Абылаев Талғатбек

Рейтинг:

Елім деп туған арда азамат 

      Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Орталық Азияда орналасқан мұсылман халықтарының арасында саны жағынан ең көп болып табылатын қазақ халқының басына қолдан жасалған небір нәубеттер мен катаклизмдер төніп, этнос ретінде жоғалып кету қаупі тұрды. Осындай алмағайып дәуірде үрім бұтағының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыржай заманда ата-бабаларымыз тіршілік етуі үшін әзиз жаннан безіп, бастарын бәйгеге тігіп жүріп, шәһит кеткен болатын. Сондай би-шешен, батыр-баһадүр бабаларымыздың артында қалған ұрпақтары бүгінгі күнде тәуелсіздігіне отыз жылға таяу уақыт болған жас әрі қуатты мемлекетіміздің дамуына еш аянып қалмастан қызмет қылып жатыр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз адами қалыптасу жолындағы өмірін ел мен жұртының мерейі өсіп, еңсесі тіктелуі үшін мейлінше еңбек етуге жұмсаған атпал азамат, қарапайым бұқара халықтың игілігі үшін харекет қылып жүрген Абылаев Талғатбек Мәденбекұлы. Бүгінде ел ағасы жасына келіп қалған, ел мен жұртқа тіреу бола білген атпал азаматтың тұлғалық бет-бейнесін қалыптастыру жолындағы атқарған қызметі мен еткен еңбегі турасында бізге мәлім болған біраз жайттардың басын қосып, өзімізше тоқтам жасамақшымыз. Жоғары атап өткен жауапкершілігі үлкен қасиетті мамандық пен лауазымды қызметтің ауыр жүгі мен жауапкершілігін қаншама жылдар бойы тынымсыз арқалап келе жатқан ұстазымыздың балдәурен балалық шағынан бастап, басшы ретінде қалыптасудағы өмір жолына ой көзімен қарап, шамамыз жеткенше баяндап бермек ниетіміз бар.
      Талғатбек Мәденбекұлы ағамыз 1952 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Талдысу ауылында дүниеге келген. Қазақылықтың иісі бұрқыраған ауылдағы ең сыйлы деген әулеттің құт қонып, кие тұрақтаған қарашаңырағында шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, ала жіпті аттап көрмеген жайсаң мінезді әке мен шешенің алақаны мен жүрегінің жылуына шомылып өсті. Бұғанасы қатқан тұста ауылдағы өзі құралпылас топ балаға қосылып жаздың аптабы мен қыстың ақшұнақ аязына қарамастан таңның атысы, күннің батысы бір жалықпай ойынның қызығына батып ержетті, жаратылысынан жылт ете түскен дүниеге аса құмар болған қаршадай ғана бала мектепке өзінен бұрын барған балалардың әңгімесіне елітіп, сөмке арқалап, сыныпқа кіруге есі кете құмар болды. Сүйікті ұлдарының бойында көптен байқала бастаған өзгерісті жан-жүректерімен сезініп қойған көзі ашық, көкірегі ояу ата-ана киелі білім ордасына бүлдіршін балапандарын қолынан жетектеп апарып, сол жерде шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жатқан ұлағатты ұстаздардың қолына үлкен сеніммен тапсырады. Сонымен, орта мектепке бірінші сыныпқа қабылданады. Мектеп табалдырығын имене басқан оқушы бала ұстаздары мен сыныптастарына бойы үйренісе келе өзінің өн бойындағы оқу мен сызуға деген үлкен қызығушылығы мен сүйіспеншілігі бар екендігін аңғартады. Алғаш рет әліппе кітабын ашып көріп, ерекше құлшыныспен ежелеп оқыған күннен бастап оқуға біржола ден қойып, мұғалімдерінің берген тапсырмаларын уақытылы әрі ұқыпты орындайды. Әжептәуір сауаты ашылып бастаған уақытта, әр түрлі кітаптарды ашып көріп оқи бергенді жаны сүйетін бала болып ержетеді. Мектеп қабырғасының жоғары сыныптарына ауысқанда ауыз әдебиеті, яғни, фольклордан бастап түрлі жанрдағы қазақ және әлем классиктерінің роман, повесть әңгімелерін құнығып оқумен қатар, мектеп ішіндегі түрлі үйірмелерге қатысады. Жиі-жиі болып тұратын білім бәйгелері мен спорт додаларына белсене ат салысып, өзін жан-жақты қырынан сынып көреді. Әркез үйдің сыртқы тірліктерінде әкесіне көмек қолын созып, үлкен кісілерге деген құрметі мен сыйластығынан, сәлемінен жаңылмай жасы кішілерге әрдайым ізетпен қарым-қатынас жасайтын көркем мінезді бала болып ержетеді.
