысын ұйытып, шаңырағына береке кіргізіп, балаларына өнегелі тәлім-тәрбие бере білген анасы Шәріпжамал – аса сауатты жан. Жауапкершілік жүгі өте ауыр мамандықты – есепшілікті жанына серік еткен аяулы анасы қызметін абыроймен атқаруымен қатар отбасының жылуын сақтай білді. Оның әрбір жылы сөздері мен ерекше махаббатын ұмыту мүмкін емес. Бақытты отбасы – тату отбасы. Ол өзара сыйластық пен сүйіспеншілік орын алған отбасы десек, Марат әке-шешесінің арқасында осындай отбасында балалық шақтың бал дәмін алаңсыз татып, күліп-ойнап өсті. Ең бастысы, туылғаннан отбасы оның тек өмір сүру, тіршілік етуіне қажет баспана ғана емес, қамқорлық, туысқандық сезімдер, бірін-бірі жақсы көру, қорғау жағдайлары орын алған жылы ұя болды.
      Атбасарда балабақшаға барған бала Марат алтыға толған кезде ата-анасы Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) қаласына көшіп келеді. Орта мектеп табалдырығын осында аттаған шәкірт білім кенінен сусындай жүріп өзіне беймәлім әлемнің қыр-сырына үңілуді негізгі міндеті санады. Себебі, отбасында білімдінің күні жарық болатындығын үнемі қайталап, мүмкіндікті оңынан пайдалану қажеттігін әке-шешесі құлағына құйып отыратын еді. Тумысынан құймақұлақ зерек шәкірт оқушылық міндетін жеткілікті деңгейде орындап қана қоймай, мектептің қоғамдық өміріне де өз үлесін қосып, белсенділік танытып жүретін. Әрбір тапсырманы өз әлінше мұқият, тындырымды орындап, ыждаһаттылығымен, зейінділігімен ғылым-білімді жадына түйіп алуға тырысатын. Шәкірттік кезеңіндегі бойында қалыптасқан іске ынтамен кірісу, бастаған істі тастамау, өз міндеттерін жауаптылықпен орындау секілді адамдық қасиеттерінен болашақ өмірінде тек жақсылық көргені болмаса, жаман бола қойған жоқ. 
      Осындай ер-азаматтың келешек өмірінің іргетасын нық құруына қажетті қасиеттерді бойына қалыптастыруымен ұстаздарын сүйсіндіріп, ата-анасын марқайта жүріп, өзіне өмірлік азық болар құнды білім қорын жинақтай отырып, алғырлығының арқасында мектепті үздік бітіріп, алтын ұя мектебінен қанат қағып, үлкен өмірге қадам басты. Адам өміріндегі жетістікке жетудің кілті – ілім-білімде екенін бар жан-тәнімен түйсіне білетін балаң жігіт белгілі бір кәсіпті игеру мақсатында Астана Политехникалық колледжіне оқуға түседі. Оқу-білімге ынталы, әрбір ісіне мұқият, алғырлығы жағынан қатарластарынан оза шапқанға дағдыланған бозбала Маратқа колледжде оқу аса қиынға соға қоймады. Жастайынан қалыптасқан әдеті бойынша мұнда да өз белсенділігін байқатып, мақсаты айқын, оған жететін қадамдары нық жас әрбір күннен, әрбір ұстаздан болашақ кәсібіне қажетті тәжірибені бойына жинай берді. Білімі күннен-күнге толығып, кәсіби қызметінде қажетіне жаратар дағдыларға да машықтана түсті. Тумысынан ашық-жарқын, кез-келген адаммен тіл табысып кете беретін жан білім ордасында өткізілетін әрбір іс-шарадан да қалыспай, ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете жүріп, белсенділік танытты. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға бала күнінен дағдыланғандықтан, ұстаздары мен қатарластары алдында ұятқа қалған кезі де болмапты. Осылай өзінің жан-жақтылығымен сүйсінте отырып, аталмыш білім ордасын абыроймен тәмамдап, қызыл диплом иеленіп шығады. Колледжді бітірісімен, жоғары білім алуды көздеп, Астана қаласындағы М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің «Қаржы» факультетіне «Банк ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын да жақсы аяқтап, еңбек жолын бастауға қадам басады. 
      Басқа мамандықтарды оқығанына қарамастан, мүлдем басқа салаға кетуіне ол алғаш рет Тайландқа саяхаттап барғаннан кейін өзінің негізгі мақсаты саяхаттау және басқа адамдардың саяхат жасауына көмектесу екенін толық шешеді. Ол уақытта «Кселл» компаниясында жұмыс істеп жүретін. Онда жұмыс істегеніне бір жыл толғанда, еңбек демалысына шығып, соның ақшасына тек бір үстел мен ноутбугы ғана бар 18 текше метрлік офисінде жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қолында ешқандай артық қаржысы жоқтығына қарамастан, алда қандай іспен айналысатынын нақты шешіп қойған болатын. Мақсатына жақындатар қадамдардың бірі – «TEZ TOUR» компаниясының брондау жүйесін үйрену үшін Алматы қаласына аттанады. Туризм жайлы арнайы білімі болмағандықтан, алғашқы клиенттері таныстары мен өз туған-туыстары болды. Ең алғашқы тур рәсімдегенін, брондау жүйесіне турға барушылардың фамилиясын енгізгенде қолдарының қалай дірілдегенін Марат ағамыз ешқашан ұмытпақ емес. Тапсырыстар көбейген кезде келесі құжаттарды рәсімдеу оңайлады. Алғашында ол тек Тайланд жайлы айта алатын, өйткені, көрген-білгені сол еді. Квай өзені туралы өз сезімдерін айтатын. 
