Бақтыбаева Райхан

Рейтинг:

Өмірі өнегеге толы жан

      Мейірімінде мөлдірлік, жомарттығында шексіздік, сөйлеген сөзі мен ісінде адалдық тұнып жатқан алтын жүректі жандар туралы жазуға қолымызға қалам алдық. «Күн болмаса айнала қап-қараңғы болар еді. Жаңбыр жаумаса жер көктемес еді. «Жер өз білігінде жақын адамдардың арқасында айналып келеді...» деген сөзді құлағымыз шалған сайын саналы ғұмырын ізгілік жолына сарп етіп, жақсымын деп жар салмай, жалғыздың жанына желеу, зәруге қол ұшын берген жомарт, том кітаптың парақтарына түспесе де, кейінгі буынның, жас ұрпақтың есінде есімі жиі аталып, құрмет төріне көтеріле білген адамдарды көргенде кеудеңді ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Олар жасағанын істеп жар салмады, қайта қамыққан көңілге демеу болып, өзіне тапсырылған міндеттер мен жауапкершілік жүгін мойнымен көтере білді.
      Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай, уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан азаматтарымыздың бары көңіл қуантады. Солардың бірі әрі бірегейі, еңбек жолы азаматының ақ жағалы болып, киелі шаңырақтың отын жағудан бастап, ел мүддесін көздеген халық қалаулысына дейін көтеріліп, халықтың әл-ауқатының жақсаруы мақсатында еңбек еткен асыл жүректі жан деп Бақтыбаева Райханды айтар едік. Әке тәлімін, ана тәрбиесін бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтармен ойын өрістетіп, азаматының алғысын алған, бүгінгі таңда абырой биігіне, құрметтің аласармайтын төріне көтеріле білген Райхан анамыз 1938 жылдың 15 шілдесінде сол кездегі Казанович, қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келді.
      Осы ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіріп, оқуын одан әрі «Калинин» орта мектебінде жалғастырған кейіпкеріміз аталған білім ордасын 1955 жылы «Оқу озаты» деген Мақтау қағазымен бітіреді. Әкенің қас қабағына қарап, үлкенді сыйлап, сол кісілердің алғысын алу үшін еңбектенетін қазақ дейтін тұғырлы елдің ұланы емеспіз бе, мектепті жақсы оқып, үлкен оқуға барамын деп талпынған Райханды әкесі жібермейді. Осылайша өмірдің диірмен тасында айналып кете барған Бақтыбаева Райхан 1956 жылы «Жетінші разъезіндегі» қазіргі Қалжан ахун ауылының тұрғыны Маханбетов Орынтай деген кісіге тұрмысқа шығады. 
      Аяулы жар Райхан тәрбиелі отбасынан шыққан ақылды да парасатты жан болған соң, ана тәрбиесіне құлақ түріп, келін болып түскен үлкен әулеттің әр мүшесін құрмет тұтып, көрегендігін көрсете білген дана келін атанды. Үнемі күлімсіреп, жан-жағын шуаққа бөлеп жүреді. Қоғамдағы әр биіктен көрініп жүрген Орынтай ер-азаматтарымыздың емен-жарқын, уайым-қайғысыз қызметін атқаруына бірден-бір себепші, отының басында ошағын жағып отырған Райхандай тиянақты да, жауапкершілікті ақылды әйелдеріміздің арқасы екендігін мойындамасқа амалымыз жоқ. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл отбасындағы тәрбиенің бастауын сыйғызып қойған халқымыз неткен дана десеңізші?! Ұжымға да, қоғамға да, айналасындағы тума-туыс, көрші-қолаңға да сыйлы, абыройлы, үлгі тұтарлық отбасының тәрбиесін алған Райхан осылайша отын жаққан әулеттің түтінін түзу етіп ұшыруда еңбек етті.
