Ұлы Отан соғысының ардагері, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Құрмет белгісі» ордендері және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегері
Әкеге сағыныш
Әке – баланың сүйенер тіреуі, қымбат қазынасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, әкенің балаға үйретері көп. Ол өзінің болашағына алаңдап, ойланып толғанады. Ол болашақта баласының жақсы болуын қалайды. Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. «Әке – асқар тау», – деп бекер айтылмаған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл да әкеге байланысты ардақты айтылған сөз.
![]()
Әкенің бойындағы күш-жігерді, батырлықты, батылдықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі. Ол – тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну», – деген айтулы сөз бар. Демек, әкені ренжітпей, оның айтқанының үдесінен шығып отыру – әрбір перзенттің басты парызы. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп, әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырады. Мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп. Әңгімемізге арқау болып
![]()
отырған Құрманбаев Нүрпейіс, міне, осындай азаматтың бірегейі болды.
Құрманбаев Нүрпейіс 1918 жылы бұрынғы Қарағанды облысы Жезқазған ауданының (қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданы) №11 ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Құрманбай қол өнерімен айналысқан, ағаш шебері болған. Елге төнген қиыншылық кезеңде Арал теңізіне қарай қоныс аударып, балық аулау кәсібімен айналысқан.
Нүрпейіс Құрманбайұлы балық жеуді қатты ұнататын. «Бізді қиын кезеңнен аман алып қалған – Аралдың балығы», – деп үнемі балаларына айтып отыратын. Өмірдің ауыр кезеңдерін бастан кешкен әкесі өмірден ерте өтті. Туған інісі Айтбай екеуі анасы Дәмелінің тәрбиесінде болды. Анасы Дәмелі – өте момын, ақкөңіл әрі аңғал жан болған екен. Нүрпейіс Құрманбайұлының бастауыш кластық қана білімі болған. Соған қарамастан, өте сауатты, беделді, абыройлы кісі болды. Оған өзінің өмір жолы куә, көзін көргендер әлі күнге еске алып отырады.
Құрманбаев Нүрпейіс өзінің еңбек жолы жайлы: «Соғыстан кейінгі өмірімде екі-ақ мекемеде жұмыс жасадым, оның бірі – сақтандыру, екіншісі – сауда саласы», – дейтін. Оған дәлел – еңбек кітапшасындағы жазулар. Ия, Арал жақтан туған еліне келген соң, 1933-1938 жылдары Жезқазған ауданы Сталин атындағы колхозда есепші, кейін 1939 жылға дейін Байқоңыр шахтасында проходкалаушы болды. 1939 жылы 18 қазанда міндетті әскер қатарына шақырылды. Үш жылдық мерзімін аяқтап, «елге қайтамыз» деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Сөйтіп, елге тек 1945 жылдың қазан айында келді. Әскери жылдар хронологиясына тоқталатын болсақ:
1939 жыл қараша – 1942 жыл тамыз айы аралығында 7-ші атқыштар полкінде стрелок;
![]()
1942 жыл тамыз – 1943 жыл қыркүйек айы аралығында 141 атқыштар полкінде стрелок;
1943 жыл қыркүйек – 1944 жыл тамыз айына дейін 65 танк бригадасында старшина;
1944 жыл тамыз – 1945 жыл қазан айы аралығында 139 атқыштар полкінде – старшина болып, 1945 жылы тамыз айында елге қайтару туралы КСРО Жоғарғы кеңесінің бұйрығы шықты. Осы жылдары Калинин, Брянск майдандарында ұрыс қимылдарына қатысты.
Ерлік жолдары «Ерлігі үшін» («За отвагу»), «Жауынгерлік ерлігі үшін» («За боевые заслуги») медальдарымен және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Алайда соңғы екі награда өз иесін таппады. Бұл деректерді балалары «Память народа» сайты арқылы анықтап және ол жайлы деректерді осы естелікке тіркеп отыр.
Соғыстан аман-есен оралған жас жауынгер елге келген соң, қол қусырып қарап отырмады. Орысшаға жетік, 4 кластық білімі бар Нүрпейіс Құрманбайұлы Қарсақпай аудандық сақтандыру
![]()
инспекциясына инспектор болып жұмысқа орналасты. Ол кезде Коммунистік партия қайда жұмсаса, партия мүшесі сонда баратын. Нүрпейіс Құрманбайұлын да 1959 жылдың тамыз айында шалғайда жатқан Құлжанбай бөлімшесіне аралас дүкеннің сатушысы етіп жіберді. Бөлімшеге қарайтын екі ферманың халқын азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету – дүкен меңгерушісінің басты жұмысы болатын. Сонымен қатар бөлімше орталығындағы мектеп жанындағы интернаттың тәрбиеленушілерінің тамағын, тұрмысқа қажетті заттарын жеткізу міндеті тағы бар. Қыстың аязы мен боранында, жаздың аптап ыстығында, күздің жаңбыры мен көктемнің лайсаңында 300 шақырым жерден жүк тасу, әрине, оңай жұмыс емес. Өзі жүкке кеткенде ауылда уақытымен дүкенді ашып, халықтың қажетін өтеп, шаруасын шалқытып отыратын жары Балсарының еңбегі бір төбе.
