Мәкей Сәбиолда

Рейтинг:
 
Жүрекке жылу сыйлаған!

      «Ел тыныштығы ер қолында» демекші, Сәбиолда Мәкей ақсақалдың елі үшін еткен еңбегін ауыз толтырып, аңыз етіп айтсақ әбден жарасып тұр. Құрметі мен абыройы асқақтап тұрған, кемел жасқа келіп, кемеңгерлік танытып жүрген Сәбиолда ақсақалдың өткен өмірін бір шолып өтуді жөн көрдік. Тарихта тасқа қашалып, аты мәңгі жазылып қалуға әбден лайық, осындай ер-тұлғаларымыздың өмір жолы кімге де болса, үлгі деп сенеміз. 
      Мәкей Сәбиолда Мәкейұлы – 1951 жылы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Бақасу ауылында дүниеге келген. Шетелдік саяхатшылардың таңдайын қақтырып, табиғатының көркемдігімен талайды тамсандырған Шығыстың әсемдігі талайдың жүрегін жаулады. Жазиралы жасыл даласы мен алты ай қар құрсауында жататын таулы мекені бар қасиетті де киелі мекендердің бірі. Тау етегінде өскен халықтың мінезі өткір, шыншыл, қызуқанды болып келгенімен,- жүректері сезімтал болып келеді емес пе? Сәбиолда да бала күнінен ерекше бауырмал әрі қайырымды болып өсті. Айналасына жылуын төгіп тұратын, жақсылығын аямайтын, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білетін саналы бала еді. 

      Мектеп жасына келген Сәбиолда Бақасу орта мектебіне бірінші сыныпқа қабылданғанда, қуанышында шек болмады. Себебі, сәби де болса, көрсем, білсем деген тылсымға құмарлық тұла бойын кернеп тұрушы еді. Көздерінен от шашып тұратын қағылез баланы бүкіл мектеп ұстаздары мен сыныптастары бірден жылы қабылдап, ортаға тез сіңісіп кетеді. Мектеп қабырғасындағы өткізілетін түрлі мерекелік, қоғамдық концерт, іс-шаралардан үнемі бой көрсетуге тырысатын Сәбиолданың осындай алғырлығын ұстаздары жоғары бағалаушы еді. Бастауышпен қоштасып, жоғары сыныпқа аттаған Сәбиолданы (Гоголь) Дайыр ауылындағы Мүкәрәмә мектебіне ауыстырады. Жаңа орта, жаңа мектепке келіп, оларға сіңісу бірден оңай болмаса да,- Сәбиолда өзінің көпшіл де, ашық мінезінің арқасында өзіне көптеген достар табады. Албырт жастықтың әдемі сезімдерін басынан өткізе жүріп, мектеппен де қош айтысатын уақытқа келіп жетеді. Өзінің балалық шақтағы шалалықтарына күле жүріп ержеткен Сәбиолда әр қателіктен сабақ алуды үйреніп, күн өткен сайын ақылы мен санасы тола түскендей. Алға қойған мақсаты бар, болашағына деген сенімі бар Сәбиолда ыстық ұя мектебін ойындағыдай тәмамдап, үлкен өмірге қарай аяқ басады.
      Өзін патриот деп санайтын әрбір намысқой қазақ жігітінің, өресі жоғары, ойлы әрекетінің бірі, яғни, Отан алдындағы әскери борышын өтеуі екенін баршамыз білеміз. «Тәртіпке бағынған құл болмас»,- деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, еңбектенуден ешқашан жалықпайтын Сәбиолда Мәкейұлы 1969 жылы әскер қатарына шақыртылады. Қиыр Шығыс-
та өте құпия қызмет орнында әскери борышын өтеген Сәбиолданың жауапкершілігі мен тиянақтылығы, ісіне деген мұнтаздығы әскерде де жоғары бағаланған еді. Өзіне жүктелген ауыр міндеттерді мінсіз әрі абыроймен атқарған Сәбиолда Отан алдындағы борышын өтеп, аман-
есен елге, туған жеріне оралады.
