ҚЫДЫРҰЛЫ ҒИЗАТОЛЛА

Рейтинг:
Прокуратура ардагері

       «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің»,- деген тәмсіл ертеден бері айтылып келеді. Бұл дегеніміз отбасында ата-анадан алған тәлім-тәрбиесіне, өскен ортасына, алған біліміне, таңдаған кәсіп-мамандығына қарай әрқандай азамат болып қалыптасатынын меңзейді. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер байсалды да біртоға, әрбір іске байыппен, тиянақтылықпен қарайтын, заңгер, ұстаз, беделді басшы, абыройлы әріптес, адал жар, асқар тау әке, ардақты ата. 
       Мүрсәлиев Ғизатолла Қыдырұлының мәнді де мағыналы еңбек жолы көпке үлгі боларлық. Өзінің саналы ғұмырын қиындығы мен жауапкершілігі мол салаға арнап, кәсіпқой маман және бірегей тұлға ретінде қалыптасты. Жауапты орындардың барлығында да ол өзінің бойындағы іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеттерін барынша көрсете алды. Нағыз білікті, білімді маман және дарынды басшы ретінде оны терең ілімі мен жанқиярлығы, талапшылдығы, өзінің қызметтік және азаматтық борышын адал да әділ атқаруға деген ұмтылысы қашанда дараландырып тұрды. Жемісті жылдардағы атқарған еңбегі зор. Ол прокуратура қызметкерлерінің бірнеше буынына дәріскер әрі тәлімгер ұстаз да бола алды. Бүгінде ардагер құрметті демалыста болғанына қарамастан, белсенді саптан шыққан емес. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің терең білімі мен бай тәжірибесін өскелең ұрпақпен бөлісіп келеді. 
       Ғизатолла Қыдырұлы –1949 жылы 15 ақпан күні Атырау облысы, Исатай ауданы, Забурын (қазіргі Зинеден) ауылында дүние есігін ашқан. 1966 жылы Исатай ауданының Жанбай ауылындағы В.Куйбышев (қазіргі Х.Наубетов) атындағы орта мектебін бітірген. Ғизатолла мектепте өте жақсы оқыған. 1961 жылы оқу озаты ретінде Москва қаласына саяхатқа барған, одан кейінгі жылдары да Кеңес Одағының басқа да қалаларында оқушылар саяхатында болған. Ол әр жылдары октябрят, пионер, комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдарының мүшесі бола жүріп, мектептің, әскери бөлімнің, университеттің, еңбек ұжымдарының қоғамдық өміріне, жұмыстарына белсене араласты. Жазғы демалыс кездерінде студенттік құрылыс және механикаландырылған отрядтарында жұмыс істеді. 1966-1968 жылдары Махамбет аудандық жол пайдалану учаскесінде жұмысшы, Забурын жұмысшылар кооперативінде және Астрахан геологиялық-геофизикалық экспедициясында автокөлік жүргізушісі болып жұмыс жасады. 1968-1970 жылдары Астрахань облысы, Капустин Яр қаласында Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарды.
       1970-1975 жылдары Алматы қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді С.М.Киров (қазір Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, заңгер мамандығын алған. 1975-1980 жылдары Махамбет аудандық прокуратурасының тергеушісі, Атырау (Гурьев) облыстық прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры, 1980-1982 жылдары Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитеті әкімшілік, сауда және қаржы органдары бөлімінің нұсқаушысы болды. 1982-1986 жылдары Махамбет ауданының прокуроры, 1986-1992 жылдары Теңіз ауданының прокуроры, 1992-1993 жылдары Халық депутаттары Құрманғазы (Теңіз) аудандық Кеңесінің төрағасы, 1994-1998 жылдары Құрманғазы ауданы прокурорының аға көмекшісі, орынбасары, 1998-1999 жылдары Исатай ауданының прокуроры, 1999-2002 жылдары Құрманғазы ауданының прокуроры, 2002-2012 жылдары Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары, аға көмекшісі, 2012 жылдың қаңтар айынан прокуратура органдарының зейнеткері. 2012 жылдың маусым айынан бері Атырау облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, 
       Құрманғазы аудандық заң консультациясында адвокаттық қызметпен айналысады.
