Ішкі істер саласының ардагері, Майор, «Арыстанов Сибатолла» шаруа қожалығының басшысы, «ҚР Жол полициясына 20 жыл» төсбелгісі, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер саласындағы мінсіз қызметі үшін», «Таулы Қарабах ардагері» медальдары және «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері
Елдік мүдде жолындағы адал қызмет
Адамның ғұмыры – жалғыз жолаушының ізі секілді: кейде соқпағы сүрлеуге, кейде бел асып, еңіс-өріске айналады. Бірі ізімен өтіп кетсе, енді бірі артына жарқын жол салып, ел есінде қалады. Сол жол – ерлік пен еңбекке, адалдық пен адамдыққа толы болса, ол есім ұрпақ жадында жаңғырып тұрады. Міне, сондай саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнап, шен тақса да қарапайымдылықты ұмытпаған, лауазым иесі болса да кішіпейілдігін жоғалтпаған азамат – Арыстанов Халиахмет Сибатоллаұлы.
![]()
Халиахмет Сибатоллаұлы – өмір жолын Отан алдындағы борыштан бастаған, тәртіп пен тазалықты ту етіп, ішкі істер саласында мінсіз қызмет атқарған тұлға. Зейнетке шықса да, ел тірлігінен сырт айналмай, ауыл шаруашылығы саласына белсене араласып, туған жердің ырысын еселеп келе жатқан іскер азамат. Оның өмірі – бір ғана адамның тағдыры емес, бұл – тұтас бір буынның бейнесі, ел игілігі жолында тер төккен парасат иесінің тағылымды жолы.
Туған жер – адам баласының рухани кіндігі. Әр пенденің жанына нәр беріп, жүрегіне жылу сыйлайтын бір мекен болса, ол – туған топырақ. Халиахмет Сибатоллаұлы 1970 жылдың 11-шілдесінде Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылында дүние есігін ашты. Құлашын кеңге сермеген Каспийдің самалы мен сарғайған жусан иісі – оның бала жадында мәңгі қалған өмірлік иіс секілді.
Бұл өлке – сонау заманнан бері дүлдүлдер мен дана би-шешендердің мекені. Ерлік пен елдіктің ұйытқысы болған, киесі мен иесі қатар жаратылған шежірелі мекен. Осындай өр рухты өлкенің төсінде, қарапайым ауыл тіршілігінің қақ
![]()
ортасында өмірге келген Халиахмет Сибатоллаұлы ерте жастан дала мінезді, кеңпейіл, еңбекке етене араласқан ұрпақтың өкілі болып қалыптасты.
Міне, Хамит Ерғалиев ауылы – бүгінде бір кездері құдықтан су алып, көше бойында асық ойнаған баланың ел таныған азамат болғанына куә. Қара жердің қойнауына тамыр тартқан шынардай, туған жер де Халиахмет Сибатоллаұлының өмірінде айрықша орын алады. Оның әр жетістігі – сол ауылдың тәрбиесі мен ананың ақ сүті, даланың ашық тынысы мен еркін ойының жемісі.
Білім – адам өміріндегі шамшырақ. Жарығы сөнбейтін бұл шырақ адамды қараңғыдан алып шығып, жарқын болашаққа бастайды. Халиахмет Сибатоллаұлы да осы білім атты киелі жолдың жолаушысы ретінде ерте жасынан талаптың биік жалына жармасты.
1977 жылы Ғ.Мәсәлімов атындағы (бұрынғы Амангелді) орта мектебінің табалдырығын аттаған бала
![]()
Халиахмет сол сәттен бастап білім мен тәрбиенің әлеміне еніп, ізденіс пен зердені серік етті. Мектеп – ол үшін тек білім ордасы емес, өмірді танудың алғашқы алаңы еді. Мектеп қабырғасында жүріп, ұлт тарихына, ел тағдырына, адамзат болмысына деген қызығушылығы артып, болашақта қоғамға қызмет етсем деген бала арманы бүр жара бастады. 1987 жылы он жылдық білімін тәмамдап, қолына аттестат алған бозбала ендігі мақсат – ертеңге нық қадам басу екенін жақсы түсінді.
Жас жігіттің жүрек қалауы құқық саласы болды. Қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікке деген ерекше ынта оны Ақтөбе қаласындағы Заң колледжіне жетеледі. Құқық негіздері, қылмыстық іс жүргізу, мемлекеттік құрылымдар мен заң жүйелерін тиянақты меңгеріп, білім алып жүрген жылдары ол өзіндік көзқарасы бар, принципке берік азамат болып қалыптаса түсті. Колледж қабырғасында алған білім – кейінгі қызметтік жолының іргетасы іспетті берік негіз болды.