      Елге оралып, ата-ана, бауырларымен қауышып, мауқын басқан Сәбиолда кенеттен қан қысымы қатты көтеріліп, сырқаттанып қалады. Апталдай азаматтың аяқ асты ауырып қалғаны үлкендерді уайымға салып, алаңдатып қойған еді. Бірақ, қиындыққа қарсы тұрып, жеңіске ұмтылуға жаны құмар Сәбиолда ауруын елемей, жазылып кеттім деп өзін де, өзгелерді де сендіріп, үлкен қалаға оқуға аттанады. Бала күнгі арманы, алға қойған мақсаты айқын жастық жалыны кеудесінде алаулап тұрған ол Алматы қаласына келіп, 1973 жылы Алматы кинотехникумына оқуға түседі. Көңілі қалаған істі кім шын ниетпен істемейді? Әр сағатын босқа өткізбей, білім ізденумен, алға ұмтылумен жүретін Сәбиолда Мәкейді оқу орнындағы ұстаздары бірден жақсы көріп кеткен еді. Жаңа ортаға келіп, жаңа достар тапқан жас студент – үнемі отырған ортасын қыздырып, қызықты әңгімелерімен бөлісіп отыруға тырысатын сондай ашық мінез, ақ жүректі жан. Көңіл толқыны бірге толқыған, алабұртқан сезімдері бірге шалқыған бір топ студенттер оқу орнын ойларындағыдай тәмамдап, қолдарына дипломын алады. 
      Оқу орнында ағайынды қоңыр қаздай қол ұстасып бірге жүрген бір топ жас сан тарапқа жол салып, әркім өзінің тағдыры дайындап қойған сыйын іздеп бөлек-бөлек кете барады! Өміріндегі алғашқы еңбек жолын оқуын бітіре салып, жолдама алған Сәбиолда Мәкейұлы 
Тарбағатай кинодерекциясында басшылық қызметіне орналасумен бастайды. Қызмет жолын бірден басшылықтан бастау – екінің бірінің қолынан келмес еді. Сәбиолда Мәкейұлы өзінің жұмсақ мінезімен бірге табанды талапшылдығының арқасында бұл істі бірден меңгеріп кетеді. Қарамағындағы қызметкерлердің көңілін таба отырып, жұмысты тиянақты әрі уақтылы атқаруын қатты қадағалады. 
Қызметте жүрген әрі әскерден оралған сымбатты да сұлу жігітке қандай ару қызықпасын?! «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» - демекші, сері жігіт сексен қыздың ішінен таңдап жүріп, 1976 жылы айдай сұлу арумен көңіл жарастырып, ата-ананың ақ батасын алып, отау құрады. Сәбиолда Мәкейдің осылайша әрдайым тек биіктерден көрініп, шаруасының дұрыс жолға қойылып, үнемі алға өрлеп жүруінің бірден - бір себепшісі – үйіндегі отынын жағып, шаңырағының түтінін түзу шығарып, үнемі отағасына қолдау білдіріп отыратын аяулы жары еді. Қазақы тәрбиені көріп өскен, өнегелі, текті жердің тумасы болған адал жары отағасының разылығына бөленіп, туған-туыс пен дос-жаранның алдында адал жарының мәртебесін көтеріп жүруді өзіне басты міндет етіп санайды. Осының өзі оның көрегенділігін, тәрбиелілігін, ақылдылығын айқындап тұр емес пе? Отағасының талай ауруымен жаны қысылып жатқанында, қасында демеу болып, күтімін жасаған да осы аяулы жары еді. Білімді бесіктен тесікке дейін ізден»,- деген қазақ атамның дана сөзін ту етіп ұстайтын 
Сәбиолда Мәкейұлы білімін жетілдіру мақсатында сырттай энерготехникумға оқуға тапсырады. Жаңалыққа жаны құмар білікті басшы қызметін де, оқуын да қатар алып жүріп, екеуін де мінсіз атқара біледі. 
