Асылбекұлы Атабек

Рейтинг:

Ұлы Отан соғысының ардагері, Созақ ауданының Құрметті азаматы, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», 
«Қызыл Ту», І дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», 
«1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары және 
«1941-1945 жж. ҰОС Жеңіске 20, 30, 40 жыл», 
«КСРО Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл» мерекелік медальдарының иегері

Ер есімі ұмытылмайды...

      Ел басына күн туған шақта ержүрек батырлығымен жауға қарсы шыққан майдангердің бірі – Созақтан шыққан батыр барлаушы Асылбекұлы Атабек атамыз. Барлаушы һәм «Смерч» тобындағы нағыз маманға «Даңқ» орденін екі рет, «Қызыл Ту» ордені, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Отан соғысының» І дәрежелі ордені, сондай-ақ 1995 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Құрмет» орденін табыстаған. Әр тағылған орденнің өзіндік тарихы бар. «Ерлігі үшін» медалін соғыстың қайнап тұрған уақытында 1944 жылы омырауына тағынған. Берлинді алғаны үшін, Сталинградты қорғағаны үшін, Будапештті, Праганы азат еткені үшін, тіпті бір ғажабы «Жапондарды тізе бүктіргені үшін» деген медальдары бар. Қатардың алдында Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хаты 18 рет оқылған.
      1945 жылы тамыз айында Родион Яковлевич Малиновский бастаған қолбасшысы «За Байкал» майданында Хинган асуынан асқан әскер құрамында сапқа тұрғызылған әскердің Кеңестер Одағының батыры дәрежесіне теңестірілгені айтылған. Бір өкініштісі бұл орден табысталмады. Бұның себебі Ресейдің Подольск қаласындағы әскери архивтен табылды. Құжаттарды қарағанда «Комиссия қарамаған, ұсыныс жасалған» деп жауап берілген. 
      Кейіпкеріміз бүгінгі таңда «боевой» ордендері бар адамдар жөнінде бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде бірінші орында екен. Атабек Асылбекұлы 1922 жылдың 25 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы қазіргі Созақ селосында дүниеге келген ол, 18 жасқа толғанда 1941 жылдың желтоқсан айында әскерге алынған.
      Алдымен Тараз қаласында ұйыстырылып жатқан №105 Ұлттық атты әскер дивизиясына қабылданып, қысқа уақыт қана даярлықтан өтіп, небәрі 6 айдан кейін-ақ №484 атқыштар полкінің құрамында Мәскеуге жіберіледі. Келген бойда атты алып қойып, қолына зеңбірек беріп, көздеуші қылып, 2 ай оқудан өтеді. Сол уақытта Мәскеу қаласында қанды қырғын болып, зеңбіректі сүйрейтін Американдық жаңа «студебеккер» машинасы берілген. Қанды майданда Асылбекұлы Атабек Дон өзенінің тұсынан Сталинградты құрсаулаған Паулюсті қоршауға алуға қатысады. Ворошилов облысының Суравикин қаласының маңында іштен және сырттан қаз-қатар жасалған шабуылда жаудың 20 танкісіне қарсы шығады. Сол уақытта бір полкте 40 зеңбірек болса, оларға мойымай қарсы тұрып, жаудың 9 танкін өртеп жіберген. Атабек Асылбекұлы 1942 жылдың 20 желтоқсанында жаудан ауыр жарақат алады. 400-500 метрдей жерде тұрған жаудың танкінен снаряд ұшып, оның жарықшағы оң жақ беттен соғып өткен. Клецкий қаласындағы госпитальда 3 айға жуық ем алып, қатарға қосылған уақытта жан-жақтан құрастырып жатқан резервтік полкке жіберіледі. «Барлау – әскердің көзі, құлағы» деген қанатты сөз соғыс жылдары пайда болды. Майданда жүрген кейіпкеріміз зеңбірекпен соғысуды доғарып, №103 дивизияның жеке барлау ротасына барлаушы болып бекітіледі. Алғашқы құрамы 90 адамнан болған олар соғыс аяқталарда Жапон жерінде небәрі 10-ақ адам аман қалады. Біраз тексеріс пен оқу-жаттығуларынан өткізіп, Мәскеуде басқарылып, бақылатын «Смерч» деп аталатын аса құпия топқа бекітіледі.
      Алғашқы барлау жұмысы Ворошиловградта басталған. Өзге барлаушылардан Атабек Асылбекұлының ерекшелігі жер жайын жақсы игеріп, даланың перзенті ретінде із кесудің шебері атанған. Барлаушы болып, майдан шебін 17 рет сөгіп өткен. 