![]()
Алайда бозбалалықтың бал дәурені ұзаққа созылмады. 1988 жылы Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Украина мен Әзербайжан жерінде әскери қызметке кірісті. Бұл кезең – оның өміріндегі ерлік пен сабыр сынға түскен, жігер мен төзім қатар сыналатын кезең болды.
Таулы Қарабақ қақтығысының қақ ортасында жүрген жас сарбаз өмірдің басқа қырын таныды. От пен оқтың ортасында жүріп, ел тыныштығы мен адам өмірінің бағасын терең сезінді. Жас жігіттің бойындағы батылдық пен табандылық осы жерде айқын көрінді. Ол тек сарбаз ғана емес, отансүйгіш рухтың иесі, ел намысын арқалаған ұл екенін дәлелдеді.
«Еңбек – ер атандырады», – дейді қазақ. Адамның азамат ретіндегі қадірі мен қасиеті көп жағдайда оның маңдай терімен атқарған ісінен көрінеді. Халиахмет Сибатоллаұлы үшін еңбек – өмірінің өзегі, ұстанымының темірқазығы. Ол жастайынан еңбекке ерте араласып, әрбір істің қадірін біліп өсті. Әскери борышын өтеп келген соң, елге оралып, үлкен өмір жолының даңғылына нық қадам басты.
1990-1993 жылдар аралығында Атырау облыстық «Қазсу» шаруашылығында еңбек жолын бастады. Сонау
![]()
кеңестік жүйеден жаңаша бағытқа бет алған өтпелі кезеңде бұл саладағы еңбек – шыдам мен шеберлікті, төзім мен тиянақтылықты талап ететін күрделі сала еді. Жер мен судың тілін таба білген жас жігіт бұл жерде де өзінің іскерлігі мен жауапкершілігін көрсете білді. Күннің аптабында да, қыстың қабағына да аяқ тартпаған, адал еңбекке бел шеше кіріскен бұл жылдар – оның нағыз азамат болып қалыптасқан шағы болды.
Алайда оның жүрегі ел тыныштығын күзететін салаға, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын қызметке тартып тұрды. 1993 жылы Халиахмет Сибатоллаұлы Атырау облыстық Жол полициясы басқармасына қызметке қабылданып, ішкі істер саласындағы күрделі де абыройлы еңбекке бет бұрды.
Ол бұл саланың ыстық-суығына шыдап, тәртіп пен талаптың жолында өзін де, өзгені
![]()
де аямады. Қарапайым жол инспекторынан бастап, полиция майоры шеніне дейінгі еңбек жолы – табандылық пен тазалықтың, ұқыптылық пен ұстанымның айқын көрінісі. Ондаған жыл ішінде сан түрлі жағдайлармен бетпе-бет келді. Бірі – жол үстіндегі жауапты сәттер болса, бірі – халықпен бетпе-бет кездескен күрделі шақтар. Бірақ ешбір сәтте де жүрек шындығынан аттап, парызынан бас тартқан емес. Оның бойындағы адалдық пен әділетке деген берік сенім – әр шешімінен, әр әрекетінен көрініс тауып отырды.
Жол полициясындағы 23 жылдық қызметі – шен үшін емес, шын үшін атқарылған еңбек. Әр азаматқа тура қарау, әр оқиғаны әділет таразысына салып бағалау оның кәсіби ұстанымы болды. Полиция майоры шеніне дейін көтеріліп, қызметтен құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Алайда зейнет демалу емес, жаңа жауапкершіліктің бастауы болды. 2017 жылдан бастап ол туған ауылындағы «Арыстанов Сибатолла» атты шаруа қожалығының тізгінін қолына алып, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрды. Бұл – темірдей тәртіптен шығып, топырақпен тілдесуге көшу. Бірақ табиғатпен жұмыс та оңай емес, ол да өз тәртібін, өз тылсымын қажет етеді.
![]()
Шаруа қожалығының жұмысы арқылы Халиахмет Сибатоллаұлы тек өз отбасын емес, ауылдың әл-ауқатын арттыруға атсалысып келеді. Мал өсіру, жер өңдеу, ауыл тіршілігін жандандыру – бәрі де жүрекпен атқарылатын еңбек. Тек шаруа емес, қайырымдылық пен қамқорлық та қатар жүреді. Ауылдастарының мұқтажын ескеріп, қоғамдық істерден қалыс қалмайтын қасиеті – оның азаматтық болмысының шынайы көрінісі.
Кәсіби біліктілік пен адал қызмет ешқашан ескерусіз қалмайды. Ар-намысты ту еткен Халиахмет Сибатоллаұлының ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы мінсіз қызметі мен қоғамдық белсенділігі жылдар бойы түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланды. Ол 2006, 2007 және 2011 жылдары І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер саласындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.
