Лұқпанов Мырзагерей Харесұлы

Рейтинг:

Ұлы Отан соғысының ардагері, 
«Қызыл жұлдыз» орденінің иегері

Майдангер

      Ұлы Отан соғысы – адам баласының адамдық қасиетке жатпайтын өзімшілдігі, зымиян ойлылығы мен озбырлығынан басталды. Қанша адам жақындарынан айырылды. Соғыс жылдары қанша адам туған жерден жырақ жүріп, қаншасы қаза тапты. Қанша жас қыршын кетті... Бұл соғысқа көптеген Қазақстандықтар да қатысты. Ел басына күн туғанда Отанды қорғау қасиетті парыз дейтін болсақ, майдангер ақын Қасым Аманжоловтың: «солдаттың етігіндей жаным сірі» деп жырлағанындай, расында да нағыз жаны сірі ұрпақтың өкілдері еді олар. Балалық шақтары аштық пен жалаңаштыққа тап келіп, бір уыс бидай үшін күрескен, жастық шағын зұлмат соғыс өрті жалмап, қан кешу қасап заманнан аман шыққан, онан кейінгі жылдары соғыс зардаптарын жойып, шаруашылықтарды көтеруге арналып, ат үстінен түспеген, демалыс дегеннің не екенін білмеген, жұмысқа үйінен таңмен таласа шығып, қас қарайған кезде оралған, бәлкім сол бір сұрапыл заманның, қиын өмірдің тәрбиесі ме екен, өмірде боркемік, жасық соғыс ардагерін көрген емеспіз. От пен судан қаймықпас нағыз тасқайнат жандар еді шетінен. Иә, соғыс ардагерлері туралы енді өткен шақпен сөйлеуге тура келетіндей. Өйткені адам рухының мызғымас мықтылығының белгісіндей болған аңыз адамдардың өмір сүрген дәуірі басымыздан өтіп барады. Олардың ерліктері туралы айтылар тірі куәгері жоқ әңгімелер енді басталып келеді.
      Ұлы Отан соғысының ардагері Лұқпанов Мырзагерей Харесұлы 1924 жылы 10 қаңтарда қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауыл советінде дүниеге келген. Ата-анасы отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. 
      Мырзагерей Харесұлы Мақат орта мектебінің 8 жылдығын бітірген. 
      1942 жылы Мақат аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, 18 жасында майданға аттанып, жаумен нағыз ерлерше айқасқан, өр мінезді, табанды, алған бетінен қайтпайтын қайсар азамат болған. Сол сұрапыл соғыс жылдарындағы сәттерді бейнелеген қойын кітапшасындағы әртүрлі кезеңдерді қамтитын күні, айы, жылына дейін көрсетіліп, ұрыс болған деревня, село, қала аттарына дейін нақтыланып, тізбектеліп жазылуы оның ұқыпты әрі сауатты, нағыз намысшыл ер болғанын айнытпай танытады.
      Мырзагерей Харесұлы Москва түбіндегі ауыр шайқастарға қатынаса отырып, бұдан кейін Днепр, Украина, Варшава, Белоруссия, Лугонец, Дубонец қалаларын, көптеген селоларды азат етуге қатынасып, соғыс даласында өзінің адал адамгершілігімен, үнемі патриоттықпен көзге түседі. Жеңісті Берлинде қарсы алған азамат. Бірнеше медальдармен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.       Майдангер 1947 жылы елге оралып, осы жылы қазіргі Атырау облысынан Советтер курсын бітіріп, ауылдық Советтің секретары болып, алғашқы еңбек уақытында партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Сырым» май комбинатының директоры, ферма меңгерушісі, совхоз директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Колхоздастыру жұмысына белсене араласқан. 
      1948 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Мұхит ауылының қызы Меңдіғожина Биқашпен танысып, отау құрып, өнегелі отбасында 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. 
      Үлкен ұлы Сәлімжан мен келіні Асылзерден 4 қыз, 1 ұл – Гүлжазира, Арухан, Жаңыл, Альбина, Айдар; екінші ұлы Сейтжан мен келіні Маншүктен 3 ұл – Дархан (2000 жылы өмірден өтті), Дулат, Дамир; үшінші ұлы Сағытжан мен келіні Айгүлден 2 ұл, 2 қыз – Гүлжайна, Артур, Раушан, Жәнібек; кіші ұлы Қадіржан мен келіні Ритадан 2 ұл, 1 қыз – Таңсұлу, Әділжан, Ринат атты немерелері өсіп келеді.
       Үлкен қызы Гүлнар мен күйеу баласы Аманкелдіден Ерлан атты жиені, ортаншы қызы Гүлбаршын мен күйеу баласы Сапарғалидан 5 ұл – Сержан, Ержан, Аян, Ербол, Нұрбол, кіші қызы Гүлзада мен күйеу баласы Жайлаудан 3 ұл, 1 қыз – Думан, Дәурен, Дастан, Алтынай атты жиендері бар.      Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзагерей Лұқпанов жеті баласына тәлімді тәрбие берген азамат. Осы ұл-қыздардан тараған 15 немере, 10 жиені үлкен азамат-азаматша болып, әр салада қызмет атқарып жатыр. 
      Мырзагерей Лұқпанов – Махамбет Өтемісұлының алты атадан қосылатын ұрпағы. Өтемістен тараған 10 ұлдың бірі, атақты Махамбет Өтемісұлының ағасы Қожахметтің шөбересі Харестен туып өрбіген ұрпақтары. 
      Мырзагерей Харесұлы 1998 жылы 74 жасында өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында тұрды. Осы ауылдан Мырзагерей Лұқпановтың атына 1999 жылы тұрғындар жиналысының қаулысымен басты көшелердің бірінен көше атауы берілді. 
      Ел қорғаған, қол бастаған батырларын, ақылы дария, сөз көсем қарттарын қадірлеу – қазақтың қанына әлімсақтан сіңген қасиет. Өйткені қазақ халқы шарық тастай шыр айналған дүниенің небір шырғалаңынан батырлары мен данагөйлерінің арқасында аман шығып отырды. Ал батылдық пен ақылдылық сияқты қос кие де ардагерлердің бойында тоғысады. 
      Мырзагерей Харесұлының ұрпақтары майдангер рухын әрқашан ұлықтап отырады. Оның есімі ел есінде де ұзаққа сақталып, тарих бетінде мәңгіге жазылып қалады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...