      1969 жылы Жаңақорған қонысындағы №163 орта мектептегі оқуын жақсы үлгеріммен тәмамдағаннан кейін тағдырдың айдауымен Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне құжаттарын тапсырып, оқуға қабылданады. Аталмыш жоғары оқу орнының табалдырығын аттай салысымен бойындағы жас адамға тән таусылмастай көрінетін, толассыз ағылып келіп тұратын өлшеусіз энергияны өз мамандығын жоғары деңгейде меңгеру үшін сарқа жұмсайды. Жүзіктің көзінен өткендей еті тірі бозбала Талғатбек, ә дегеннен өзі құралпылас курстастарынан озық шығып, табиғи қабілеттілігімен оқшау көрінеді.
      Институтта комсомол қатарында жүріп комсорг болады. Бала күнінен бері қымбат бұйымдай сақтап келе жатқан әппақ арманынан көз жазып қалмай, алдына қойған үлкен межені бағындыру үшін, ата-анасы мен мектеп мұғалімдерінің артқан сенімі мен үкілеген үміттерінің үдесінен абыроймен шығу үшін орасан зор күш жұмсап, тынымсыз оқып, толассыз даму үдерісінде болады. Қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын қыран құстай баулап ұшырған, қарашаңырақ атанған киелі білім ордасының табалдырығын аттаған күннен бастап басқа дүниелерге мойын бұрмай сабақтарына тыңғылықты түрде дайындалып, өз мамандығының хас шебері атанып шығу үшін бойына біткен күш-қайратын аямай жұмсап, ә дегеннен-ақ өз курстастарын оқ бойы озып, үздік студенттердің қатарынан бой көрсетеді. Жоғары оқу орнындағы үлкен профессор ұстаздарының лекцияларын үнемі жіберіп алмай тыңдап, маман ретіндегі шыңдалу жолында кездескен қиындықтар мен келеңсіздіктерге бойындағы қанмен келген темірдей төзім мен салқын сабырдың арқасында қажымай төтеп береді.
      Талай мәрте тауы шағылып, меселі қайтқан кездерінде жігерін құм қылмай басын әрдайым жоғары ұстап, әуелден атаның қаны мен шешенің ақ сүті арқылы дарыған намысы жанып, өзіне жүктелген ауыр міндеттің жауапкершілігін он екі мүшесімен сезіне білді. Институтағы ұстаздары да болашағы зор шәкірттерін мүмкіндігінше көбірек қолдап, әрдайым жасап жатқан жұмыстарына ақыл-кеңестерін аямай айтып, көмек қолын созып отырады. 