Ол кезде қазіргідей техника талғайтын заман емес,
![]()
«ДТ» демей, «Белорусь» демей, қолға тиген көлікпен, трактормен жылдың төрт мезгілінде де шопандар ауылын аралап, сауда жасап қайтатын. Ел алғысын арқалаған Н.Құрманбаевтың еңбегі Үкімет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Атап айтсақ: 1967, 1972 жылдары Аудандық тұтынушылар одағының Құрмет Грамотасы;
1975 жылы Облыстық тұтынушылар одағының Құрмет Грамотасы;
1967 жылы Республикалық кәсіподақ ұйымының Құрмет Грамотасы;
Үш дүркін «Республикалық тұтынушылар одағының үздігі» белгісі;
1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Әрине, әр мамандықтың қиындығы мен қызығы бары анық. Осындай шалғайда жатқан ауылдың қарапайым еңбек адамы болған Құрманбаев Нүрпейістей әкелерімен ұрпағы мақтанады, марқаяды, атына кір келтірмеуге тырысады.
«Мен бүгін әкемді айтып толғанамын...», – дейді кенже қызы Гүлсім өз естелігінде – «Әке!
![]()
Бүгінде өзім төрт баланың анасы, сүйікті немерелердің әжесі болсам да, керемет толғаныспен өзіңізді еске алып, бейнеңізді көз алдыма әкеліп, көзіме еріксіз жас алып отырмын. Егер біреу менен «әке деген қандай болу керек» десе, ойланбастан сізді атаған, сізді көрсеткен болар едім, амал қанша, ортамызда жоқсыз. Отбасында төрт қыз, бір ұл болдық. Сонда қазіргі кейбір әкелердей, бізді қыз деп төмендетпей, керісінше «Жұрттың он ұлына бір қызымның тырнағын да бермеймін», – деуші едің, Аллаға шүкір, бәріміз де сіздің атыңызға жаман ат келтірген жоқпыз, оқыдық, ел қатарлы еңбек еттік, үйлі-жайлымыз, бүгінде ата-әже атанып, немере сүйіп отырмыз.
Әкемнің мен мақтан ететін бір қасиеті – зиянды әдеттерден аулақтығы. Әкем өте сауатты, өткір, сонымен қатар әзілқой жан болатын. Туысқа жанашыр, бауырмал еді. Әкем мен анамның мейірімділігі мен жанашыр-бауырмалдығының арқасында, інілерінің балалары, алыс-жақын ағайындарының балалары біздің үйімізде жатып оқыған, бүгінде олардың бәрі де алғыстарын айтып,
![]()
сағынышпен еске алады.
Ал әкемнің қонақжайлылығы бір төбе. Ауылға сырттан келген қонақ біздің үйден дәм татпай, кетпейтін. Бірде 3 фермадан саудаға келген бір кісі біздің үйде қонақтармен болғанын айтып барған екен. Мұны тыңдап отырған әкемнің қайын атасы Жанұзақ әкей: «Ярдың құдағиының Нүрпейіске не жақындығы бар еді?», – депті. Еш жақындығы болмаса да, елге келген қонақты мейман етіп жіберетін. Әрине, әкем мінезсіз емес, ашуы да бар, бірақ қайтымы тез, «шай орамал кепкенше» еді. Біз әкеден қатты сөз естіген жоқпыз, бірақ анамыз бен әжеміздің «Әкеңнен ұят болады» деген тәрбиесімен өстік. Қандай керемет!
Әке! Сіздің көзіңіздің тірісінде бүгінгідей естелік жазбағаныма кешірім сұраймын. Елдің алғысын арқалаған аяулы жандарды кітапқа жазып, естелік қалдырып жатқан Республикалық Алтын кітап ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ. Әрине, сіз бұған дейін де ескерусіз қалған жоқсыз. Ауылдағы мектеп мұражайында, Жезді мұражайында (бұрынғы аудан орталығы) сіз жайлы сыр шертетін мәліметтер, құжаттарыңыз, марапаттарыңыз сақталған. Жарық көрген мақалалар да баршылық. Ал осы Республикалық жинаққа енгізу – ерекше еңбек деп білемін. Осы жинақ өзіңіз отын жаққан қара шаңырақ – Нұрланның үйінің төрінен орын алып, кейінгі немере-шөберелеріңіз тұмар тұтатын затқа айналары сөзсіз. Сіз біздің мәңгі есіміздесіз, әке!».
Әр отбасы – жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының
![]()
рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Әке ұлы күш пен сабырлықтың иесі іспеттес. Баласының физикалық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән беріп, қанаттандырушы ұлы тұлға деуге болады. Ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді әке өзінің іс-әрекетімен көрсетсе, бала санасында мәңгі есте қалатыны анық. Ұрпағына ұмытылмастай тәлімді өмір жолын қалдырған Құрманбаев Нүрпейістің жаны жәннаттың төрінде болып, ұрпағы бағыштаған құраны қабыл болсын дей келе, мақаламыздың соңын кейіпкеріміз Нүрпейіс Құрманбайұлына қызының арнау жыр-шумақтарымен тәмамдаймыз.
Қызы Құрманбаева Гүлнардың арнау өлеңі:
«Ұлы Отан соғысының ардагері, аяулы әкем Нүрпейіс Құрманбайұлының аруағына арнаймын!»«Тағзым»
Небір нәубет басылғандай...
Ел тыныш.
Кенет!
Тітіркентті жер мен көкті сұм соғыс.
Ұмытылмас өмір-өлім күресі,
Өтсе-дағы неше көктем, неше қыс.
Соғыс жайлы кино көрсек клубтан,
«Баса ма?» деп, қорқатынбыз танктан.
Оқ пен оттың ортасында жүргендер,
Жайын біздер оқып білдік кітаптан.
Боздақтарым жауға оқ боп атылған,
Бұл қырғыннан жоқ ешкім де шет қалған.
Майдангердің бірі еді өз әкем,
Ал нағашым оралмаған сол жақтан.
Оралған-ды қан майданнан жаны есен,
Құрдастары Сарбас пенен ер Хасен.
Серік қылып қос таяқты аяққа,
Ақсақ киік секілденіп күй кешкен.![]()
![]()