Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері
Әке тәрбиесі – түгел ұлттың тура жолы
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды, – деп Әбу Сәрсенбаев өлеңге қосқандай, әрбір ұрпақтың Жеңісті
![]()
жақындатқан майдангер ата-бабасын ұлықтауы – парыз. Өйткені күркiреп өткен кешегі соғыстың мәңгi ұмытылмас, жанды сыздатар қасіретi әлі де жүректі сыздатады.
Еліміз Тәуелсіздік алып, еркіндікке жеткен уақытымызда тарихымыз қайта жаңғырып, еліміз қайта жаңарып, ұлтымыз қайта ұлықталып, елімізде көптеген жұмыстар атқарылып, жаңа заман басталғаны баршамызға белгілі. Алайда әлі де болса, зерттеуді талап ететін, еліне еңбегі сіңген қайраткер тұлғаларымыздың өмір жолы, елге жасаған жақсылықтары туралы айтылмаған мәселелер жетерлік. Қазақ халқы елін, жерін, ұлтын қорғап, ар-намыс жолында жанын пида етуге дайын азаматтарды әрқашан ұрпағына үлгі етіп, биікке көтереді. Осындай ұлтымыздың тірегі болған тұлғаның бірі, соғыс және еңбек ардагері – Қалиев Мұзамел Қалиұлы.
Оның өмір жолы елдің ең ауыр, қиын кездеріне тура келеді. Мұзамел Қалиұлы қаншама қиын-қыстау уақытта өткен балалық шағын, соғыспен тұспа-тұс келген бозбала шағын еске алғанда, өзінің осы тағдырына шүкіршілік ететін. От пен оқтан елге аман оралып, ұрпақ тәрбиесімен айналысқанын мақтан көретін. Соғысты көрген ол қиындық көріп жүргендерді тез түсінетін сезімтал болды. Өмір көрген жан білгенін үйретуші ғана емес, оның тұла бойы тұнған үлгі-өнеге емес пе?! Ақ тілеуі бар майдангер барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі болатын.
![]()
Өр кеуделі майдангер, өзінен кейінгі өскелең ұрпақтың кеудесіне намыс пен әділдіктің, қайсарлық пен батылдықтың ұшқынын жалындатып кеткен. Мұзамел Қалиұлы 1921 жылы 17 мамырда Семей облысының Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келді. Кейіпкеріміздің ата-бабалары өте ауқатты, ел билігіне араласқан тұлғалар болған. Олар бай ретінде өздеріне меншікті жерлерді иеленеді. Қазіргі уақытта бұл жер учаскелері – Белтерек ауылындағы Қали Базы деген жерлер.
Өмірге келген перзентіне таңдаулы ат қою ата-ананың міндеті емес пе?! Мұзамел Қалиұлының да есімі ерекше. Ең қасиетті «Құран» кітабындағы 73 сүре «Мүззәмміл»-мен сәйкестендіріп, жан тыныштығын түн сәулесімен нұрландыратын сүреге балаған.
Мұзамел Қалиұлының егізі мен анасы қайтыс болып, жарық дүниенің есігін аша сала тағдыр сынағының қамшысы осылайша ерте тиеді.
Қазақ даласын жайлаған елді отырықшылыққа енді үйреніп, сауат ашудың бастауы – ескі
![]()
молдадан хат тану болған кездері, осы бір үрдіс жолынан шықпаған Мұзамел Қалиұлы, 8 жасында медресеге оқуға жіберіліп, ол жерде 4-сыныпқа дейін білім алды. Тағдыр анасының аялы алақанын сезінбей, жалған дүниенің жылулығынан құр қалған кейіпкеріміздің басынан сипамады. Мұзамел Қалиұлы одан әрі аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналасады. Сол бір жылдары, сауатсыздықты жою күн тәртібіне қойылып, жас-кәрісіне қарамай, білім алуға ұмтылып жатқан шақта, медреседегі білімі есептелмеген Мұзамел Қалиұлы 1 сыныпты қайтадан оқиды.
Әрине, қазақтың жалпақ тіліне тілі жатық ауыл баласы үшін білім алу оңайға соқпады. Оның үстіне, соқтықпаса өте алмайтын, орыстың көк көздерімен бір интернатта жатқаны да бар. Дегенмен кейіпкеріміздің білім алуы ұзаққа созылмады. Өзінің балалық иісі сіңген ауылына оралып, отау құрған Байбатша мен Әбілқасым атты ағаларының жанында болып, шаруашылық жұмыстарына араласады.
Осылайша Мұзамел Қалиұлы тіршіліктің жамаулы шекпенін жамылып, қайнаған өмірдің
![]()
қазанына еніп кете барады. Ер жетіп, мұрты тебіндеп, қара жұмыспен қаруланған, білегі бұлтың ойнаған жігіт шағында әскерге алынып, 1940 жылы Кеңес Одағының Қызыл әскері қатарына еніп, борышын өтеуге аттанады.