      Оқуын тәмамдаған Сәбиолда Мәкейұлы 1979 жылы қосымша алған мамандығы бойынша Тарбағатай ауданында энергия сату, қадағалау бөлімінде басшылық қызметіне тағайындалады. Әр ісіне тиянақты, жауапкершілігі зор маман иесі қай жерде де абыройлы. Айналасына шуағын шашып, мейірімін төгіп, қолынан келген көмегін аямай жүретін Сәбиолда Мәкейді ұжым мүшелері өте жоғары сыйлай білді. Өз білгенін үйретіп, білмегенін өзгелерден үйреніп, елпектеп жүретін Сәбиолда – еңбек етіп, білім ізденуден ешқашан жалыққан жан емес. Осы қызметте адалдықпен еңбек етіп жүрген Сәбиолда 1983 ескі сырқаты сыр беріп, кенеттен қайта төсек тартып жатып қалады. Білікті дәрігерлердің шешімімен бір жылдық мүгедектікке шығарылады. 
       Жап-жас жігіттің сырқатқа шалдығып, тағдыр тауқыметін тартуы көңілге мұң үйіреді. Ортадан шеттеп, жаны жабырқап, жалғызсырап қалған сәттерінде түрлі ауыр ойларға ерік беретін Сәбиолданың өмір жайлы шертер сырлары да аз емес еді. Бірақ, тағдыр шіркіннің қатаң сыйы бұнымен тоқтамақ емес екен. 1988 жылы үшінші рет қан қысымымен құлаған Сәбиолда 
Мәкейұлы тілдесуден қалады. Өмірлік мүгедектікке шығарылған науқастың жағдайы осы жолы тым мүшкіл еді. 
       Денсаулықтың қадірі өткен Сәбиолда Мәкейұлы бәрін тастап, Зайсан қаласына қоныс аударады. Кеңес Үкіметінің құлаған сәті барша қазаққа оңай соққан жоқ. Күн көріс қиындап, жұмыссыздық жаппай белең алып, халық қиын сәттерге шыдап беруге тура келген кезеңдер еді. Үздіксіз емнің, тұрақты күтімнің нәтижесінде аяққа тұрған Сәбиолда өзінің қайсарлығын, өжеттігін танытқан еді. Мұңайып, бір бұрышта отырып қалуды жат санайтын ол үнемі қоғаммен бірге өмір сүруді, шеттеп қалмауды мақсат ететін. Өзі қиын жағдайға душар болған Сәбиолда қоғамда өзі секілді мұқтаж жандардың көп екендігін байқап жүреді. Бірақ, олардың құқығы еш жерде қорғалмайтындығы жанына қатты батады. Ақыры, барлық күш-жігерін жинаған Сәбиолда Мәкейұлы, кемедегінің жаны бір демекші, мүгедектерді қорғау үшін заңды «Ерікті мүгедектер» құрамын құрады. Осы құрамның арқасында қаншама мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын берген Сәбиолда Мәкейұлының осы қызметті атқарып келе жатқанына қазіргі таңда 23 жыл толып отыр. 
       Денсаулығының төмендігіне қарамастан, күн демей, түн демей еңбек еткен ақсақалдың жасаған шапағатты ісі, атқарған еңбегі еш кетпейді. Мектепте оқуға мүмкіншілігі жоқ деп шығарып жіберген талай мүмкіндігі шектеулі 26 баланы өз қамқорлығына алып, қоғамның жанынан ашылған мектепте оқытып, тәрбиелеп шығарады. Жаратылысы өзгеше балалармен жұмыс жасау – қиынның қиыны болса да, Сәбиолда Мәтей ешқашан мойыған емес. Баламен балаша сөйлесіп, солардың көңілін тауып, өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, жанын жанымен түсіне білетін Сәбиолданы сәбилер де жақсы көріп кетті. Ержетіп, бойжетіп тәрбиеленіп шыққан балалар алғысын айтып, ризашылығын жаудырушы еді. Кейіннен бұл балалар саны 30-ға жетті. Осы балалар арасында бір-бірін өмірлік серік деп 
тауып, жарасып кетіп отау құрған жастар да бар. Сәбиолда ақсақалдың еңбегімен құрылған осы қоғамның қазір немерелері де өсіп келе жатыр. Қазіргі таңда мың жарымға жуық мүмкіндігі шектеулі жандардан құралып отырған қоғамдастықтың ісін атқарып отыр. 
