Занканов Дәурен Алиасқарұлы

Рейтинг:

Мінсіз қызметі үшін…

      Құбылмалы қатаң күздің аяғы Шығыстың қай мекенін болмасын қалтыратып, келе жатқан қыстың үскірік аязына дайын болыңдар, дегендей айналасын бір сілкінтіп алатыны бар.  Жұрт егіндегі астығын жинап, қамбасын адал асқа толтырып молшылық кезеңде отырған мамыражай күннің бірінде ақ түйенің қарны жарылып, ауылдағы үлгілі де өнегелі жас отбасының шаңырағы тағы бір қуанышпен толысқан еді. Бұл 1967 жылдың қараша айындағы Шығыс Қазақстан облысы, (бұрынғы Семей облысы) Үрджар ауданы, Мақаншы ауылында Заңқанов Даурен Әлиасқарұлының дүниеге келуі еді. Әкесі – Заңқанов Әлиасқар Қарсақбайұлы ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылық саласының мал дәрігері қызметін атқарып, ауыл тұрғындарының талай батасын алған адал жан еді. Кейіннен ауылдық кеңестің төрағасы болып, көпшіліктің көкейіндегіні дөп басып, біраз ауылдастың шиеленіскен мәселесінің шешілуіне үлесін қосқан үлгілі азамат болды.
      Ал, анасы -  Заңқанова (Елшібаева) Қазиза Елшібайқызы, 30 жылдан астам мектепте «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, әр шәкірттің бойына ана тіліміздің қаймағы бұзылмаған көркемдігі мен баға жетпес байлығын сіңдіре білген ұлағатты ұстаз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға демекші», Қазиза Елшібайқызы балаға білім үйреткеннен керісінше, шабыт алушы еді. Өзінің қызметке деген ыждағатты жауапкершілігінің және мамандығына деген асқан сүйіспеншілігінің арқасында «Аға ұстаз» атағын алып, зейнетке шыққан. Күн менен түнді алмастырып, ұйқыны ұмытқан ұлы ұстаз мектептегі кішкентай ғана жүректері білу мен ізденуге құмар әрбір жеткіншектің жеткілікті білім алуы үшін барын аямаса да, отбасын ең бірінші орынға қоюшы еді. Себебі, қазақы тәрбиені көріп өскен әрбір әйел заты үшін ең басты құндылық  ол - отбасы екендігін жақсы білетін. Отбасының ұйытқысы болып, адал жарға, отағасына деген құрметін бір саты да төмендетпеген Казиза бес баланы дүниеге әкелді. 
      Дәл осы темірдей тәртібі бар, өзіндік қатал ережесі бар, мейірімді жүрегі бар әке мен сауатты білімі мен аялы алақаны бар асыл ананың құшағында тәрбие алған  Дәурен Әлиасқарұлы өжет мінезді, табанды мақсаты бар нағыз патриот азаматтарымыздың бірі де бірегейі. Қатулы Кеңестің заманында өмір сүріп, үлгілі де өнегелі отбасы атанып, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған әкесі мен анасын бүгінде жиі еске алып, жабырқап қалады.
      Жеті жасар бала Дәурен 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, «Благодарный» ауылындағы орта мектептің 1-ші сынып оқушысы атанып, алғашқы мектеп табалдырығын аттайды. Білімге жаны құштар ол -1975 жылы әкесі Заңқанов Әлиасқар Шығыс Қазақстан облысы, Үрджар ауданы, Ақшоқы ауылына қызмет бабымен ауылдық кеңестің (сельсовет) төрағалығына тағайындалуына байланысты, қоныс аударып, Ақшоқы ауылының орта мектебінде оқуын жалғастырады. Сол мектептегі әрбір сөзі тәлім мен тәрбиеге тұнып тұрған дана ұстаздардың   білім нәрімен сусындай жүріп, өзінің талапшыл да, жауапты мінезін шыңдай түсті. Он жыл білім алған ыстық ұяларына қимастықпен қош айтысып, көздерінде болашаққа деген жалыны алаулап тұрған, өжет те, қайсар бір топ жас мектеп қабырғасынан 1984 жылы түлеп ұшып кете барды.
      Кеудесінде жастық деген жойқын күші бар, лапылдаған үміт оты бар, болашаққа деген нық сенімі бар Дәуренді 1985 жылдың қараша айында бұрынғы Семей облысы, Мақаншы аудандық әскери комиссариатымен мерзімді әскери қызметке шақырады. Ол - әскери қызметті Қырғызстан Республикасы Нарын қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің 2058 әскери бөлімінде бастайды. 
