Сертіне берік полковник
Қазақтың өткен ұлы тарихында қашанда жауынгер ата-бабаларымыз ерлігімен танылған. Елі мен жерін жаудан қорғаған, білектің күшімен, найзаның ұшымен күрескен. Сондықтан, олардың өлшеусіз еңбегі – бізге мұра. Ержүрек бабалардың ұрпағына аманат еткен кең байтақ қазақ жерін келешек ұрпаққа тапсыру – біздің мұратымыз. 1936 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Актүбек елді мекенінде дүниеге келген Ілескен Ізбанов өз өмірінен Отанының абыройын алға қойған азамат. Жастық жігері мен патриоттық сезімі жоғары азамат Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебін бітірген. Кеңес заманында тәлім-тәрбие алған бала өте тәрбиелі әрі ақылды болып өседі. Жастайынан бейбіт күннің бесігін тербеткен батырларымыздың ерлігін өзіне үлгі етіп, ел амандығын алдыңғы орынға қоя білді. Соның ішінде еліміздің айбынды әскері, тыныштығын күзететін тегеурінді шекарашысы болуды мұрат тұтатын. Өміріндегі еңбек жолында жүргізушілер даярлайтын арнаулы курстан өтіп бастады. Шалқар автобазасында еңбек етіп, қоғамдық шараларға араласты. Үнемі азаттықты аңсап, егемендікті тілеген ата-бабаларымыздың асқақ арманы – тәуелсіздікке қол жеткенін мақтаныш тұтады. Жастайынан елімізге қорған болған жауынгерлеріміздің білек күші берік, білімі жоғары, Отанға деген ыстық ықыласына өзінің арманын негіздеген азамат әскер қатарынан оралғаннан кейін, Алға аудандық ішкі істер бөліміне автоинспектор кызметіне алынады. Сап түзеген сарбаздарымызбен бірге Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, елімізді бар күш-қайратымен қорғауға дайын азамат қызметін абыройлы бастап кетті. Жол бойында тәртіп сақтау, кауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбектер атқарады. Азаматтың адал атқарған еңбегі бағаланып, Шалқар аудандык автоинспекциясын басқару міндеті жүктеледі. Ол жалпы ұзындығы 2500 км.- ге негізделген Бұхара-Орал газ құбыры тартыла бастаған уақыт. Оның 400 км. бөлігі Шалқар ауданы аумағынан өтетін. Соған байланысты бұл өңірде автокөлік қатынасы көбейіп, жұмыс ауқымы ұлғаяды. Жүргізушілер арасында қатаң тәртіп орнатылып, бір жыл ішінде 1000 адамға әкімшілік шара қолданылып, 200 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін куәліктерінен айырылды.
![]()
Әрине, уақытылы атқарылған жұмыстың нәтижесінде жиі орын алып тұратын көлік қақтығысы оқиғалары азайған. Жұмысы барысында орын алған әртүрлі жайттардың арасында аса қауіптілері де кездесіп тұрды. Мысалы, 1963 жылы аса қауіпті үш қылмыскер түрмеден қашып шығып, аулада тұрған ГАЗ-63 көлігіне отырып, Шалқарға қарай беттегені хабарланды. Ілескен касына екі қызметкерді алып, оларды Шалқардан жиырма шақырым қашықтықтағы Түйіскен шатқалында жасырынып жатқан жерінен ұстап, залалсыздандырады. Осы ерлігі үшін оған «КСРО милиция қызметінің үздігі» атағы берілген. Кызметте алғыр, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болғандықтан Iлескен Ізбановты аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне жоғарылатады.
Бейбіт күннің бесігін тербеткен батыр ретінде ел амандығын алдыңғы орынға қойып, қауіп-қатердің алдын алады. Оған Ілескен секілді тәртіп сақшылары себеп болып, айбынды әскер, тыныштықты күзететін тегеурінді шекарашылар себеп. Бірлігі бекем, төрт құбыласы түгел еліміздің тәртіп сақшыларының атсалысуымен қылмыс саны азайып, тәртіп нығайып, халық жасақшыларының қызметі жүйелі түрде жүре бастады. Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысы облыста бірінші орынға көтерілді.1974 -1985 жылдары ол облыстық ішкі істер баскармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерінатқарады. Бұл қызметте де абыройлы болды. 1981 жылы облыстық делегация құрамында Ауғанстан мемлекетінің басшысы Бабрак Кармальмен, сондай-ақ Ұлыбритания, Германия елдері басшылармен кездесіп, жүздесу кұрметін иеленді.
Ілескен Ізбановтың қызмет жолы айрықша оқиғаларға толы десек артық айтқандық емес. Мысалы, қазақ халқының сүйікті басшысы Дінмұхаммед Қонаев облысқа келгенде қызмет бабымен күтіп алып, аудандарды аралағанда бірге жүріп, сәті түскенде оның ақыл-кеңесін тыңдады.
