Дүйсекенов Сейітжан Қисанұлы

Рейтинг:

ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ

      Өмір – «мен мұндалап» айтып келмейтін табиғаттың тосын сырларына толы. Соның бірі, тұсаудан босай сала  құла түзге ұмтылған  жабағыдай қайыру бермей кететін, алды ашылса лаулай түсетін – өрт. Сақ жүрсе де сағағынан ілінген сауысқандай, күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігін сақтап, өз әлімізше сақтанып жүрсек те сиырдың қызыл тіліндей жалаң ете қалатын жалын адамзат баласын орны толмас қауіпке душар етіп жатады. Міне, сол кезде көмекке келетін осы өртке қарсы қызметінің мамандары – басына қатер төнсе де, өзінің емес өзгенің амандығын ойлап, түтін тұмшалаған өртпен тайталасып, өртті өшіріп тұрғындар қауіпсіздігін ойлап жүреді. 
      Көп адам жүрексінетін қызыл жалынға қойып кететін, батылдығының өзі бір мақалаға сұранып тұрған өртке қарсы қызмет саласы қызметкерлерінің бірі, бүгінгі белді азамат, білікті басшы Дүйсекенов Сейітжан 1958 жылдың 20 сәуірінде Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық елді мекенінде дүниеге келді. Ғасыр бұлты бауырын ала көшсе де биіктігі аласармайтын әкесі Қисан жолбарыс жүректі батырлардың ерлігіне куә болған Нарын құмының, Бегайдар деген жерде туып, қарапайым ғұмыр кешкен. Он саусағынан өнер тамған, алтын қолды әкесі Молшағыл колхозында темір ұстасы болып, кейіннен совхоз қайта құрылғанда, ағаш шебері болып қызмет атқарған. «Әкенің жақсылығы, балаға қырық жыл азық», - деген тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, үлкеннің батасын, ананың алғысын алған Қисан ақсақалдың көзіндей болып бүгінгі күнге дейін Чапаев совхозы орталығындағы (қазіргі Тұщықұдық) селосы орталығында саман тастан қаланған ғимараттар өткен күннен сыр шертіп, қолтаңбасы әлі тұр.
      Төтенше жағдай кезінде жанұшыра шақырғанымызбен, кейіннен еңбегі елеусіз қалтарыста қалатын, бірақ ел игілігі үшін әрдайым қызмет етуге дайын тұратын мамандықты таңдаған Сейітжанның анасы Досалы қызы Зейнеп те ғасырлар тоғысқан жылдары дүниеге келіп, колхозда кейіннен совхозда еңбек еткен асыл жүректі ана. Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан ерлермен бірдей жұмыс жасап, Гурьев – Астрахань теміржолының алғашқы сүрлеу жолын аршып, «носилкамен» топырақ тасыған ана 3 қыз бен 5 ұлдың анасы атанды. 
      Ақын болар ұлын өткір тілінен, биші болар қызын сымбаты мен бұрала басып қимылдаған икемінен, батыр болар баласын қайсарлығы мен қайраттылығынан танитын қазақ емеспіз бе, бала кезіндегі өзгелерге қол ұшын беруге ұмтылуы Сейітжанды есейе келе, құтқарушылық қызметіне алып келді. 1959 жылы совхоз орталығына, көпшілік қоныстанған Чапаев селосына көшіп, М.Горький атындағы орта мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында жүріп, бойындағы ерекше қабілетін көрсете білген Сейітжан мектепті тәмәмдаған соң, 1975-78 жылдары аралықтарында Гурьев ауылшаруашылық техникумында оқып, арнаулы білім алды. 
      1978 жылы Ставрополь өлкесінде  Кеңестік Армиясы қатарында барып, Отан алдында азаматтық борышын өтеп келген соң 1980 жылы ішкі істер қатарында қызмет етеді. Атқарған ісі тиянақты, әрі жауапкершілігі мол, жігітке тән адалдық пен ержүректілік қасиеттері бар маман кім-кімнің де «Балам болса осындай болсын»-деп, қызығып, бас бармақпен көрсететіндей Сейітжан қызметке білек сыбана кірісіп кетті. Қай жерге барса да өзін ұстай білуі, қиындықтарда шабаланбай сабырлық сақтап, істің аяғын күтіп шешім қабылдауы, басшылық алдында қызметін өте адал орындауы, адамгершілік қасиеттерді өмірінің бағыты етіп ұстанған жастың болашағын жарқын етті. Осылайша, басшылықтың ұсынысымен Новобогат аудандық ішкі істер бөлімінің, өрт қадағалау инспекторы лауазымы қызметіне тағайындалды.