Өткен ғасырдың 40-шы жылдары – адамзат баласы үшін қасіретті жылдардың бастауы еді. Себебі 1941 жылы маусым айының 22 күні таңертеңгі уақытта Германия келісімді бұзып, Кеңес Одағына шабуыл жасайды. Ел тарихында ізі қалған Ұлы Отан соғысы осылай басталған еді.
1940 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, жауынгерлік мектептен өткен Мұзамел Қалиұлы, әскер қатарында қызмет еткеніне байланысты «оқытылған Қызыл әскерлер» майдан даласына бірінші болып, қоршауға алынған Ленинградты қорғау үшін майдан шекарасына жіберіледі.
Отанды қорғау жолында берілген бұйрықты орындауға ұмтылған кейіпкеріміз, соғыстың қайнаған ортасына еніп кетті. Ентелей кірген алдыңғы жаяу әскерді өкшелей түсіп, Мұзамел Қалиұлы Ленинградты қорғау үшін ауыр артиллериядан оқ атудан аянып қалмады. Өзінің әскерлерін қолдау үшін дүркіндете оқ атып, шабуыл шегін ілгерілетудегі Кеңес үкіметінің талабы тыңғылықты орындалумен аяқталды. Саясат сан қырлы болғанымен, жауынгер үшін мақсат біреу ғана – майдан даласында жеңіске жету. Жауынгер болып кетіп, батыр болып оралған Мұзамел Қалиұлы, соғыс даласында көрсеткен ерлігі үшін бірнеше мәрте марапаттар мен медальдарға ұсынылды және ие болды да.
![]()
Ленинград майданы шекарасының қорғаныс шебіне жіберілгенде, Мұзамел Қалиұлы жиырма жастағы жігіт еді. Барлық әскери бұйрық орыс тілінде жүргізілгенімен, өзінің жауынгерлік міндетін қайсарлықпен орындай білген майдангердің еншісіне тигені – «Максим» пулеметі еді. Оқты қарша борататын сенімді пулемет болғанымен, оны алып жүру, әскери тактикаға сәйкес қайта орналастыру, жиі тазартып тұру секілді жұмыстарды тез орындау үшін де қарулы қол, жау оғынан қаймықпай шайқасатын жүрек керек болды.
Фашистер ештеңеден тайсалмады.
Соғыстың алғашқы жылдары шайқастар ауыр өтіп, қаза болған адамдар саны көп болды. Асығыстық пен дайындығы аз болып келген өрімдей жігіттердің көбісі немістің темір танкінен атылған оқ пен жиі шабуылдаған неміс бомбаларының құрбаны болды. Бірақ қалай да Ленинградқа немістерді өткізбеу жолында, өздері құрбан болса да, ерлік істер жасаған сарбаздар саны көп болған еді. Үсті-
![]()
үстіне толықтырылған жауынгерлердің қатары күннен-күнге көбейгенімен, қаза болғандардың саны да екі есеге артты. Осыдан-ақ сол кездегі шайқастардың қаншалықты ауыр болғанын білуге болады.
– Жауынгерлер «Ура-а-а!», «Алға, Отан үшін» деген ұрандармен шабуылға шықты. Тек алға, артқа жол жоқ, шегінуге болмайды. Кім шегінсе, оны артта келе жатқан сарбаз атып тастайды, бұл қашқындық деп саналады. Шегініп бара жатса да, немістер оқ пен снарядтарды жаудырды. Ауа-райына, қар, аяз немесе батпақ, жаңбырға қарамастан тек алға жүрдік, кейде батпақтан өтуге тура келді.
Соғыста оқ-жабдықтардың тапшылығы да орын алды. Аштықтан, суықтан адамдар өліп жатты. Азық-түліктің жетіспеушілігінен, үгінділер мен қайың қабығынан сорпа жасап ішуге тура келді. Таза су болмады, қыста қар еріттік. Аяздарда бірнеше сағат бойы қаншама шақырым жүріп өтіп, қар үстінде қозғалмай жаттық та. Көптеген сарбаздарды қатты үсік шалды, осы себептен кейбіреулерінің аяқтарын кесіп тастады.