      1974 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасына оташы стоматолог мамандығы бойынша қызметке орналасады. Үлкен ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесімен қоса, жоғары деңгейдегі кәсіби маман өз туған аймағына қызмет қылуды ұйғарып, «туған жерге туыңды тік»,- деген тәмсілді жүрегімен сезініп, бойындағы күш-қайратын, қанша жылдардан бері үлкен ғалым-ұстаздардан алған білімі мен тәжірибесін отандық медицина саласына шаңның тозаңындай болса да үлес қосу міндетіне белін нықтап буып, қызу кіріседі. Жаңа жұмысындағы үлкен ұжымдағы әріптес азамат жас маманды құшақ жая қарсы алады. Бойына дарыған күш-қайратты тек қана бір мақсат пен мүдденің айналасына шоғырландырып, ертелі кеш тыным таппай жұмыс жасап, қарапайым бұқара халықтың игілігіне жарайтын қамқор әрекетіне шындап кіріседі. Бойына біткен жан-жақтылықпен әріптестерінің арасында жаңашыл ойлары мен креативті идеяларын ортаға салып, көптеген жаңа бастамалардың басы-қасында атсалыса жүріп, түрлі форматтағы іс-шараларға мұрындық болды. Осындай тынымсыз еңбектері мен жемісті жұмыстарының арқасында ұжымдағы әріптестер арасында мерейі өсіп, басшылық тарапынан көптеген сый-құрметтерге ие болады. 
      1979 жылдан бастап салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне тағайындалады. Осындай жауапкершілігі нар түйеге жүк болатын жауапты қызметке тағайындалуы ағамыздың өз ісінің барлық тетіктерін жіті меңгерген нағыз кәсіби маман екендігінің дәлелі десек, қателеспесіміз анық. Білдей бір үлкен ұжымдағы әріптестерінің әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасап, тығыз әрі жылы қарым-қатынас орнатады. Жоғары лауазымды басшы болғанына қарамастан бойындағы үлкен мен кішіге бірдей қарайтын кішіпейілдігінің арқасында ортасына сыйлы болады. Жаңа қызметіне келе салысымен аталмыш білім ошағына қатысты қордалы мәселелерді әріптестерімен бірге талқыға қойып, проблемалардың оңтайлы әрі тиімді шешімін табуға барынша харекет қылады. Кәсіподақ ұйымының жұмысы мен қызметкерлердің қабілетін жаңа сапаға көтеру мақсатында жаңа бастамалар мен тың идеялардың жүзеге асуына мұрындық бола білген. Өзіне жүктелген тапсырмалар мен міндеттемелерді асқан шеберлікпен орындаған маман қарапайым халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, сапалы медициналық көмек көрсетудегі жауапкершілігі мен түрлі шарапатты істерді атқаруға жұмсаған күш-қайратының заяға кетпейтінін жақсы біледі.
      Талғатбек Мәденбекұлы 1989 жылдан бастап 2013 жылға дейін салалық «Халықтық қазақ тілі» бастауыш ұйымының төрағасы, кейін «Нұр-Отан» партиясында болып «Ардагерлер бастауыш ұйымы» төрағасы болып тағайындалады. Әр жылдары өзі қылған қызметінің уақытылы лайықты түрде бағаланып жатқанына дән риза. Жыл сайын аудан, облыс басшылары мен «Нұр-Отан» партиясы тарапынан беріліп жататын «Грамоталар» мен «Алғыс Хаттардың» табысталуы жаны жайсаң, жұмсақ мінезді ұстаздың өз мамандығының хас шебері екендігінің, өз ісіне жан-жүрегімен берілген адам екендігінің дәлелі. Табаны күректей қырық алты жылға созылған еңбек жолында аудандық, облыстық, республикалық марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының «Мақтау Грамотасымен» бірнеше рет, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен салалық кәсіподақ ұйымының «Грамотасымен» үш мәрте марапатталған. Облыстық және республикалық кәсіподақ федерацияларының «Құрмет Грамотасы», «Нұр-Отан» ХДП «Құрмет Грамотасымен», «ҚР халықаралық қазақ тілі» қоғамының «Құрмет Грамотасымен», «ҚР Денсаулық сактау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Ы.