      Сол уақытта көргенін рациямен штабқа қазақша тілде айтып отырған. Онда бір қандасы тыңдап, басшы құрам аударып отырған. Ол жаудан алған ақпарат дивизия тұрмақ, майдан көлеміне дейін іске жарап, көмегі тиген. Атабек Асылбекұлы майдан жолымен Буг өзенінің алабындағы Николаев деп аталатын портты қаланы, сонан соң 1943 жылы 5 сәуірде Одессаны, одан Кишиневты босатуға белсене қатысады. Бессарабияны, Бухаресті, одан әрі Будапештті азат етуге аттанады. Бұған дейін Украина жеріндегі Днепрден өткен.
      Асылбекұлы Атабек атамыздың әңгімесінен: «Бір он күндік демалыста жүр едім. Сізді шақырып жатыр деген соң штабқа келсем, дивизияның командирі Зданович деген генералдың өзі екен күтіп отырған. Шай дайындап қойыпты. Алдыман сол кездегі ең қымбат папирос «Кезбекті» ашты. Болса да стакан қағыстырдық. Әңгімеміздің қысқасы былай болды. Ол маған «түнде ені алты шақырым Днепрден үш қайықпен жүзіп өтіп, жағдайды біліп және де бір жау сарбазын тұтқындап әкел» деп тапсырды. Мен сол уақытта кәнігі барлаушы болып қалған кезім, шақыртты дегеннен кейін-ақ істің мән-жайын ұғынып үлгердім. Бұған дейін де Днепрдің арғы жағына барлаушылар аттандырылыпты. Оларды су үстіне прожектор оттарын жарқылдатып, түгелдей оқ боратып, суға батырып жіберіпті. Маған да жан тәтті, амалым жоқ қорғанысқа көшіп: «Суға жүзе алмаймын, Созақ деген жерде өзен жоқ. Дала. Мидай жазық», – деп түсіндіріп көріп ем, көмекшісі татар жігіт еді, кеу-кеулеп, арқамнан қағып, парт билетімді алдыма тосып, не керек баратын етті. Бұған дейін 3 рет жасаған әрекеті босқа кеткен соң, тістібақадай жармасып айырылмады. 
      Әлгі топтың басшысы мен болдым. Үш қайыққа бөліндік. Оған дейін перископ дейтін акоптан қылтитып шығарып қойып, арғы жақты бақылайтын дүрбіге ұқсас аппарат бар, сонымен әбден зерттеп алғанбыз. Сол кезде мені орыстар «Алеша» дейтін. Бұл бір жағынан жасырын атым еді. Екіншіден, қалай екенін қайдам, орыстың баласы болсын, басқасы болсын мені «Ақжолтай» санайтын. «Сенің сыйынған құдайың саған көп көмектеседі. Жолыңды ашып тұрады» деп айта жүретін. Содан ба, менің жасақтаған тобыма тартынбай енетін. Арғы жаққа баратындарды тез іріктеп алдым. Бұған дейін арғы бетке жан адам өтпеген.
      Кейіннен Днепрден жүзіп өткендердің бәріне «Кеңестер Одағының Батыры» атағын берді ғой. Ал бізге, барлаушыларға батырлық емес, міндетке саналады екен. Аттанар күні «Смерчтен» арнайы адам келіп, соңғы нұсқау берілді. «Қолға түсетін жағдай болса, соңғы оқ қалғанша атысасыңдар. Тұтқынға түспейсіңдер. Соңғы оқты өздеріңе жұмсайсыңдар», – деді. Сөйтіп әбден бекітті. Біз түгелдей жау киімімен, қару-жарағымен, автоматымен, пулеметімен қаруланғанбыз. Қайықты саперлік топтан берілгендер еседі.
      Маған ерекше суға батырмайтын белдемше кигізген. 150 метрдей соңынан сырғимын. Сөйтіп түнгі 2-де Днепрге, ені 6 шақырым қалған уақытта суға секіріп, жау жағалауына жақындай бергенде прожекторын самсатып қойып, біздерге оқ боратты. Оған біздер де ыға қоймадық. Автоматпен, пулеметпен атылатын жарқырауық оқтар деп аталатын нәрсе болатын. Ол аспанды найзағай жарқылдағандай ететін. Олардың прожекторларының жарығынан асып түспесе, кем соқпайтын. 
      Тағы бір келісіп алғанымыз жау әскерінің қай тұстан жаудыратынын білмейтінбіз. Енді олар прожектор қойып, біздер улап-шулай бастағанда, біздер де әлгі тұсты жарқырауық оқтармен себелей бастағанда, дарияның бер жағында өзіміз әзірлеп кеткен зеңбіректер соны күткендей күркіреп қоя береді. Әлгі көздері жылтыраған прожекторлардың, әсіресе «Катюшаны» атқылағанда дымы өшті. 