Біз әрі қарай жалғастыра бердік. Көбі – небәрі 19-20 жастағы сарбаздар, бұл олардың өмірлерін енді бастап жатқан шақтары еді. Олар ұрыстағы жеңіске деген қуанышты, соғыстағы достық қарым-қатынасты, ұрыс алаңындағы өзара жәрдемдесу, Отанды қорғау деген қасиетті борыштарын орындап жүргендерін сезінуден алатын қанағат деген сезімді
![]()
білді. Соғыс кезінде қатал тәртіп болды: қаншалықты қиын болса да, жараланған адамдар міндетті түрде оттан шығарылады. Бұл адам өмірін құтқарып қалу ғана емес, ұрысқа қатысқандардың «Қандай жағдай болса да, достар ешқашан тастап кетпейді» деген сенімдерінің негізі болды, – дейтін сол бір өлім мен өмір итжығыс түскен, батырлық пен қайсарлықтың жеңіске жетелеген отты жылдарын айтып өткен Мұзамел Қалиұлы.
Ленинград қаласының түбінде 900 күн бойы табан тіреп, немістердің ауыр шабуылдарына төтеп берген жауынгерлер ақыры жеңімпаз болып шықты. Қорғаныста жауға төтеп беріп, шабуылға шыққан қанды шайқастардың бірінде ауыр жарақат алған Мұзамел Қалиұлы, әскери госпиталға түсіп, емделіп шыққан соң, ұрыс даласына аттанады. Көп ұзамай тағы да шайқас кезінде жамбастан ауыр жарақат алып, қайтадан ауруханаға жатқызылады. Осылайша майдангер 1943 жылы «әскери мақсатта саптық қызметке жарамсыз» деп елге қайтарылады.
Өлім мен өмір арпалысқа түскен соғыс жылдарын біз әдеби сөзбен әспеттесек, суретші картинасын қан қызыл түсті бояуымен көрсетсе, әнші жүректі тебірентер үнімен жүректерді жылатып, өшпес қара дақ салады. Аталарымыз соғысамыз деп барған жоқ, олар Отанын қорғау үшін, аталары аманаттап кеткен жерге жау тұлпарының тұяғын бастырмас үшін, берілген аманатқа қиянат жасамас үшін барды...соғысты...жеңімпаз болып шықты да...
![]()
Майдан даласындағы ерлік істері, жауынгерлік тапсырманы үздік орындағаны, Ленинград қаласын жаудан қорғағаны және Ұлы Отан соғысы шайқастарындағы жанқиярлық еңбегі үшін, Мұзамел Қалиұлы «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен, соғыстан кейінгі жылдары «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл» мерекелік медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ түрлі деңгейдегі Грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, майдангер ретінде жеңіл көлік еншіледі.
Өлім мен өмір итжығыс түсіп жатқан майдан даласынан жарымжан болып оралса да, азаматтық айбыны биік болған Мұзамел Қалиұлы, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Әскер қатарына алынған уақытқа дейін таныс болған Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тумасы Хаирова (Қалиева) Күлзия Ыбрайқызымен отау құрады.
Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары жұмысқа қабілетті, шаруашылыққа жауапты, ауқымды жұмыстарды жүргізе алатын ер адамдар аз еді. Білімі аяқталмаған орта болса да, ұйымдастырушылық, адамдарды сендіру қабілеттеріне иек артқан әскери комиссариат, сұм соғысты көрген майдангерді Ауылдық кеңестің есеп жөніндегі хатшысы қызметіне жұмысқа жібереді.
![]()
Соғыс жылдарында тылдағы ауылдың жағдайы тіпті нашар еді. «Барлығы да майдан үшін» ұранымен, ауыл өнімдері вагонға тиеліп, батысқа кетіп жатқан шақта, ауылда қалған қарттардың, қыз-келіншектер мен жас балалардың өмірі де «шықпа, жаным, шықпамен» отырған сәт еді. Бұл кезеңде нан алу үшін карточкалық жүйе енгізіліп, теміржол құрамына қосымша вагон тіркелетін, нан артылған вагон-лавка теміржол станцияларына, разъездерге жеткізілетін. Міне, осындай вагонда желілік теміржол милиционерін ертіп алып, Кеңес өкілі ретінде қызмет етеді.
1945 жылы немістерді тізе бүктірген соң, ішінара нанға арналған карточкалық жүйе алынып тасталады. Жаңғызтөбе кентінің коммуналдық шаруашылық басшысы, Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының экспедитор қызметінің басшысы қызметтерін атқарған жылдары да, кейіпкеріміз өзінің майдан даласында алған жарақатына қарамастан атқа мініп, теміржол тауар кеңсесіне тапсырылатын құжаттарды қолмен толтырып, жеткізіп отырады.
– Әкеміз балдақпен жүріп, аяғын емдеп отырды, себебі жаралары көпке дейін жазылмады. Кейінгі жылдары жіңішке таяқты сүйеніш етіп жүретін болды. Қиындықтар мен ауыртпалықтарға жиі тап келіп, үнемі физикалық
![]()
және моральдық, психологиялық азаптарға төзуге тура келді. Бірақ бұл жерде де Мұзамел Қалиұлы жүректілік пен табандылық танытты, майдан алаңы одан да қауіптірек болғанын ескере отырып, моральдық борышты сезінетін.