2012 жылы «Қазақстан Республикасы Жол полициясына 20 жыл» төсбелгісінің иегері атанды. Ал 2015 жылы ҚР Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасы – оның кәсіби біліктілігінің, адамгершілік болмысының жоғары бағалануы еді. Еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі – «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі 2016 жылы Халиахмет Сибатоллаұлының кеудесінде жарқырады.
2017 жылы Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің Ризашылық хаты,
![]()
2020 жылы Қазақстан ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің Жол полициясы ардагері ретінде құрмет көрсетуі – оның әріптестері мен ізбасарлары алдындағы биік беделін көрсетті.
2021 жылы Қазақстан полициясының кәсіби мерекесіне орай Алғыс хатпен марапатталса, 2022 және 2024 жылдары Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаттарын алды.
2023 жылы «Таулы Қарабах ардагері» медалі мен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімдігінің Алғыс хаты – оның азаматтық борышын тек бір салада емес, ел өмірінің барлық саласында адал атқарғанының айғағы. Ал 2025 жылы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты С.М.Саденовтің Алғыс айту күніне орай жолдаған Ризашылық хаты – халық пен мемлекет атынан берілген ризашылықтың ең шынайы көрінісі болды.
Қазақ үшін отбасы – шаңырақ. Ал шаңырақтың шайқалмауы – ер азаматтың парасаты мен әйел ананың мейіріміне тікелей байланысты. «Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыздың осы бір ұлы тәмсілі Халиахмет Сибатоллаұлының өмір жолында айқын шындыққа айналған. Ол – отбасында әке, жар алдында қорған, ұрпағы үшін ұстаз. Оның жанұясы – ұлттық салт-дәстүрмен үндескен, өнегелі өмірдің үлгісі.
Халиахмет Сибатоллаұлының жан жары – Ұлжан Кенжеғалиева – бала тәрбиесі мен білім саласында абыройлы
![]()
еңбек етіп жүрген ардақты ұстаз. Ұлжан Кенжеғалиева – білім мен парасатты қатар ұстанған, оқушы жүрегіне жол таба білген ұлағат иесі. Оның жүрегіндегі жылулық, өмірге деген көзқарасындағы салмақтылық – бұл отбасының ішкі дүниесіне шырақ жағып тұрған нұрдай. Олар – өмірлік серіктестікпен қатар, рухани үндестікте тіршілік кешіп келе жатқан жарасымды жұп.
Отбасындағы өзара құрмет пен сыйластықтың, ұрпаққа берілетін өнегенің негізі осы шаңырақтың іргесінен бастау алған. Олар үш перзентті өмірге әкеліп, әрқайсысының бойына ұлттың құндылығын, адалдық пен еңбексүйгіштік қасиетті дарытты.
Тұңғыш ұлы Біржан – жоғары білімді электро-энергетик мамандығын меңгерген, еңбекке ерте араласқан, жан-жақты жетілген жігерлі азамат. Оның болмысында әкесінің байсалдылығы мен анасының тиянақтылығы бар. Ортаншы перзенті Қамажай – Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінің түлегі. Тілді меңгеру – тек сөз үйрену емес, мәдениет пен парасатқа бойлау. Қамажайдың көптілді меңгеруі – оның зеректігі мен еңбекқорлығының дәлелі. Ол – ел ішіндегі, шет жұртпен қарым-қатынастағы алтын көпір бола алатын кәсіби білікті маман.
Кенже қызы Айзере – бүгінде С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің 4-курс студенті. Ақ халатты абзал жан атану – жауапкершілігі зор, жүрек пен жан тазалығын талап ететін жол. Айзере –
![]()
бойындағы ізгілік пен ілімге деген құштарлық арқылы осы қасиетті мамандыққа бет бұрған. Оның оқуға деген ынтасы мен адам жанын емдеуге деген ықыласы – ата-анасының тәлімі мен жүрек тәрбиесінің жемісі.
Отбасы – адамды адам ететін, пендені парасаттыға айналдыратын қасиетті мекен. Осы шаңырақтан шыққан әр сөз – салмақты, әр іс – үлгі, әрбір ұрпақ – үміт пен сенімнің шырақшысы. Мұндай шаңырақтың көлеңкесі кең, шуағы ұзақ болмақ.
Халиахмет Сибатоллаұлы – ішкі істер саласында ұзақ жыл адал еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да туған ауылынан қол үзбей, ел игілігі үшін қызмет етуін жалғастырып келе жатқан азамат. Еңбегімен де, адамгершілік болмысымен де көптің алғысына бөленген Халиахмет ағай – бүгінде ұрпағына өнеге, ауылдастарына сыйлы, ел ішіндегі абыройлы тұлға. Қай салада жүрсе де жауапкершілікті ту етіп, туған жеріне қызмет ету жолындағы қажырлы еңбегі әлі де жалғасын таба бермек.
![]()
![]()
![]()
![]()