      Содан кейін өз саласының білгір маманы болуы үшін еңбекқор азамат Египет, Грекия, Испания, Түркия, Занзибар, Италия, Франция, Грузия, Монако және басқа да көптеген елдерге жұмыс бабымен барады. Барлығы 40-тан астам елдерге саяхаттаған. Әлі бүкіл әлемді көрмек ойы бар. 
      2013 жылы компаниясы ресейлік «TEZ TOUR» туроператорының Астана қаласындағы ең ірі ресми серіктесіне айналды. 2014 жылы олар ең қарқынды дамып келе жатқан компания ретінде марапатқа ие болады. 2015 жылы ТМД елдері арасындағы ең үздік 40 компанияның қатарына кіреді. Соған орай марапаттау Дубай қаласындағы «Atlantis The Palm» қонақ үйінде өтті. Жүлдеге қосымша Абу-Дабидегі Формула-1 Гран-При жүлдесіне жолдама, Хилтон қонақ үйінде тұруға және бизнес-класпен ұшуға ие болды, сол кезде жас жігіттің бақытының шегі болмады. 2016 жылы компания «Тез Тур» туроператорынан туризм саласындағы қызмет көрсету сапасының кепілі ретінде жүлде алады. 2017 жылы оператор Натали Турспен Дубай бағыты бойынша туристерді жіберу бойынша 1 орынға ие болады. 2018 жылы туристерді шетелге жіберудің ең жоғары көрсеткіштері үшін «Компас» Туроператорынан марапат алған.
      Марат ағамыздың айналасына жинаған ұжымы өзі секілді жігерлі, еңбекқор жандардан құралған. Ерекше атап өтуге тұрарлық қызметкері, Омбы туризм университетін бітірген және мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген, компания жұмысының 50%-ке жуық міндетін орындайтын өз міндеттемелерін өте жақсы орындайтын, шетелде трансфермен, Түркиядағы гид ретінде тәжірибе жинақтаған Шарбанды айтуға болады. 
      Компания «Jannatour» деп аталуы да бекер емес. Себебі, кеменің атын қалай атасаң, өмір жолы да солай болады деген бар ғой. Досы екеуі бірлесе отырып, Jannat – араб тілінен аударғанда жұмақ, ал тур – сол күйінде тур ретінде аударылған, нәтижесінде, жұмақ саяхаты дегенді білдіреді.
      Қайықта капитан өзін қалай ұстаса, кемесінің жүзуі де соған байланысты. Марат ағамыз туристер алдындағы міндеттемелерін толығымен орындауға тырысады. Тіпті, туроператорлар банкрот болған кезде де, олар туристерді өз ақшасына алып келді. Оларға компанияның аты мен туризм нарығындағы беделі үшін қалуға мүмкіндік бермеді. Сондықтан, компания жұмысына наразылық танытушылар – жоқтың қасы. Керісінше, ризашылық білдіретін туристер саны өте көп. 
      Тәжірибелі туристік агенттік басшысы ретінде Марат Хакимович теледидарға сұхбат беруге жиі шақырылады. Қазақстандағы туризм тақырыбын, оған шетелдік тәжірибені енгізу мәселелерін үнемі көтеріп отырады. Мысалы, «Хабар» арнасындағы «Бетпе-Бет» бағдарламасында, 1-ші Еуразия арнасында, «Атамекен» бизнес арнасында бағдарламаларға қатысып отырады.
      Жас та болса, бас болған атпал азаматтың басты арманы – Қазақстан Республикасында туризм саласы бойынша 1-орындағы компанияға айналу. Сондай-ақ, шетелдіктер елімізге келіп, біздің сұлу да әсем табиғатымызға тамсануы үшін жергілікті туризмді дамыту болып табылады. Өйткені, бізде де шетелдіктерге көрсетуге болатын әдемі жерлер өте көп. Еңбекқор ердің ойынша, туризмді дамытуға бізде қажетті білім қоры мен тәжірибелік дағдылар жеткілікті, сол себепті туризм саласының жұлдызы жанатын сәт жақын қалды деп есептейді. 
      Ел мүддесі үшін және өз арман-мақсатының жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтың жеке өмірде де жолы болған. Қандай іс бастаса да, әрқашан қолдау білдіретін жан жары екеуі 2 ұл және бір қызды тәрбиелеп отыр. Қанша жұмысбасты болса да, перзенттерінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың бойындағы қабілеттерін ерте бастан дамытуға тырысып келеді. Айта кетсек, ұлы үш жастан бастап футболмен айналысады, ол бұл спортты ұнатады және жаттығуға қуана-қуана барады. Оның жетістіктері де жоқ емес. Алған орындары үшін бірнеше футбол медальдары, сондай-ақ, қалалық футбол чемпионатының ең талантты жас ойыншысы ретінде марапаты бар. Мақсаты – Еуропада білім алу және Қазақстанның туын халықаралық аренада көтеру.      Өз қызығушылығы мен басшылықты қатар ұстап, руханиятқа қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінің жалғасуына және туризм саласының өркендеуіне зор үлес қосып жүрген азаматқа қызметінің табысты болуын тілейміз.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости