Елге қызмет – абыройлы міндет
Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Халқымыз мұны «тірнектеп жиналады» деген сапалық тереңдікпен әу бастан-ақ биіктетіп қойған. Әрине, бұл көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайырлы болмақ. Міне,осындай абыройлы жандардың қатарына Ания Ақанқызын қосуға болады. Ол өз еңбегінің жемісін көріп қанаттанған, өзі аузынан тастамайтын «Мен әрқашанда істің көркеюін, адамдардың сәттілік сатысынан түспеуін қалайтын адаммын».
![]()
Кейіпкеріміз Тулешова Ания Ақанқызы – 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Ақши ауылында қарапайым отбасында дүниеге келеді. Әкесі Ақан Абылқайров зейнеткерлікке шыққанша жүргізуші болып жұмыс жасайды. Анасы Зибагүл бала тәрбиесімен айналысып, түздегі отағасының тапқанын ұқсатып отырады. Ата-анасы өте қарапайым, ақжарқын, ақкөңіл жандар. Ауылда ол кісілерді қатты құрметтейтін. Отбасында тоғыз ағайынды. Оның ішінде кейіпкеріміз бесінші бала. Еңбекқор әке мен алтын құрсақты анадан тараған ұрпақ тәрбиелі, өзгенің ала жібін аттамайтын адал, жауапкершілікті сезініп өседі. Бір-біріне деген бауырмалдылығы сырт көз қызығарлықтай. Өнегелі отбасының балалары үнемі үлкені кішілеріне қамқор болып, кішісі үлкеннің ақылын тыңдап өседі. Қара қызметте жүрсе де әкелері балаларының білім алуына барлық жағдай жасап, дүние, мал-мүлік жинамай бар күштерін білім алуларына жұмсайды. Отбасындағы тоғыз баланың барлығы жоғары білімді, әр салада еңбек етуде. Олардың алға қойған мақсаттары – әке арына дақ түсірмей, ана өнегесін бойларына сіңіру болатын. Қазіргі таңда әрқайсысы таңдаған мамандарының иелері атанып, басы зейнеткерлікке де шығып отыр.
Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебіреністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары барына қайран боласың. Соның бір парасы бұрын көрмеген жанды бірден бойыңа жақын тарту ма деп қаласың. Ол несімен баурайды сонда? Жүрегінің кеңдігімен, парасатының биіктігімен, айналасына шуақ таратар ішкі жылылығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабілетінің жоғарылығымен деп тізбелей берсек, таусылар ма? Бұл айтылып отырған теңеудің барлығы кейіпкеріміз Ания Ақанқызына арналып айтылғандай.
Ол орта мектепті аяқтаған соң 1979 жылы Қарағанды қаласының медициналық училищесіне оқуға түседі. Мамандық алып жүріп, өмірлік жарын кездестіріп, Тулешов Вячеслав деген жігітке тұрмысқа шығады. Осылайша шырайлы шығыс елінің қызы мұнайлы Астанаға келін болып түсіп, ақ босаға аттайды. Үлкен бір әулеттің келіні атанып, өмірге бір қыз, бір ұл әкеліп ана атанады.
Десе де үй шаруасымен айналысып отырып қалмай еңбек жолын Атырау қаласындағы Балықшы ауданына қарасты санитарлық эпидемиялық станциясының инструкторы болып бастайды. Кейін жолдасының жұмыс бабымен Құлсары қаласына көшіп барып, «Тенгиз Нефти Газ» компаниясында участок бастығы қызметін атқарады. Осындай ірі компанияларда қызмет жасап, тәжірибе жинақтайды.
Содан соң 1990 жылы Атырау облыстық ішкі істер басқармасына қарасты емханаға учаскелік медбике болып жұмысқа ауысады. Бұл жер кейіпкерімізді өз мамандығы бойынша шыңдалып, тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік береді. 1992 жылы Атырау қаласы, Водников поселкасында орналасқан №5546 Ішкі әскери бөліміне фелдьшер болып орналасып, осы бөлімде аптека басшысы, бақылаушы қызметтерін атқарып ұзақ жыл осында еңбек етеді. Тәжірибелі маман қай жерде де сұранысқа ие. Ол өзінің жұмысқа деген жауапкершілігі, құқық қорғау саласындағы тәртіпке төзе білуінің арқасында лауазымы да өсіп, абырой биігіне көтеріледі.
![]()
Кейін Атырау облыстық ішкі істер басқармасына қарасты Жылой аудандық ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциясының инспекторы болады. Жұмыста қырағы қызметкер кейін бөлім басшысы болып тағайындалады. Тәуелсіздік алып, алдымыздан ақ күн туған шақтан бері полиция қызметкерлері де уақыт талабына сай жаңаша бағытта, тамаша қарқынмен, дамылсыз дамып, мемлекетіміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда, республиканың әрбір азаматы мен азаматшасының құқығын қорғауда, заң бұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын талапқа сай жүргізу жолында бар күш қайратын салып, дамылсыз еңбек етуде.
Кейіпкеріміз 2006 жылы жанұя жағдайына байланысты Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасының Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімінде патрульдік полиция тобының аға инспекторына орналасады. Кейін Биғаш селолық округінде учаскелік полиция қызметін атқарып, Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімінде штаб бастығы болып тағайындалады. Лауазымды қызметте кейіпкеріміз ұйымдастырушылық қабілет, жауапкершілік, одан қалды халықтың қауіпсіздігін қорғауда аянбай еңбек етеді. Иығына таққан жұлдыздарының саны ғана емес халықтан алған алғысы да оның мерейін асырып, абыройын тасытты. Құқық қорғау саласында жиырма жылдан астам қызмет етіп, 2012 жылы зейнеткерлікке шығады.
Сол жылы шілде айынан бастап «Жанерке» жекеменшік балабақшаға меңгеруші болып, кейін отбасылық кәсіп бастап, балабақшаны сатып алады. Осылайша жаңа кәсіптің қырын тапқан отбасы «Жанерке» балабақшасынан бөлек «Нартайлақ» балабақшасын ашады. Алғашында 12 баламен ғана жұмыс бастаған олар жылма-жыл кәсіптерін үлкейтіп, бала саны да артады. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде бала саны жүз елуге жуықтайды. Бұл нағыз еңбектің жемісі еді.
![]()
Кейін осы кәсіпті балаларына тапсырып, өзі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минстрлігінің білім сапасын бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша білім бақылау департаментіне бас маман болып қызметке тұрады. Әрдайым жаңашылдықты жаны қалайтын кейіпкеріміз бір орында тұрып қалуды емес ізденісті, жаңа бір іс бастағанды ұнатады. Оған дәлел, Ания Ақанқызы 2015 жылы облыстық білім беру басқармасына қарасты жаңа технология орталығының директорының міндетіне тағайындалды.
Ол қай қызметте жүрсе де іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне, күрделі мәселелерді шебер шеше білетіндігіне жұртшылықтың көзі жетіп, есімі әріптестері арасында құрметпен аталатын. Халқымызда «Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес»,- деген нақыл сөз бар. Кейіпкеріміз «Тазалықты жаныма халқым берген», -деп адалдықтың ала жібін аттамады, құлқынның құлы болмады, пендешілікке бармады, азаматтығынан жаңылмады, биігінен аласармады. Алысты жақын, бөтенді бауыр еткен кішіпейіл, қарапайым, жаны таза, ары таза, жандүниесі жақсылықтан өрілген, айналасына жақсылық жасауға, қуантуға асығып, мейірім шуағын шашып жүрген үлкен әдептің, ұяң мінездің иесі.
2014 жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітіліп, «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне білім саласына жауапты қызметкер ретінде орналасады. Бүгінгі таңда сол жобада қызмет етіп келеді.Әрбір жұмыр басты пенде саналы ғұмырында еліне елеулі қызмет атқарса борышын орындағаны. Өз саласында оза шығып дараланса, нұр үстіне нұр болады.
Қазіргі таңда «адалдық алаңы» жобасында қызметінде жүрседе отбасылық кәсіпті тұралатпай қатар алып отыр. 2018 жылы үкіметтің қолдауымен Даму арқылы несие алып, екінші балабақша салады. Балабақша 145 балаға арналып 9 (Құрсай ,Водников, Көкарна, Тасқала, Курилкин, Перетаск, Хим поселкісі, Балықшы, Дамбы) елді мекендерінің балаларын мемлекеттік тапсырыспен қабылдап отыр. Онда 32 адамды жұмыспен қамтып, жұмыссыздар санының азаюына өз үлесін қосып отқандардың бірі.
– Қолдау көрсетіп отырған «Даму» компаниясына рахметім шексіз. Мен өте бақытты анамын, әрі әжемін. Менің ұлым Байназар мені үнемі қолдап, осы бизнеске үлесін көп қосып отыр.Ол «КазТрансОйл» мекемесінде ауысым бөлімінің басшысы қызметінде жұмыс жасайды. Жанұялы. Салтанат деген келінімнің 4 баласы бар. Қызым Жарият 5546 әскери бөлімі мекемесінде кадрлық жұмыс атқарады, 3 баласы бар. Күйеу балам Рауан – осы әскери бөлімінде жұмыс жасайды. Менің бизнесімді қазір мектепке дейінгі оқыған дипломымен ШҚО келген туған сіңілім Ақжарқын Ақанқызы басшылық етіп алып отыр. Шаруашылық қызметімен күйеу балам Ерлан айналысады.
Ата-анам өнерлі жандар еді. Сол себепті болар үйдегі барлық аға-бауырларым, апа-сіңілілерім бәріміз домбыра, гитараға әуестігіміз бар. Бос уақытымда домбыра, гитара ұстап, ән салғанды ұнатамын, - дейді кейіпкеріміз.
Сенімге селкеу түсірмеген, ешкімге қылдай қиянат жасамаған, ешкімнің көңілін қалдырмаған, кісілік атты шыңның кішілік атты биігінен көрінген кейіпкеріміз көптің адамы. Көптің ортасында жүретін, тіл табысқыш. Үйде немерелерінің әр қызығын қызықтап, жетістіктеріне марқайып отырады. Әрдайым дастарханы ортаймайтын отбасының қонағы үзілмейді.
Бүгінде түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы мамандығын жақсы көріп, жолдағы қиындықтарды жеңіп, адалдықты ту еткенінің жемісі. Бұл саланың қиындығын бағамдау да оңайға соқпайды.Кейіпкеріміздің елеулі еңбегі мерейін тасытып жүр. Енбек жолында І, ІІ дәрежелі «Қайсар» медалімен, «Үздік Қазақстан полициясы» төсбелгісімен, І, ІІ дәрежелі «Үздік қызметкер» медалімен марапатталса, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Құрмет Грамотасы», «Атырау-адалдық алаңы» «Парасаттылық және Адал жол» сертификаттарын иеленіп, Атырау облыс әкімі Н.А.Ноғаев «Адалдық алаңында» атқарған еңбегі үшін «Алғыс Хатпен» марапатталды.
Білім саласындағы елеулі еңбегінде Атырау облысы білім беру басқармасынан «Алғыс Хатына» бірнеше мәрте ие болды. Шығыстың Ұлы ойшылы Сағди «Жаратқанның пендесіне берілген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы», - деген. Бүгінде кейіпкеріміз артында жақсы деген сөз, өшпес ізгілікті із қалдырып келеді.