![]()
![]()
Әділдікті ту еткен
Түйінді мәселенің шешімін тарқатып, заң аясында әділдік жасайтын сот саласының қызметкерлері туралы айтсақ, есімі жиі құлақ шалатын, өз ісінің білікті маманы, қара қылды қақ жарған би мен төрелеріміздің ісін жалғастырып келе жатырған Роза Мәслихатқызы ауызға оралады. Асырлық ғұмыры бар қай дәуір, қай заман болсын өзіне сай, құқықтық тәртіппен қадағалайтын, реттейтін құзырлы органдары болған. Бүгінгі құқықтың заманында әділеттіліктің ақ туын жоғары көтеріп, адамдық болмыстың ақ дидарына кір шалдырмай, заң аясында қызмет етіп келе жатқан сот саласының қызметкерлеріне көрсетілер құрмет те ерекше.
![]()
![]()
Ат үстінде ауыздықпен алысып жүрсе де, ауыл ақсақалының бір ауыз сөзіне тоқтаған ерте кездегі дәстүр, уақыт өте келе сәл өзгеріп, ақсақалдардың орнын құқық қорғау қызметкерлері басты. Тасқа шапса да жүзі қайтпайтын алдаспандай, түрлі даулы мәселерде қара қылды қақ жара әділдік айтқан, атқарған еңбектері көзге көріне бермей тасада қалатын, ел мүддесі үшін жанын қиюға да даяр азаматтар мен қауіпсіздік үшін жар құлағы жастыққа тимей жүрген ел ағаларының еңбектері өлшеусіз, құрметке лайық тұлғалар.
Тұрмыста туындаған дауды, қамшы тастап ортаға алып, әділ шешімін тапқан төбе билеріміздің ізін жалғастырып, қоғаммен тығыз байланыс орнатып, азаматтардың құқығын қорғауға қосқан қомақты үлесін қосып келе жатқан Садықова Роза Мәслихатқызы – 1956 жылдың 9 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Борисов кентінде дүниеге келді. Өнер мен мәдениеттің қайнаған ортасы, рухани-жан дүниеміздің түп қазығы қағылған оңтүсітк өмірде дүниеге келген Роза бала кезінен әкенің айтқан әділдігі мен адалдығын, ананың имандылығы мен ибалығын бойына сіңіріп өсті. «Кісінің ала жібін аттама» деп бала бойына ізгіліктің нұрын себелеген әкесі Садықов Мәслихат – Ұлы Отан Соғысының ардагері, ҰОС «Қызыл Жұлдыз» орденінің ардагері атанған, Еңбек ардагері, бұрынғы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданындағы Бадам станциясына қарасты мақта қабылдау пунктісінің меңгерушісі қызметін атқарып, абыроймен зейнетке шыққан ел құрметіне бөленген азамат.
Қазақ қызына тән табиғат болмысты, сымбаттылық пен сұлулықты, инабаттылық пен имандылықты қызының бойына енгізіп, үлкенді сыйлаудың перзент үшін өнегелі іс екенін айтып өткен, күлгенде жанарынан жаз сәулесі жымыңдайтын анасы Еңбек ардагері, «Батыр Ана», «Алтын Алқа» медалімен марапатталған. Жұбайымен 65 жыл отандасып, 11 бала, яғни, 5 ұл және 6 қыз, 31 немере, 39 шөбере қалдырған алтын құрсақты Батыр ана!
![]()
![]()
Әке өсиетін, ана тәлімін алған Роза Шымкент қаласындағы «ХХ партсъезд» атындағы орта мектеп-интернатында білім алып, мектеп қабырғасында жүргенде қатарластырының алды бола білумен қатар, қоғамдық жұмыстарда белсенділігі, жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсе білді. Осылайша, мұғалімнің айтқан сөзін қағып алатын зерек те, алғыр Роза өмірінің бастауын осы мектеп интернатында алды.