![]()
1979 -1981 жылдары Ақтөбе каласындауыр қылмыс түрлері көбейе түсті. Есіктің сыртынан оқ ату дерегі бірнеше рет қайталанып, қылмыскерді ұстау қиынға түсті. Тұрғындар арасында қорқыныш көбейді. Кылмыскерді іздеу операциялары Алматы,Мәскеудің назарында ұсталды. Атқарылған шұғыл оперативтік шаралар негізінде кауіпті қылмыскер 1982 жылы ұсталды. Бұл жұмыста да Iлескен Ізбановтың ыждағаттылығы айрықша көрінді. 1980 жылы қыркүйек айында Ілескен Ізбановка милиция полковнигі атағы берілді. Ілескен Ізбанов өзінің кызмет барысында Шалкар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы подполковник Өтепов Балапанмен, Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Иван Ефимович Лелякпен, Шалкар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеу Алдияровпен, Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Петр Тұрмағамбетовпен іскерлік байланыста болып, ортақ мәселелерді орайын келтіріп, шеше білді. Iлескен Ізбанов - 1985 жылы Батыс Қазақстан теміржол қатынасы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарлығына жіберілді. Ішкі істер қызметіндегі отыз жылдан астам уақыт ішінде ол көптеген білікті кадрларды тәрбиелеп, ұстаздық етті. Олардың қатарында генерал-майор Кеңшілік Жұмабаев, Серік Есімов, полковниктер Сәбит Садықов, Төлеубай Сарбаев, Куанышбай Ыскаков, Патрис Нокин, Жеңіс Тасыбаев, Кеңес Дүйсенбин, Ғалым Дәулеталин сияқты азаматтарды атауға болады.
Замандастары Ілескен Ізбановтың қызмет бабында, өте алымды, қайырымды
, пейілі кең, еңбекшіл, іскерлігі әр уақытта бағаланып, көмек көрсетуде әзір тұратын үлкен жүректі азамат болғанын айтады. Кісілік-азаматшылығы мол болған тұлғалы азамат жайында ел жақсы пікір айтады. 1989 жылы отставкаға шығып, одан кейін облыстық сауда базасында, облыстық байланыс мекемесінде заң кеңесшісі, арнаулы байланыс торабының бастығы қызметтерін атқарды. Осы қызметтерінде көптеген алғыс алып, грамоталармен, ақшалай сыйлыктармен марапатталды. Солардың қатарында Қазақстан Ішкі Істер «Құрметті ардагері», доғарыстағы милиция полковнигі, облыстың Ішкі Істер Департаметінің ардагерлер ұйымының төралқы мүшесі болғаны ерекше атап өтерлік құрметтің белгісі.
Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы Ішкі Істер органдары Лескен аға сияқты көрнекті буын өкілдерін, олардың өнегелі енбектерін, кейінгі жастарға үлгі етіп, көп жылдық тәжірибелерін алға тартып, ұрпақтарға сабақтастырып, жалғастырып келеді. Сондай-ақ, Ілескен аға жолымен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Аға буын мен бүгінгі полиция қатарындағы жастар арасындағы байланыс пен қарым-қатынас біздің ізгілікті, тәртібі оңтайлы, қоғам құруымызға жәрдемдесе алады.
Ілескен халыққа ортақ шаруаларға да белсене араласты. Батыр, би, әулие Ақкісі, қазан жүрек батыр Қайдауыл сияқты біртуар тұлғаларға ас беру, олардың есімдерін мәңгілік есте қалдыру шараларында ол ұйымдастырушылық жұмыстарын атқарды. Қолымызға тиген деректер Ілескен Ізбанов жайлы Ішкі Істер облыстық Департаментінің ардагерлер Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің «Құрметті ардагері», Қандыағаш қаласының «Құрметті азаматы», доғарыстағы подполковник Аманғос Қабеннің естеліктерімен байланысты. Соған қысқаша үңіліп көрсек.
![]()
Қазақта жөн сұрасқанда «ата тегің кім» - деп, сұрауының күрделі мәнісі, ата тектен әке-шешесінің, оның ұрпақ жалғастары, абырой-ажары тағы басқа жақсылықтарын білу мақсаты болу керек, яғни тегін жақсы болса, өзіңде айтулы атаның баласысың, жақсы боларсың деген сұраққа жауап.