      Ісі мен сөзі бір жерден шығатын, әрдайым табандылығымен көзге түсіп жүретін Дәурен Занканов - 1986 жылғы қарашада Ауғанстан Республикасына интернационалдық міндетін атқаруға жіберіледі. Кеңес Үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданғалы мұсылман мен мұсылманның бір-бірімен жаға жыртысып, итше қырқысуы толастамай тұрған кез. Жазықсыз төгілген қан... Шырқырай шырылдаған бейкүнә сәби... Қаңғыған ана... Шаршаған қария… Өкінішке орай сол кезде Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанды бұл қанды соғыс та айналып өткен жоқ. Соғыстың қылышынан қан тамып тұрса да,Отан сүйгіштік қасиеті кеудесінде атойлап соғып тұрған Дәурен Әлиасқарұлы тайсалмастан танымайтын өзге елге аттанып кете барады. Осылайша, өз елінің алдындағы адал борышын өтеп қана қоймай, аз ғана уақыт ішінде өзге елдің қиын да қыстау кезеңін бастан өткеріп үлгереді. Бақытына орай, Ауған елінде бір жыл қызметін атқарып, запасқа босатылады.
      Елге оралған Дәурен Занканов 1988 жылы қаңтар айында Қазақ ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне дайындық курсына оқуға қабылданып, 1 курс студенті атанады. 1992 жылы Жаратқанның табыстырған адалы, аяулысы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл станциясының тумасы Сабирова Гульшат Толыбаевнамен шаңырақ құрады. Ата-ананың асқақ арманының ең ұлысы үкілеп өсірген құлынының өмірлік жарын адаспай табуы ғой. Жатса да, тұрса да өзегін жарып шыққан әр баласының амандығы мен бақытын тілейтін ана мен әкенің тілегі қабыл болып, шаңыраққа ер азаматын қадірлей білетін, ата-енесін құрметтеп, сыйлай білетін көргенді, текті жердің тумасы, ибалы келін түскен екен.
      Дәурен Занканов 1993 жылы шілде айында институтты бітіріп, адал жары Гүлшатты жетектеп бала күннің балдай дәмін таттырған, өсіп-өнген ауылы Ақшоқыға келіп, алғаш рет мамандығы бойынша қызметке орналасады. Ауылдың қыр-сырына жетік  Дәуренге бұл қызметі еш қиындық тудырмайды. Келе - сала қызметін ұршықша иіріп, агрономдықтың қызығы мен шыжығын қатар алып, көрген-білген тәжірибелерімен айналасындағылармен бөлісе жүрді. Әрдайым үлкенге құрметті, кішіге ізетті білікті маман бола білді. 1997 жылдың қараша айына дейін агроном қызметін адал атқарады.
      1997 жылғы қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Үржар аудандық әскери комиссариатымен келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылып, үйреншікті мамандығынан қол үзуге тура келеді. Бірақ, жып-жинақы арнайы формасы мен тәртібі, сонымен қатар, асқан ұқыптылықты талап ететін бұл қызметте Дәуренді бірден баурап алды. Қандай еңбек түріне де бала күнінен тосырқамай, бел шеше кірісуге дағдыланған ол -осы әскери қызметті де адал әрі асқан жауапкершілікпен атқарады.
      Темірдей тәртіпке жаны құмар Дәурен Алиасқарұлы әскери қызметті Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі 2086, 2090, 2091, 2019 әскери бөлімдерінде атқарады. Қызмет атқару барысында өзінің тыңғылықты жауапкершілігінің арқасында көзге түсіп, 2002 жылғы мамыр айында бірінші офицерлік «лейтенант» әскери атағын алады. Ал, 2009 жылы «Шығыс» Өңірлік басқармасының Әскери кеңесінің шешімімен «Озат офицер» деген марапатқа ие болады. 
      Қашан да болмасын қазағы десе жүрегі елжіреп, көз алартқан кез- келген дұшпанның қолында кетуге дайын екендігін үлкен мақтанышпен айтып отырады. Әрдайым өзінің білгенімен бөліскісі келіп тұратын жомарттығымен көзге түскен Даурен 2010 жылы жас жеткіншектерді патриоттық сезімде тәрбиелеу ісіне қомақты ат салысқаны үшін -«Нұр Отан» ХДП-ң «Құрмет грамотасы»-мен марапатталады. 
      2011 жылы жастар бойына Отан сүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншіліктің қалыптасуына зор үлес қосқаны үшін Қызылорда облысы әкімінің ризашылығына бөленіп, «Алғыс хаты»-мен марапатталады.
      2012 жылы «Оңтүстік» Өңірлік басқармасының Әскери кеңесінің шешімімен«озат офицер» деген марапатқа  тағы да ие болады. 
