Тілеухан Рамазан

Рейтинг:
Ел тыныштығын күзеткен азамат

Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Заң саласы қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, оның да басқа мамандық иелері секілді басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Бұл – кез - келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Заң қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилік қатар ұштасқаны абзал. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Дене шынықтырумен айналысу, спортпен машықтану – бұл сала қызметкерінің өмірінен ойып тұрып орын алатын нәрсе. Сонымен қатар, олар үшін талап пен жігер де кәсіби қызметке аса қажетті қасиеттер. Заң ғылымдарының докторы, қазіргі уақытта Каспий университетінің Әділет  жоғарғы мектебінің  профессоры, Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері, Мемлекеттік тергеу комитетінің құрметті қызметкері, Қазақстан Қаржы полициясының еңбек сіңірген қызметкері, 2 дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері, 30 тарта шетелдік және Қазакстанның медальдарымен марапатталған, Қазақстан медиаторлар ассоциациясының төрағасы, 70 тен астам ғылыми мақалалардың авторы. Бір бойынан осы құндылықтардың бәрі табыла білген атпал азаматтардың бірі – генерал-майор, заң ғылымдарының докторы, профессор Тілеухан Рамазан Қанайұлы. 
Ол –1953 жылдың мамыр айының 23-жұлдызында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінде дүниеге келген. Қазақ даласына есімі танымал талай ерлерді сыйлаған бұл өңірдің тумасының өз ата-тегі де осал емес. Арғы атасы – бойына ерекше қасиет дарыған, қалмақтармен соғыста үш жүзге ерен ерлігімен танылған қазақтың біртуар Баһадүрі Күшікбай батыр. Ол ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген қазақ батыры. Күшікбай батырдың төртінші бабасы Бесім Тоқаұлы – Есім ханның әйгілі батырларының бірі болған. Батырдың ұрпақтарынан бүкіл қазаққа белгілі өнер иелері – ақындар мен ділмар шешендер, жазушылар мен ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, халыққа қадірменді жақсылар мен жайсаңдар шыққан. Сол жақсылардың бірі бала Рамазанның әкесі Қанай атамыз да 1932 жылғы алапат аштықта алты баладан  жалғыз аман қалған асылдың сынығы, тұлпардың  тұяғы болатын. Қазақ халқының басына түскен небір нәубеттерді бастан кешіріп, от шашып, мұз бүріккен кезең сұрапыл соғысты да өткерген кісі еді. Соғыстан жаралы болып оралған. Зейнетке шыққанға дейін аудан көлемінде прокурор, райисполком, потребсоюз, тағы басқа біраз лауазымды қызметтер істеген. Өкімет жұмысына шын берілген, біреудің ала жібін аттамайтын, заңды қия баспайтын, тек әділдікті ғана пір тұтқан өте адал адам еді. Қылышынан қан тамған атеистік идеология тараған заманда ол кісінің бір ерекшелігі соңына аңду салынып, партбюро талқысын да көргенімен имандылық жолына ерте бет бұрып, сол заманда дінге ұйып, намаз оқыған. Қырық жыл ішінде көзге шыққан “сүйелдей” болса да бұл фәни дүниеден бақи дүниеге озғанша ол аузынан Алласын тастамай, бес уақыт намазын қаза етпеген. 
Аяулы анасы басына қандай қиындық түссе де мойымай, ертеңіне ұмтылып, барға  қанағат қылған, еріне сүйеу бола білген асыл жан. Қызметтегі ерінің тілеуін тілеп, үй тірлігін түгелімен өзі атқаратын.  Сөйтіп жүріп, Құдай қосқан қосағы, елу жылдай отасқан жарынан он төрт құрсақ көтеріп, соның тоғызын өсіріп жетілдірген. Перзенттеріне тәлімді тәрбие беріп қана қоймай, өзінің іс-әрекетімен үлгі көрсетуге тырысатын. Асыл азаматы екеуі дүние-мүлік жинап, сән-салтанат құрудан аулақ болып, қанша қажыса да демалуды білмейтін тынымсыз жандар болды. Басты мақсаттары арттарында із қалдыру, ұрпағын адалдыққа тәрбиелеу еді. Бар армандары балаларының оқып, жоғары білім алғандарын, жақсы азамат болып өсіп, халыққа қызмет етіп жүргендерін көру болды. Сенім артқан перзенттері үмітін ақтап, бәрі жоғары білім алып шықты. Қазіргі таңда әрқайсысы өз саласының майталманы болып отыр. 
