Таскарина Долорес

Рейтинг:

Ұстаздың жеңісі – еңбегінің жемісі

      «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей түседі. Қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп грек философы Сократ бекер айтпаса керек-ті. Шәкірттеріне білгенін үйретіп, тұлға болып қалыптасуына жол нұсқайтын ұстаздың орны бір бөлек. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Олай дейтініміз, ел билеген парасатты патшаның да, дүлдүл ақынның да, ержүрек батырдың да өз ұстазы болғаны анық. Осы мақсатта ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласында абырой беделінен көрініп, мектеп басшысы білікті ұстаз болған – Таскарина Долорес Сүндетқызына тоқталмақпыз.
      Ол, 1957 жылы жаздың мамыражай маусымында Индер ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Жас та болса білімімен мыңды жыға білген салмақты, сабырлы да сырбаз, тіпті өткірлігі де жоқ емес осы Долорестің болашағынан ұстаздары мектеп қабырғасынан-ақ зор үміт күткен. 1974 жылы Жарсуат ауылының Махамбет орта мектебінде көкірегіне білімнің қарлығашы ұя салған жас қыз, орта мектепті бітірген соң 1975 жылы Гурьев педагогика институтының «Бастауыш сынып педагогикасы мен методикасы» факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын Құрманғазы ауданында Ганюшкино селосының мектеп-интернатында жүріп, қыр-сыры мол, қиын да жауапты ұстаз атты баспалдақтың алғашқы сатысына аяқ басады. Ары қарай, 1982 жылы Орлы селосындағы Манаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жүрген кезінен бастап «Сынып бөлмелерін жабдықтау», «6 жасар балаларды оқыту әдіс-тәсілдері» тақырыптарында аудан көлемінде тәжірибесі таратылған жас маман, кейіннен 1985 жылы аудандық оқу бөлімінде бастауыш сыныптар әдіскері қызметін атқарады. Қажымайтын қайсарлығы мен батыл мінезінің арқасында Долорес апамыз үнемі толассыз білім мен үлкен ізденістің үстінде жүріп, тарыдай баланың сауатын ашып, әріп танытса, таудай балаға білім-ғылым үйрете білді. Оқулық пен кітап беттеріндегі әрбір сөздің, әрбір сөйлемнің үлкен маңдай термен келген еңбек екенін түсіне отырып, оны баланың санасына құйып, ұғындырды. Білім берудің небір қырлары мен сырларын игере отырып, оны өз тәжірибесінде орынды, тиянақты, дұрыс әрі дәл пайдаланып, қолдана білген жас маман, 1987 жылдан бастап Атырау қаласындағы, №4 Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып және бастауыш сыныптар бойынша директордың орынбасары қызметін атқарады. Осылайша, алғашқы еңбек жолындағы тұсауын қарапайым мұғалімдіктен бастаған ол талай жолдың баспалдағын аттап, табан ақы, маңдай терінің арқасында білдей бір мектептің директорына дейін көтерілді. Сол жылдары төл оқулықтарды дайындау және қазақша әдістемелік оқу-құралдарын құрастыру мақсатында құрылған Республикалық К.Ерешова атындағы атаулы мектептің мүшелігіне қабылданып, атаулы мектепте тәжірибе алмасу, сабақ көрсету, өз тәжірибесін ұсыну бағытында Алматы, Жамбыл, Талдықорған, Түркістан, Кентау, Қызылорда,      Қарағанды, Өскемен қалаларында үлгі сабақтар көрсету тобында болды. Кейіннен Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда бастауыш пәнінің мұғалімі әрі қазақ сыныптары бойынша директордың орынбасары қызметін атқарады. Сол жылдары өзінің жеке жинақтары «Жеделдетіп оқыту» бағдарламасын, «Әліппе серігі», «Қазақ тілінің көмекшісі құралдары», «Мазмұндамалар жинағы», «Қазақ тілінен кестелер жинағы» жарық көріп, 1997 жылдан Кіші өнер академиясына бастауыш сынып мұғалімдігіне шақыртылады. Сол жылдары Облыстық мұғалімдер сайысынан жүлделі орын алып, Республикалық мұғалімдер сайысынан лауреат атанып, біліктілігімен көзге түскен Долорес Сүндетқызы көптің ұсынысымен 1999 жылы Н.Тілендиев атындағы Атырау облыстық «Кіші өнер академиясы» дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған мектеп директоры болып тағайындалады. Дара да дана кісі Бауыржан Момышұлы атамыз айтқан екен: «Жақсы бастық – жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені, ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді, ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені, олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі» деген екен. Бұнымен менің айтпағым, Долорес Сүндетқызы ұстаздықтан басшылыққа ауысса да бойыңдағы қарапайымдылығын жоғалтпай, Бауыржан атамыз айтқандай жақсы басшы бола білді. Бұл орынға біреулердей көктен түсіп, келе қойған да жоқ. Өмір мектебінің, ұстаздық мектептің барлық сатысынан өтіп келді. Талай