       - Әкем Қыдыр 1895 жылы дүниеге келген. Бала жасынан Каспий теңізінен балық аулайтын орыс қожаларының балық кәсіпшілігінде болып, Кеңес өкіметі тұсында колхоз ұйымдастыруға белсене араласып, мұз үстінен ақ балық және ит балық аулау кәсібінде, атаман, бригадирлік қызметтерді атқарған, талай рет мұз жарылып, ығысқа түсіп, ажал ауызынан аман қалған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде Каспий-Волга балық аулау трестінде броньмен (Астрахань облысы, Икрянский аудандық әскери комиссариатымен берілген) Каспий теңізінен майдан үшін балық аулап, Ұлы Жеңіске үлкен үлес қосқан ардақты азамат. Соғыстан кейінгі жылдары зейнет жасына жеткенше мал шаруашылығында жылқы малын бағумен айналысты, атбегі болды, елуінші-алпысыншы жылдары оның бәйгеге қосқан атақты «Торы айғыры» аудандық және ауылдық жарыстарда үнемі бірінші, не екінші орынды иеленетін. Әкемнің сауа-
ты төмен болса да, еске сақтау қабілеті өте жоғары болатын. Ол ескі әңгімелерді, елдің тарихи-оқиғаларын көп білетін, сөзге шешен, дінге сенген, иманжүзді, ұл-қыздарын адал өмір сүруге тәрбиелеген. Облыс жұртшылығы әкемнің 100 жасқа толу мерейтойын атап өтті, 
«Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған. Ол 1999 жылы 105 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Анам Зүлпат соғыс жылдарында ерлермен бірге иық тірестіре тылда еңбек етті. Кейіннен үй шаруасында жүріп, бала өсіріп, тәрбиелеумен айналысты. Құрметті зейнет демалысына шығып, балаларын-немерелерін қазақы салт-дәстүрге тәрбиеледі. Ұзақ өмір жасап, 1997 жылы дүние салды. Мен осындай еңбекқор, ақылды, қазақы отбасында ер жеттім, - дейді Ғизатолла Қыдырұлы. 
       Ол 1978-1991 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының мүшесі болды. 1991 жылы желтоқсанда прокуратура органдарында қызмет атқарғандықтан, заңға сәйкес партиялық мүшелігін тоқтатты. 1991-1993 жылдары халық депутаттары Атырау облыстық Кеңесінің депутаты болып, альтернативті түрде сайланып, заңдылық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды. 1994 жылы ХІІ сайланған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа 7 адаммен бірге кандидат болып түскен.
       1983 жылы шілде айында Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитетінің ұйғарымымен өндіріс озаттарының туристік тобына жетекшілік жасап, Чехословакия және Венгрия елдеріне барып келген. 
       Мектеп оқушыларына құқықтық білім мен тәрбие берудегі, тұрғындар, мекемелер мен ұжымдар арасында заңдарды насихаттаудағы оның белсенді еңбегі ескеріліп, ол Атырау облыстық әділет, білім беру басқармаларының, облыстық адвокаттар алқасының, аудандар әкімдерінің, білім беру мекемелерінің, ұжымдарының, ауылдық округтер әкімдерінің «Алғыс Хаттарымен», «Грамоталарымен» бірнеше рет марапатталды. Ол Құрманғазы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени, қоғамдық өміріне араласып, өзіндік ой-пікірлерін білдіріп, қолынан келгенше қолдау көрсетіп келеді. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төралқа мүшесі ретінде де аудан тұрғындары арасындағы, жастар орталықтарындағы, мектептердегі оқушыларға құқықтық білім мен тәрбие беруге өзінің үлесін қосып, аудандық музейде, мәдениет үйлерінде және кітапханаларда өтікізілетін әртүрлі шаралардың құрметті қонағы болып, пікірталастарға белсене қатысып жүреді. Ғизатолла өте мәдениетті азамат, шешіліп шешен сөйлейді, шешімін таппаған мәселелердің жүзеге асуына ылғи да көңіл аударып отырады. Жастардың неке беріктігін сақтауына ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Бала тәрбиесі, отбасы бірлігін сақтауға да өзінің өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, кеңес беріп, талай адамдардың татуласып, отбасын сақтап қалуына септігін тигізіп, ел алғысын арқалап келеді. Қиын балаларды жеке өз тәрбиесіне, қамқорлығына алып, олардың түзу жолға түсуіне көп ықпал етті.