      Басшылық – қатардағы қызмет емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қарамағыңдағы қызметкерлерінің өмірі мен бөлімдегі техникалардың жауапкершілігі қара нардың белін қайыстырар ауыр салмақ еді. Бірақ, атадан өнеге, анадан аманат алған Сейітжан қиындығы мол істерде табандылық танытып, сабырлылықты досы етіп, өзіне артылған сенімнен шыға білді. Қызметтен қол үзбей жүріп, Алматы қаласында орналасқан Ішкі істер министрлігінің  «Өрт техникалық училищесінің» арнаулы және жоғарғы техникалық факультеттерін оқып бітіріп, арнаулы жоғары білімді «Өрт хауіпсіздігі инженері» мамандығына ие болды. Қыры мен сыры, тылсымы мен құпиясы көп, қауіптілігі жоғары мамандықты игеруде бар күшін салып, басшылық міндетін абыройлы атқарды. «Басшылық» дейтін ақ жағалы абыройға кір жұқтырмай, азаматтық арын кіршіксіз таза ұстап, өзіне жүктелген міндеттерді асыра орындады. 
      Жұмыста болсын, достарының ортасында болсын адамдық қалпынан айнымайтын Сейітжан өзінің біліктілігі, білімділігі, іскерлігінің арқасында көптің үдесінен шығып,  1987 жылы  Новобогат аудандық ішкі істер бөлімінің өрт қадағалау инспекция басшылығына тағайындалды. Міне, өзіне сеніп тапсырылған осындай белді қызметті ақ адал атқара жүріп, ұжым сыйластығы мен құрметіне бөленген білікті маман, қызметте жоғарылап, 1988 жылы аудандарды қосып ірілендіруіне байланысты, Махамбет ауданына аға инспектор, 1990 жылы жаңадан қайта құрылған Исатай ауданына инспекция бастығы, 1996 жылы аудандық өрт сөндіру бөлімі бастығы болып абыройлы қызметтер атқарды. Исатай ауданында үздіксіз 23 жыл қызмет еткен Сейітжан Қисанұлының 2003 жылы  ақпан айында Атырау облыстық Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығы Мешітғали Нәукенұлы Ізмағамбетовтың шешімімен, облыс орталығына облыстық гарнизон құрамына, №3 техникалық қызмет көрсету өрт сөндіру бөліміне басшылыққа тағайындалуы халықтың, басшылықтың оған деген сенімінің шырқау шегі еді.
      Түйіні мол мәселенің шешімін тез табатын алғыр да, көреген басшы Сейітжан 2003 жылдың қазан айында облыстық басқарма бастығының орынбасары болып келіп, қызметтік құрылымдардың өзгеруіне байланысты, 2005 жылы «өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылып, Республикалық орталық аппараттың келісімімен басшылыққа тағайындалды. Бүгінде өнегелі өмірі көпке үлгі болып отырған Сейітжан Қисанұлының қызметтік жолын одан әрі жалғастырсақ. 2006 жылы өз алдына өртке қарсы қызмет департаменті болып қайта құрылып, департамент бастығы орынбасары және облыстық мемлекеттік өрт қадағалау қызметі басшысы болып өз өміріндегі қызметтің ең жоғарғысына жетті. 
       28 жылдық қызмет өтіліне байланысты және шекті жасына келуіне байланысты 51 жасқа қараған шағында зейнеткерлікке шыққан Сейітжан ағамыз еңбек еткен жылдары мерзімінен бұрын арнаулы дәрежесі көтеріліп, «полковник» шенін иығына тағынды. Тәуелсіздік алған жылдары әлі жолға қойылмаған өрт сөндіру қызметінің өсіп-өркендеуі үшін үлкен жұмыстар атқарды. Шаршадым демеді, сенім үдесінен шығу үшін еңбек етті. Басшымын демеді, қарамағындағылармен әзілдес құрдас, жұмыста сыйлас болып, жеке өмірінде үлкенге құрметі мен кішіге ізетінен айнымады. Көмек сұрап келгеннің қолын қайтармай, шалыс басқандардың бағытын жөндеп, адамгершілікпен жолға салып отырды. Қызметке байланысты кітаптармен бірге рухани-жан дүниесі байытатын көркем кітаптарды да оқып, өзінен кейінгі мамандар мен саналы ұрпақтарды тәрбиелеуде өзіндік ақыл-кеңесін айтып, оларға көңіл бөлуден аянбады. 