       Ауыл төсінде қоныстанған елдің негізгі шаруашылығы да төрт түлік болатыны секілді Бақтыбаева Райхан да жолдасының соңынан еріп, өзінің алғашқы еңбек жолын мал шаруашылығынан бастады. Кисең – киім, мінсең – көлік, жесең – ас, төрт түлік деген береке тұнған шаруашылық қой. Ата кәсіпті еркін игеріп кеткен жолдасы екеуі еңбек ете жүріп, одан кейін сол кездегі саясаттың ықпалымен егін шаруашылығына ауысады. Ел экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы болып тұрған жылдары қара жұмыстан қашпаған отбасы осылайша таусылмайтын, білек сыбана кіріскеннің ырыс-бағын екі еселейтін еңбек майданына енді де кетті. 
      Үй шаруасынан бөлек, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, өзінің көкірегі ояу, көзі ашық қабілетінің арқасында ауыл келіншектерінің алды болып, тұрмысын жеңілдету мақсатында өз білгенін үйретті. Нәтижелі іске көптің де берер бағасы адал емес пе, осындай еті тірілігінің, өз ісіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында 1968 жылы ауылдық, аудандық және облыстық депутатқа сайланып, сол үш жерде екі жылдан депутат болып шығады. Міне, бұл сол кездердегі ызғары ұрып тұрған саясаттың шағында, нәзік жандылар түгілі ер азаматтың да арқасына батар ауыр жүк еді. Бірақ, еңбекті өмірінің серігі еткен Бақтыбаева Райхан өзіне жүктелген міндеттерді атқарып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін жоғарғы жаққа жеткізіп, оңтайлы шешімін табуды үздіксіз еңбек етті. Бұған дәлел, маңдай термен келген еңбегінің бағасы, марапаттары еді. Еңбек еткен кездері түрлі марапаттарға, медальдарға ие болды. 
      Сонымен қатар жолдасы Орынтай да сол егін, мал шаруашылығында бөлім меңгерушісі кейін бригадир болып жұмыс жасайды. Үкімет жұмысымен қатар 11 баланы тәрбиелеп, жолдасын еш жұмыстан қалдырмай, үйдегі ата-енелеріне де үлгеріп, жолдасын жұмысқа шығарып салып, өзі де жұмыс жасап жүреді. Өмір бойы шаршамай, шалдықпай еңбек етіп, жолдасымен бірге 1988 жылы өздерінің зейнет демалыстарына шығады. Бірақ, атқан күннің кешқұрым қызыліңіреніп барып бататын, табиғаттың өзгермейтін заңдылығы бар емес пе, 2004 жылдын 26 сәуірінде жолдасын мәңгіліп сапарға шығарып салады. 
      Жеке тұлғасына келер болсақ, қарпайымдылық шекпенін үстінен тастамаған Бақтыбаева Райхан барысында талапшыл, күрделі болса да қандай істі аяқсыз қалдырмаған, әр ісінен көрген жан көзі тоят табатын нағыз еңбек адамы болды. Адамдық қалпынан айныған жоқ. Әкеден алған тәрбиесі, адалдығымен әділдігі басым, кісімен сөйлесе кетсе көмейіндегі аңқылдаған көңілі мен адалдығы сезіліп тұрды. Адамның адамшылығы басшылық қызметке келгендегі сынға түсетін пендешілігі бар емес пе. Бірақ, өткінші сезімнің жетегінде кетпей, парасаттылығына әрдайым сүйеніп шешім шығара білген кейіпкеріміз қандай ортада болсын түрлі дәрежедегі адамдармен байланыс жасағанда да болсын адалдық пен сыйластықты, әділдік пен мейірімділікті, имандылық пен жомарттықты таразы басында тең ұстай білді.
      Білте шамның жарығы бетін бұрғанның жүзін сәулелендіретіні секілді, 2017 жылы ауданның «Құрметті Азаматы» медаліне ие болған Бақтыбаева Райхан еңбек еткен жылдары, ел тұрғындарымен етене араласып, тіршілік қазанында біте қайнасты. Отбасын берекелі етіп, 8 ұл, 3 қыз он бір құрсақ көтерген алтын құрсақты Батыр ана бар баласын жас кезінен имандылыққа үйретіп, білімге, еңбекке баулыды. Қандай да бір іске болмасын барлық ынтасын салып істеуге, өмірде адал, шыншыл, байсалды, көркем мінезді болуға үйретті.