шәкіртті баулып, білім биігіне көтеріп, ұлағатты ұстаз атанды. Сонымен бірге, алдына таудай мақсат қойып, өңіріміздің қоғамдық өміріне де белсене араласып, Алматы қаласында Республикалық Іскер әйелдер орталығы ұйымдастырған «Іскер әйел» сайысына шақырылып, «Өмірге деген құлшыныс» номинациясы бойынша марапатталып бас жүлдені иемденеді. Кіші өнер академиясы өнерлі балаларды оқытатын мамандандырылған мектеп болғандықтан, облыстық, республикалық, халықаралық семинар, конференцияларға өз тәжірибесін ұсынады. Атап айтқанда, 2002 жылы Астана қаласында өткен Дарын Ғылыми практикалық орталығының өткізуімен «Дарынды балаларды оқыту проблемалары» атты ғылыми конференцияда баяндама жасап, «Ең үздік директор» атағын жеңіп алды. Долорес Сүндетқызының педагогтік жолы бір бөлек болса, патриоттық ар-намысы да ерекше жандардың бірі. Олай дейтін себебіміз, Алматы қаласындағы республикалық «Бөбек» сауықтыру орталығында Республикалық «Бөбек» қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның басқаруымен «Өзін өзі тану» оқулығының авторлар мүшесінің құрамына кіріп, 1-сыныптың «Өзін өзі тану» оқулығымен әдістемесін жазуға қатынасып, көптеген іс-шаралардың орындалуы үшін талмай еңбек етті. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі ерекше жетістігі үшін Кіші өнер академиясына «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағы берілуіне үлесі тиді. Осындай жетістіктерімен қатар өнер академиясына «Ақын-айтыс», «Журналистика», «Үрмелі аспаптар» мамандықтарының ашылуына тікелей себепкер болды. 2014 жылы 26 сәуірде Кіші өнер академиясының осындай еңбектерін бағалай отырып Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының мүшелігіне қабылданған. Ұстаз еңбегінің жемісі шәкіртінің жеткен жетістігімен бағаланады. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының өнерлі өрендері тек облыс, республика көлемінде ғана емес дүние жүзіне танымал болып халықаралық сайыстардың жүлдегері атануына соның ішінде, Ресей, Эстония, Беларусь, Болгария, Украина, Түркия, Греция, Италия, Франция, Испания, Венгрия, Словакия, Австрия, Чехия, Германия, Швецария т.б. мемлекеттерінде өткен фестиваль-конкурстарына өзі бастап барып, жүлделі орындарды иеленіп мектептің мерейін асыруда. Оның ерен еңбектері ескерусіз қалған жоқ, білікті басшының бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Атап айтсақ: Халықаралық конкурстардың қазылар алқасының мүшесі. Сондай-ақ, 1994 жылы Алматы қаласында Қытайдың Құлжа қаласынан келген қазақ мұғалімдеріне сабақ көрсеткені үшін және халықтық педагогика негізінде ұлттық ойындар арқылы әдістемелік көмекші құралдар дайындағаны үшін Білім және ғылым министрінің «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен бағаланған.
      Сонымен бірге, талмай еткен еңбегінің арқасында осы кезге дейінгі қол жеткізген жетістіктерін бағалай отырып бірнеше рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, «Жыл меценаты», «ҚР оқу ағарту ісінің үздігі», «Дарын-10 жылдығы», «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгілерін кеудесіне жарқырата тақты. 
      Ресей мемлекетінің «Жизнь городов» Фестиваль комитетінің ұлттық мәдениетті насихаттағаны үшін «Cіties Life» төсбелгісімен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчествалық Бірлестігінің «Алтын медалімен», Облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың «Алғыс хаттарымен» марапатталған. 
      Ұлағатты ұстаз тәуелсіздік қарсаңында Үкімет үйіне шақыртылып 2018 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Санамалай берсе жеткен жетістік, алған асу жетерлік. Мұның бәрі Долорес Сүндетқызының тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз төккен терінің жемісі.
      Долорес Сүндетқызы, тек білгір басшы ғана емес, аяулы ана, асыл жар да бола білген нағыз қайсар жан. Көзінің қарашығындай қос перзентінен немере көріп отырған ақ жаулықты әже. Жолдасы – Бердешов Саясат ағамызда заманында ұстаздық қызмет еткен. Ел баласының ертеңін ойлаймын деп өз баласының жанына терең үңілуге уақыт таппайтын, алтын басына ақ түсірген аяулы анамызды - нағыз ұстаз деп тануға болады. Барлық істе жауапкершілік пен адалдықты талап ететін Таскарина Долорес Сүндетқызы сынды ұстаздан әрі қайраткер басшыдан үлгі-өнеге алған, мектебінен өткен кез келген жаннан ел үмітін ақтайтын азамат шығары анық.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:


    0
  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...