Осындай арда азаматтардың өнегелі тәрбиесін көріп, сезініп өскен бала Рамазан да жастайынан шаруаның кез-келген түрінен қашпайтын еңбекқор, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алатын тәрбиелі де тәртіпті болып ержетті. Мұндай адами қасиеттеріне ілім-білімге құмарлығы,білмегенін анықтағанша тыным таппайтын сұңғылалығы және әрбір іске асқан мұқияттылықпен, ыждаһаттылықпен кірісіп, қоғамдық тапсырмаларды жауаптылықпен орындайтындығы үйлесе кететін. Мектеп қабырғасында өткізген жылдарында барлық жағынан белсенділік танытып, пәндердің барлығынан өз әлінше жақсы үлгерім көрсетіп, қоғамдық тапсырмаларды үдесінен шығып, мүлтіксіз атқара білетіндігімен ұстаздарының алғысына бөленіп, ата-анасының мерейін шалқыта жүретін. Келешек өміріне азық болар білім қорын және сонымен бірге жұмысқа араласу арқылы еңбек дағдыларын бойына жинақтай жүріп, ойы да, бойы да толығып, толысып шыңдалған жасөспірім Атасу елді мекеніндегі орта мектептің оныншы сыныбын жақсы дәрежеде бітіріп, үлкен өмір жолына қадам басады. Көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен білім қуу арманын ысыра тұрып, алдымен үй ішіне көмектескен. Сол аралықта Отан алдындағы әскери борышын өтеу мерзімі келіп, азаматтық парызын жақсы деңгейде атқарып, ер азаматтың тұлға болып қалыптасуына ықпалы зор міндеттен сүрінбей өтіп, елге аман-сау оралады. 
Еңбекке бейімделіп, әскери қызметтен де абыройлы өткен жас жігіт Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға тапсырады. Барлық жағынан талаптарға сай білімдар жігіт сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнының студенті атанады. Жоғары білім ордасында да алғырлығы мен зерек зейінділігінің арқасында озат үлгерім көрсетеді. Таңдаған кәсібінің қыр-сырына мұқият үңіліп, тереңірек бойлау мақсатында үнемі ізденіс үстінде жүретін ізденімпаз жас көп оқитын, білмегенінің сырын ашқанша артынан қалмай тындырымдылық танытатын. Демалыс уақыттарында жұмысқа тартылатын сол кезеңнің талабы бойынша еңбекке де араласып, тәжірибелік дағдыларды бойына жинады. Осылай жан-жақтылығын байқата жүріп, 1978 жылы аталмыш оқу орнын жоғары деңгейде тәмамдап, заңгер біліктілігіне ие болып шығады. 
Телегей теңіз білімі мен өмір көрген тәжірибесі де жеткілікті дәрежедегі жас маман білім мекемесі қабырғасынан түлеп ұшысымен еңбек майданына араласып кетеді. 1978 жылы Жезқазған облыстық адвокаттар коллегиясының мүшелігіне өтіп, Жаңаарқа ауданының заңдық кеңесінің адвокаты болып еңбек жолын бастайды. Өмірге құштар, істеген ісіне тиянақты балаң жігіт қатарластары арасында ерекшеленіп тұратын. Теориялық біліммен қаруланған маман енді тәжірибелік білікке ие болу жолындағы ұмтылысын жүзеге асырып, ұжыммен араласу әдебін үйреніп, күн санап кәсіби қызметтегі еңбекқорлық қырын молайта түсіп, осы жұмысын 3 жылға жуық жасайды. 1981 жылы Көкшетау облысының прокурорының көмекшісі қызметіне ауысады. Көмекшілік жұмысты жасай жүріп, еңбекқорлығынан бөлек мұқияттылыққа, әрбір ісін жауапкершілікпен орындауға, ұжымдастарын құрметтеу арқылы сыйластықты арттыруға үйренеді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін кәсібінің ұңғыл-шұңғылына көзі қанығады. Уақыт өте келе прокурордың аға көмекшісі болып жоғарылайды. Әуелден мақсаткер жігіт қызметін тиянақты атқаруға талаптанып, жұмысына белсене кіріседі. Мамандығын жетілдіруге, оның қыр-сырын терең меңгеруге құштарлық танытқан осы жұмыс орнында сегіз жылдан астам уақыт мүлтіксіз қызмет атқарған азаматтың кез-келген жауапты жұмысты абыроймен алып кете алатындығына сенген басшылық  1989 жылы ҚазССР Бас Прокуратурасы басқармасының бастығының орынбасары лауазымына орналасады. Кейінірек осы басқармаға басшы болып тағайындалып, 1991 жылға дейін қызметін атқарады. Кәсіби қызметімен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласатын азамат партия мүшесі де болды.