Парасат-пайымы бір бөлек, ақылға бай, жан-дүниесі әділдікті жақтайтын Ғизатолла Қыдырұлының сот мәжілісіндегі сөз сөйлеу шеберлігі жоғары. Ол заңдарға, дәлелдемелерге, құжаттарға сүйеніп тұжырым жасайды. Сол себептен де болар оның талай сот процесстерін жеңгенін көпшілік ел біледі. Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылында Ауған соғысында қаза тапқан «Қызыл Жұлдыз» орденді жауынгер Бауыржан Бегалиев атындағы орта мектепте өзінің ұйымдастыруымен жасақталып ашылған құқық кабинеті бүгінде жұмыс жасап тұр. Ол осы мектепте қоғамдық негізде 8 сыныптың жетекшісі қызметін атқарды, «Құрметті ұстаз» деген атағы бар. 2019 жылы 70 жасқа толу мерейтойына байланысты Құрманғазы аудандық орталық балалар кітапханасында «Туған өлкеміздің ардақты азаматы, прокуратура органдарының ардагері Мүрсәлиев Ғизатолла Қыдырұлының «Дара жолы» атты әдеби-көпшілік, танымдық кеші болып өтті. Оған аудан жұртшылығы, ардагерлер, мектеп оқушылары, сот, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 2019 жылдың желтоқсан айында Атырау облыстық телеарнасында «Өзге емес өзім айтам өз жайымды...» атты ардақты ардагердің кәсіби қызметіне арналған жарты сағаттық түсірілім дайындалды. Ол облыс көлемінде күні бүгінге дейін көрсетіліп келеді. Ол сондай-ақ шығармашылық адамы. Қағаз бен қаламды серік еткен ардагердің қолынан шыққан талай тұщымды дүниелер өз оқырмандарына жатық таныс. Ардагер туралы түрлі мақалалар мен оның өзі жазған мақалалары республикалық, облыстық және аудандық баспасөз беттерінде бірнеше рет жарық көрген. Бірнеше кітаптарға мақалалары енгізілген. 
Ол аудан прокуроры болған кезінде шекаралас Ресей Федарациясы Астрахань облысының прокуратураларымен тығыз байланыста болып, екі елдің де азаматтарының мүдделері мен бостандықтарының қорғалуына, ұжымдардың сыртқы-экономикалық қызметінің артуына, сол 
сияқты қылмыстық істер бойынша күдіктілерді іздеп тауып және оларды ұстау кездерінде, заңдылықтың сақталуына өз үлесін қосты, тәжірибе алмасты.

      Жылдар бойы еткен жемісті еңбектері бағаланып, 1999 жылы Қазақстан Республикасы прокуратурасының «Құрметті қызметкері» төсбелгісін омырауына тақты. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президетінің «Алғыс Хатымен» марапатталды. 2003 жылы Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленді. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерейтойлық медалін алды. 2019 жылы оған «Қазақстанның құрметті заңгері» атағы берілді. Оның прокуратура органдарындағы еңбегі «Қазақстан Республикасы прокуратурасына - 20 жыл», «Прокуратура ардагері», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының үш рет «Құрмет Грамотасымен», «Алғыс Хатымен», облыс прокурорының «Алғыс Хаты», бағалы сыйлықтарымен, басқа да көптеген марапаттарды иеленген. Сонымен қатар Атырау облысы әкімінің «Алғыс Хатымен», Атырау облыстық мәслихатының, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарының «Құрмет Грамоталарын» алды. 2019 жылы Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі «Құрмет Грамотасын» табыстады. Ғизатолла Қыдырұлы өзіне мектепте алғашқы қалам ұстатып, әліппеден бастап үйретіп, біліммен сусындатқан мұғалімдері Б.Жәнібековке, Х.Дүйсенғалиеваға, Қ.Мамбетовке, Қ.Ризуановқа, А.Панабердиевке, А.Байбосыновқа бас иетінін, жарты ғасырдан астам заңгерлік білім алу мен еңбек ету кезінде өзіне ұлағатты ұстаз болған, Қазақстанда заңгер мамандарды дайындауда еңбектері сіңген академиктер С.Зимановты, С.С.Сартаевты, профессорлар М.А.Ваксбергті, Ю.Г.Басинді пір тұтатындығын, ал прокурорлық қадағалау және тергеу қызметіне үйреткен Қазақстан прокуратурасының патриархы Өтеген Сейітұлын, прокурорлар О.Т.Боранбаевты, И.С.Сейітовты, Ғ.Жапаровты, Т.Сарғожинды, Ә.Абуовты, А.Төлекбаевты, О.И.Гайдановты, т. б., сол сияқты Атырау өңірінде сот әділдігін жүргізудің қас шебері болған, білікті судьяларды тәрбиелеп шығарған У.Т.Трумовты, ерекше құрметпен атап, олардың адал қызметін, үлгі-өнегелерін жас заңгерлердің құлағына сіңіріп, үнемі айтып отырады.