Жақаевтың 120 және облыстың 70 жылдығы мерекелік төсбелгісімен марапатталды. «Қызылорда қаласының 200 жылдығы» медалі және сонымен бірге, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығы», «Астанаға 10, 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы» төсбелгілері табыс етілген болатын. ҚР медицина қызметкерлерінің «Кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», Қазақстанның «Алтын кітабы» төсбелгісімен марапатталды. Талғатбек ағамыз сияқты елім деген арда ұлдарға қандай сый-құрметтің болмасын артықтық етпейтіні сөзсіз. Бұл марапаттарды көп жылғы тәжірибесі мен терең білімін өскелең ұрпақтың жүрегіне қанатымен су тасыған қарлығаштай болып жүріп құя білген жаны аяулы ұстаздың еңбегі мен төккен терінің қайтарымы деп ұққанымыз дұрыс болар. Мемлекетіміздің болашағының кепіліндей, ең құнды байлығы болған қарапайым бұқара халыққа сапалы медициналық көмек беруге жан-тәнімен беріліп қызмет жасап жүрген аяулы да ардақты ұстаздар қауымы қандай сыйлық пен нендей марапатқа болсын лайық екені даусыз. Біздің өз ойымызша, осындай аптал азаматтарға жасалған шарапатты істер ұлттың болашағы мен дамуына құйылған инвестиция деп қабылдауымыз керек.
      Талғатбек Мәденбекұлы өзі туып өскен аймағының тумасы ретінде перзенттік парызын абыроймен өтеген жан десек те болады. Өзі туып өскен қасиетті топырағының гүлденуі мен дамуына шама-шарқынының келгенінше үлес қосқан жайсаң мінезді, ер азамат екендігіне ел-жұрты куә. Қазіргі таңда, ел ағасы атанатын жасқа келген азамат білдей бір қасиет пен кие тұрақтаған үлкен әулеттің азаматы, Құдай қосқан сүйікті жарының арқасүйері, төрт бірдей балапандарының асқартау әкесі. Жұбайы Рәбішпен екеуі қанша жылдан бері өмір дариясында қол ұстасып жүзіп келе жатыр. Данагөй бабаларымыз: «оқыған бала – оқтаулы мылтық»,- деген ғой. Көзі ашық, көкірегі ояу ағамыздың балаларының барлығы да жоғары білімді, бір-бір кәсіптің тізгінін ұстаған үйлі-баранды жандар. Үлкен қызы Меруерт – Алматы қаласында әкесінің жолын қуған жоғары дәрежелі невропотолог-дәрігер. Ресей Федерациясының Мәскеу, Санк-Петербург қалалары мен Италия мемлекеттерінде білімін жетілдіріп келген. Қазіргі таңда, тағы да әлемді жайлаған індетке байланысты, онлайн курспен Мәскеуде білімін жетілдіру үшін оқып жатыр, Алла бұйырса жақын арада сертификат алады. Екінші ұлы Азаматы Қызылорда облыстық әкімі аппаратының бөлім басшысы, Абайы Алматы қаласында кәсіпкер, кіші қызы Мөлдір– Тараз қаласында қаржыгер болып қызмет атқарып келе жатыр. Алтын асықтай төрт баласынан тоғыз немере сүйіп, сол балапандарының қызығына тоймай басы аман, бауыры бүтін өмір сүріп жатқан жайы бар. Осындай өлшеусіз нығметке бөлегені үшін Аллаға сансыз шүкір етіп, тәубә дейді. Немерелеріне әрдайым жақсылық пен шыншылдықтың, адалдықтың жағында болуды өсиет қылып отырады. Міне, осындай бірнеше міндетті қатар алып жүрген жаны аяулы ағамыздың деніне саушылық, басына амандық, отбасына байлық пен береке тілейміз. Көңіл айнасына дақ түспесін, жаны әманда жаманшылық көрмесін, жақын адамдарының ортасында байқуатты тіршілік кеше берсін деген тілектеміз!.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...