Дәл осы уақытта еліміз Тәуелсіздік алып, барлық халық үшін сындарлы сәт туындап, көптеген өзгерістер орын алған кезең басталады. Осы кезде 1991-1992 жылдары Алматы қаласының және Алматы облысының прокурорының бірінші орынбасары ретінде жұмыс жасаған. Бұл жұмыс орнынан кейін ішкі істер саласында біршама лауазымды қызметтерге тағайындалып, қай жерде жұмыс істесе де өзін жауапкершілігі мол, өз ісіне мығым қызметкер ретінде көрсетеді. 1992-1994 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы басқармасының жемқорлықпен күрес бойынша арнайы прокуроры қызметіне ауыстырылады. Сосын 1994-1995 жылдары Алматы қаласының прокуроры болады. 1995 жылы жемқорлықпен күрес саласына қайта оралып, ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмыспен коррупцияға қарсы күрес басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Сонымен бірге 1995 жылы үшінші класты әділет кеңесшісі біліктілігін алады. 1996 жылы Мемлекеттік тіркеу комитеті төрағасының орынбасары, 1997 жылы Қарағанды облысы мемлекеттік тергеу комитеті департаментінің бастығы болып қызмет   атқарды. 1997-1999 жылдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының кеңесшісі болды. Өзіне артылған сенім үдесінен шығу үшін жастық жігерін жалаулатып, ар-намысын жани түседі. Әрбір істі бастамас бұрын ой елегінен өткізіп, таразылауды өмірлік ұстанымы етеді.Осы жылдар ішінде ғылыми-зерттеушілік жұмысты да қатар алып жүрген Рамазан Қанайұлы 1999 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. 
Қай жерде жұмыс істесе де, жастайынан бойына жиған жауаптылығы, тындырымдылығы, әрбір ұсақ-түйекке де мән беретін мұқияттылығы оны ерекшелеп тұратын еді. Оның үстіне бойына біткен табиғи ақжарқындылығымен, қашанда көмек қолын созуға әзір қамқорлығымен ұжымдастары арасында да сый-құрметке ие жанды жақын тартпау, құрметтемеу мүмкін еместей. Сондықтан, 1999 жылдан 2005 жылға дейін Қарағанды облысы, Қаржы полициясы департаментін басқару сеніп тапсырылды. Басшы адамның атқарған қызметіне баға беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. Ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы таниды.   «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтіні де содан. Өзі қызмет істеген кезеңде мойнына жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен,  еліне жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өте білді. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі болып қабылданады. 
2005- 2006 жылдар аралығында Қазақстан Қаржы подициясы Агенттігінің төрағасының орынбасары, 2006-2007 жылдар аралығында ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің жемқорлық істі ашу және алдын алу бойынша Департаментінің бастығы, Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес бойынша Батыс Қазақстан Департаментінің бастығы, ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 
2007 жылдың наурыз айынан бастап Қаржы полициясы академиясының ректоры болды. Ғибратты ғұмырында жинаған білікті білімімен және өмірлік тәжірибесімен жастармен бөлісіп, өскелең ұрпақты осынау қызығынан қиындығы басымырақ мамандыққа тәрбиелеу ісіне мол үлесін қосады. Осы білім ордасының «Құрметті профессоры» атағына ие болып, оқу орнының басшысы қызметін 2010 жылға дейін абыроймен атқарып шығады. 
Абырой жүгін әрқашан қайыспай арқалап, әрбір қиын сәттерден адалдығының арқасында басын тік ұстап шыға алған абзал азамат зейнетке шыққанынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Қылмыстық-құқықтық пәндер» кафедрасының профессоры қызметін атқарған. Ғылыми-зерттеушілік қызметінің аясында өзекті құқықтық мәселелер бойынша 20-дан астам ғылыми еңбектер және «Проблемы расследования и предупреждения преступлений, совершенных организованной группой в денежно-кредитной сфере» атты 1999 жылы жарияланған кітапты жазған. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде де намазын қаза қылып көрмеген әкесінің жолын қуып, имандылыққа бет бұрған ағамыздың 2002 жылы Меккеге қажылыққа барып келгені де ауыз толтырып айтарлық жетістік. 
Кәсіби қызметі шеңберінде Қазақстан Президентінің жарлықтарымен 1993 жылы «Прокуратура саласының құрметті қызметкері», 1995 жылы «3-ші сыныпты мемлекеттік юстиция кеңесшісі», 1996 жылы юстиция саласының генерал-майоры, 1997 жылы «Мемлекеттік тергеу комитетінің құрметті қызметкері» атақтары берілген.          Сонымен қатар көптеген алғыс хаттар, құрмет грамоталары, мерекелік медальдардың иегері. 2005 жылы 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 
Өнегелі өмірі өшпес ерлікпен өрнектелген сый-құрметке лайық азамат отбасының тірегі, асқар тау әке, асыл жар. Жұбайы Әлмағамбетова Әлия Сейілбеккызы екеуі жарасымды жанұя жарастығын көрсетіп, 2 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп өсіріп, бәрінің дүниеден өз орындарын табуына ықпал ете білген. Қазіргі таңда еңбек демалысындағы жұбайлар осы үш баласынан 7-8 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. 
Бейбіт күнде бел шешпей туған жердің тыныштығы жолында қызмет еткен азамат бүгінгі күні де қайратты. Өмірге деген құштарлығы зор, үнемі қоғамдық жұмыстарға араласып жүреді. Өз кезегінде талай жыл елдің тыныштығын күзеткен сала ардагері де Егемен елдің болашағы жарқын болатынына сенеді.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...