Сол бір кездері еңбек тәртібі де қатал болатын. Жұмысқа мейірімсіздікпен қарау немесе өздігінен жұмыстан кетіп қалу қашқындық деп саналған. Әкем еңбек пен өмірдің қиын жағдайларына, аштыққа қарамастан, өзінің майдандастары үшін құрбан болуға даяр болды. Әркез сабырлы болып, сары уайымға салынбайтын. Жеңіс күніне дейін майданға жұмыс істеді, сонымен қатар жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Әкеміз соғыс туралы айтуды аса ұнатпайтын, әзілге айналдырып, өзінің де, басқа да сарбаздардың қызықты оқиғаларын айтып беретін. Жеңіс күні мектеп оқушыларымен кездесуге барғанда ғана бұл әңгімелерді тыңдай алатынбыз.
Ата-анамыздың көп еңбек етуінің, өз шаруашылығын тиімді жүргізе алуының, өз табыстарын мақсатқа лайық жұмсауының нәтижесінде, біз молшылықта өмір сүрдік. Бұның барлығын салыстыру арқылы көруге болатын еді. Жыл сайын күздікке мал, ал қыста «соғым» сойылатын, одан кейін көктемге дейін үйден қонақ арылмайтын.
Ал анамызға келер болсақ, ол Жаңғызтөбедегі қоғамдық тамақтандыру желісінде жұмыс істеді. Анамыз ешқашан ұзақ уақыт үйде баламен отырмаған, тынымсыз еңбек еткен. Сол кездің тағамдары абжауқын болатын,
![]()
бұл азық-түліктің аздығы мен кідірістердің болуынан еді. Қоғамдық тамақтануға бірінші кезекте азық-түлік жеткізілетін. Содан соң жұмысшылар мен тыл еңбеккерлерін тамақтандыру қажет болатын.
Міне, 1975 жылдың 1 қаңтарында кең жүректі әкеміздің жүрегі тоқтап, мәңгі ұйқыға кетті. Әкеміз қайтыс болғаннан кейін, үш жылдан соң, 1978 жылдың 19 тамызы күні анамыз да дүние салды.
Біз жеңімпаздардың алдында басымызды иеміз!
Біз әкеміз туралы естелікті құрмет тұтамыз! Біздің әкеміз – Қалиев Мұзамел Қалиұлына Жеңіс үшін алғысымыз шексіз! Оның ерлігі мәңгі жадымызда! Ол туралы жарқын естелік біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады, – дейді ата-анасын мақтаныш еткен перзенті.
Өр кеуделі майдангер Мұзамел Қалиұлы мен Күлзия Ыбрайқызы дүниеге Бақытжамал (Бақыт), Ералы, Бағжамал, Нұралы, Нұрмұхан, Оралы мен Асқар есімді перзентерді әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда 16 немересі, 34 шөбересі тамыр жайған.
Өмір жалғасып жатыр... Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұзамел Қалиұлы ісімен де, сөзімен де, айтқан ағалық ақылымен де кейінгі ұрпақтың есінде қалды.
Иә, адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтардың бірі болған соғыста миллиондаған өмірлер қыршын қиылды. Майданға аттанып, олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Ал аман жеткендері сұм соғыстың нағыз бет-бейнесін көріп, зұлымдықты әбден танып-біліп, басқа адамға айналып келді... Міне – өлмес өмір, өрге сүйрейтін өнеге, жүз жылда бір туатын қасиет пен ерліктің үлгісі.
Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең ғана жеңдім деуге болатын алмағайып соғыста, Отан үшін от кешкен жерлестерімнің ісі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс. Ел тірегі болу үшін ер боп туған адал ұрпақтың ел басына сынақ болған сұрапыл соғыс жылдарындағы төзімділігі мен өмір үшін өлгенше күрескен табандылығы, қайраты мен қаһармандығы болмаса, бүгінгі жарқын болашаққа батыл қадам жасап, өркендеу жолына түскен тәуелсіз мемлекетіміз де болмас еді...
Сол себепті де ерлерімізді ел үшін, ұландарымызды ұлт үшін дәріптейік!
Құм астында жатса да шірімейтін алтындай, адалдық пен адамдық, мейірімділік пен имандылық екінші орынға ысырылған бүгінгі таңда, адами асыл қасиеттерді жоғары қойып, қасықтап абырой жинаған, түрлі қызметте болса да, қарапайымдылық қалпынан айнымаған ақ пейіл, жомарт жүрек, елі үшін от кешіп, ерен еңбек етіп, халықтың ықылас-ілтипатына, ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған майдангер Мұзамел Қалиұлының жаны пейіште, иманы жолдас болғай деп дұға етеміз!
![]()
![]()