«Жомарттың қолын жоқтық байлар» демекші, жаны жомарт, мұқтажға қамқор жандарға қолын созуға дайын Сәбиолда Мәкейдің жақсылығы ел аузында. Оның жасаған ерлігі мен еңбегі құрметке лайық болып, талай марапаттармен марапатталып келе жатыр. Атап айтар болсақ, 
Зайсан ауданының «Құрметті азаматы» медалімен, «20 жылдық» медалімен, «Жомарт жүрек» медалімен марапатталып, 2 мәрте Азаматтық республикалық форумға қатысты. 3-ші шақырымда аудандық мәслихатың депутаты болғам. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында белсенділік танатып, «Нұр Отан» партиясының айқын басымдылықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесі үшін және де тағы басқа жалпы саны 120 облыс, аудан басшыларының «Алғыс Хат» пен «Мақтау Грамоталарын» еншіледі. Сабиолда ағаның марапаттарының ішіндегі шоқтығы биігі әрі бірегейі – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларын іске асырып, табандылық таныта білгені үшін «Nur Otan» ХДП төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан алған «Алғыс Хаты» болатын.
Сөзі мірдің оғындай, ақылы терең, жүрегі кең қариялар қашан да ел мен жердің, тыныштығын, ел ішіндегі татулықты сақтай білген. Тілегінде тыныштық пен ауылдың береке-бірлігі жатқан зайсандық ақсақал Сәбиолда Мәкейұлы аудандағы Бақасу ауылының маңдайына біткен асыл жүректі перзенті. Тағдыр теперішін көрсе де, табандылық пен сабырлылықты серік еткен ақсақал мүмкіндігі шектеулі бола тұра ауылдағы игі бастамалардың көш басында жүреді. Сондай-ақ, еліміздегі мүгедектер қоғамдастығы ашылмай тұрғанда, ең бірінші болып бұл істі қолға алған, заңды мүгедектер қоғамдастығының жетекшісі, Зайсан аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спартакиаданың ұйымдастырушысы әрі қатысушысы.
       «23 жыл бұрын аудан әкімі Жанақов Бауыржан Торғайбекұлының қолдауымен заңды мүгедектер қоғамын аштық. Ол кезде республика көлемі бойынша мұндай заңды түрдегі қоғамдастық жоқ еді. Мақсатымыз – өзіміз секілді мүгедек адамдарды қорғап, қорғау, қоғамға бейімдеу болатын. Ол уақыттарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрмақ, аяқ-қолы сау адамдар әрең нанын 
тауып жейтін. Кейін мемлекет қоғамдастық мүшелерінің әрбіреуіне 10 соттық шабындық жерді тегін беріп, селкеу түскен еңселерді тіктеп, қолдады. Әйтеуір, өз әлімізше қоғамдастықтың арбасын сүйрей жүріп, барлық шаруаны тындырдық. 
«Мен өзімді «жарымжанмын» деп санамаймын. Өмірге деген құштарлығым зор. Қоғамдық саяси іс-шаралардан қалыспаймын. Дәл мендей 19 рет мүгедектер арасында спартакиадаға қатысқан ешкім жоқ шығар, сірә?! » - деп қайсарлығының арқасында еліміздегі парасатты жандардың қатарынан орын алған Сәбиолда ақсақал өнегеліліктің үлгісін көрсетіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, жарымжан көңіл жандардың жанына демеу болған ақсақал өзі өсіп-өнген ауылға қол ұшын созып тұрады. Ол кісі көрегенділігі мен өмір тәжірибесін бөлісу мақсатында және еліміздің өркендеуі жолында (аудан аты жазылу керек) ауданын әр жылдары басқарған Мусин Рымахан Рысханұлы(қайтыс болған), Оңдақанов Алмас (қайтыс болған), Мұхтарханов Әнуарбек, Қасымханов Темірбек, 
Ақтанов Серіктермен қызметтес болды. Әр кезеңде ауданына әкімдік қызмет атқарғандар Сәбиолда ағаның еңбегінің алға жылжып, табысты болуына өзіндік қолдауларын білдірді. Қазіргі уақытта ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрген Зайнулдин Серік Зинәбекұлы – 3 мәрте осы қызметке тағайындалып, абырой биігінен көрініп жүрген азамат. Серік Зинәбекұлы Сәбиолда ағаның елеулі еңбегін ескеріп, «Алыс хаттар» мен кеудесіне медаль тақты. Бұл – өнегелі жанның өнегелі ісіне жасалған үлкен құрмет. «Ауылға тағзым» акциясы аясында кіндік қаны тамып, киелі топырағында балалық табаны тиген құтты мекенге «Анаға тағзым» саябағын ашып берді. Саябақ ашу идеясы ақсақалдың өзінің анасы Сағила Бөкейқызын ұлықтау құрметінен туындаған. 