Ғизатолла Қыдырұлының алғашқы қызмет істеген күндерінен бастап, мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, құқықтық білімді болу үшін факультативтік сабақ өткізуінің нәтижесінде заңгерлік мамандықты таңдаған жастар қаншама?! Солардың ішінен прокурорлық қызметке қол жеткізген Г.Б.Арыстанғалиеваны, Б.К.Башированы, Ж.Е.Ихданованы, Ж.О.Иманғазиеваны, судья Д.Н.Тұқфатованы және екі шақырылымда Парламентте сенатор болып сайланған С.Қ.Еңсегеновты ерекше атайды. 
       «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген, осы жылдар ішінде Мүрсәлиев Ғ.Қ. бірнеше шәкірт тәрбиеледі, олар еліміздің түкпір-түкпірінде, сот, прокуратура, құқық қорғау органдарында еңбек етуде, зейнеткерлікке шыққандары да бар. Олардың ішінен, Х.С.Қасымовты, М.Ә.Жөргенбаевты, Е.Қ.Досановты, Б.Халықовты, А.Бадиловты, А.Бекенбаевты, С.Ж.Қаражігітовті, М.С.Амировты, Е.Х.Укаевты, Р.Б.Оразалинді, Ж.Ж.Көбегеновты, А.Ж.Біләловты, Р.Н.Салкеновты мақтанышпен айтады.
       Ғизатолла Қыдырұлының елге сіңірген еңбегі, жасаған қызметі, жүріп өткен жолы, абыройлы да адал тірлігі, тұлғалық келбеті бөлек азамат. Әйгілі қаз дауысты Қазыбек би «Ерден ердің несі артық – ептестірген ісі артық»,- деген қанатты сөзі осындайда айтылса керек. Өз өмірін, таланты мен қабілет-қарымын, күш-жігерін заңдылық пен құқық қорғау саласына арнап, жемісті қызмет еткен прокуратура ардагері, ұлағатты ұстаз-заңгер Ғизатоллаға алдағы уақытта да мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасында ынтымақ пен береке-бірлік тілегім келеді. Оның бойындағы ізгі қасиеттер, ол атқарған игілікті істер ұрпағымен жалғасын тапса дейміз. Жұбайы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Жайықова Раушан Уәлиқызымен бірге тәрбиелеп, өсіріп отырған балалары – Шынар, Асылбек, келіні Гауһар, кіші ұлы Диас және немерелері – Алмас пен Сабырбектің ортасында ғасыр жасап, қызықшылық көруді Аллам нәсіп қылсын. Немерелері де қабілетті, мектеп қабырғасында өткізген іс-шараларға белсене қатысып, пән олимпиадаларында жеңімпаздар катарынан көрініп келе жатқан өнерлі ұландар. Немересінің үлкені Алмас – 7 сынып оқушыларының физика пәні бойынша республикалық олимпиаданың алтын жүлдегері, «Ұлы Дала қырандары» кітабына енген дарынды жас.
       Ат үстінде ауыздықпен алысып жүрсе де, ауыл ақсақалының бір ауыз сөзіне тоқтаған ерте кездегі дәстүр, уақыт өте келе сәл өзгеріп, ақсақалдардың орнын құқық қорғау қызметкерлері басты. Тасқа шапса да жүзі қайтпайтын алдаспандай, түрлі даулы мәселерде қара қылды қақ жара әділдік айтқан, атқарған еңбектері көзге көріне бермей тасада қалатын, ел мүддесі үшін жанын қиюға да даяр азаматтар мен қауіпсіздік үшін жар құлағы жастыққа тимей жүрген ел ағаларының еңбектері өлшеусіз, құрметке лайық тұлғалар. 
Тұма бұлақтар мен тау мұздықтарынан бастау алып, бірнеше тармаққа бөлініп кететін тау өзеніндей, Құқық қорғау саласы деп аталатын үлкен саланың ішінде елге қызмет етіп, көптің алғысына бөленіп жүрген атпал азаматарымыздың бірі – Ғизатолла Қыдырұлы ағамыз. Өзгелерге үлгі боларлық өмір сүріп келе жатқан, қызметте әділдік пен адамдықты ту етіп ұстанған ел ағалары барында қазақ елінің болашағы жарқын, келешегі кемел бола бермек. Атқарған игі істерін қағаз бетіне жазып тауыса алмайтын Мүрсәлиев Ғизатолла секілді ардақты азаматтар аман болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...