      Міне осылай Орынтай әкей мен Райхан әжейден өрбіген ұл-қыздар бұл күнде өздері де келін түсіріп, қыз ұзатып ата мен ене болып, немере сүйген ата мен әже. Үлкен ұлы Маханбетов Төребек 1957 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында. Екінші ұлы Маханбетов Жорабек 1959 жылы дүниеге келген. Жорабек Қалжан ахун ауылында мектепте ұстаздық етіп, жолдасы Шәрипамен бірге бұл күнде өсірген ұл-қыздарының арқасында ауыл-аймаққа сыйлы отбасы. Шағын ауылда кішкене дүкені бар, балаларын бір мақсатқа ұйытып, отбасылық кәсібін дөңгелетіп отырған берекелі шаңырақ иесі. Қыздың үлкені Маханбетова Алтынкүл 1961 жылы дүниеге келген. С.Сейфуллин ауылында Есназаров Бақытжан деген азаматпен тұрмыс құрып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған ардақты жан. Жолдасы Бәкең өмірден озса да, алып бәйтеректей саясын төккен, асылдың тұяғын өнегелі тәрбиемен өрбітіп отырған ана. Одан кейінгі қыздары Маханбетова Қалдыгүл 1963 жылы дүниеге келген. Жолдасы Жүнісов Құрманғалимен бірге Тараз қаласында тұрады. Одан кейінгі ұлдар Маханбетов Әбушәкім 1964 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласында тұрса, 1966 жылы дүниеге келген Маханбетов Шаймұрат пен 1968 жылы дүниеге келген Маханбетов Жомарттар Қалжан ахун ауылында маңдай термен еңбек етіп келе жатқан шаруақор жандар. 8 ұлдың бірі 1969 жылғы Маханбетов Талғат та өзі өсіп-өнген туған ауыл топырағында жеке шаруашылығын дөңгелетіп, ата салтымен төрт түлігін ұстап отырған шаруақор жан.
      Ал, үш қыздың ең кішісі Маханбетова Гүлмира 1971 жылы дүниеге келген. Өмірлік серігі Әбжалиев Серікпен бірге екі ұл, екі қыз өсіріп отыр. Қалжан ахун ауылында тұрады. Үлкен қыздары Ақжарқын тұрмыста, жолдасы Айбол екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Екінші балалары 
      Ержан әкесімен бірге шаруашылықта жұмыс жасайды. Одан кейінгі қыздары Маржан ҚМУ-дың 3-курс студенті болса, кенжесі Әлихан мектепте 4-сынып оқиды. «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» дегендей ошағының түтінін түзу түтетіп отырған Гүлмира «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі. Жолдасы Әбжәлиев Серік «БАҚ» шаруа қожалығының төрағасы.
      Одан кейінгі ұлдары 1973 жылы дүниеге келген Маханбетов Қайрат пен 1977 жылы дүниеге келген Маханбетов Қанат та кіндік қандары тамған Қалжан ахун ауылының топырағында еңбек етуде. Қайрат өз жеке кәсіпкерлігін дөңгелетсе, Қанат аудан орталығында қызметте. 
      Қанат ата-анасының сүт кенжесі болғандықтан қара шаңыраққа ие болып отырған азамат. Біздің басты кейіпкеріміз Райхан әжей осы Қанат баласының қолында. Келіні мен немерелері қолын жылы суға малып отырған жайы бар. 
      Ата-ана ең алдымен өз-өздерінің өзара сыйластықтарымен, қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен, адалдығымен, шыншылдығымен, берілген уәдеге беріктігімен, рухани тазалығымен, тән тазалығымен, яғни таза жүріп жаман әдет-қылықтардан ада болса, жалпы адамгершілік қасиетімен ұрпағына өзі өнеге бола біледі. Міне, сондай жақсы тәрбие Орынтай әкеміз бен Райхан анамыздың ұрпақтарына негіз бола алды деуге болады.
      Өмірі өнегеге толы Бақтыбаева Райхан анамыз қандай қиындық көрсе де бәрін терең біліммен, ақыл-парасатымен жеңе білді. Даналық пен салиқалы сабырға толы мейірім мен жылулық төгіліп тұратын, кейінгі ұрпаққа, жас өрендерге айтар ақылы бар кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына бақыт пен береке тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...