       «Анам Сағила 1917-1999 жылдары өмір сүрді. Ол кісі – 11 рет құрсақ көтерген «Батыр ана», дана, өте сұлу, келбетті әйел болатын. Одан бөлек анамның бойында емшілік қасиеті де болды. Есімде, ауылдың кішкентай тұрғындары ауырса, ауруханаға емес, бірден анама жүгініп, емделіп, содан балалары тәуір болып кететін. Анамның бейнесін еске ала отырып, барлық аналарға құрмет саябағын аштық. 
Ана – өмірдегі ең сенімді, адал жан. Ол – біздің жетістігімізге шынайы қуана алады, қиындықта қолдап, өмірдегі әр қадамымызға алаңдап атыратыны ақиқат. Аналарымыз – жай ғана оның бар болғаны, бізге өмір сыйлағаны үшін ескерткіш қоюға лайықты жандар. Оның үстіне менен туған жерге ескерткіш-естелік болып қалсын деп жасадым»,- дейді Сәбиолда Мәкей ана махаббаты мен туған жерге деген махаббатын ұштастырып. 
       Жомарт жанның бір қыз, үш ұлы бүгінгі таңда әрқайсысы өз алдына бөлек отау құрып, өмірден өз жолын тауып келе жатыр. Қызынан көрген үш жиені мен екі ұлынан көрген жеті немересі үшін атасы мен әжесінен өткен құрметті де, дана жан жоқ. Осындай кең шаңырақта ұрпағымен мың жасап келе жатқан Сәбиолда Мәкейұлының бақыты одан сайын арта түссін, денсаулығы нығая түссін деген тілегіміз бар.
«Еліңді, жеріңді сүйіп өс. Бар болса көмектес. Аянып қалма. Қазақ бір-біріне көмектесуі тиіс. Сол кезде бізді ешқандай жау алмайды. Бірлік болса ғана тірлік болады. Бақасу ауылы – кішкентай болса да, барлық қиындықтарымызды бөлісіп, бірге өткерген оттан да ыстық жер. Ата-анам өмірінің куәсі болған сонау ашаршылық жылдарында да ауылдастарымыз бірге еңсеріп, күресе білген. Сол тәрбие менің бойымда да бар. Келер ұрпақ осы бірлікті жалғастырса екен деймін. Қазақ ел екі алпауыт мемлекеттің ортасында қысылып-қымтырылмай, жасай берсін! Мен атақ үшін істемеймін. Атақ менің артымнан еріп жүреді. Сондай-ақ тағы бір айтарым, өмірде кездесетін әр қиындықтың бір қуанышы болатынын ұмытпағанымыз жөн.Әр қазағым жалғызым!» - деп жаны шырқырап, мүгедек болып қалып, жүректері жабырқап, қоғамнан шеттеп қалып жүрген мыңдаған жандарға ерінбестен көмек қолын созып жүретін Сәбиолда Мәкейұлы сынды ел ағалары тұрғанда, оның ізін жалғап келе жатқан ұрпақтары тұрғанда, еліміздің іргесі сөгілмесіне, керісінше, нығая түсеріне кәміл сенімдіміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости