Отбасының тірегі – мәуелі бәйтерек
Елі үшін аянбаған, халқының тыныштығы үшін ертедегі Атымтай жомарттың ізін жалғаған азаматтарымыз да кенде емес. Қазақтың ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы талатын жазиралы дархан далалы аумағында қаншама қонақжай, мейірбан даласы болса, дәл сол секілді қасиеттерді бойына сіңіре білген халықтың да асыл перзенттерінің еңбегінің құрметі ерен болуы керек-ау! Дархан көңіл, кең пейілді ата жолын қуған қазақтың асыл перзенттерін ерекше атап, артынан қалған асыл тұяқтарымен қатар, халқы болып есіне жиі алатынын біреу білсе, біреу білмес.
![]()
Қаншама заман өтсе де, қаншама дәуірлер алмасса да қазақтың жерінде дүние есігін ашқан әрбір сәбидің бойындағы әрбір қан, осы жерге адал қызмет етіп, осы елдің алғысына бөленуді ойлайды. Сырдарияның сырлы үнін естіп жататын Қызылорда өңірінде тынбай еңбек етіп келе жатқан ел ағасы Аманкелді Досмаханұлы ағамыз туралы санамыздағы ойды шын жүректен қалың оқырманға әңгімелеп бергіміз келеді.
Аманкелді ағамыз 1940 жылғы 6 маусымда Қызылорда облысының Бірқазан ауыл кеңесінде дүниеге келеді. Қазақы тәрбиемен өскен жас бала үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруді, қиналған адамдарға демеу болып, барынша бауырмал болып өсті. Киелі өлкеде балалық шағын өткерген елгезек, ақылды және құймақұлақ болып өскен бала, ауылдағы мектеп табалдырығын аттаған сәттен қатарының алды болды. Бастауыш мектепті ауыл мектебінде оқып, 1954 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы «1 мамыр» атындағы мектебінде оқуын жалғастырады.
1959 жылдан бастап «Коммунизм» колхозында еңбек ете бастайды. 1962 жылдан бастап 1975 жылдың тамыз айына дейін Комсомол совхозында сауын агрегатының моторисі және жүргізуші болып еңбек етеді. Балаларының оқуына байланысты 1975 жылдың тамыз айында Қарауылтөбе күріш-тәжірибе шаруашылығына қоныс аударады. Осы шаруашылықта мал шаруашылығында жем-шөп бригадирі және автомашина жүргізушісі, қырман меңгерушісі болып қызмет атқарады. 2005 жылы дербес ауыл әкімшілігі құрылғаннан бастап, қоғамдық негізде «Ауылдық ардагерлер кеңесінің» төрағасы болып қызмет етіп келеді. Кей адамдарға бұл еңбек қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда, Аманкелді Досмаханұлы үшін өмірінің ең елеулі кездерінің біріне айналып үлгерген еді. Себебі, оның өміріндегі әрбір қуаныш – осы қызметінің айналасында болғаны хақ.
![]()
Осыншама төккен тердің де бір күні еленері анық еді. Кез - келген адам үшін еңбегінің жетістігін көру кімді болса да бақытқа бөлері хақ. Олардың басты мақсаты – өзін емес, өзгенің дамуына барынша күш салғандығында екенін де атап өткеніміз жөн болар.
1982 жылы астық тасуда үздік көрсеткішке жеткені үшін III Дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, кезектен тыс «2121-Нива» автомашинасына қол жеткізеді.
2005 жылдан бастап ауылға жаңадан мектеп ғимаратын салуға, күре жол (5 км) асфальттауға, көлік қатынасын (маршрут) ашуға, көгілдір отынмен қамтамасыз етуге облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттарымен тікелей байланыста болып, осыншама жұмыстарды атқаруға қол жеткізген.
Осындай нәтижелі еңбектің арқасында облыс, қала басшыларынан С.Шаухаманов, К.Көшербаев, Н.Нәлібаев, И.Құттықожаев, М.Баекеев және С.Әбішев тағы да басқа ел азаматтарының «Алғыс Хаттарымен» марапатталды. 2017 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» сайысына қатысып, ІІІ орын иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал қалалық байқауда «Өнегелі отбасы» номинациясын жеңіп алған.Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.
1963 жылы Нәзифа атты арумен бас қосып, шаңырақ көтереді. Нәзифа мал шаруашылығында сауыншы болып жұмыс істей жүріп, он баланы өмірге алып келіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған – Батыр ана. 1975-1977 жылдары облыстық мәслихаттың, бірнеше дүркін Сырдария аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланады. Ата-ананың берген тәрбиесінен бөлек, жақсы деген қасиеттерді бойына сіңіруге тырысқан, мейірімділік, қайырымдылық және жомарттық сынды қасиеттерді Аманкелді ағамыз бен Нәзифа жеңгеміз балаларының бойына сіңіруге талпынды. Бала – ата-ананың айнасы екендіктерін ешқашан естерінен шығарған емес. Қазақ халқы үшін ер адамның бақытының барлығын да орындай білген Аманкелді ағамызға қалай қайран қалмайсың?!
Әкесінен көрген отбасындағы тәрбиені ерекше сақтай білген Аманкелді ағамыз жетістіктің барлығы дерлік отбасынан басталатындығын, отбасының қолдауы ерекше қажет болатындығын білді. Әрбір баласы үшін ол барын салып, жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысты. Ата-анасы да бала кезден өте жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, оның жанына жақсылық атты дәнді мейлінше егіп, оның жайқалып өсуіне барынша күш салғаны көрініп тұр.
![]()
Еңбек еткен адамның төккен тері ешқашан еш болмайтындығын, қайта оның еселеніп, өзіне қайта оралатынын, халықтың алғысына бөленіп, халық алдындағы жауапкершіліктің арта түсетіндігін мықтап жадына сақтаған. Жұбайы Нәзифа анамыз өз отбасымен жұмысты қатар алып жүрді. Балалары үшін әкелерін әрқашан Темірқазықтай жол көрсетушіміз деп мақтан тұтады. Әкенің алдында барынша тырысып, жақсы қасиеттерімен көрінуге тырысады. Оның себебі, әке атына кір келтірмеу, әкелерінің ізін әкесі секілді абыроймен арқалап жүрулері керек екенін жақсы біледі.
Баланың жақсы болып өсуі ата-анадан екені анық. Аманкелді ағамыздың ата-анасы да бала кезден өте жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, оның жанына жақсылық атты дәнді мейлінше егіп, оның жайқалып өсуіне ықпал еткені көрініп тұр. Еңбек еткен адамның төккен тері ешқашан еш болмайтындығын, қайта оның еселеніп, өзіңе қайта оралатыны, халықтың алғысына бөленіп, халық алдындағы жауапкершіліктің де арта түсетіндігін Аманкелді ағамыздан байқай аламыз. Өзінен әрқашан биік тұратын халықты ойлаған Аманкелді ағамыздың рухани дамып, ісінің әрқашан өрге домалағаны – еңбектен, ауылдастарының алғысы мен бата тілектерінен.
Қорыта айтқанда, Аманкелді Досмаханұлы – ел ағасы ретінде халқының дамуы үшін аянбай еңбек еткен адам. Осындай ерен еңбегінің арқасында өз ауданы тұрғындарының сеніміне ие болды. Өйткені, ол өзінің міндетті қызметіне қосымша елдің қамы, оның дамуына жанын сала кірісті. Өзіне берілген жұмысты қалтқысыз орындауының арқасында елдің алдында мерейі үстем болып, ел ағасы атанды. Айта кету керек, Аманкелді ағамыздың атқарған әрбір ісі көптің көңілінен шығып, халқының алғысымен қатар оның батасына да ие бола білді.
Қызметтес әріптестердің арасында жаны жомарт, ақ жүрек адамгершілігімен көзге түскендігін жиі айтады. Әріптестерінің арасында дәл осындай нар ағамен қызметтес болғандарын мәртебе санайтындары да өте көп. Себебі, қызметтегі әрбір адам Аманкелді ағаның жайсаң мінезіне қайран қалып, сол кісідей болғылары келеді. Әр қызметкерге ерекше ықыласпен қарайтындығын да жасырмайды. Себебі, Аманкелді ағаның тұлғасы – мінезіне сай. Барын бөліп беретін, отбасыларына туысындай қарайтын ақ жүрек басшыны бірінші рет кездестіргендерін де жасырмайтындарын арасында айтып қалды.
![]()
Бүгінгі күні Аманкелді ағамыз зейнеткерлік жасқа үлкен жетістікпен, абыроймен жетті, халқының құрметіне бөленді. Ендеше, нар ағамызға әрқашан сәттіліктер мен зор денсаулық, қажымас қайрат, ұрпақ жадында мәңгі сақталатын саналы ғұмыр тілейміз. Тарих сахнасындағы атыңыз алтын әріптермен жазулы тұруын шын жүрекпен ниет етеміз.
Сіздің екінші атыңыз – Еңбек. Қазақта: «Еңбектің басы – бейнет, соңы – зейнет», - деп жиі айтады. Аманкелді ағамыздың әрбір жұмысының артында еңбек жатыр. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстардың барлығы дерлік өз дәрежесінен асырыла орындалған, оны орындау барысында өз жұмысына қалтқысыз берілген асыл тұлғаны байқауға болады. Халқына қорған бола білген әрбір адам дәл осы Аманкелді ағамыздай болса, нұр үстіне нұр болатын еді. Еңбектің соңы зейнет боларын осы Аманкелді Досмаханұлы ағамыздың жүріп өткен сара жолынан байқай аламыз.
Өз ауылыңыздың атын шығаратын жас қырандар өте көп болсын. Аманкелді ағамыздың атымен бірге адамгершілік секілді бірнеше қасиеттерді топтастыра аламыз. Себебі, осыншама еңбектің артында тамаша мінездің де жатқаны анық. Халқына қанатымен су сепкен қарлығаштай тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Аманкелді ағаға халқының алғыс пен батадан басқа айтары жоқ.
Мәуелі бәйтеректің тигізер пайдасының нендей ұшан - теңіз екендігін біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мәуелі бәйтеректің саясында дем алып, оның тынысын сезген адам ғана, оның қанша дара жолды жүріп өткендігінен хабардар бола білетін еді.
Қашан да, мінберлі биіктерден көрініп, барынша саналы ұрпақ тәрбиелей беріңіз, халқының сенімін алған, асыл аға! Артыңыздан ерген ұрпақтарыңызбен мәңгі жасаңыз, отбасының тірегі! Балаларыңыздың, немере және шөберелеріңіздің асыл таудай асқар мұрасы, мәуелі бәйтерегі бола біліңіз!