Мектеп бітірген әр оқушы қолы жеткізе алатын қазіргідей емес, ол кездері ауыл жастары мектеп бітірген соң ұжымшардағы жұмысқа араласатын болған. Мектепті үздіктер қатарында бітірсе де, «келе ғой» деп қол бұлғап шақырып тұрған ешкім жоқ, өзге сыныптастары секілді Роза да 1973 жылы шілде айында бұрынғы Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданындағы Киров атындағы ұжымшарда (колхозда) сауыншы болып орналасады. Білек сыбана кіріскен істің шырайын шығарып, жүрген жерін ісінің тиянақтығымен, өз ортасында жанындағылардың көңілін көтеріп жүретін ерекшелігімен ұжымшарда өзін көрсете білді. Шығамын деген талаптыға тау да биік болып па, өзінің алдына қойған мақсаттарын орындау үшін осы ұжымшарда жұмыс істей жүріп, жоғары білім алуға дайындалды. 1974 жылы қараша айында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне дайындық факультетіне тыңдаушы болып қабылданып, содан кейін 1975 жылы осы университеттің Заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1980 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Жастық жалыны бойында мен мұндалап тұрған, жоғарғы оқу орнында алған білімін қалай да елге қызмет ету, заң саласында еңбек етуге арнаған Роза Мәслихатқызының сот саласындағы алғашқы еңбек жолы 1980 жылы желтоқсан айында Шымкент облыстық сотында аға кеңесші болып басталды. Заң саласы – үлкен жауапкершілікті талап ететін, ер азаматтың да иығына ауырлық ететін, сауаттылар ған көшін алға сүйрейтін маңызды да ауыр сала. Бірақ, жоғарғы оқу орнын үздіктер қатарында бітіріп, білім-біліктілігі толысқан, таным-түйсігі кең ауқымды қамтып жатқан еңбекқор да ізденімпаз Роза үшін қиын бола қоймады. Алғашқы жылдары өзіне тапсырылған басшылықтың тапсырмаларын тиянақты орындап, қателіктер жібермей, сақ әрі ұқыптылығымен алғысқа бөленіп, өзіне артылған сенімнің арқасында Сот саласындағы қызметті атқару барысында өзіне тапсырылған жұмыстарды білімді маман ретінде тиянақты әрі сапалы орындап, өзін жақсы жағынан көрсете білді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,- деп аталарамыз айтпақшы, сот саласындағы көмекшілік қызметті өте жақсы атқарып, парасат-пайымы толыса түскен Роза Мәслихатқызы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 16 маусымдағы №3554 Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болып тағайындалды. Бұл – Роза үшін үлкен белестің, сот саласындағы үлкен есіктің ашылғандығы еді. Судья лауазымын атқару барысында, ол өзін теориялық дайындығы мол білікті заңгер ретінде байқатып, 2004 жылы 22-желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы судьяларының тәртіптік-біліктілік алқасының шешімімен 3 біліктілік сыныбы, 2008 жылы 2 біліктілік сыныбына қол жеткізді.
Жаңадан тағайындалған жас судьяларға сапалы практикалық көмек көрсетіп, олармен тәжірибесін бөлісіп, өзін жақсы тәлімгер ретінде таныта алды. Іскерлік және жеке басының қасиеттері бойынша тек оң қырынан сипатталып, облыстық судьялар қауымдастығының беделді мүшесі болды. Оның іс-әрекеттеріне қатысты азаматтар мен мекемелер тарапынан арыз-шағымдар түскен емес және ол тәртіптік жауапкершілікке де тартылмаған. Роза Мәслихатқызы сот қызметкерлері арасында беделді. ҚР Президентінің 2013 жылғы сәуірдегі Жарлығымен отставкаға шықты.
Роза Мәслихатқызының тағдыры мен еңбек жолы ешкімге ұқсамайтын, өзіндік сүрлеуі бар, еңбекке толы. Әділдіктің ақ туын жықпаған, құқықтық салада халықтың қамын көп ойлаған судяның бір ерекшелігі, Р.Садықованың еңбек кітапшасында 1973 жылы сауыншы, 1974 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дың дайындық факультетінде тыңдаушы, студент деген және 1980 жылы Шымкент облыстық сотының аға кеңесшісі болып қабылданды, 1997 жылы Президент Жарлығымен ОҚО сотының судьясы болып тағайындалды деген жазулар ғана бар.«Мені адалдыққа, әділдікке үйретіп, тәрбиелеген ұлағатты ұстаздарым: И.Р.Батыршаев мырза, К.А.Адамбаева ханым, К.О.Оразымбетова, З.С.Тоимбетова, Б.Т.Тұрғараев, М.Н.Нурбеков, К.Ш.Утешова, М.Т.Алимбеков және Л.Н.Ермаковалар болды» - деп өмір жолында, заң саласында ұстаздық етіп, бағыт-бағдар берген ұстаздарына деген ерекше құрметі мен алғысын білдірген Роза Мәслихатқызы үкімет және басшылық, қоғамдық ұйымдар тарапынан алғыс хат, грамоталармен марапатталған.