      Сөйтіп біз арғы бетке аман-есен сау өттік те, ештеңеден айылымызды жимастан алға ұмтылдық. Сөйтсек жағалауда патруль, болмаса жер қайысқан әскер жоқ екен. Олар өзен жағалауынан 1-2 шақырым әріге орналасыпты. Содан әлгілерді қуып жүріп алдық. Оны асығып аптығып, түн іші ғой, аузын тығындап жүріп, Днепрден кері алып өткенде сәл болмағанда өлтіріп ала жаздаппыз. Дивизия түгел қуанды. Маған ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін берді. Екі күннен кейін ұлы шайқас Днепрден өту басталды...».
      Асылбекұлы Атабек атамыздың бір есте қалған майдандағы оқиғасы ол Чехословакияда болды. Будапешт қаласы мен Праганың арасын қосатын жолда биікте жау орналасқан. Сол аймақтан өткен адамдарды аяусыз қырып отырған. Дивизия командирі Зданович оның алды жаяу әскерді салып көріп, орны толмас қайғыға әкеліп, зор шығынға ұшыраған екен.
      Оның себебі ол жерде тау шатқалы болған, ал жау биікте болған соң оңайлықпен келе жатқан жауды қырып отырған. Дивизия командирінің шарасы қалмаған соң бұл ауыр жүкті барлаушыларға артқан. Тәуекелге бекінген барлаушылар үш топқа бөлінеді. Бір топ – оң жақтан, бір топ – сол жақтан, ал бір топ – орта тұстан шыққан жауынгерлер, осылайша түскі уақытта қамалды басып алады. 
      Атабек Асылбекұлының ерлігі үшін офицерлерге берілетін «Қызыл Ту» ордені табысталады. Ал «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі Украинаның Никополь қаласындағы ерлігі үшін табысталған. Елдің есіңде мәңгі қалатын атамыз 1945 жылы 8 мамырда Украина майданы құрамында Берлинді оңтүстіктен шабуылдайтын құрамда болады. Барлаушыдан тұтқындарды қабылдайтын парламенттерге алмасып, дивизиядан жасақталған он адамның құрамында болып, қолдарына ақ ту ұстап қалжыраған жау солдаттарын алдына айдап салып әкеліп отырған.
      1945 жылдың шілдесінде «Екінші – За Байкал» майданы қолбасшысы Р.Я.Малиновский, шекарадағы Тамсақбұлақ деген жерге жетеді. Шойбалсанның әскерімен бірге отырып, 8 тамызда атақты үлкен Хинган асуы арқылы жол-жөнекей 950 шақырым жер жүріп, Чан-Шун, Мүкденнен бастап алты қаланы босатады. Бұл туралы кейіннен фильм де түсіріліпті. Содан еш жерге кідірмей, Порт-Артурға дейін барады. Соғыс аяқталған соң оны елге бірден қайтармайды. Чита облысының, Сретинский қаласында орналасқан офицерлер оқитын училищеге жіберіп, 1947 жылы оны бітірген соң лейтенант атағымен елге оралады. Туған жеріне оралып, елеулі еңбек еткен «Даңқ» орденінің кавалері аудандық комсомол ұжымын басқарған. Спортқа басшылық етіп жүріп, қызметі өрге дөңгелеп, алдымен аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып, кейін Шу «МТС»-не парторг болып сайланады. 1957 жылдары Қарағұр кеңшарында жұмысшылар комитетін басқарады. 1959 жылдан бастап Созақ совхозының, 1963-тен Жуантөбе совхозының, 1969 жылдан қайтадан Созақ совхозының партия ұйымына басшылық жасайды. Алматы мал дәрігерлік институтын «ғалым-зоотехнік» мамандығы бойынша сәтімен сырттай бітіріп алады. 1984 жылдан құрметті демалысқа шығады.
      ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендері, «1941-1945 жылдардағы Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін, «Праганы азат еткені үшін», «Будапештті басып алғаны үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» және т.б. медальдары, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20, 30, 40 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл» мерекелік медальдарының иегері атанған кейіпкеріміз өнерден де кенде болмаған. Шертпе күйдің шебері болған ел ағасының осы бір тұсы жайлы «Егемен Қазақстан» легінде былай деп көрініс табады.
      «Сүгірдің өте бір тараулы күйлерінің бірі – «Кертолғау» күйінің алғашқы нұсқасын күйтабаққа жазған, хатқа түсірген, белгілі қобызшы әрі домбырашы Жаппас Қаламбаев ағамыз туралы да біраз мағлұматқа қанықтық. Күйші «Кертолғаудың» әдемі бір тарауын Қаратау өңіріндегі атақты күйшілердің бірі – Атабек Асылбековтен үйренгенін айтты. Атабек күйші Сүгірдің көзін көрген, мәнерін үйреніп, шерту машығын алған сырлы күйші ретінде тарихта қалған тұлға екен».
      Ел үшін туған батыр барлаушы Атабек Асылбекұлы ұзақ ғұмыр кешіп, 2010 жылы 88 жасында бақилық болды. Батыр атамыздың ұрпағына амандық, ұл-қыздарына бақыт, бауырларына бүтіндік тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...