      Осы қызмет атқарған жылдары қызмет тарапынан ыждағаттылықпен еңбек еткен қызметкерлерге берілетін  I, II, және III дәрежелі «Үздіксіз қызметі үшін»медальдарымен марапатталды. Ауданға жасаған қызметі мен еңбегі бағаланып, аудан әкімінің «Құрмет грамотасын» иеленіп, 2003 жылдары «Төтенше жағдайлар агенттігінің еңбек сіңірген қызметкері» атағына лайық деп танылды. Одан кейінгі жылдары «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Төтенше жағдайлар қызметіне 20-жыл» мерекелік медальдарымен және  министрдің қолымен берілетін «Төтенше жағдайлар министрлігінің 25-жыл үздіксіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлар органы ардагері» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагерлер кеңесінің  «Құрметті ардагері», Ішкі істер министрлігі ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» және тағы басқа мерекелік медальдары еңбегінің жарқын жеңістері болып, алтын нұрын шаша кеудесінде жалтырап, ардагер мерейін өсіріп, абыройын үстем етіп келеді.
      Ел экономикасы тайғанақтап бір орнында тұра алмай тұрған қиыншылығы мол сонау тоқсаныншы жылдары ішкі істер органдарына келіп, мінсіз қызметтер атқарып, бүгінде құрметті ардагер төріне көтерілген Сейітжан Қисанұлы өмірлік жолдасы Жүргенова Күнзипаш екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған бақытты ата-ана, немере, жиендеріне ақыл-кеңестерін айтып отырған кеуделері жаһұт-маржанға толы ата-әже. Жолдасы Күнзипаш Атырау мұнай және газ университетінің аға оқытушсы, доцент болып еңбек еткен ұлы ұстаз, Алаштың анасы атанған киелі аймақ Қызылорданың қызы. Үлкен қызы - Табиғат Халел Досмухамбетов атындағы Атырау педагогикалық университетінде референт болып жұмыс істесе, екінші қызы - Жайнар Астана қаласындағы «Астана медицина академиясын» бітіріп келіп, облыс орталығында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет жасайды. Жайнар  2020  жылдың қазан айының15 жұлдызында  тұрмыс құрды. Ербол есімді күйеу баласы бар, ол да - дәрігер маманы, жедел жәрдем қызметінде еңбек етеді. Үлкен қызы Табиғаттан - Нұрай және Ақмарал есімді екі жиені өсіп келеді. Әулеттің ұрпағын жалғастырып, түтінін түзу ұшырып отырған   «Атырау мұнай өңдеу зауытында» оператор болып қызмет жасайтын ұлы -Тұрлыхан мен «NCOC» мекемесінде қызмет жасайтын келіні - Гауһар ата-әжесіне Жайдарлым есімді қылықты немере сүйдіріп отыр.
      Көктемнің артынан жаз келетіні секілді, жылдарды жылдар басып озып, өмір өзені өз ағысымен аға береді. Бірақ, ел қауіпсіздігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп, азаматтық тұлғасы мен саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Сейітжан Қисанұлының есімі облыстың өртке қарсы қызмет тақтасында фотосы мен қолтаңбасы, ел есінде өшпестей болып есімі қалады. Осындай қиын кезеңдерде ел мүддесін бірінші орынға қойып, аяғы талса да ауырсынбай, арқасындағы жүкті арқалап жүре беретін қазақтың қара нар азаматтары аман болсын! Кейіпкеріміз ардагер Сейітжан ағамыз, бүгінгі күні Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының кеңесшісі болып қызмет атқаруда, сонымен қатар, ол - төтенше жағдайлар органдары Ардагерлер Кеңесі Атырау филиалының төрағасы.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...