      2015 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Директорының атынан бағалы сыйлық «қол сағатымен» марапатталады. Бұл марапаттардың барлығы да қанша жылғы қызмет барысында Занканов Даурен Алиасқарұлының өз ісіне деген сүйіспеншілігінің өте жоғары деңгейде екендігін дәлелдей түскен еді.
      Даурен Алиасқарұлы 2012 жылы қараша айында 45 жасында зейнеткерлікке шықса да, қызметке деген адалдығы мен қимастығы соншалық ары қарай 2020 жылғы мамыр айына дейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2019 әскери бөлімінде азаматтық қызметші болып жұмыс істеп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекара қорғау ісіне өз үлесін қоса береді.
      Әскери қызмет атқару барысында III-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы «Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл», «Интернационалист жауынгерге», «От благодарного Афганского народа» медалімен және де көптеген мерекелік медальдармен,  II-дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төс белгісімен марапатталады. Қандай марапатқа да лайық Дәурен Занканов  расында да, мінсіз әскери қызметші.
      Әрбір ер азаматтың соншалық көп медаль мен марапаттарға ие болуының бірден бір себепкері отының түтінін түтетіп отырған сүйген жары. Әрдайым күйеуіне қолдау көрсетіп, мақсатына жеткенінше сүйемелдеп, жол сілтеп отыратын дана әйел бұл қоғамдағы топ жарып жүрген әрбір ер-азаматымыздың шаңырағында отыр деуге болады. «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас»,- демекші, жарының қас-қабағына қарап, үйін мұқияттап таза ұстап, балаларының тәрбиесін қолына алып, қашан да көрсең жадырап жүретін Гүлшат Толыбаевна да тегін адам емес. Білімі жоғары, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін мұғалім мамандығы бойынша бітірген. Кейін келе ер адамдардан қалыспай, Гүлшат та нәзік иығына пагон тағып, Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінде ауыр да, қызықты әскери қызметті атқарып, «аға сержант» әскери атағымен зейнетке шықты. Отбасы мен қызметін ұштастыра білген Гүлшат екі баланың анасы. Жастайынан өзі көріп өскен тәрбиені, көзінің ағы мен қарасы болған қос құлынының бойына дарытудан еш жалыққан емес.
      Қазіргі қоғамымыздағы қаншама шаңырағы шайқалғыш жеңіл ойлы жастарымыз осындай салиқалы, парасатты аға-жеңгелеріміздің бүгінге шейін берік те мығым отбасының бірлігін қалай сақтап келгенін түсіну үшін олардың өткен жолын саралап көріп, ұрпаққа берері мол тәрбиелі тәлімдерінен үлгі алса екен деген тілегіміз бар. Тұңғыш қыздары - Алиасқарова Марал Дауренқызы, әке мен ананың ақ үмітін ақтап, қайда болмасын үлгілі де, үздік атанды. Ата-ананың бар уайымын сейілтіп, Жаратқанның қалауымен жақсы жерден теңін тауып, текті әулеттің табалдырығын аттап, тұрмысқа шықты. Қазіргі таңда Ақтау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында білікті маманның бірі болып жұмыс істейді. Сүйіп қосылған теңі - Ахметсафин Саят Санатұлы, ҚР ҰҚК Шекара қызметінде келісімшарт бойынша әскери қызмет істейді. Бақытты да тату жас отбасының бүгінде екі тәтті қызы бар. Кішкентай ғана Гүлім және Айлин нағашы атасы мен әжесінің мейірімін сәби де болса, жүректерімен сезіп, жиі келіп, мауқын басып тұрады.
      Ал, кенже ұлы - Әлиасқаров Әмір Дауренұлы, Санкт-Петербург қаласындағы академик С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академиясының 5 курс курсанты. Әкесіне ұқсаған нағыз патриот, жүрегі жалындап тұрған жас жігіттің болашағынан үмітіміз зор. Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешіріп, күні бүгінге шейін қол ұстасып келе жатқан Даурен мен Гүлшаттың ендігі арманы ұрпақ жалғастырар Әмірлерінің отау құрып, үбірлі-шүбірлі болуы. Ол- күннің де ауылы алыс емес деп сенеді.
      Туған елдің тыныштығын көкейіндегі көп мақсатының биік шыңына шығарып қойған, қашан да болмасын елі үшін жанын қиюға дайын тұратын Даурен Заңқанов Әлиасқарұлы сықылды үлгі тұтуға тұрарлық өр тұлғалы, батыр жүректі ел ағалары тұрғанда, Қазақстанның іргесі оңайлықпен сөгілмесіне нық сенуге болады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...