Атап айтар болсақ:
- Сот жүйесіндегі көпжылдық абыройлы қызметі мен әділ биліктері және сот төрелігін жүзеге асыру ісіндегі мінсіз еңбегі үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасының «Алғыс Хаты»;
- Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының және Қазақстан судьялар одағының ОҚ облыстық филиалы төрағасының заңдылықты нығайту мен азаматтардың құқығын қорғауға қосқан қомақты үлесі үшін «Грамоталар»;
- 2014 жылы судьялық қызметін әділеттілікпен, сапалы атқарғаны үшін облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі;
- 2016 жылы судьялық қызметін әділеттілікпен, сапалы атқарғаны үшін Жоғарғы сот төрағасының «Сот жүйесінің ардагері» медалі;
Бір істі реттеп, игі іске адамдарды жұмылдыра білу де өнер, айрықша қабілеттілікті талап етеді. Қатардағы қызметкерден басшылыққа дейін көтерілген Роза Мәслихатқызы бұл уақытта абырой биігіне көтерілген еді. Өзіне тән салмақтылығы мен сабырлылығы басымдық танытып, қызмет барысында кездескен түйінді мәселелерді асқан байыптылықпен қарап, әділ шешімін табуға тырысты. Әр істің, әр қағаздың артында адамның тағдыры тұрғанын адамдық болмысымен сезініп, алдына келгендерге аянбай көмектесті. Судья болған 16 жыл бойы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, судья антына адал болды.
Лауазымды қызметтерде болғанда да ел құрметіне, қызметкерлердің ыстық ықыласына бөлене білді. Еткен еңбектің де зейнеті бар, зейнеткерлікке шыққанан кейін де қол қусырып қарап отыра алмады. Құқық қорғау саласымен қатар ел басқару ісінде, халықтың жағдайын жақсарту жөніндегі келелі отырыстарға кеңестерге қатысып, ел мүддесін қорғай білді.Саналы ғұмырын сот саласына, ел қызметіне арнап, елеулі істер атқарған Роза Мәслихатқызы осы жылдар ішінде ауданның ғана емес, облыстың дамуына өзіндік үлесін қосты. Енді ғана Тәуелсіздік алып, аяғын тәй басқан мемлекетке тоқырау жылдары құқық қорғау саласының қалыптасуына, жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етті.
«Елім дейтін ері бардың, Ерім дейтін елі» - демекші, сот саласымен қатар басшылық қызмет атқарып келе жатқан айбынды Роза Мәслихатқызының еңбектері еленбей қалған жоқ. Түрлі қызметтегі ерен еңбектері мен ел үшін жасалған игі істерін халық ұмытқан жоқ. Тиісінше, медальдарды аласармайтын, өр кеудесіне тағып ел қошеметіне бөленіп келеді. Роза Мәслихатқызының адами құндылықтарды бойына сыйдырған, әділ де мейірімді, мұқтажға қол көмегін созатын жан екенін әріптесі Шымкент қалалық сотының судьясы Аида Чокморова былай суреттейді: «Бүгінгі күні арамызда жүрген сот саласының ардагері Роза Садықова еліміз Егемендік алған алғашқы 90-жылдары өзінің судьялық міндетіне берік болып, адал еңбегі мен әділ төрелігінің нәтижесінде көптің құрметіне бөленгенін айтқым келеді. Сонымен қатар, Роза Мәслихатқызы көп жылдар бойы облыстық сотта еңбек етіп, сот беделін нығайту мен халықтың сотқа деген сенімінің артуына бар күш-жігерін жұмсады.»
Тасқа салса да жүзі қайтпайтын болат қылыш қандай елдің де, қай батырдың да арманы емес пе, қандай салаға түссе де көріктендіріп, өркендеттіріп, жұмысын жүргізіп жіберетін Роза Мәслихатқызы, 25 жылдан аса теміржол саласында машинист тепловоз айдаған, содан кейін “Казтрансойлда” оператор болып 15 жылдай жұмыс істеп, абыроймен 2015 жылы зейнетке шыққан, арқа сүйер азаматы Ауелов Бейсебек Спобекұлы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп олардан немере сүйіп отырған бақытты ата-аже! Қызы Айгүл мен ұлдың үлкені Сәкен және келіні Асия «Қайнар” қонақ үйінде жұмыс істейді. Кенже ұлы қазіргі таңда «Халық Банк» АҚ Шымкент аймақтық филиалындағы Кепілмен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы қызметінде жұмыс жасайды. Барлығы жоғары білімді.
«Құдай берген бес немереміз бар. Гауһар, Ерлан, Ақниет, Ержан, Айсулу. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Күйеуіміз екеуіміз 36 жыл отасып, тату-тәті өмір сүрудеміз. Менің осындай ауыр әрі жауапты жұмысымды ойдағыдай атқаруыма, күйеуім маған әрқашан қолдап, көмектесіп отырды. Бір сөзбен айтқанда, менің нағыз сенімді жолдасым болды. Өзгелер бір отбасым бар десе, менің екі отбасым бар деп мақтанамын. 1-шісі өзімнің бақытты отбасым (жолдасым және бала-шағам), екінші отбасым - облыстық сот деп айтамын» - деп, зейнет жасында еңбегінің жемісін көріп отырған Роза Мәслихатқызына жаратқанның жазған жасын жасап, кейінгі жастарға үлгі болып, ақыл-кеңесіңізді беріп, немерелеріңіз бен балаларыңыздың алдында жарқырап жүре беріңіз дегіміз келеді.