Осы айтқандай, Лескен Қырғыз руынан шыққан, ұрпақтары жайылған азамат. Ұрпақтары атақты Мөңке бидің нағашылары екен (кіші жүздегі қырғыздар). Ел ағасы Қырғыздан шыққан Ақкісі деген ұрпағы. Мөңке бидің шешесі Ақкісінің қызын «Сұлу» деп аталған Аққыз анасы. Бой жетіп, көзге түсіп, талай адам құда түсіп, өз тегін таңдап, ештенеге көнбей жұргенде, бірде жас ортасына келген Тілек-Айт баласы, жолдастарымен бір сапардан келе жатып, осы «Ақкісі» ауылдың құдығынан ат суара кетпек болып бұрылады. Құдық басына келсе, ауыл адамдары шулап, құдыққа абайсызда түсіп кеткен тайлақты шығара алмай, ақыры арқанды қарына орап Аққыз сұлу жалғыз тартып жатқан үстінен шығады. Болашақ шешемізге көзі түскен атамыз, ауыр салмақтан Аққыздың аяғындағы мәсінің тігуі жыртылып кеткенін көріпті.Жалма-жан қыздың қолындағы арқанның бос шетін білегіне орап жіберіп, тайлақты құдықтан шығаруға жәрдемдеседі. Бір-екі ауыз тіл қатысқан екеуі, бір-бірінің көңілін айтпай түсініп, атамыз атын суарып, аулына кетеді. Көп кешікпей Ақкісінің үйіне Тілеу жіберген бір топ адам келіп, қызына құда түседі. Сұлу атты Ақкісінің қызы, жасы жер ортаға жетсе де, мен өз тұғырымды таптым, әкем қарсылық етпесін депті. Осы Аққыз Сұлудан, 5 жасында әкесімен жетім қалып, 7 жасынан билік айтқан, көзінің тірісінде аты Алты Алашқа жайылған, Қазақтың түп атасы бірінші Майқыдан кейінгі халықтың болашағын айтып кеткен атақты Мөңке би туады. 101-ші атқыштар бригадасының аланыңда тұрған Мөңке бидің ескерткішін көргенде, болмаса ойына алғанда, оның нағашылары Ізбанов Лескен, Дияров Нұрмағанбет, Исаев Асхат, Дәулеталин Ғалымның бүйректері бұрып, топырағың торқа, иманы жолдас болсын деп, қолдарын жайып, Мөңкенің аруағына бастарын иіп өтуге дайын азаматтар, амал қанша Ілекең өмірден озып кетті.
Лескеннің азаматтық, кісілік қасиеттері көп еді, тума-туысты, жолдастарды ұйымдастырып, баратын жерге ретімен тақырып, қонақасы әр уақытта дайын еді. Соның бір эпизоды Қайдауыл батырдың атағы Сексеуіл станцияға берілетін болып, сонда көп еңбек сіңіргені есімде, Ақтөбеден поезбен мені, Ермұханов Салықты жүзден асатын адамдарға қосып, Қайдауыл қырғыз батырдын тойына барғанымыз бар. Станция басында мал сойылып, Шалқар ауданының әкімдері келіп, үлкен жиын болды, біздер де сөйлеп шапан кигеніміз есімде. Мұндай халықты ұйымдастыру екенің бірінен қолынан келе бермейді. Қырғыз Қайдауыл батырдың басына Құран бағыштап, ол қырғыз руынан шыққан, халық үшін қалмақтармен көп күрескен, Мөңкенің нағашысының бірі, ел ауызында батыр аты бар, азамат екеннің кім білмейді. Арамызда болған Лескен беделі бар, өнегесі сыртқа өзгеше, шапағаты мол, өмірді бірге жасасып жүргенде, құрметпен жақсы бағалайтын азамат еді. Жолдастары, тума-туыстары соңғы сапарға шығарып саларда, Ескендір қимайтыны, отбасы мен халық арасындағы абыройын, қоғамдағы еңбегін бағалай отырып жұбайы Ағила, балдарына қайғырып, көңіл айтты. Амал жоқ, жүзі жылы, сымбатты азамат мәңгілік бақилыққа жол шекті. Абай атамыз айтқан: «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, бүгін өмір жарқылдап алдар бірақ».
![]()
Халық ауызында, адам баласы өмірінде екі жолмен жүргендей, бірі-тіршілік, бірі - адамшылық қамы. Олай болса, Лескен тіршілігінде еңбек етіп отбасын бақса, адамшылық қамы, оның еңбек саласында халық, үкімет мүддесін қорғауда, заң талабына сай қызмет атқарды. Ұрпақ өсіріп, балдарын оқытып, азамат қатарына қосып, халық арасындағы қалаулысы еткісі келді. Өмірден озған бірнеше жыл қызметтес болған, дәмдес азаматты есте сақтау міндетті борыш деп, жүрегімізде сақтаймыз. Достарының айтуынша, Лескен мен Ағилланың отбасындағы өмір жылдары, дастарқаны қашанда берекелі, қонақасы дайын, үлкенді - кішілі демей, қонақты бірдей көрген. Лескен, Ағила бірін-бірі сыйлайтын, сүйген жар болып қосылғанын өмір жолдары көрсетіп тұр. Бұл – отбасындағы жақсылық жолдастарына, тума-туыстарына мәлім. Ардақты ата, әже, ал, туыстарына, дос жарандарына қамқор болған жандар.
«Әкеміз анамыз Ағиламен 50 жылдан астам уақыт отау құрды. Алты ұлы, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Төрт баласы Ішкі Істер министрлігінде қызмет атқаруда. Екеуі құрметті зейнет жасына шықты. Сондай-ақ, әкеміз «Қайдауыл батыр» атындағы қордың төрағасы болды. Ақтөбе қаласындағы Қарғалы селосында ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды», - дейді балалары.
Қабен досы Лескен полковникті «Адалдық сол - арын сақтаған, Адалдық сол - ел сенімін ақтаған, Адалдық сол - Отан, халық, ел үшін әділетті жақтаған деп еске алады. Осы тұжырымдардың қай-қайсысын да чекист Лескенге байланыстырып айтуға болады!», - дейді достары.